Еліміз 2010 жылы «Болон» жүйесіне көшкен уақыттан бері білім саласына көптеген жаңалықтар енгізілді. Солардың бірі – жоғары білім берудің үш тұғырлы сатысы. Алғашқысы – бакалавриат (4 немесе 5 жыл мерзімде), екіншісі – магистратура (2 жыл мерзім), үшіншісі – PhD докторантура (3 жыл мерзім).

Бұрынғы жылдары жоғары білім алу немесе немесе жоғары оқу орнына түсу көпшіліктің таудай арманы мен талабы болатын. Ал, қазір уақыт өткен сайын бұл қалыпты жағдайға айналды десек қателеспейміз, себебі «екінің бірі» университет тәмамдаған. Демек, қазіргі білім алушылардың басты мақсаты магистратураны немесе PhD-докторантураны тәмамдау. Тіпті, қазіргі уақытта мұның өзі мансап пен атаққа ұмтылудың бірден бір көрсеткіші тәрізді. Ең басты айта кетінні аталмыш жүйе шыққан мерзімнен бері магистратураға және докторантураға бөлінетін гранттар Қазақстандағы жоғары оқу орындарының қолшоқпарына айналды десек қателеспейміз. Неліктен?

Біріншіден, жоғары оқу орындарынының арасында үлкен бәсекелестік орын алады. Яғни, бөлінетін гранттар олардың әрбір мамандықты оқыту деңгейлеріне байланысты бөлініп келді (мәселен, Л. Гумилев атындағы Қазақ Еуразия ұлттық университетіне «туризм» мамандығына 15 грант, Қостанай мемлекеттік университетіне дәл осы мамандыққа 4 грант). Бұл – ақылға қонымсыз дүние.

Екіншіден, магистратураға түсушілерге арналған емтихан сұрақтары ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан емес, әрбір оқу орны өздері құрастырады. Демек, бұл әділдіктің толық кепілі бола алмайды және құрастырылған сұрақтардың шама-шарқы да әр оқу орныyда әр түрлі болмақ.

Үшіншіден, оқып жатырған магистранттардың айтуынша, ағылшын тілінен тапсырылатын тесттің сапасы халықаралық стандартқа сай емес. Әдетте, шет тілі емтиханын тапсырмаудың бірден бір кепілі – халықаралық деңгейдегі IELTS немесе TOEFL сертификаттарының болуы. Бір ескеретіні мұндағы шекті балл техникалық мамандықтар үшін IELTS – 6.0, ал гуманитарлық мамандықтарға IELTS – 6,5 балды құрау қажет. Салыстырмалы түрде ойлап қарасаңыз, дәл осындай балл жинап тұрып, кім Қазақстанда қалады және халықаралық деңгейдегі Ielts сұрақтары магистратурадағы ағылшын тілі сұрақтарымен қаншалықты пара-пар деген заңды сауал туады.

Төртіншіден, біліксіз PhD-докторлар мен ғылым магистрі атағын алған ғалымсымақтар қаптап кетті. Демек, ғылым саясаттың толық құрбанына айналып отыр.

Қаншама мыңдаған тапсырушылар осындай әділетсіздіктің құрбанына айналып, «My name is» деп айта алмайтын тапсырушылар грант иегері атанса, қалай ішін күймейді? Дәл осындай жағдайды басынан өткергендердің бірі Қ.М. есімді азаматша. Оның айтуынша, ол 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік дипломмен аяқтаған. Кейіннен екі жыл өткеннен соң, басқа оқу орнына барып, білімін әрі қарай жалғастырмақ болған екен, алайда оның жолын бөгеп кескектеген адамдар көбеймесе, азаймаса керек. Мамандық емтиханы кезінде берілген сұрақтардың барлығына ғылыми-теориялық тұрғыдан еш мүдірмей жауап берген М-ға комиссия мүшелері таңырқап қалса керек. Ақырында, қоятын сұрақ таба алмай, білімін жоғары деңгейде бағалап, 100 балдан 91 балл қойған екен, бірақ та телефон секілді тағы да басқа шпаргалка түрлерін қолданған студенттер де жоғары бағаланса керек.

2019 жылы магистратураға және докторантураға түсу талаптары түбегейлі өзгерді, сол себепті жаңа жүйеден үлкен үміт пен сенімділік және әділдік күтеміз. Бір қуантарлығы бөлінетін мемлекеттік гранттар оқу орындарының деңгейіне байланысты бөлінбейді, жалпылама конкурсқа түседі. Сондай-ақ, тапсырушы өзі қалаған бірнеше жоғары оқу орнын көрсете алады. Берілетін сұрақтар мен тапсырмаларды ұлттық тестілеу орталығы дайындайды. Бұл әділдіктің басты нышаны деп білеміз, алайды орындалуы қаншалықты болатынын кім біледі?

Заманбек Шакиров

Атырау қаласы