Шаһар іргесіндегі елді мекен халқының жанайқайын естір құлақ бар ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында Үкіметке мемлекеттік аппараттың бюрократиясынан арылып, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын берік ұстануды тапсырады. Ол Үкіметтен бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауды доғаруды, инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыруды және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған экономикалық реформаларды батыл жүргізуді талап етті.
Президент осындан төрт жыл бұрынғы Үкімет пен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жедел шешу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Жаңа Қазақстанды құру стратегиясы аясында саяси реформалардың кезекті топтамасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, әкімдер азаматтармен жұмыс істеу тәртібін қайта қарауы керек, сондай-ақ аудан және ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, оларды мазалаған мәселелерді шешуі, қоғам сенімін арттыруы қажеттігін алға қойған болатын.
Жақында газет редакциясына екі азамат келді. Екеуінің де жүздері таныс. Олармен осы жылы сәуір айында Геолог кенті Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте облыстық мәслихат депутатының тұрғындармен кездесуде танысқанбыз.
Қеңесқали Ізімов – зейнеткер, Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Көктем» ықшамауданында тұрады.
«Қазақтелеком» АҚ инженер-техникалық қадағалаушы болып жұмыс істейтін Аманжол Әбуовтың осы ықшамауданға қоныс аударғанына да 15 жылдың жүзі болған екен. Арызданушылардың айтуынша, бұл ықшамауданда асфальт жол төселіп, электр қуаты тартылғанымен тұрғындарды мазалайтын көптеген мәселелер жергілікті биліктің назарынан тыс қалып келе жатқан көрінеді.
Оқырмандарымыз осындағы тұрғылықты халықтың көкейінде өзекті өртеп, жылдар бойына шешімін таппай жүрген мәселелер бойынша Қайыршақты ауылдық округі әкіміне, Атырау қаласы әкіміне жазған арыздарына сырғытпа жауап алып келе жатқандарына наразы. Біз тұрғындардың арыздарымен де, әкімдіктердің берген жауаптармен де танысып шықтық.

«ШАФХАТТЫҢ ШЕШКЕНІ ШАМАЛЫ, РАФХАТ РАХАТҚА БӨЛЕЙ МЕ?»
Тұрғындар арасында осындай сөздер желдей есіп жүр
«Біздің округте он бес жылдан астам әкім болған Шафхат Қалиев тұрғындарды таза ауыз сумен қамту, төрт жыл бойына құрғақ уәдемен құрылысы бітпейтін 600 орындық мектепті пайдалануға беруді тездету, балабақша, балаларға ойын алаңын, жаяу жүргіншілер жолын салу сияқты өзекті өтінішімізді құлақ аспастан, шөп басын сындырмастан былтыр күзде жұмыстан кетті. Ал, әкімдік орындықта Шафхатты алмастырған Рафхат Жолдиевтан да құлшыныс көре алмай отырмыз. Республикалық «Sakhara» газетінен көмек сұрауға келіп тұрған жайымыз бар» дейді «Көктемнен» көңілдері күйзеліп, ашынған тұрғындардың жанайқайын бізге жеткізуге келген бұл жігіттер. Өздерімен бірге шаһар басшысы Шәкір Кейкіннің атына 2023 жылдың 25 мамырында, 2024 жылдың 14 қазанында, Қайыршақты ауылдық округі әкімі Рафхат Жолдиевтың атына осы жылдың 25 мамырында жазған өтініштері мен ықшамауданда бұрқыраған көкала шаңда доп қуған балалар, жаяу жүргінші жолы жоқ, жазғы су құбыры тартылмаған, тал-терегі мен жеміс ағаштары қураған сүреңсіз көше, қыс айларында жарықтың жиі сөніп қалуына «кінәлі» қуаты төмен трансформаторды фотосуретке түсіріп, көшірмелерін де ала келіпті.
Жоғарыда айтылған мәселелерді тізбектеп, қала әкімінің атына К.Ізімовтың (25.05.2023 ж) жазған өтінішіне әкімнің сол кездегі орынбасары Серік Нсанбаев (15.06.2023 ж) мынадай мәтінде жауап беріпті.
«…Көктем ықшам ауданы аумағында жазғы су жүйесін жүргізу және балалар ойын алаңын орнату жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Алайда Сіздің өтінішіңіз тексеріліп, жобалау-сметалық құжаттамаларды (ЖСҚ) жасақтайтын нысандардың тізіміне енгізілгендігін қаперге береді… Көктем ықшамауданы аумағына жаяужүргіншілер жолын салу жұмыстарына ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Мемлекеттік сатып алу аясында ашық электронды конкурс жарияланып, нәтижесінде «Атыраукөлік» ЖШС-і мердігер мекемесі жеңімпаз болып анықталды. Құрылыс жұмыстарын осы жылы толықтай аяқтап, халық қолданысына тапсыру жоспарлануда. Жазғы суару құбыры №6.№7 көшелерімен балабақшаға дейін тартылды. Қалған көшелерге 2024 жылы тарту жоспарланып отыр. Спорт алаңдарын салу үшін жер телімдері жергілікті әкімшілікпен қарастырылып жатқандығын хабарлайды…»

СЫРҒЫТПА ЖАУАПТАР ЖАЛЫҚТЫРЫП БАРАДЫ
Ал 2024 жылңы 14 қазандағы қала әкімі Ш.Кейкіннің, округ әкімі Ш.Қалиевтің, қалалық мәслихат төрағасы Б.Мырзағалиевтың, қалалық мәслихаттың депутаты Ю.Лидің атына «көктемдік» 52 тұрғынның қолымен жолданған өтініш хатта сол баяғы уәдені үйіп төккен проблемалардың шешім таппағанын аңғару қиын емес. Тиісті өтініш иелері мемлекеттік органдардан нақты жауапты да ала алмады.
Бір топ тұрғынның биылғы 1 ақпанда округі әкімі атына жолданған арызында тұрғын үй аймағында тозығы жеткен трансформатордың қуат жетпей, электр жарығының жиі сөніп қалуынан күннің салқынында суық үйде бүрсең қаққан балалар мен қарттардың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырғандығын жеткізіп, жоғары қуатты трансформатор орнатуды өтінген еді.
Сондай-ақ, округі әкімі атына жазылған өтінішінде тұрғындар саны артып келе жатқан ықшамауданда:
• сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету;
• жеміс бақшалары мен егістік жерлерді суару мәселесін реттеу;
• салынып жатқан мектептің биыл пайдалануға берілуі жөнінде нақты ақпарат беру;
• жастар мен жалпы тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау үшін спорт алаңын салу;
• балалардың қауіпсіз әрі қолайлы демалысын ұйымдастыру үшін балалар ойын алаңын орнату;
• тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолын салу жөнінде өтініштерін тағы көтерген тұрғындар округ әкімі Рафхат Жолдиевтан жоғары деңгейдегі жауапты тұлғалармен кездесу ұйымдастырып, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды сұрайды.
Атырау облыстық мәслихатының №1 сайлау округінен депутат болып сайланып, сайлаушылармен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтің өз сайлаушыларымен болған кездесуінде сол баяғы осыдан 4-5 жыл бұрын жергілікті әкімдіктің алдына қойылып, шешімі табылмай, жауыр болған мәселелер көтерілген-ді.
Яғни, округке қарасты бірқатар елдімекен тұрғындарын көшелерде асфальт жолдың жоқтығы, жаяу жүргіншілер үшін тротуардың сапасыздығы, абаттандырудың нашарлығы, әлеуметтік нысандардың жетіспейтіндігі толғандырады. «Көктем» тұрғындары өздерінің талап-тілектерін шаһар басшысы Кейкінмен кездесуді қалайтындығын айтып, ықпал етуді өтінді. Өз кезегінде Ә.Семғалиев сайлаушылардың бұл өтініштерін аяқсыз қалдырмай, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, орындалу мүмкіндіктерін қарастыратындығын айтты.
Депутат округ тұрғындарының осынау жанайқайын қала әкімі Ш.Кейкінге жолдады. Арада айға жуық уақыт өткен соң қала әкімінің орынбасары Т.Махуовтың қолымен депутат сауалына жауап хат та келді. Онда осы ықшамаудандағы №11 көше бойындағы трансформатордың мамандар тарапынан қуаттылығы төмен деген ақпарат немесе қорытынды жоқтығын, кейбір кездерде апаттық өшу салдарынан электр жарығы өшіп қалу жағдайлары кездесіп отыратындығы мойындалған.
«Сонымен қатар, бұл ықшамауданда басталған жаяу жүргіншілер жолының жобалық-сметалық құжаттамасы түзетуден өтті. Тапсырыс беруші – қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі, мердігер – «Атырау көлік» ЖШС-і. Округ әкімдігімен «Көктем» ықшамауданының №16 және №14 көшелер қиылысынан жалпы көлемі 0,5464 га жер теліміне балалар ойын және спорт алаңдарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. Ол жерде балалар ойын алаңы, спорттық тренажерлық алаң, біріктірілген волейбол-баскетбол алаңы, демалыс орындары қарастырылған. Қажетті қаражат көлемі алдағы қалалық мәслихат сессиясынан сұратылады.
Атырау қаласының әкімі бекітілген кестеге сәйкес 2025 жылғы 20 ақпанда Жұлдыз ықшамауданында және 11 қыркүйекте Ақжар ауылында округ тұрғындарымен кездесу өткізгендігін, кездесу туралы хабарландыру әлеуметтік желіге, ауылдар тұрғындары отырған елді мекен чаттарына алдын ала салынып, ақпарат беріліп отырғандығын қаперіңізге беремін» делінген ресми хатқа берілген жауапта. Ал, тұрғындар болса, шаһар басшысынан 2025 жылы өткен кездесулер туралы ақпарат сұрап отырған жоқ. Олар әкіммен жүзбе-жүз кездесіп, тұрғындарды толғандырған мәселелерді айту және нақты орындалатын уақытын біліп, уәдесін алу еді ғой. Айтпақшы, облыстық мәслихаттың депутатының халықпен кездесуіне ауылдық округтің әкімі де, оның орынбасары да төбе көрсетпеді.
Сонымен шаһар іргесіндегі елді мекен халқының реніштерін басып, әлеуметтік мәселелерін шешудің жолдарын Кейкін мырза біле ме? Әлде бұл бірнеше жылдарға созылған өзекті мәселелер тағы да сиырқұйымшақтанып созыла бере ме? Оның жауабын уақыт еншісіне қалдырайық! Ал әзірге Президент айтқандай, мемлекеттік аппараттың бюрократиясынан арылып, «халық үніне құлақ асатын мемлекеттік» органның іс-әрекетін көріп отырғанымыз жоқ.
Б.ХАМИТҰЛЫ,
Атырау қаласы

