Еліміздің алғашқы президенті Н.Назарбаев өткен жылы «Ұстаздар мәртебесі туралы» заң әзірлеуді тапсырған еді. Соның бір нәтижесі ретінде биылғы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Педогог мәртебесі» және «Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімдерге жүктемені азайту мәселелері бойынша кейбір заңшығару актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Министр көтерген мәселелер әзірге сөз жүзінде ғана. Олай дейтініміз – тұңғыш Елбасы мұғалімдерді жұмысына қатысы жоқ басқа жұмыстардан қорғау керектігін айтып, сенбілік пен қара жұмысқа салатындарды сынаған болатын. Бірақ бұл да сол кезде көтерілген ұран күйінде қалатын сыңайлы. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру ісі өзірге сөз жүзінде ғана айтылғанымен, жақын арада іске аспайтындай көрінеді. Себебі, соңғы уақытта мұғалімдерді жұмыс күші ретінде пайдалану фактілері жиі ұшырауда.

Соның бірі Атырау облысында тіркелді.

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылындағы Ш.Еркінов атындағы орта мектептің тәрбиешілері интернаттағы бірнеше кабинетке жөндеу жумыстарын жүргізеді. Белгілі болғандай, жазғы каникул күндерінде бұл жерде балалар лагері болған екен.

Білім мекемесі қызметкерлерінің қара жұмысқа жегілгенін мектеп психологі Гүлнұр Ғұбашева түсіріп, таратып жіберген бейнежазбадан кейін облыс жұртшылығына мәлім болып, үлкен тексерістерге жол ашты.

Бұл мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен бірлесе жұмыс атқаратын «Атырау — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аталған аудандағы білім ошақтарын тексеруде.

— Аудандық білім беру және аудандық әкімдік өкілдерімен кездесіп, мектеп басшылығына заңсыз әрекеті үшін шара қолдануды ұсындық. Әзірге 2015 жылгы 23 қарашадағы ҚР Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағы 3-тармақшасына сәйкес, мектеп басшысы А.Қосдәулетоваға қатаң сөгіс жарияланып отыр. Сондай-ақ, ұстаз деген атқа кір келтіріп, оларды қара жұмысқа салған мектеп басшысын жұмысынан босату, аудандық білім саласына, жауапты аудан әкімі орынбасарына және білім беру бөлімі басшысына өз міндеттеріне салғырт қарағаны үшін тәртіптік шара қолдану, сонымен қатар облыстық білім беру басқармасы басшысына қажетті қадағалаудың жоқтығына байланысты төртіптік шара қолдану жөнінде тиісті органдарға ұсыныс жолданып отыр, — дейді жобалық кеңсе жетекшісі Әлфия Әдиева.

Ш.Еркінов атындағы орта мектеп директоры Айнұр Қоскелдиева өз кезегінде «мұғалімдерді мәжбүрлемегенін, олардың өз еріктерімен келісім бергенін» айтып, ақталған бейнеүндеуін жариялады.

— Бұл жерде кейбір түсініксіз жайлар бар. Қазір тексеру жүруде. Ол кісілер интернатты өз еріктерімен жөндеуге кіріскенін, ешкімді қинамағанын айтуда,- дейді Қызылқоға аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді Бағдаров. Әлбетте, «мені мәжбүрледі» деп білек сыбанып шығатын мұғалім табу да қиын. Өйткені қай-қайсысы да жұмысынан айырылғысы келмейді. Білім мекемелерін ұстаздардың күшімен қалпына келтіру ісі әлі де жолға қойылмай келеді.

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Бұл қаражат жыл сайын өсіп отыр, сондықтан бұл жұмыстарға ата-аналардан қаражат жинаудың, басқалай заңсыз әрекеттерге барудың еш қажеті жоқ», — деп мәлімдеген еді. Соған қарамастан, жаңа оқу жылына дайын болмаған білім мекемелерін ұстаздардың күшімен қалыпқа келтіру дерегі әлі де азаймаған.

Он үшінші министр назарына іліккен мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды жөндеу ісі уақытты талап ееді. Оның үстіне оқулық қателерін жөндей алатын сауатты маман табудың өзі – жауапты мәселе. Егер бұл іске тағы әділетсіздік араласса, оқулықтағы қателіктердің жөн табуы қиынның қиыны. Сондықтан да педагог мәртебесі туралы айтылған сөз сөз күйінде қалып отыр…

Г.Сабыр