Өмір жұмбақ та тылсым дүние. Өмір сүре отырып көп нәрсені үйренесің. Құпияны білмекке талпынасың. Әрбір нәрсеге ой жүгіртіп, өз көкірек діліңмен қорытасың. Қалай дегенде де өмір бейнебір жақсы кітап сияқты, оған қаншама құштарлана берілсеңіз, оның мәні соншама айқындала түседі. Мұны мен ағымдағы жылғы 30-шы қыркүйекте ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шипалы» емдеу орталығының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Айдарханұлының үш кітабының тұсаукесерін өткізу барысында кезекті рет аңғардым.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған сәлемдемесімен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен басталған, Қазақстан Ардагерлер кеңесінің Орталық комитеті төрағасының бірінші орынбасары, тарихшы ғалым Өмірзақ Озғанбаев тізгінін ұстаған мәртебелі жиында қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған дәрігерлік іс-тәжірибесі, қазыналы халық емшілігі, ұлттық емдеу өнері төңірегінде, шипагерлік жөнінде тың деректер мен тарихи мәліметтер айтылып, Қайрат Айдарханұлының «Қазақ емшілігі энциклопедиясы», «Қазақ емшілігі — төрт түлік мал өнімдері», «Қазақ емшілігі — аң-құс, жәндіктердің емдік қасиеті» атты кітаптары таныстырылды. Осынау құнды кітаптарға дәрігердің ұзақ жылдарғы еңбектері мен зерттеулері, қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер, табиғи емдеу жолдары енгізілгені, әсіресе «Қазақ емшілігі энциклопедиясы» атты көлемді еңбектің Қазақстанда тұңғыш рет жарық көріп отырғандығы әрі бұл шын мәнінде бір институттың немесе академияның жүгі боларлықтай екендігі ерекше атап өтілді.
Ақын-жазушылар, ғалымдар, БАҚ өкілдері, студент жастары қатысқан бұл басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, академик Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтов, жазушы, драматург, ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Дәуренбекқызы, саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай және өзге де зиялы қауым өкілдері арнайы сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді, жасалған еңбектің ғалымдардың, студенттердің, ғылым және медицина жолындағы адамдардың зерттеуіне аса қолайлы топтама білім екендігіне назар аударылды, қазақ емшілігін әлем медицинасымен үйлестіріп, жаңаша емдеуге бетбұрыс жасауға, оған мамандарды оқытып-үйретуге қатысты нақты пікірлер, келелі ұсыныстар айтылды.
Қайрат Айдарханұлы еңбегін жоғары бағалап ықылас білдірген асыл жандарға және жиналғандарға ризашылығын білдіре отырып, қазыналы қазақ емшілігінің қыр-сыры төңірегіндегі ұзақ жылғы еңбектері мен ізденістерін өзгелермен бөлісу мақсатында аталмыш кітаптарын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы кітапханалардың барлығына тегін таратылғанын атап өтті.
Кенжеболат Жолдыбай
Нұр-Сұлтан қаласы