Жақында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамедов М.Өтемісұлы атындағы драма театрында аймақ халқына облыс көлемінде атқарылған шаралардың есебін беріп, осы жылы жасалатын істердің жоспарымен бөлісті.
(Есепті баяндама ықшамдалып жарияланды)
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың халық алдындағы есептік кездесуіне 2000-нан астам адам қатысты. 2019 жылдың қорытындысы мен алдағы жоспарларды таныстырған кездесуді әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден облыстың барлық аудандарында көрсетілді. Тікелей эфирді көрушілердің саны 40 000 адамға жетті.
Өңір басшысы атап өткендей, біздің ортақ міндетіміз –
азаматтардың барлық сындарлы сұраныстарына тез әрі тиімді жауап беретін «Естуші
мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев өзінің Жолдауында мәлімдеді. Билік пен қоғамның бір болуының арқасында
ғана қазіргі заманғы геосаясат жағдайында үйлесімді мемлекет құрыла алады.
Сондықтан, азаматтық қоғамды қолдау және нығайтып, ең маңызды ұлттық
мәселелерді талқылауға тарту қажет.
Өткен жылы облыс әкімдігіне 3 мыңнан астам
өтініш пен шағым түскен. Мәселелер жергілікті атқарушы органдардың жауабын
талап етті. Барлық өтініш білдірушілер қажетті кеңестерін алып, мәселесінің
шешу жолдарын да біле алды.
— Өткен жылы облыс әкімінің жеке қабылдауына 846 тұрғын келді. Оның ішінде 57 адамның шешімі оң қабылданып, қалғандарына қажетті кеңестер мен түсіндірулер жүргізілді. Бүгінде тұрғындар өз мәселелерінің шешімін тауып, сұрақтарын жолдау үшін әлеуметтік желілерде көптеген жұмыстар атқарылуда. Біз өз кезегінде осы аталған жұмыс барысына ерекше назар аударамыз. Өзім де халыққа жақын болу мақсатында «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желісінде жеке парақшамды аштым. Атырау облысы әкімдігінің «Telegram» чатында да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде күн сайын халықтың барлық өтініштері қаралып, тиісті мемлекеттік органдарға қажетті нұсқаулық берудемін,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Облыс әкімі өткен жылы облыс әкімдігінің Telegram каналына 11 111 сұрақ түскенін еске салды. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 17 ақпанында облыс әкімдігінің бірінші қабатында «Азаматтарды қабылдау» кеңсесі ашылды. Барлық адамдар қабылдау күндері келіп, сұрақтарына жауап ала алады.
Жаңа тазарту нысандары іске қосылғаннан кейін Атырау облысының экологиясы жақсарады
Атырауда облыс орталығының сол жақ жағалауындағы ақпасуды тазарту станциясының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, Атыраудың оң жақ жағалауында да қуаты тәулігіне 31 мың текше метр болатын осындай ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Мемлекеттік сараптама оң қорытынды берді.
Бұл туралы 2019 жылдың қорытындысы мен 2020 жылға жоспар жөнінде тұрғындар алдында есеп берген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты.
Атырау қаласының сол жақ жағалауында ақпасу булану алаңының тоғанын қалпына келтіру жобасы жасалып жатыр. Ол іске қосылған кезде қала аумағында жағымсыз иіс шығаратын лас заттар азаяды.
Атырау қаласының оң жақ жағалауында да осындай жоба қолға алынады, мемлекеттік сараптама оң нәтиже беріп отыр.
Қаріз тазарту қондырғыларын іске қосу – ақпасуды тазартып, Атырау қаласында техникалық қажеттіліктерге пайдалануға мүмкіндік береді,- деп атап өтті Махамбет Досмұхамбетов.
Атырау облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасады
Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. 2019 жылы облыс бойынша жалпы ауданы 933,7 мың шаршы метр 7146 пәтерлік тұрғын үй салынды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жылдан бері 77 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр (жалпы ауданы 5,5 мың пәтерден астам). Бүгінге дейін оның 31-і пайдалануға берілді.
Биыл 16 жалдамалы тұрғын үй тапсырылады. Қазір облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 28 301 адам тұр. Былтыр осы тізім бойынша 470 адам баспаналы болды,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Апатты жағдайдағы, тозығы жеткен үйлерге қатысты да мәселе бар. Қазір облыс бойынша осындай үйлердің саны – 87. Атырауда – 79 үй, қалғандары Мақат, Жылыой, Құрманғазы аудандарында. 2019 жылы апатты жағдайдағы 4 жатақхананың тұрғындары Жұлдыз, Береке ықшам аудандарындағы жаңа үйлерге қоныстанды.
2020 жылы Жайық, Қиғаш өзендерінде түп
тереңдету жұмыстары жалғасады
Жайық, Қиғаш өзендеріндегі түп тереңдету
жұмыстары 2017 жылы басталды. Осы мақсатқа аймақта 7,1 млрд теңгеден астам
қаражат бағытталды. Жұмыстың жалпы ұзындығы – 214 км.
Жайық өзенінде, Құрманғазы, Жарқосын, Яицкий каналдарында
балықтардың кедергісіз өтуі үшін түп тереңдету жұмыстарын жүргізудің мақсаты –
балық қорын сақтау, балықтың табиғи өсіп-өнуіне жағдай жасау,- деді Махамбет
Досмұхамбетов.
Жалпы ұзындығы – 91,1 км түп тереңдетіледі. 2020
жылы осы мақсатқа 2,4 млрд теңге қаралып отыр. Түп тереңдету жұмыстары биыл
аяқталады.
Білім беру саласының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 2020 жылы 2,4 млрд теңге қаралды
2020 жылы білім беру саласындағы бес нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. №3, №7 орта мектептерде, М.Бекмұхамбетов атындағы мектеп, кешкі мектеп, Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылындағы мектеп-интернат. Тағы бес білім беру мекемесін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда (№10, №28, №2 орта мектептер, Ломоносов атындағы мектеп және облыстық мамандандырылған мектеп-интернат).
— Облыс бойынша апатты жағдайдағы 5 мектеп бар. Осы мәселені шешу үшін Жұмыскерде 300 орындық Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп құрылысы жүріп жатыр. Құлсарыда №5 мектеп құрылысы жүруде. Тағы да бір мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, екі мектепке дайындалуда,- деп атап өтті Махамбет Досмұхамбетов.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, үш ауысымда оқытатын 12 мектеп барын айтты. Оның бәрі де Атырау қаласында орналасқан. Жаңа мектептердің құрылысы аяқталғаннан кейін үш ауысымда оқыту мәселесі күн тәртібінен алынады.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына бақылауды күшейту керек
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тұрғындармен есептік кездесуінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сататын сауда алаңдарын көбейтуді тапсырды.
— Бұл шаралар әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын реттеуге көмектесуі керек. Тұрғындарды ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мал басын көбейту жұмыстарын жүргізу керек. Инфрақұрылымы дамыған мал бордақылау алаңдарын құру жұмыстарын жүргізу керек. Егістік жерлер мен көкөніс сақтайтын орындар құрылысын көбейту – кейінге қалдыруға болмайтын мәселе,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Облыс әкімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және аудан әкімдеріне осы тапсырманы бақылауға алуды тапсырды. Жыл сайын аймақта жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару, мал басын көбейту жұмысы қарқын алуда. Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау мақсатында 370 шаруа қожалығы субсидияланды. Облыс әкімі ішкі нарықты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарушылардың тауарларымен толтырудың маңызы жоғары екенін атап өтті.
— Сол кезде ғана бағаны тұрақтандыра аламыз. Бұл барлық тұрғындар үшін маңызды және пайдалы. Мен осы тақырыпты өңір кәсіпкерлерімен кездесуімде көтердім. Біз өз тарапымыздан шағын және орта бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Шарада облыс әкімі тұрғындардың толғанып жүрген сұрақтарына жауап берді. Әкім мен халықтың өзара кері байланысы ұзаққа созылғанымен, өте өнімді болды. Сұрақтар көшін қала белсендісі Арман ХАЙРУЛЛИН жолдады:
-Біз, атыраулықтар, Мақат ауданында салынғалы жатқан газ өңдеу зауытына қатысты қоғамдық тыңдау болады деп күткенбіз. Алайда бұл 20 желтоқсанда өтіп кетіпті. Ұйымдастырушылардың бірі — Табиғи ресурс және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бәрі заң аясында өтті деп сендірді. Қоғамдық тыңдауда ҮЕҰ өкілдері болған жоқ, тек тапсырыс беруші мен жобалаушы ғана қатысқан. Экология министрлігіне жолдаған сұранысыма «біз оған араласпаймыз» деген жауап алдым. Мен «Қазгидромет» РМК-ден желдің жылдық орташа жылдамдығын сұрадым, себебі Атыраудағы желдің 2/3 бөлігі шығыстан соғады. Болашақ зауыттың санитарлық аймағы 1200 метр, ал Қарабатандағы «Болашақ» зауытының санитарлық аймағы 7 шақырым. Бірақ Қарабатан ауылы тұрғындарының қазіргі денсаулығы туралы бәріміз біліп отырмыз. Зауыттың құрылысына байланысты қоғамдық тыңдауды Атырау қаласында өткізсін.
-Газ өңдеу зауытының құрылысына жеке инвестор тартылып, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асырады. Қоғамдық тыңдау өтті, ал сіздің өтінішіңізді заң аясында қарастырамыз.
Келесі сұрақты Ескене ауылының тұрғыны Серік ТӘЖІҒАЛИЕВ:
-Бізді, Ескене ауылының тұрғындарын қалаға көшіруіңізді сұраймыз. Ауылда бала туу саны азайды. Көпшілігі отбасымен қалада пәтер жалдап тұрады. Алдағы уақытта ауылда мектепке баратын оқушы қалмайды. Ауылға 5 шақырым жерден жаңа зауыт салайын деп жатыр. Біздің жағдайымыз не болады? Бізге Мақаттан үй ұсынды, бірақ онда не жұмыс жоқ және үйлер де ескі.
— Заң бойынша біз сізге сол ауданнан үй тауып бере аламыз. Бірақ сіздер келіспей отырсыздар, қалада тұрғыларыңыз келеді. Бұл мәселені тағы да пысықтаймыз. Сізге көмектесу үшін демеуші табуымыз керек екенін түсініңіз. Шешу жолдарын әлі қарастырамыз.
«Глобус» экология-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА да Мақаттағы газ өңдеу зауытына қатысты сұрағын қойды. Оның екінші сұрағы Жайықтың тайыздану мәселесі жайында болды.
— Жоғарыда айтқанымдай, қоғамдық тыңдау заң аясында өтті ме, оны тексереміз. Құрылыс онша ауқымды емес – 1 млрд текше метр газ өңдейді. Егер біз үй, жол, әлеуметтік нысандар мен мәдениет үйлерін салғымыз келсе, Қашаған мен Теңіз сияқты бірегей жобалар даму керек. Бәрі өзара байланыста, — деп қорытындылады әкім.
Жайықтың бұндай жағдайға түсуі соңғы жылдары климаттағы белгілі өзгерістердің әсерінен деп қынжылатындығын білдірді.
-Оның үстіне биыл қыста қар аз түсті, өр суы келмейтін болды. Ресей аймағында өзеннің жоғарғы жағын реттеу де жағдайды қиындатып отыр, бірақ әлі де келіссөздер жүргізілуде. Жақында Су кодексі талқыланды, онда осы мәселеге қатысты 10 жылға арналған бағдарлама әзірленді. Әзірге біз бар суды тиімді пайдалануымыз қажет. Табиғатқа қарсы келе алмаймыз, ал көрші елмен келісімге келеміз деп ойлаймын, — деп иландырды облыс басшысы.