Еліміздің экрандарында зор табыспен өтіп жатқан Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы» фильмдер шоғырында Қазақ көшін бастап жүрген ұлы жырау бабамыз Асан жыраудан қалған сөздің бізге жеткені дарияның бірер тамшы суындай-ақ.
«Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады; таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады»,-деп басталатын жырау толғауы біздің заманымызға толық нұсқасында жеткен жоқ.Толғаудың «Таза мінсіз асыл ер» деп келетін тұстары да болса керек-ті.
Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, «Таза мінсіз асыл ер Ел толқыса шығады; Ел бағына туады» десек бабамыздың рухы бізге кешіріммен қарар…
Мемлекет және қоғам қайраткері, тілші-ғалым, Қазақстан үкіметін ел басына, күн туған қиын жылдарда (1938-1951) он үш жыл басқарған азаматты кімге теңесем екен, кіммен салыстырсам екен деп көп ойлағанымда, жырау бабамыздың сөзі есіме сап ете қалғаны. Шынында да, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың жарқын бейнесіне «таза мінсіз асыл ер» айшықты теңеу дөп келмей ме?!
Қайраткердің ел, Отаны алдындағы өлшеусіз, өшпес еңбектерін айтқанда алдымен үкімет басына келісімен қолға алған сауатсыздықты жою жолындағы іскерліктерін айтамыз. Әрине, көпті көрген көреген басшы халық шаруашылығы салаларының,ғылыммен мәдениеттің білімсіз қалыптаспайтынын, дамымайтынын жақсы ұғынады.Сол себепті де жер –жердегіликбездердің, осы шаруаға жауапты басшылардың жұмыс нәтижесіне зор көңіл бөлгенінің, тікелей өз ықпалының арқасында Қазақстан аз ғана уақытта 1939 жылы 17 қаңтардағы санақта сауаттылық жөнінен Одақтас Республикалар арасында бесінші орынға шығады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ашылған одақтағы жалғыз Қыздар педагогикалық институты, ұлттық консерватория, Қазақ дене тәрбиесі институты сияқты жоғары оқу орындары мен облыс орталықтарында бой көтерген педушилищелер мен екі жылдық мұғалімдер институттары жасанған жаумен Отанымыз жан алып, жан берісіп, жағаласып жатқанда уақыттың ауырлығына қарамастан нағыз қайраткер азамат қана жасай алатын жанкешті еңбек еді… Қай заманда да мемлекет үшін ұлттық рухты жоғары ұстау күн тәртібінен түспегені жақсы.Қазақтың рухы – сөзінде, өнерінде десек, Ұлы Отан соғысы жылдары халықтың сағы сынған, рухы жасыған күндер болды. Осындай шақта елдің рухын көтеру аса маңызды еді.Осыны жете түсінген Нұртас аға республикалық ақындар айтысын өткізуді қолға алады.
Бұл жөнінде қаламгер Гүлнәр Жұмабайқызы «Айқын»газетінің 22.11.2017 жылғы №177 санында былай деп жазады:
«Соғыс жылдарында елге жеткізіліп тұратын газет, журнал, кітаптар саны күрт төмендеді. Рухани азық азайды. Соғыс даласынан «қара қағаздардың» келіп жатқан кезі.Сондықтан халықтың рухын көтеру қажет болды.Үкіметтің қолдауымен 1943 жылы Алматыда ақындар айтысын өткіздік, ол радио арқылы республикаға таратылды.Бұл қазақ халқы үшін айтулы бір оқиға болды»,- дейтін Нұртас Оңдасынов. Негізінде, ол ұлттың дәстүр-салтын, өнерін,мәдениетін ұмытқан емес. Бір әңгімелескенде«Бірде Орталық комитетте«Кеше Оңтүстіктегі көкпарда бір адам қаза болыпты, бұл ұлттық ойынды доғару керек» деген мәселе көтерілді». Кеше Ташкенттен келе жатқан автобус аударылып, екі-үш адам қаза болды.Сондықтан автобустың жүруін де тоқтатайық дедім. Бәрі үндемей қалды, көкпар мәселесі де бұдан кейін көтерілген жоқ» деген-ді.
Кеңестер Одағының Батыры Б.Момышұлының 1943 жылдың 18 наурызында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің Төрағасы Н. Оңдасыновқа арнайы хат жазатыны да осы тұс.(«Қанмен жазылған кітап», 238-бет)
Сол 1943 жылы Қазақстанның жер-жерінде дүркіреп өткен айтыстың соңғы нүктесі Алматыда қойылады. Қорытынды айтыстың беташарын Жамбыл бабамыз: «Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің, тілдерінен бал тамған жақындарым келіпсің»,-деп бастап берген. («Айтыс», 3-том, 18-бет).
Осы орайда Нұртас ағаның халқымыздың төл өнерін дамытумен бірге театр,кино, сәулет өнерін өрістетуге қосқан үлесі де ұшан теңіз. Олай дейтініміз:Қазақстан Үкіметін ол басқарған жылдары Мәскеуден, Ленинградтан шақыртумен келген ондаған кәсіби мамандар бүгінгі қазақтың әлемге белгілі кәсіби театр, кино өнерінің жарқын өкілдерін дайындау ісін жолға қойған-ды.
Мемлекет деңгейіндегі қолдау,қамқорлықтардың арқасында қаншама өнер адамдары баспаналы болып, атақ-дәрежелері өсіп,еліміз рухани-мәдени, саяси-экономикалық жағынан нығая түсті.
Халықтың ортасынан шығып,өмірде көргені көп, көргенінен түйгені көп білікті де алғыр ойлы басшы қазақтың кең даласында өндіріспен қатар қарышты өркендетуге қолайлы сала – мал шаруашылығы екенін жақсы білгендіктен, осы бағытқа күш салды және мал шаруашылығында осы кезеңде үлкен өрлеу, табыстар болғанын тарихымыздан білеміз.
Нұртас Оңдасынов жан-жақты ұйымдастырушы басшы ретінде өзінің сөзімен де, ісімен де сол жылдардағы орталықтағы мүйізі қарағайдай мемлекет басшыларын (Молотов,Микоян,И.Сталин, т.б.) сендіре білді.Жоғары эшелондағы марғасқалар алдында зор беделге ие болды.Бір ғана мысал:Нұртас аға Мәскеуде мал шаруашылығы бойынша үлкен баяндама жасаған кезінде КСРО-ның Халық Комиссарлар советінің төрағасы В. Молотов мәжілісті басқарып отырғанда СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы И.Сталин залға кіріп келмесі бар ма. Сонда Нұрекеңнің қобалжып,толқығанын байқап қалған төраға мәжіліске үзіліс жариялайды.Үзілісте И.Сталинге қарама-қарсы отырғызып, «Қазақстан Үкіметінің жас басшысы, мал шаруашылығының жайын өте жақсы біледі»деп таныстырады (Г.Жұмабайқызы «Ел-жұртын сағынумен өткен ғұмыр», «Айқын», №177, 22.11.2017 ж.).
Нұртас Оңдасынов әрдайым өзін халықтың ортасынан өсіп-өнген азамат бейнесінде тым қарапайым ұстаған жан.Осы орайда, ұстазым «Құрмет белгісі» орденді Қазиза Ғабдуллина марқұм айтқан бір әңгіме ойға оралады.Нұртас аға Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде (50 жылдардың аяғы болса керек) Есбол ауданының шаруашылықтарын аралайды.Аққала селосында колхоз төрағасының орынбасары Мағзом Жаналисовтың үйінде (Қазиза апайдың жұбайы) аз ғана аялдап демалады.Уақытты, тәртіпті, жауапкершілікті жоғары бағалаған басшы шайға да қарамай, бір кесе шұбат ішіп, «Қарағым, шай ішіп жайбарақат отыратын уақыт емес қой, осы шұбатың жарайды, ниетке ризамын,»-деп аттанып кетеді.
Қалай дегенде де Нұртас аға – Ел алдындағы парызынабырой биігінде атқарған бірегей азамат.Осылай деп отырып мұндай дарабоздарға халқымыз,Еліміз қарыздар секілді көрінеді маған. Енді неге олай дейтінімді дәлелдейін. Бәрін айт та бірін айт,Қазақстан ғылым академиясы, академияның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың өзі Нұрекеңнің төлтумасы. Алғаш рет Қ. Сәтбаевтың «Социалистік Қазақстан» газетінен көлемді мақаласын оқып,кейін оны КСРО ғылым академиясының президенті В.Комаровқа таныстырып,болашақ ғылым академиясының түпқазығын қағатын да Нұртас ағамыз.
Есімі Қазақ Елі тарихында алтын әріптермен жазылуға лайық қайраткер Хакімжан Наурызбаевтай мүсіншінің бағын ашты (Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы).
Дінмұхамед Қонаевтан бастап,Сағидолла Құбашев (Қазақстан КП ОК-нің екінші хатшысы болған), Саламат Мұқашев (Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңес төралқасының төрағасы, Сафи Өтебаев (Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы), Сәкен Шақабаев (геология министрі)осылай тізбектеліп кете беретін талай жоғары мемлекеттік басқару деңгейіндегі азамат тұлғалар Нұртас Оңдасынов тәрбиелеген кадрлар.Нұртас ағаның азаматтық бір қыры-ұстаздығы осындай.Көреген басшы,қайраткер ағаел тарихының сын сағаттарында елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында КСРО-дай алып мемлекетті жеке өзі билеп-төстеген ұрдажық әумесер Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Н.Хрущевтің қаһарынан қаймықпай, тағымнан айрылам-ау деп қорықпай, елі мен жерінің біртұтастығын сақтап қалған және оның келешек бай ресурстарына, қуаттылығына сенген бірегей басшымыз да Нұртас ағаның өзі болды.Туған жерінің әр өлкесін,өзен-көлін,тау мен тасын қызғыштай қорыған ел мен жердің қорғаны осындай-ақ болар.
Гүлнәр Жұмабайқызы аталған эссесінде біраз жәйттерді тәптіштеп жазған екен. Осында Н.Хрущев пен Н. Оңдасыновтың диалогы мынадай:
Қазақстанның 40 жылдығына арналған жиынға келген Н.Хрущев банкет кезінде стаканы қолында Н.Оңдасыновтың қасына келіп, басы жоқ,аяғы жоқ «сен өмір бойы үш ауданды өзбектерге беруге қарсы болушы едің.Жақында қаулы шығады, үш аудан өзбектерге беріледі»,- дейді.Оңдасынов орнынан аспай-саспай ақырын тұрып: «Егер мен Үкімет басшысы болып тұрсам,қазір де қарсы болар едім!»,-деп айтып салады.Немесе 1962 жылы Н.Хрущев Алматыға келгенде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінде мәжіліс болады. Осы мәжілісте Нұрекең мен С.Құбашев(Гурьевтен арнайы шақыртумен барған) Бірінші хатшының алдына үш мәселе қояды.
Біріншісі – Маңғыстаудағы мұнай көзін игеру; екіншісі – Маңғыстауда теңіз түбінен алынатын ұлутасты құрылысқа пайдалану; үшіншісі – Маңғыстауға теміржол мен тасжол салу.Осы үш мәселенің үшеуі де Хрущев тарапынан қарсылыққа ұшырайды.Ол, ол ма, жөнсіз анекдот айтып, намысына тиеді.Осы оқиғадан кейін қайран асыл азамат басшы жасы жетпесе де өз еркімен қызметтен кетеді.
Нұртас Оңдасыновтың ғажайып ерлігі – соңында қалған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» мен «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі».Теңдесі жоқ бұл еңбектеріне шынайы ғалым ғұмырының жиырма бес жылын арнады.Осындай асыл дүниені жазу Нұрекеңдей табиғи дарын иесінің ғана қолынан келер және бұл орасан зор қайрат пен жігер,құштарлық пен мақсаткерліктің нағыз үлгісі емес пе?!
Бұл жағынан Нұртас ағаны ғұлама деуге де, хакім деуге де болады.
Замана желі қай жағынан соқса да жан бағып, ықтай кетпеген; бүкіл саналы ғұмырын Қазақ деген Еліне, Отанына ғана арнаған зиялы азамат Абай хакім сипаттаған «толық адам», «кемел адам» деңгейіндегі мемлекет және қоғам қайраткері.
Осындай асылымызды ұлықтау, оның ардақты есімін дәріптеп, насихаттауымыз кемшіндеу екенін ашық айтқым келеді.
Болашақта Нұртас Оңдасыновтың ел басқарудағы заманға лайық тәжірибелері жинақталып, мемлекеттік басқару академияларында дәріс болып оқытылса қандай ғанибет болар еді.Және де қайраткердің ғажайып ерлік еңбектері «Халық Қаһарманы» атағына әбден лайық емес пе?! Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Атырау мен Түркістанда сәулетті ескерткіштер орталық алаңдарда бой түзесе, рухымыз да,бір көтеріліп қалмай ма?!
Әңгіменің түйінін «Таза мінсіз асыл ер» Нұртас аға Оңдасынов өз сөзімен айтсын, ендеше:
«…Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, қиын кездерде ел басқардым, бірақ ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ – арым таза, екіншіден,ешқашан ешкімнен пара алған емеспін – қолым таза, үшіншіден, ешкімді ешқашан руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» (Г.Жұмабайқызы, «Айқын», №177,22.11.2017ж.) «Ел-жұртын сағынумен өткен ғұмыр».
Амантай Бақыт