Өмірін нәпсінің жолында құрбан еткен қартаң шалдың трагедиялық автопортреті. Алланы танымаған, дүниені танымаған, өзін танымаған кез-келген адамды осындай тағдыр күтіп тұр. Тағдырдың жарлығы өзгермейді: өлгің келе ме, келмей ме — сенен ешкім сұрамайды, — бәрібір өлесің. Ал осындай қартайғанда құрметке бөленудің орнына, тағдырдың мазағына ұшыраған қартаң шал қайдан пайда болды?
Өйткені : » Туғызған ата-ана жоқ» (1) — Ата-ана — сапасыз: сондықтан: «Туғызарлық бала жоқ»
(2). Сапасыз ата-анадан сапасыз бала туады. «Сапа» сөзін «сана» сөзіменалмастырсаңыз да болады — екеуі тең ұғым. «Адам баласын заман өстіреді, кім де кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Баланың жаманболғанына дұрыс тумаған ата-анасы ғана кінәлі емес, баланың өскен ортасы да кінәлі: «туысқан-туған, құрбылас қызығымен және жоқ»
(3). Міне осындай жағдайда бала өсті, ішті, жеді, дүниенің қызығына белшесінен батты. Бірақ «тағдырға тәбдил (өзгеріс) жоқ» — тағдырдың құрығынан құтылмайсың, ешкім құтылмаған, сен де құтылмайсың, өлгісі келмей шу асаудай тулағысы келеді, бірақ : «тулайын десе, шара жоқ»
(4) — алдында — үңірейіп қабірі күтіп тұр. Бұрынғыдай үріп-ішіп, шайқап-төгіп жүре берейін десе, күш-қуат кетіп қалған, бар күшін материалдық әлемге беріп қойып, рухани азық жинамаған, әлі де баяғыдай жүре берейін десе, «толықсып жүрер шама жоқ»
(5). «Дүниені сен қимағанмен, дүние сені қиып жібереді»: дүние қартаң шалдың ең соңғы қызығын тартып алады: «ұйқы мен астан дәм кетіп, сақалда, шашта қара жоқ»
(6). Енді не қалды — бұрынғыны аңсау, қазіргіні жамандау — ондай адамның, әлбетте, бағасы болмайды, ешкім оған сый-құрмет көрсетпейді: «байбайшыл тартып — баға жоқ»
(7). «Сыйламайды» деп бар өшін жастардан алады: «жастарға жаппас жала жоқ»
(8). Ең соңғы нүкте. Үкім: » жат қораны күзеткен /қартаң шалда сана жоқ» ( 9). Қартайғанда жастармен дүние-боқ үшін таласып, төрінен көрі жақын болса да, шын қорасын, өзінің мәңгілік мекенін — ахиретін күзетпеген санасыз шалдың траги-комедиялық бет-бейнесі.
© OmarJaleluly