Р.Ғамзатов көкем « Менің әрбір сөзім де бір тамшы көз жасы бар» дегендей, тамшыға тамшы қосылып, тасты да тесер болар ма деген үмітпен рухани мұраттас ағамыздың пікіріне – пікір қоспақ ниетте қолыма қалам алған жайым бар.
Егер жан-жағымыздағы күшті дамыған мемлекеттерден үйренгіміз келсе, солар жеткен толағай табыстарға жеткіміз келсе, оларды алға жетелеген қандай қуат десек, іздегеніміз – ұлттық рух пен Отаншылдық деген қасиеттер болып шығады. Ұлттық рух қалыптаспаған жерде отаншылдық та болмайды, екеуі – біртұтас ұғымдар.
Бүгінгі біздің қоғамдағы зәру мәселенің бірі-бұл насихат,насихат болғанда ұлттық рухха қатысты тарихымыздағы айтулы тұлғалардың ұлт үшін жасаған ұлы ерліктерін өнеге ету жайын айтып отырмын, кейіндеп қалуда. Осы орайда XX ғасырда өмір сүріп ұлтымыздың болашағы жолында ғасырларға даңқы жететін қаһармандық істер атқарған 9 тұлғаны ерекшелеп, жастарға үлгі етсем деп едім.
Сәкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда: «…өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен …» А.Байтұрсынов – Алаштың ардақтысы, аяулысы тек қазақтың ғана емес бүкіл түркі дүниесінің рухани көсемі.
Замандар көшінде ұлт руханиятының аспанында қазақ тілінің тұңғыш Әліппесі мен оқулықтарын жазған ғалым-ағартушымыз XX ғасырдың басында-ақ « бала бастауышта білімді тек қана ана тілінде алуы керек»- деп шегелемеп пе еді? Осы бір ап-анық ғылыми тұжырымды бүгінгі кейбір отандас ғалымдарымыздың естен шығарғаны қынжылтады.
Ендігі айтпағым: бір топқа кірістіріп отырған майдангер ата-ағаларым -Бауыржан Момышұлы мен Жұбан Молдағалиев, Салық Зиманов пен Сафуан Шаймерденовтер.
« Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеушілік-шынайы патриоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту-бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту…» деген Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы, Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы сол бір өмірмен өлім белдескен «ел басына күн туған» шақтарда Қазақстан үкіметін басқарған Н.Оңдасыновқа тіліміздің болашағын ойлап, арнайы хат жазғанын «Қан мен жазылған кітабынан» оқыдық. Таңқаларлық іс емес пе? Бұдан асқан ұлтты, Отанды жүрекпен сүю үлгісін көріп пе едіңіз?
Мың-мыңдаған қазақ баласы үшін өнеге, үлгі бейнесі болған Баукең өле-өлгенше өз ана тілін қадірлеген, өзге тілді кемсітпеген тұлғамыз болып өтті.
Момышұлының ана тілімізге берген бағасын үлкенді-кішілі мекеме басшылары төріне іліп қойса,қандай ғанибет!
Майдангер жазушымен қанаттас, замандас болып, оның ерлік рухын бойына сіңірген үш азаматты бөлмей бірге атап кетсем, олар: академик заңгер Салық Зиманов, майдангер ақын Жұбан Молдағалиев, майдангер жазушы Сафуан Шаймерденов.
«Егемен Қазақстан» газетінің 30.06.2004 күнгі санында философия ғылымдарының докторы Әбдеш Қалмырзаев: «Колбин дүрілдеп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғанда, бетің бар, жүзің бар демей оның өзіне асыра сілтеуге ұрынып жатырсыз деп ашық айтқан, азаматтық үлкен мінез танытқан екі-үш адамды ғана білгенбіз. Бірі — майдангер ақын Жұбан Молдағалиев, екіншісі — майдангер ғалым Салық Зиманов, үшіншісі — майдангер жазушы Сафуан Шаймерденов еді…»,- деп жазады.
Ойлап көрсек, бұл азаматтардың 1987 жылғы сәуірдің 11-інде болған республикалық үлкен кеңесте бастарын қатерге тігіп, қызғыштай қорып отырғандары — ұлтымыздың ар-намысы мен абыройы емес пе!? Мұны асқан ерлік демей не дейміз!?
Тәуелсіздік алып,өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, ұлт намысы, тіл мәртебесі дегенде осы ағаларымыздай жанқиярлыққа бара алармыз ба?…
Халқымызда тағдыр шешті сын сағаттарда Отанымыздың біртұтастығы мен ана тіліміздің абыройын өз жандарынан да артық санаған мемлекет қайраткерлері барлығымен жүректі мақтаныш сезімі билейді.
Олардың арасынан Темірбек Жүргенов пен Нұртас Оңдасыновтың және Жұмабек Тәшеновтің асыл рухтарына тағзым етіп, бас ием. Академик Серік Қирабаев «Темірбек нарком» мақаласында («Егемен Қазақстан», 3.09.2013 ж.) былай деп жазады: «Жүргенов өз кабинетінде өнер адамдарын жинап,кеңес өткізеді,оған отыз шақты адам келеді. Дені қазақ, орыс тілінде сөйлейтін екі адам (бірі-Брусиловский, екіншісі-қарағандылық өнерпаз Орлов.Бір кезде Орлов орнынан көтеріліп, өзінің қазақша білмейтіндігін ескертіп, мәжілісті орысша өткізуді ұсынады… «Бір кезде оның қара көздері ұшқындап кетті»,- дейді Е.Брусиловский,-жұрт бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды.
-Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас?! Қайда жүрген адамсыз? Сіз Қазақстанға келген екенсіз, жұмыс істегіңіз келсе, республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әнін орыс тілінде зерттейсіз бе?- деді. Орыс үндей алмай орнына отырады. Т.Жүргенов мәжілісті қазақ тілінде жалғастыра береді.
Біздің көбімізде осы өткірлік мінез жетіспейді-ау! Қазақ тілінің намысын көтеретін Жүргеновтер керек-ау әлі!».
Бұл – отызыншы жылдардың көрінісі, шындығы болса, ана тіліміз Ата заңымызда мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен алдындағы топтың ішінде бір-екі орыс тілділер көрінсе, орысша сайрап қоя беретін бүгінгі кейбір басшы азаматтар ойланса дұрыс болар еді…
Енді Нұртас Оңдасынов пен Жұмабек Тәшеновтің ұлт үшін жасалған ұмытылмас ерліктерін сөз етсек, жұртшылыққа белгілі: Н.С.Хрущев заманында қос ағамыз өздерінің жоғары лауазым иелері болғанына қарамастан, креслодан айырылып қалам деп қорықпай, ұлт мүддесін өз
бастарынан биік санағандықтан, Бірінші хатшының қаһарынан қаймықпай, Нұртас аға Маңғыстау облысын Түркіменстанға қосудан, Жұмабек аға солтүстіктегі 5 облысты Ресейге қосудан аман алып қалғаны тарихи шындық емес пе!?
Ұлт үшін туған қайран ерлер!
Ал, Мұхтар Шаханов – үш ерлігі үш ғасыр, үш мыңжылдықтың даңқына даңқ қосар қаһармандық жасаған қайраткер тұлғамыз. Олар: Аралға араша түсіп , әлем жұртшылығының назарын қасірет шеккен ел мен жерге аударуы; желтоқсан қозғалысының құрбандарына қорған болғаны, Орталық Комитетті Қазақ халқынан кешірім сұратуға көндіргені, Наурыз мерекесін қайта тойлауға, Ұлыстың Ұлы күнінің қайта жаңғыруына ықпал еткенін атап айтар едік. Ерекшелеп айтарымыз: Мұхтар аға – ана тіліміздің абыройы мен мәртебесін Тәуелсіздікке дейін де, Тәуелсіздік жылдарында да өз жүрегінің жалынымен, Оташыл поэзиясы тілімен асқақ көтеріп, тау көтерген толағайдай ұлы ерлік пен қаһармандық көрсетіп келе жатқан бірегей тұлғамыз.
PS. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: бүгінгі Қазақ Елінің жастары, отандастар осындай азамат, тұлғалар мен мақтана білсе, тек мақтанып қоймай, олардың ерлікпен парапар істерінен үлгі алып, ұлттық рухтарымызды қалыптастырып, биіктетсек,ол үшін ана тілінде еркін де ойлы сөйлеп, жаза білсек, жаман болмас едік….
Б.Куанов