От пен су – тілсіз жау. Апаттың қашан келіп әбігерге салатыны беймәлім. Әйткенмен, «Қазгидромет» орталығының болжауынша, еліміздің бес өңірінде су тасқыны болуы мүмкін.
Мамандар берген деректерге сүйенетін болсақ, наурыз айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын нормадан жоғары мөлшерде жауады. Сондықтан Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында су тасқыны болуы мүмкін. Бұл жағдай 2017 жылғы деректерге сәйкес келеді дейді. Дегенмен, дәл осындай оқиғалар елімізде жыл сайын қайталанып отыратыны «тайға таңба басқандай» анық екенін оқырманнан жасыру мүмкін емес. Нақты мәліметтерді сөйлететін болсақ:
2010 жылдың Наурыз айында Алматы облысының, Қызылағаш ауданындағы су қоймасы жарылып, биіктігі 5 метрден асатын тасқын бірнеше елді мекенді шайып кеткен болатын. Нәтижесінде, 251 үйдің қабырғасы қақырап, 45 адамның өмірін қиған еді.
2011 жылдың көктем айында Батыс Қазақстан облысындағы халық толассыз жауған жаңбырдың зардабын тартып, 3 мыңннан астам үй су ортасында қалып, үй-күйсіз қалған халық қауіпсіз жерге көшіріліп еді.
2013-ші жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы су тасқынының нәтижесінде келген шығын 201 миллион теңгені құраған болатын. Бұған дейін де 2008 жылы Сырдария суы тасығанда Сарығаш ауданының бірнеше ауылы су астында қалып еді.
2014 жылғы Көкпекті оқиғасы да көпке мәлім. Наурыздың 31-і күні қамсыз жатқан қарағандылықтарға Көкпектідегі бөгет жарылып, су тасқыны ауылдың бір бөлігін шайып, кесірін тигізді.
2015 жылдың Наурызында Қарағанды облысының Шет ауданында мереке күндері көп мөлшерде жауған жаңбырдың салдарынан 100-ден астам үй мен қора-қопсы су астында қалып, 100-ге тарта құтқарушылар мен сарбаздардың көмегімен тасқында қалып қойғандарға қол ұшын созған еді.
Ал, 2017 жылғы оқиға Арқадағы ағайынға қиын тиіп, ақтөбеліктерді абдыратып, солтүстікқазақстандықтарды саңдалтып жіберді.
Өткен жылдың 22 наурызында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен облыс әкімдеріне су тасқынына дайындықты күшейтуге берген тапсырмасы «ақпа құлақтан ағып кеткен» секілді. Дәлелі, Қарағанды облысындағы Атасу станциясында болған су тасқыны еді.
Биылғы жыл да синоптиктердің үзбей ұстап отырған бақылауына сүйенсек Солтүстік Қазақстан облысында қар деңгейі көпжылдық нормадан 80 пайызға, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарында 30-60 пайызға, Жамбыл облысындағы қар нормадан 30 пайыз көп, Шығыс Қазасқтан облысының таулы аймақтарында 20-50 пайызға жоғары. Ал, Алматы облысында қар деңгейі 35-45 пайызға төмен болып тұр.
Көктем келсе елді әбігерге салатын су тасқынының алдын алу, алдымен, жергілікті басшылықтың мойнына артылар үлкен жүк. «Қазгидромет» маманының пікірінше, су басу қаупінің алдын алу, мемлекет қаржысын үнемдеудің бірден бір жолы болмақ. Жыл сайын су басқан елді мекендердің шығының өтеп беру үшін мемлекет бюджеттен бөлген миллиардтаған қаржықарапайым халыққа жетпей қалып жататын тұстары бар. Сондықтан осы мәселеге назар аударған абзал.
Биылғы көктем айларында өткен жылдардағы қателіктерді жібермес үшін су тасқынының алдын алу шараларын билік өкілдері мен арнайы мамандар «жүрдім-бардым»қарамай жасап, қарапайым халықты сақтық шараларымен дұрыстап таныстыра түссе игі іс болар еді. Әйтпесе, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп опық жеп қалуымыз әбден мүмкін ғой…
А. Қайрошқызы