Қазіргі таңда қоғам сұранысына лайықты азаматты қалыптастыратын басты институт – білім беру мекемелері. Ал оларда еңбек ететін педагогтардың мәртебесін арттыру туралы тарихи құжат – ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңы. Аталған заңға мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылдың 27 желтоқсанында қол қойған болатын. Міне, осы мақсаттағы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваның аймақтағы жұмыс сапары Индер ауданынан басталды. Ауданға келген салалық кәсіподақ өкілдерін аудан әкімі Мейірім Қалауи қабылдап, шалғайдағы ауыл педагогтеріне жаңа заңның нормаларын түсіндіруге арнайы келгені үшін оларға алғыс айтып, сапарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ауданда білім саласы алдында тұрған проблемаларын шешумен білім сапасын арттыру жолдарын қарастырып жатқандығынан хабардар етті.
Аталмыш заңды түсіндіруге арналған Индербор селосындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте 350-ге жуық педагогтар, есепшілер және т.б.жиналыс өтті. Бұл жиында аудан әкімінің орынбасары Д.Д. Шамұратов, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағынының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Қ.Сүндетұлы және «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтарының бірлестіктің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты І.Ұ. Баймұхановтар қысқаша сөз сөйледі.
Содан кейін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.М. Мұқашева «Педагог мәртебесі туралы» заңды жүзеге асырудың жолдарын слайд арқылы түсіндіріп, қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмыстарына қатысты ақпарат берді. Ұйымның құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Р.М. Қыдырбаева өңір педагогтарының түскен түрлі сауалдарға заң аясында жауап берді.
Жиын соңынан жеке қабылдау өткізіліп, аудандық «Өнер» мектебінің ұстаздары Қ.Досымова, Н.Қаракешев, А.Жапашевалар өздерін мазалаған сұрақтарына тұшымды жауап ала білді.
Жиын соңында «Қызғалдақ» балабақша бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Оразмұхамбетоваға «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.
Келесі күнгі кездесу облыс әкімшілігінде басталып, республика салалық кәсіподақ ұйымының төрайымын аймақ басшысы Махамбет Жолдасқалиұлы Досмұхамбетов қабылдады. Кәсіподақ басшысы облыс әкімінің алдында аймақтағы педагогтар санатына жатпайтын білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерге жергілікті бюджет есебінен коммуналдық төлемдерді жүргізу және жыл сайын тегін медициналық тексеруден өткізу туралы мәселелерді көтерді. Өз кезегінде облыс әкімі Салалық кәсіподақ өкіліне Заң талаптарын түсіндіруді мақсат еткен сапарына сәттілік тілеп, аймақтағы педагогтарды қолдау шараларының жан-жақты жүргізілетініне сендірді.
Бұдан соң Салалық кәсіподақ өкілдері облыс орталығы Атырау қаласындағы № 40 мектеп ғимаратында қала және Исатай, Құрманғазы, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының білім беру ұйымдарының 500-ге жуық педагог-ұстаздарымен кездесіп, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.Жиын соңынан бірнеше кәсіподақ ұйымының белсенділеріне салалық ұйымның марапаттары табыс етілді.
Республикалық кәсіподақ басшылары Махамбет ауданындағыБейбарыс ауылындағы мәдениет үйінде білім беру ұйымдарының 200-ден астам қызметкері бас қосқан жиынға қатысты. Аймақ педагогтарына Салалық кәсіподақтың өткен жылы атқарған қызметтері, сондай-ақ заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өңірдегі сала мамандарының жаңа заңның нормаларына қатысты көптеген сұрақтары бары байқалды. Олардың бәріне жауаптар беріліп, тыңдаушылар тарапынан Салалық кәсіподақ өкілдеріне ұстаздар тарапынан алғыстар айтылды. Кездесуге келгендер осындай жиындардың пайдалы екендігін тілге тиек етті.
Бұл күні Айгүл Мұқашева облыстық «Қазақстан-Атырау» РТРК-ның басты арнасындағы «Алтын көпір» бағдарламасында қонақ болды. Тікелей эфирде тыңдармандар тарапынан түскен бірқатар сауалдарға жауап берді.
Қылышбай ҚҰЛЖАНОВ,
Қазақстан журналистер
одағының мүшесі.