Құмырсқа жылына бір ғана бүртік бидай жейді екен. Мұны естіген Сүлеймен пайғамбар бір жылға құмырсқаға бір бүртік бидай беріп, кішкентай құтыға қамап қояды. Бір жылдан кейін қараса, құмырсқа жартысын ғана жеген. Құмырсқадан сұрайды:

— Қане жылына бір дән бидай жейтінің?

— Уа, Сүлеймен! Ол ырысты Құдайдың өзі беріп тұрған заман ғой. Ал енді маңдайыма жазылған ырысым сен арқылы келеді. Жаратушы ием ешуақытта ұмытпайды, ал сенің ұмытып кетуің мүмкін. Сақ болып отырған халім осы, — деп жауап берген екен.

Бұл әпсана әңгіменің айтылуы тегін емес. Сонау тоқсаныншы жылдың басында өтпелі кезең өзіне тән қиындықпен қатар, «Үкімет өлтірмейді» деп, жайбарақат жатқан талайларды ұйқысынан оятып, ойда-жоқта келген нарық жолынан өз соқпағын табуына мүмкіндік ашты, сөйтіп көпшілікті құмырсқа тіршілікке кірістіруге итермеледі десек, ешбір қателесе қоймаспыз. Өндіріс орындары жабылып, жұмыссыз қалған жұрт енді өздеріне лайық кәсіп іздеді.

Дей тұрғанмен, халықтың біршама парасы беймәлім істі бастауға даяр болмай шықты. Ақиқатын айтсақ, сол тұста елімізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қалыптасты. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2007 жылы арнайы зерттеу жүргізіп, елімізде тәуелсіздік алғаннан кейінгі он бес жыл бойы жұмыс істемей келген 180 мың адамның бар екенін, сөйтіп жұмыссыздар саны халықтың 8 пайызын құрайтынын анықтады.

Реті келіп тұрған соң айта кетсем артық болмас, АҚШ тәрізді әлеуетті мемлекетте бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері әлеуметтік жәрдемақылар арқылы ғана күн көрген 2 миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды. Иә, әлеуметтік көмектер халықты енжарлыққа тәрбиелейді, жұмыс істеуге деген ынталарын өшіреді. Мұны мен 1997-1998 жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары қызметін атқарған кезімде толық аңғардым да. Бойында қуат бар, тепсе темір үзетіндей тегеуріні бар, иілмейтін нәрсені иіп, бүгілмейтін нәрсені бүге білетіндей шеберліктен де кенде емес небір атпал азаматтардың жұмыстан бойын аулақ салып, түрлі жолмен өзіне мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алып жүрген жағдайлары мейлінше кездесіп жатты.

Шындығында, мемлекет өз мойнына алатындар: жетімдер, мүгедектер, қарттар, зейнеткерлер. Өзгелер еңбек еркіндігін пайдаланып, өз тұрмыстарын өздері анықтау керек еді. Сондықтан да оларды еңбек еркіндігіне, яғни нарық жағдайына бейімдеу күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. Шын мәнінде, мемлекет медиатор қызметін атқаруды қолға ала бастады. Тұңғыш

Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әуелі экономика дегендегі саясатының мәнісі осы болатын. Бұл идея нәтиже берді. Күнкөрісі мен бала-шаға қамын ойлағандар беймәлім істі бастауға бел буып, нарық жағдайына бейімделді. Өз кезегінде Үкімет «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын қабылдап, жұмыспен қамту мәселесінде бұрын-соңды болмаған қадамдар жасады деп есептеймін.

Біріншіден, Бағдарлама бойынша, жұмыссыз азамат екі қолына бір күрек табуға шын ниет етсе аудан, қалалардан арнайы ашылған жұмыспен қамту орталықтарына тіркеледі. Мамандығы сай келетін мекемеге жолдама береді. Болмаса бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Сол жәрмеңкеде бағы жануы мүмкін. Ал, оның мамандығы бойынша қызмет орны мүлде табылмай жатса, оны басқа мамандық, яғни нарықтағы сұранысқа ие мамандық алуға, немесе қайта даярлауға ұсыныс айтылады.

«Жоқ, мен ешкімге бағынышты болмаймын, өзім жұмыс орнын ашып, бағымды бизнес саласында сынап көремін» десе, онда оған шағын бизнесті ұйымдастыруға Бағдарлама аясында үш миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бұл қаржының басқалардан ерекшелігі – шаруаң толық дөңгеленгенше несие төлеуден босатылатын демалысы бар. Міне, осыншама мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа? Сонымен қатар елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаның шеңберінде де жаңадан мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатқаны белгілі. Бір ғана мысал. Автокөлік шығару саласында құрылған бір жұмыс орнының нәтижесінде өзге салаларда 12 жұмыс орнына дейін пайда болады. Өйткені, автоөнеркәсіптің дамуы химия, тоқыма және өзге де өндірістік салалармен тығыз байланысты. Яғни елімізде жасалған автокөлік өнімдері көбейген сайын экономика да өрге басады. Олай болса, хакім Абай айтқандай: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді саусаң, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Ал, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Мал бақ, егін сал, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар – міне, бес жүз жыл болды – жұт, аштық жоқ. Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың?» дейді. Және қытай ойшылы Конфуцийдің: «Елің асып-тасып отырғанда, кедей әрі кемшін болғаның ұят. Елің арып-аршып отырғанда, бай әрі бағлан болғаның ұят»,– деген сөзі бар.

Бір сөзбен айтқанда, талаптанған адамға қай жағынан алып қарасаң да жол ашық. Бірақ, осыған қарамастан соңғы кездері, қоғамда масылдық көзқарастар орын алуда. Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зерделеу керек сияқты. Себепсіз салдар болмайды ғой. ҚР Тұңғыш президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат институтының сараптамаларына сүйенсек, Кеңес одағы ыдырағаннан бері отыз жылға жуық уақыт өтіп, қазақстандықтардың жаңа буыны өссе де, халықтың көпшілігінің ой-санасы сол қалпы мемлекет «негізгі асыраушының» рөлін атқарған кездегідей, яғни «кеңестік деңгейде» қалды, өйткені азаматтардың менталитеті мұнша қысқа тарихи кезең ішінде түбегейлі өзгеруі мүмкін емес. Социолог Гүлмира Илеуованың пікірінше, азаматтарда мемлекеттен басқа арбитр (олардың мүдделерін қорғаудың кепілі) қалмаған кезде, яғни бұдан былай сенімартатын ешкім қалмаған кезде ғана олар мемлекет тарапынан қолдау мен көмек іздеуді бастайды. Бұл қорытындыға да келіспеу қиын. Бірақ мемлекетке келетін болсақ, оның іс-әрекеттері халықтың үміттеріне толық сәйкес келмейді. Оның жүргізіп отырған әлеуметтік саясаты көбінесе әлеуметтік төлемдерге негізделген, бұл ретте олардың негізге алатын көрсеткіштері (ең төменгі күнкөріс деңгейі, жалақының ең төменгі мөлшері, айлық есептік көрсеткіш және т.б.) бүгінгі күннің шындығына мүлдем сәйкес келмейді және қайта қарауды талап етеді.

Жағдайды өзгерту керек екені түсінікті және бұл жерде, қаншалықты қарапайым болып естілсе де, бір-біріне қарай бағытталған қозғалыс қажет. Яғни, белгілі бір қадамдарды екі тарап та – билік те, халық та жасауы қажет десек, бұл қадамды мемлекет бастауы тиіс, өйткені ол өмір сүрудің барлық салаларында азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға арналған. Дей тұрғанмен әзірге бұлай болмай тұр. Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) жұмыскерлердің айлық жалақыларының үлесі жыл өткен сайын азайып келеді. Нақтырақ айтқанда 2000 жылы ол 35,5 пайызды құраса, қазір ол 30,5 пайызға дейін төмендеп отыр. Мұнай өндіретін басқа елдерде, атап айтсақ Ресейде бұл көрсеткіш 46,4 пайызды, Норвегияда – 48,7, Канадада 50,5, ал Австралияда – 46,9 пайызды құрады. Байқап отырғанымыздай, бұл мемлекеттерде аталмыш көрсеткіш Қазақстаннан 1,5 есе көп. Шетел жұмыскерлерінің жалақыларының бізге қарағанда көп болуының сыры міне осында жатыр.

Керісінше, Қазақстанда ірі отандық және шетелдік компаниялардың ЖІӨ ішіндегі үлесі 2000 жылы 38,8 пайыздан 2018 жылы 51,6 пайызға дейін өсіп отыр. Яғни өндірілген өнімнің басым бөлігі ірі бизнес өкілдерінің пайдасына шешілуде. Қарапайым жұмыскерлер болса ондай үлестен құр қалып, тиын-тебенмен шектеліп отыр. Әрине, мұндай әлеуметтік теңсіздікке әрі қарай жол берілмеуі керек. Шикізат өндіретін басқа елдерде, атап айтсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 41,8 пайызды, Норвегияда – 40,9, Канадада 38,3, ал Австралияда – 43,1 пайызды құрайды.

Мұның сыртында Салық реформасынан кейінгі кезеңде мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 2008 жылғы 17,6 пайыздан 2018 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 13,2 пайызға дейін азайды. Жалпы, Қазақстанда мемлекетке түсетін табыстардың ЖІӨ-ге шаққандағы деңгейі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 19 пайызды құрады.

Яғни, Қазақстан мемлекеттік бюджеттің шығыстарының ЖІӨ-ге қатысты төмен деңгейімен ерекшеленеді. Басқа елдермен салыстырып көрсек. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде орташа мемлекеттік шығын ІЖӨ-нің 42,1 пайызын құрайды, ал кейбір ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 60 пайызына дейін жақындап келеді. ЕАЭО (Еуразия экономикалық одақ) елдерінің салық жүктемесіне келер болсақ, ол Беларус Республикасында 25,9 пайызға, ал Ресейде 27,2 пайызға тең.

Халықаралық еңбек ұйымының санаты бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі working poor, in-work poverty, яғни «кедей жұмыскерлерге» жатады. Олар еліміздегі медианды жалақының 60 пайызынан төменін алады және Қазақстандағы жұмысшылардың 30 пайыздан астамын құрайды. 2018 жылы ең төменгі жалақы мөлшері біршама көтерілгенімен Қазақстан үшін «кедей жұмыскерлердің» мәселесі әлі де өте өзекті болып отыр.

Сайып келгенде, инклюзивті даму үшін Қазақстанға бюджет шығынын арттыру қажет екендігі анық. Ал бұл бюджетке түсетін салық түсімдерінің өз кезегінде мейлінше артуын талап етеді. Осыған байланысты тиісті мамандар тарапынан нақты ұсыныстар айтылуда. Мәселен, олар «Мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Ұлттық экспорттау стратегиясы» және «Ұлттық инвестициялық стратегиясы» мемлекеттік бағдарламаларын қайта қарап, «Қазақстан экономикасын құрылымдық қайта құру Стратегиясына» біріктіру, сондай-ақ жаңа салаларда жоғары ақы төленетін жұмыс орындары ашылуы қажет дейді. Мысалы, қазақстандық жас мамандар шоғырландырған және жетекші шетелдік ІТ мамандарын тарта отырып «Экспорттық ІТ қызмет хабын» құру керек деп есептейді.

Міне азаматтардың сапалы және қолжетімді білім алу, медициналық қызметтер алу үшін осылайша мүмкіндіктері болса, олар құқықтық мағынада қорғалған болса, патерналистік талаптарды барынша азайтуға, азаматтардың өз өмірі мен әл-ауқаты үшін жауапкершілік деңгейін арттыруға болады. Дәл осы сәтте «біз сіздер үшін барлық нәрселерді жасадық, ал енді сіздер өздеріңіз іс-әрекет, бастамашылық, іскерлік танытыңыздар, өздеріңіз әрекет етіңіздер» – деп айтуға әбден болады.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өнімдер, тауарлар шығарғысы келетін, идеялар, инновациялар ұсынып, іске асырғысы келетін, кәсіпкерлікті дамытқысы келетін адамдар үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, бүгінгі күні ойын ережелерін толығымен мемлекет талап ететіндіктен, елдің табысты дамуының, мемлекет пен азаматтардың үміттері арасындағы келіспеушіліктерді еңсерудің маңызды шарты меритократия қағидаттарын сақтау, нақты жұмыс істейтін әлеуметтік лифттердің болуы – элитада жергілікті жерлерде жұмыс істеген, мансаптық өсудің барлық сатыларынан өткен өз ісінің шеберлері қайта оралатын болады.

Сапалы кері байланысты, биліктің қоғаммен өзара іс-қимылының пәрменді тетіктері мен арналарын жолға қоюдың да маңызы зор, олар екі тарапқа да тиімді болады. Басқару жүйесі, бюрократиялық аппарат тұтастай алғанда қоғам мен мемлекет үшін жұмысқа бағытталуы, тұйық емес, ашық сипатта болуы керек, олар тек бақылау функцияларына сүйенбеуі тиіс. Сондай-ақ ағымдағы даму бағдарламаларын нақты іске асыру үшін барлық деңгейдегі басқарушыларға қатаң жауапкершілік, оның ішінде, әсіресе, дербес жауапкершілік қажет.

Кенжеболат Жолдыбай,

саясаттанушы