Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында Алтын Орданың 750 жылдық мерей тойын міндетті түрде атап өту және оның негізін салушы ұлы хан — Жошыны ұлықтау керек екенін баяндады. Бұл жағдайды халық қалай қабылдау керектігін білген жоқ. Бірі өткенді қазбалай беріп не қыламыз, одан да техникалық ғылымдарды дамытпадық па деп ой тастаса, енді біреулері құптай кетті. Шынында да қолдауға тұрарлық ұсыныс секілді.
Еуразия құрлығының орасан зор жерін бағындырған, тарихтан ойып орын алған император — Шыңғысты біздер тегі қазақ деп таласып жүрміз. Асқар Жұмаділдаев айтқандай, оны қазақ деп есептесек, бір нәрсе өзгереді ме? Жоқ! Жақсы таласайық, бірақ оны иемденетіндей оның атына бір тас қойдық па? Моңғолдар Шыңғыс ханды өздерінің бренді етіп алды. Кино түсірді, суретін ақшасына басты, тіпті, оның есімімен арақ та шығарды. Қытайға қарай ат басын бұрып тұрған 40 метрлік алып ескерткіш салды. Енді олармен қалай таласа аламыз. Міне, президенттің сөзін неге құптау керектігінің астары осында жатыр. Шыңғыс ханның мазары түгілі, сүйегі қайда екенін ешкім білмейді. Үгедей, Шағатай, Төлелердің (ұлдары) де ешбір ізі жоқ. Ұлы императордың ұрпағынан тек осы Жошының ғана мазары сақталыпты. Ол Орталық Қазақстандағы Ұлытау аймағында тұр. Енді біз моңғолдар Шыңғысты брендіне айналдырғаны секілді, Жошыны Қазақстанның бренді қыла аламыз ба? Тоқаевтың айтып отырғаны осы емес пе? Моңғолияға жыл сайын туристер осы ұлттық бренді үшін-ақ келеді. Өзбектер де Әмір Темірді «ұлы рухқа» айналдырып, сан мыңдаған жиһангердерді еліне тартуда. Орыстар Петр І, Романовтар әулетімен-ақ пайда тауып отыр. Біздерде де осындай қауһар бар ғой. Неліктен президенттің көзі басқаға емес Жошыға түсті?
Жошы ханды дәріптеу деген кездейсоқ болған таңдау емес екені байқалады. Сақ рүстем мен Томирис те, ғұн Мөде мен Еділ де, түркі Бумын мен Естеміс, Тоныкөк пен Күлтегін де қазақ үшін «мынау біздің қаһарман, баһадүр бабаларымыз» деген мақтанышқа айналғанымен, рухты көтеруге келгенде нақты тұлғалар бола қоюы екіталай. Өйткені олар өмір сүрген кезең тым алыс, түркі халықтар үшін ортақекендігі де бар. Сүйектері де сақталмаған. 550 жылдық тарихы бар хандығымыздың шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен Керей мен Жәнібек, Қасым мен Хақназар, Есім мен Тәукелердің жанында Жошы екі туып, бір қалғанымыз ба? Әрине, бұл жерде Жошының есімі әлемге кеткендігі ескеріліп отыр. Басқа елдердің мектептері мен ЖОО-да әлем тарихын өткенде Алтын Ордаға тоқталмай кетпейтіні рас. Ол туралы елаузында көптеген аңыз-әпсаналар жүр. Соларды Жошының аруағын тірілту үшін жандандыра түсу керек сияқты.
Жошыны ұлықтау той-жиын, конференция, бас қосулармен шектеліп қалмауы керек. Олай ешкімді де ұлықтай алмайсың. Біздің мақсат – оны ұлықтау арқылы елге пайда әкелетін жақтарын қарастыру. Кино, фильмдер, мультсериалдар түсіріліп, неғұрлым көп тартылуы қажет. Түріктер Осман империясының билеушілерін солай танытты емес пе? Жақсы ұсыныстар түскен кезде оны тек жүзеге асыруға асығу керек. Бұл жолда жемоқорлықтың жүзеге асуына жол берілмеуін қадағалап отыру да маңызды. Себебі бұл — ұлттың, мемлекеттің бастысы, ұрпақтың алдындағы борышымыз.
Сержан Ізжан