Осы талғам деген не?
Менің ұғымымда талғам — адамның эстетикалық ар-ұяты. Әрине күнделікті өмірдегі, тұрмыстағы ар-ұяттан айырмашылығы, талғам — ерекше тәрбиеден, қалыптасудан өткен ар-ұят. Одан ары баратын болсақ, талғам — сананың дамыған ең нәзік түрі. Кеше ғана басымыздан өткен, бүгінде тарих еншісіне айналып бара жатқан қоғамдық формацияда басқаға орын болса да, талғамға орын жоқ еді. Кеңестік жүйе талғамы жоқ, тұтас адамзат нәсілін тәрбиелеп өсіріп шығарды. Бұл жерде мен Батыс әлеуметі бұл тарапта бізден үстем шықты деп отырған жоқпын. Дегуманизация, масскульт — бүкіл әлем мәдениетіне тән құбылыс. Талғамсыз адам — бүкіләлемдік тұлға.
Егемендік — ең әуелі сананың егемендігі, ментальдік құбылыс. Біз егемендік алдық, еркіндікке жеттік деймыз. Бірақ бұрынғы штамптардан, комплекстер мен синдромдардан ой өлкеміздің әлі арылмағандығын… білмейміз. Басымызданкешкен сол заман, соның низамдарыбізді әлі күнге дейін етегімізден тартып жібермей тұрғандығын сезбейміз. Біз осы дүниетанымымызбен жаңа заман өнеріне, мәдениетіне пікір айта аламыз деп ойлаймыз. Бірақ әлеуметтік пікір, талғам толықтай аласталған заманнан, пікірсіз, талғамсыз қоғамнан келген, біз, әрине, жаңа аспан астында туған жаңа ұрпақтың өнеріне пікір айта алмаймыз.
Ал айта алу үшін біз ең әуелі өнер мен әдебиетке, жалпы рухани мәдениетке деген утилитарлық көзқарастан, яғни мәдени құбылыстарды олардың келтіретін нақты пайдасы тұрғысынан бағалау дағдысынан арылуымыз керек.
Жан Кокто айтыпты: «Өнерсіз өмір сүру мүмкін емес, бірақ оның не үшін қажет екенін білмеймін,» — деп («Я знаю что искусство совершенно необходимо, только не знаю зачем»).
Джон Рескин айтыпты: «Есіңізде болсын, жаратылыстың ең көркем деген түрлерінің, мысалытотықұстар мен лилиялардың ешқандай пайдасы жоқ» деп («Помните, что едва ли не все прекраснейшие в мире творения совершенно бесполезны: например, павлины и лилии»).
Тағы да Жан Кокто айтыпты: «Тіпті сұлулықтыелемейтіндердіңөздерінесұлулық әсер етеді» деп («Красота действует даже на тех, кто ее не замечает»).
Әрине, біз (мен бұл жерде өз замандастарымды айтып отырмын) бақытсызұрпақпыз. Гертруда Стайнның сөзімен айтсақ, «жоғалғанұрпақпыз». Себебі, біз өзіміздің бақытсыз ұрпақ екеніміздісезінбедік. Ал бұл екі есе бақытсыздық. Алайда, мәдениеттарихы бір ұрпақтың ғұмырыменшектелмейді. Біз өзімізден кейін де өнер бар екенін, көкорайшалғын болып өсіп шыққан жаңа ұрпақтың да өзіндік айтары бар екенін, олардың бізгеұқсауы шарт емес екенін, оның өз қамы, өз түйсігі бар екенін, содан соң жаңа түйсікті, жаңа танымдыбейнелеу үшін бұрынғы тілдің мүкіс екенін мойындауымыз керек. Жаңа, жас ұрпақтың рухани ізденістеріне құрметпен қарауымыз керек.
***
«Поэзия — қанныңсияға айналуы». Бұл сөзді Т.Элиот айтыпты.
Өз тарапымыздан айтарымыз, шын поэзия — ақынның Жаратқан Иемен тілдесуі. Ақын, жан адамның аяғы баспаған жерді тауып қана дұғасын оқиды. Бұл жерде оқырман тек қана куә бола алады. Осы биік тұғырдан сәл төмен түсетін болсақ, поэзия — ақынның өзімен бастас, өзіне тең адамға жазған хаты.
Бұрындары поэзияны ат төбеліндей аз, озық оқырман оқитын. Қазір әдебиетте шын талғаммен қатар масскульт талғам, яғни нашар оқырман диктатурасы орнай бастаған сияқты.
Бір дәуірдің құлдары келесі дәуірге өткенде, өнерге, әдебиетке тәртіп орнатқысы келіп, абақтының күзетшісі болғысы келіп аңсап тұрады. Бірақ шын поэзия өзіне өзі белгілеген заң-низамдармен ғана жүреді. Поэзияны түзетуге тырысу — аспанға қарауға, жұлдыздарды тамашалауға тиым салумен бірдей күлкілі әрекет. Түптің түбінде елді соңынан ерткендікі емес, елдің бәрі қарсы болғандікі ақиқат болып шығады.
Салют пен фейерверк аяқталғанда аспанда шын жұлдыздар ғана қалады.
Таласбек Әсемқұлов