Адамзат тарихындағы ең азапты һәм қанмен жазылар кезеңдердің бірі соғыс екені баршаға аян. Талайлардың қасіретіне айналған зұлмат шақ 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған Екінші Дүниежүзілік соғыс еді. Ананың ақ тілегін, әкенің аманатын, ел-жұрттың амандығын арқалаған жаужүрек ерлеріміз де елімізден қан майданға аттанды. Соғыс даласында қолына қару алған баһадүрлеріміздің арасында атыраулық Нысанбаев Боран, Есенғазиев Таласбай, Наушабаев Сұлтан, Әбілов Шәріп, Қарасаев Орынғали сынды жауынгерлеріміз болған еді. Кәтәпті нар тұлғалар ішіндегі Орынғали Қарасаев атамыз биыл 95 жасқа шығып отыр.
Бозбала ғұмырын тағдыр тауқіметі жалмаған Орынғали Мұсаұлы әскери училищені бітірместен соғысқа өзі сұранып кетеді. Отанын ең биік, ең асқақ, ең аласармас махаббатымен сүйген ердің ісі осылай болса керек-ті…
Майданды Мәскеу түбінен бастаған жауынгер соғыс даласында жүріп өзін намысы жығылмас өр рухты ер ретінде көрсетеді. Кейін, Қиыр Шығыстағы 13-ші теңіз атқыштар бригадасында жеке танктер полкінде жүргізуші-механик болады. Майдан шебінде жүріп көрсеткен «жауынгерлік ерлігі үшін»кеудесіне медаль тағады. Ол осынау қан кешкен соғыстан, Жапон түбінен 1947 жылы ғана оралады.
Бүгінде көзі тірі абыз ақсақал ел амандығын тілеп, қоғамдық жұмыстарға атсалысып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға өзіндік пікірі мен қолтаңбасынқалдырып келеді. Тіпті, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақстандық 312- атқыштар дивизиясының құрылғанына 75 жыл толуына орай «Қазақстандық 312-атқыштар дивизиясы. Ерлер есімі ұмытылмасын» атты кітабын жарыққа шығарды. Кітапта 1941 жылы 17 тамызда Ақтөбе аймағында Александр Наумов басқарған дивизияның қалай құрылғаны, ұрыс даласында жүріп өткен жолдары, ең шешуші шайқас орын алған жер Мәскеу түбінде көрсеткен ерліктері, дивизия құрамындағы 208 жауынгер туралы нақты мәліметтер беріліп, «толарсақтан саз кешкен» жылдарда рухы сөнбеген батырларымыздың қилы тағдыры баяндалады.
Сонымен қатар, Орынғали ақсақалдың Жұбайы Дәметия әжей екеуі өсірген төрт перзенті де дәл әкелеріндей халық қалаулыларына айналып, бейбіт заманда елге елеулі еңбек етіп, үлгілі істерімен танылып келеді. Дегенмен, адам жанының арашасы болып, үлкен жүрек иесіне айналған аяулы қыздары Әлия Орынғалиқызы Қарасаева ұзақ жылдар балалар ауруханасы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасында басшылық қызмет атқарып 2009 жылдың 12 желтоқсанында ауыр қазаға ұшырады. Жер қойнына қимас қыздарының рухына бағыштап, ескерткіш етіп «Ардағымыз Әлия» атты кітапты жарыққа шығарды.
Қазіргі таңда облысымыздан соғысқа аттанған 42 мың жауынгер арасынан елге аман-есен оралған көзі тірі майдангердің бірі – біз сөз еткен Орынғали атамыз. Жер жастанып, бақи ғұмырға аттанған қаһармандарымыз қаншама? Асыл жандардың сарқыншақтарындай боп қалған аяулы жандарымыздың қатары тым сиреп барады, тым… Ендеше, «қолда бар алтынның қадірін» өз мезетінде ұғынып, тек мереке күні емес, әрқашан бағалай білейік, құрметті оқырман!
Асылай Ниязбаева