«Адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың хас жауы»,-деп сонау IX ғасырда-ақ әлемнің «Екінші Ұстазы» әл-Фараби бабамыз ұрпағына өсиет қалдырған екен.
Ғұламаның осы өсиетіне адамзат баласы адал бола алды ма? Бола алған жоқ.
Адамзат баласы, әсіресе, қазіргі жаһандану заманында материалдық байлыққа ғана ұмтылуда; кімнің ақшасы көп, сол күшті; кімнің байлығы көп, дүниені сол билемек…
Мемлекет жұмыссыздықпен, кедейшілікпен күресіп әлек. Байшыкештер ар-ұятты белден басып,енді көмекке зәру отбасыларының жәрдем ақысын айла шарғымен иемдену үшін әрекет жасауда…
Жетіскен екенбіз! Сонда бұ қазаққа қонған бақ – Тәуелсіздік рухани жағынан ештеңе бермегені ме? Біз осындай қанағат-қайырды, ынсапты білмейтін ұлт, Айдың, Күннің аманында есі кеткен ел ме едік?!
Біз бүгінде әлдебір теріс әрекетті көрсек, діннен, мұсылман дінінен іздейтін болдық. Елімізде діни қызметкер де, дінтанушы да, шынайы мұсылман баласы да аз емес. Бірақ, діни сауаттылығымыз ойдағыдай емес. Мұның түп-тамырын іздеп көрдік пе? Әңгіменің ендігі бағытын Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы қабылдаған «Жеті рухани қазық» бағдарламасына бұрайын. Тұтастай алғанда нелерге зәруміз, солар қамтылған. Бірақ осында жеті бөліктің орындары дұрыс қойылмаған (Жеке көзқарасым).
Бірінші, имандылық (мұны иманды тәрбие деп түсінген дұрыс), себебі, бірінші қазық – тәрбие. Екінші, еңбекқорлық тұруы керек, себебі біз «жеті қазықты» адам өмірімен тұтас қарастырмаймыз ба? Сәбиді бірден Отаншылдыққа емес, қарапайым еңбекке баулыған дұрыс. Үшінші, Білімділік – өз орнында, себебі, тәрбиелі бала еңбектеніп, білімге ұмтылады. Төртінші – мәдениеттілік. Бесінші – Отаншылдық. Алтыншы – әділдік. Осы алтауы бір адамнан табылса, жетінші – ауызбіршілік, бірлік өзінен-өзі туындайды.
Осы «Рухани жеті қазықты біртұтас кешенді құрылым деп қарастырсақ, оның қоныстанар өрісі отбасы, отбасылық құндылықтар. Нәр алар кәусар бұлағы –дәстүр болмақ. Замандар көшінде қазақты ел еткен, біріктірген, мемлекет қылған мұсылман дінімен тұтасып кеткен асыл дәстүріміз, сол асыл дәстүрді берік ұстанған отбасылық құндылықтарымыз. Сонау XX ғасырдың елең-алаңында рухани серкеміз Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» демеп пе еді? Жаңа заманда да ғұламаның өсиеті әр қазақ баласына ой салуы тиіс. Әлімсақтан халқымыз үшін шаңырақ, ошақ, отбасы киелі саналды емес пе? Ел аман, жұрт тынышта жастарымыз неге шаңырағынан, ата-анадан безіп, әлдебір елестің арбауымен жат жұртта жүр?
Дін саласындағы зиялы азаматтардың бірі, көрнекті дінтанушы Мұхиддин Исаұлы кезінде «Ислам және өркениет» газетінің тілшісіне берген сұхбатында өте бір өткір мәселелерді ортаға салып өтеді.
«Исламда отбасы иманнан кейінгі негізгі құндылыққа жатады. Нені ұмыттық дейтін болсақ, әуелі сол отбасының құндылығын ұмыттық,отбасының қасиетін ұмыттық. Отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-бірінің қадір-қасиетін ұмыттық, бала тууды ұмыттық; бала тусақ, көбейтуді ұмыттық. Көбейтсек, бала тәрбиесін ұмыттық. Бала тәрбиесін ұмытпадық, бірақ нақ баланың өзін ұмыттық…
Шаңырақ құруды ұмыттық, шаңырақ құрсақ, үй болуды ұмыттық. Зәулім-зәулім тойханалар салуды, сол жерде той жасауды ұмытпадық, сол тойханаларда сөз беруді де ұмытпадық. Бірақ шыға бере екі жастың бақытын ұмыттық. Бірақ біріміз ене, біріміз шеше болып тез ажырастыруды ұмытпадық…»(«Ислам және өркениет», №25, 1-10 .X .2014)
Аталмыш мақалада М.Исаұлы атап көрсеткендей, Тәуелсіздік жылдарының басында ұлттық идеямыз дұрыс жолға қойылмағандықтан, жастар саясаты дұрыс жүргізілмегендіктен, не оқуы, не жұмысы жоқ жастар бос кеңістікке лап қойды.
Бос кеңістікті шетелдік миссионерлер жақсы пайдалана білді; ол кездегі «Діни бірлестіктер туралы» заңымыз да әлсіз болды.
Осылайша дініміздегі радикалды ағымдар бой көрсетіп, жастарымыздың діни санасын улады.
Дінтанушы «Үшінші себеп-дінсіз, дәстүрсіз, тілсіз, идеясыз, мақсатсыз жүргендер көп арамызда»,-дегендей, мұндағы ең бастысы – идея мен мақсат.
Бүгінгі қоғамдағы жастар алдарына нақты идея мен мақсат қоя алмағандықтан, түрлі қиындықтарға тап болуда.
Біздің стратегиялық идеямыз – Алаш идеясы болу керек. Ол – түпкі мақсатымыз. Түпкі мақсатқа отбасылық құндылықтар мен дәстүрден өріс алатын «Рухани жеті қазық» арқылы жетеміз. Қазақстан қоғамы түбегейлі сауығу үшін, әрбір қоғам мүшесі өзін-өзі тәрбиелеп, барлық министрліктер, басшылар, ірі кәсіпкерлер айналысатын бірінші шаруа – ұлттық тәрбие болу керек. Ұлттық тәрбие дегеніміз – дәстүрге негізделген имандылық тәрбиесі. Мұхиддин Исаұлы дұрыс айтады: «Бұл күнде қоғамда айтылып жатқан тәрбие бар, бірақ жасалып, беріліп жатқан тәрбие жоқ»…
Кемшіліксіз адам болмас. Кемшілік, міндерін дер кезінде түзете алған-нағыз адам, жақсы адам. Кемшілік атаулы айтқаннан түзеліп кете қоймас, бірақ көріп тұрып айтпаған, ортаға салмаған бәрінен жаман.
Бізде бәрі жаман деуден аулақпыз. Сүйінетіндей жақсылық, жақсы жаңалықтар өмірімізден орын алуда. Бүкілхалықтық сілкініс әкелген «100жаңа есім», «Мерейлі отбасы байқауы», «Президенттік жастар кадрлық резерві»жобаларын алайық. Егер шын мәнінде нағыз дарындар, нағыз көшбасшы жастар, өз ісінің нағыз майталмандары ешқандай тамыр-таныстық, жең ұшынан жалғасу сияқты «жегі құрттар» араласпаса, бұлар-ұлтымызға жақсы ат, абырой әкелетін жаңалықтар.
Өмір тәжірибемізге сүйеніп, мынадай екі ұсынысымды оқырман назарына бергім келеді.
1. Бала имандылық тәрбиесі негізінде діни сауаттылық әліппесін мектептен алуы керек.
2. Жастарға кәсіптік бағдар орта мектептің 10-12 сыныптарында берілсе, мектеп бітіргенде шаштараз, тігінші, жүргізуші, аспаз, жөндеуші, т.б. сияқты қарапайым мамандықтарды алып шығып, жұмыссыз жастар азаяр еді…
Ең бастысы: жастарымыз имандылық тәрбиесін мектептен алып, алдарына ұлттық идеямен нәрленген мақсат-мұраты болғанда ғана, олар құрған отбасы татулыққа жетер; ал отбасы татулығы – Отан бірлігінің кепілі.
Әр отбасы, әр шаңырақта татулыққа ұйытқы болар қариялар, ата-енелер болғай! Қазақтың әр шаңырағы берік болып, Отанымыз рухани жағынан мықты болғай!
Амантай Бақыт
«ҚР Білім беру ісінің үздігі»