«Жастық шақ, сені қайтейін?! Жалауын көтеріп, жайнап, жарқылдап, дүниенің бәріне іңкәр ғып біздің де баста уақытша тұрмады ма?
Көгентүп көнелер «адам- дүниеге қонақ» десетін. Қонақпыз деп ойладық. Еркіндеп, еркелеп бақтық. Жағаны жайлау ғып жаннан безіп, жар басында ойнадық. Өйткені,қамсыз едік….» деп , «Досқа хатында» (Таңатар Дәреловке) жазғандай, Рахаңның қамсыз замандастарының бірі едім. Біздер, 1955-1956 жылдары дүние есігін ашқандар, жастық шағымызда өз заманымыздың «қаттысына» қақалмадық, «ащысын» жатсынбадық.
Біздер арманшыл едік. Мен де жазғы жайлауда қой бағып жүргенде оқыған кітаптардағы кейіпкерлерімнің әсерімен қиялдап талай жерлерге барып қайтатынмын.Біздерге ортақ әлем — жоғары мәртебелі әдебиет деген бір тылсым болды.
Тоқсаныншы жылдары Рахымжанның жазғандарын «Жалыннан», «Қазақ әдебиетінен» оқып жүрдім. Кейін Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінде Мұхтар Шахановпен бірге жүргеніне көңілім өскені бар.
Ел таныған, жер көрген жазушы үшін бір ғанибет емес пе!?
1998 жылы Алматыға мұғалімдердің I сьезіне барғанда сатып алған Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» кітабында Рахаң суретін Шыңғыс Айтматовтың қасынан көргенім бар.
Жер бетіндегі зұлымдық, кесапат атаулыға ақ қағаз, қара сия, киелі қауырсын қаламымен бітіспес майдан ашқан; хакім Абайша «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйіп», махаббатқа толы жүрегімен ізгілік, ар, әділдік үшін барша адамзат баласына ақыл-ойының сәулесін шашқан заманымыздың ірі суреткері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаевтың мезгілсіз дүние салғанына екі жылдың жүзі болып қалыпты-ау…
Күні кеше сияқты: құрдасым, қазақ қара сөзінің қағаны Рахаңның өзі мол еңбек, қажыр-қайрат жұмсап, академиялық мәртебесін алып берген Атыраудағы Махамбет атындағы драма театрының сахнасында алыс-жақыннан келген сахна өнерінің кіл мықтылары мен марғасқаларын «Атырау-ардағым менің» деп сөз бастап, «Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалінде» қарсы алатыны. Ортасында Бейбарыс сұлтан, Жәңгір хан, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргеновтердей Алаш Арыстарын тарих пен өнер сахнасына алып келген хас шебер Рахымжан Отарбаевтай маңдайы жарқырап жүрген мұндай салтанатты көрген де, көрмеген де арманда!…
Қанішкен мен Дендердің арасы айшылық алыс жер болмаса да,біздер екі-ақ мәрте жолығысқандармыз. Бірақ, көңілімде Рахымжанмен өмір бойы бірге жүргендей ,сырлас жақын адамдай сезінемін өзімді. Бұлай болатыны: құрдасымның жан дүниесімен, ақ қағазға киелі қауырсын қаламымен жазған рухани сырларымен көптен таныс-біліс болғанымнан шығар, бәлкім…
Алғаш жолыққанымыз, 2005 жыл болу керек, уақыт тығыздығына байланысты аз-кем жөн сұрасқанымыздан басқа әріге бара алмадық….
Шешіліп әңгімелесудің сәті Атырауда 2016 жылдың шілде айында түсіп еді. Атырау драма театрында көркемдік жетекшінің кабинетінде жүздескенімізде Рахаңның алдында жоғалтып алған туған бауырымды көргендей бар запыран-шерімді ақтарып едім-ау… Бұған дейін де, бұдан кейін де ешбір жанның алдында ақтарыла сыр ашпаған болармын… Тағдыр жолы енді қайтып түйіспейтінін қайдан білейік?…
Рахымжансыз өткен екі жыл. Күн орнынан шығады. Ай орнынан туады.Тірі адам тірлігін істемек. Ұрпағың өсіп, жан-жарың Сәуле, Ермерейің екеуі шаңырағыңды бекемдеп, ырыс-берекесін ұлғайтуда, атақ-абыройыңа кір жұқтырмауда.
Суреткер жолы — жанкештілікке толы ауыр жол болғандықтан титімдей жүрек қана оған қаншалықты зіл батпан салмақ түскенін тіл бітсе айтып берер еді-ау…
Заманымыздың көрнекті жазушы-драматургы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық Ш. Айтматов атындағы академияның академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың әдебиетіміздегі інжу-маржан шығармалары адамзат баласына алдағы талай замандарда ізгілік, әділдік, адамдық жолын көрсетіп тұрарына сенімдімін.
Қалтқысыз сүйген Еліңмен бірге ардақты есімің жасай берер, құрдасым.
Амантай Бағыт,
ҚР «Білім беру ісінің үздігі»
Жарсуат ауылы