Қазақ халқының жүздеген, мыңдаған жылдық тарихи ғұмырнамалық жолында аты қалған тұлғалар көптеп саналады. Сол тарихи тұлғалардың ішіндегі ерекшесі – Асан Қайғы бабамыз. Сонау ғасырлар тереңінен бүгінгі күнге жеткен бабамыз туралы жазба мәліметтер мен ел аузында, халық жадында сақталған тарихнамада аса биік тұғырлы тарихи тұлға болғандығын баяндайды.
Асан Қайғы бабамызғақатысты Атырау облысында бірнеше тарихи орындар бар. Ол жерлердің ерекше құндылығын айтып жатудың өзі артық. Алайда осындай мекендерді көпшілік халық біле бермейді. Бұл зерттеудің, насихаттаудың кемшілігін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Атырау аймағында Асан Қайғыға қатысты төрт тарихи жер белгілі. Атап айтқанда: Индер маңындағы «Тас кешу» өткелі, Қарабау аймағындағы «Қорғанша», «Ақтөбе» қалалары; Геолог поселкесіндегі тарихи орын.
Осылардың ішінен тілге тиек етейін деп отырғаным Индер маңындағы Жайық өзеніне салынған «Тас кешу» өткелі. Асан Қайғының елін алып көшуі, «Тас кешу» өткелінің салынуы туралы аңыз-әңгімелер менің бозбала шағымда ел арасында көп айтылды. Ауызша тараған аңызда Асан Қайғы бабаның елімен жер ауып көшуі туралы баяндалады. Қажы-Тархан аймағында билік құрып отырған Әз Жәнібек хан түнде ұйықтап жатып бір жайсыз түс көреді. Көрген түсін жорыту үшін Хан Ордасынан біраз жердегіАсан Қайғы бабаға сәлем жолдап, Ордаға шақыртады. Ол Ордаға келгеннен кейін Жәнібек хан түсіне енген жағдайды айтады:
— Уа, Ұлы би бір жайсыз түс көрдім,- деп сөзін бастапты хан. – Айдын көлдің жағасында жүрмін. Қолымда құсқа түсетін айтулы қаршығам. Бірақ қаршығам құсқа түспейді. Айдын көлдегі үйрек пен қазды «Құладын» қан жоса қып қырып жатыр екен. Осы түсімді жорып бер.
Біраз ойланып отырып Асан Қайғы сөз бастапты.
— Уа, хан ием! Бұл түсті өзіңізде жорып, сезіп отырған шығарсыз. Бірақ сіз сұрадыңыз, мен айтайын.
— «Құстың жаманы – құладын, адамның жаманы – кәпір»,- дейді біздің жұрт. Қолыңыздағы қаршығаңыз құсқа түспей, көлдегі үйрек-қазды құладын қырып жатса, жасқсылықтың белгісі емес. Бұл жер бізге енді қоныс болмайды екен. Бұл жерді күндердің күнінде кәпір алады. Ел-жұртымыз аман тұрғанда бұл мекеннен көшейік дейді. Мен өзіме қараған еліммен бірге көшемін,- дейді Асан Қайғы.
— Уа, ұлы би! Сіздің осы сөзіңізді сынаймын. Мен көшпеймін, қаламын депті. Ал сіздің ел-жұртыңызбен көшуіңізге рұқсат,- дейді.
Содан Асан Қайғы өзінің елін көшуге дайындайды. Асан бабамыз елін көші-қон жасауға үш жыл дайындаған екен. Еркек мал мен ұрғашы малды үш жыл бойы бөлек бақтырады. Үш жыл бойы тумаған мал жол жүруге, алысқа айдауға жақсы болады. Сонымен қатар, бабамыз елінің адамдарына үш жыл бойы тұзсыз тамақ ішуге тәртіп береді. Тұзсыз тамақ ішкен әйелдер бала көтермейді. Еркектерден бала болмайды. Үш жылғы дайындықтан кейін әулие тұлғамыз өзінің елін алып көшеді. ОлҰлы Судың күншығыс бетіне шығып қоныстануды көздейді. «Ұлы Су» деп отырғанымыз казіргі Жайық өзені. Ерте дәуірде Жайық өзенін халықтар «Ұлы Су» атаған. Оның еліҰлы Суға келіп тіреледі. Өзеннен өтудің жолдары қарастыралады. Киізден, алашадан, басқа да заттардан қаптар тігіліп құм толтырылып өзенге тасталады. Өзеннің ана басына жеткенше көп дүние қажет болады. Бұндай істерінен нәтиже шықпаған ел біраз уақыт толастап қалады.
Осы кезде бабамыз өзінің көмекшілерін жинап, бір шешімін айтады.
— «Ақыл – жастан» деген ел аузында сөз бар. Сондықтан, мен ақылды жастардан сұрайын дейді. Бір киіз үйге балаларды жинап, қонақтаңдар. Олар өзеннен қалай өту керектігі туралы ақылдассын. Үлкен адам араласпасын, балалардың өздері болсын. Бірақ бір адам жиналғандарға көрінбей, олардың айтқан сөздерін тыңдасын деп тапсырма береді.
Жастар жағы бірден қызу әңгімеге кіріседі. Содан ақылдаса келе таудың тасынан бір-бірден тас салайық дейді. Сырттай бақылап тыңдап тұрған адам Асан Қайғыға балалардың айтқан сөзін жеткізеді. Балалардың шешіміне риза болған ол: «Ақыл жастан» деген сөзді біздің халқымыз біліп айтқан екен депті. Содан жиналған халық таудың тасын өзенге салады.Соңында Жайықтың арғы беті мен бергі бетін жалғастырған өткел пайда болады. Бұл кейін тарихқа Асан Қайғының «тас кешу көпірі» деген атпен енеді.
«Тас кешу» деген сөздің мағынасына тоқталайық. Асан Қайғының салдырған «тас өткелі» Жайық суын толықтай бөгеген жоқ. Жайық суы тас өткелдің үстінен ағып жатты. Адамдар мен малдар тас өткелдің үстімен суды кешіп өтті. «Тас кешу» сөзінің пайда болу төркіні осындай. Сол себепті бұл жер «Тас кешу»өткелі болып аталған.
Қазақ халқының тарихында ерекше орны бар тарихи тұлғаның жүрген жолы туралы ел аузындағы деректердің бірін сөйлеттік. Асан Қайғы өмірінің көп жылдарын біздің өлкеде, Атырау жерінде өткізген. Ол салдырған екі қаланың орны әлі күнге сақтаулы. Бұл аймақтар археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынған, Қорғанша мен Ақтөбе қалалары. Тарихи тұлғалардың артына қалдырған іздерін халық жадынан өшірмей жаңғырта түсу уақыттың өзі талап етіп отырған жағдай. Атырау қаласында Асан Қайғы бабаға арнап ескерткіш орнату ісін қала әкімшілігі мен облыс әкімшілігі қолға алса деген ұсыныс айтар едім. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Асан Қайғы бабаға арнап арнайы экспозиция ашылса игілікті іс болар еді.
Ерсайын Өміров тарихшы,
Журналистер Одағының мүшесі.