Ана – шаңырақтың ұйытқысы, жан жылуы. Жанұя деген жылы ұяда еріне серік болып ұрпақ тәрбиелеп, ақылы асса, ер тұрыпты елдің де анасы атанар мейірімнің «Меккесі», бақыт пен берекенің бастауы. Өйткені, ол – адамзаттың тағдырына тарту еткен Алла Тағаланың теңдесі жоқ зор нығметі. Пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с.) жеткен хадис «Жұмақ ана аяғының астында» десе, дана халқымыз «Анаға не қылсаң, алдыңа сол келер», — деп ананы құрметтеудің аса маңызды екенін меңзейді. Міне, осындай сый-құрметке лайықты ананың бірі біздің анамыз Қапиза Қабдолқызы десек, артық айтпағанымыз. «Ақылы асса аға ғой» демекші, асыл анамыз ел басына күн туған соғыс жылдары үйде отырып қалмай, белді бекем буып, ел ісіне араласа білген, сол еңбегіне сай «Тыл қайраткері» атағымен абыройын асырған жан. Ердің орнын жоқтатпай, үй тіршілігіне ие боп қалған әйелдің мектепте ұстаз болып, тағдыр тауқыметін бір кісідей көтере білуі үлкен ерлік еді. Республикалық, жергілікті басшылықтың тарапынан анамызға берілген жоғары дәрежелі марапаттар да — оның адал, еңбек маңдай термен жүріп өткен өмір жолының куәсіндей. Және бұл – біздің анамыздың адамдық қасиеттердің абзалы қайраттылық, табандылық, жанқиярлық сынды кесек мінез иесі екендігінің айғағы… «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» дегендей, абзал анамыздан тараған 13 ұрпақтың бойындағы тектіліктің нәрі осы анамыздан, марқұм болып кеткен әкеміз Батырдан дарығанын біз қашан да мақтан етеміз. Қаумалаған елі аңыз қылып айтады…

Қазақтың дәстүріне сай ата-енесінің батасын, отағасының разылығын алып, ағайын-тума, ел жұртының алғысына бөленген анамыз бізге берер мол үлгісімен, өнегесімен бүгінде 95 жасқа келіп отыр. Қазыналы қариядан қалған қара шаңырақта үбірлі-шүбірлі ұрпақтың ортасында ұрпақ қызығына бөленген асыл анамыздың амандығын тілейміз!

Қадірлі ана, мерейлі жасыңыз құтты болсын, жасыңызға жас қосылсын!

Құрметпен, Батыр әулеті: бала-келіндері, қыз-күйеулері, немере-жиендері, шөберелері