Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тұңғыш рет «Махамбет» атты әдеби-мәдени, танымдық бағытындағы журналдың тұсаукесер рәсімі өтті.
Салтанатты шара, Махамбет бабамыздың жырларынан үзінді оқумен басталып, қобыздың қоңыр үнімен қосталды.
Тұсаукесер рәсіміне арнайы келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері және университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиынды ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Махамбет» журналының бас редакторы Қадыр Жүсіп Өтегенұлы ашып, өз сөзінде:
— ««Махамбет» атты журнал шығару мәселесін қолға алып, оны жүзеге асырған Алматы облысының «Болат Медиа» мекемесінің директоры, журналист Болат Батыр деген азаматқа шексіз алғысымызды білдіреміз»,- деп игі тілегін жолдады.
Журналдың жарыққа шығуының басты мақсаты — халқымызды поэзия мен прозаның нәрімен кемелдендіру үшін «Абай», «Шәкәрім», «Жамбыл», «Мұқағали», «Қасым», «Мағжан» және тағы басқа да әдеби-мәдени ғылыми-танымдық журналдарда ақындардың классикалық туындылары талданып, көркемдігі мен идеялық мәндерін ашудағы ғылыми пікірлермен халық санасын нұрландыру. Аталған журналдар шыққалы талай жылдардың жүзі болды. Оларда тек қана журналға аты берілген ақындардың шығармашылығына байланысты ғана емес, сонымен бірге, жалпы әдебиет, мәдени өмір, қазақ тарихына қатысты мәселелер де қозғалады.
Алайда, жырлары халықпен бірге жасап келе жатса да, аты журнал сияқты ақпарат құралына айналмай келе жатқан Махамбет ақын еді. Зиялы қауым өкілдері осы мәселені қалай естен шығарып алғандарын түсінбеп едік. Заманға заман жалғасып, ойдан ой туып, идеядан идея жаңарып, бүгінгі күні осы олқылықтын орны толғандай.
Шара соңында, университет ректоры Саламат Нұрмұханұлы қатысушыларға ризашылығын білдірді:
— Бүгінгі айтулы шараның 70 жылдық тарихы бар қарашаңырағымызда өтіп жатқаны кездейсоқтық емес. Білім ордамызда білім алып жатқан әрбір студентке, соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпаққа Махамбетті жете түсіндіру – біздің басты парызымыз. Жастардың арасында жүректерді нұрландырып жыржазатын жалынды ақындар өсіп келе жатырғанына сенемін.