Самат Бектенұлы ИБРАИМ «Ana tili» газетін 2009-2018 жылдары аралығында басқарып, өз қолтаңбасын қалдырған білікті редактор, қарымды қаламгер, баспасөз саласының қыр-сырын жетік меңгерген медиаменеджер болды.
Мен «Ana tili» газетіне 2011 жылдың тамызында бөлім редакторы болып орналасқан сәттен бастап, Самат ағаның қол астында табан аудармай жеті жыл еңбек еттім. Кәсіби журналистік еңбек жолым «Ana tili» газетінде Самат Ибраимнің бас редакторлығы тұсында басталғанын бүгінде өзіме зор бақыт санаймын. Себебі Самат ағадан мақала жазуды, материал қорытуды, сұхбат алып, репортаж дайындауды ғана емес, газет жұмысының барлық қыр-сырын үйрендім. Бұл бір үлкен ізденіс жолы болатын.
Бас редакторымыз тапсырма берерде оны жан-жақты талдап, «мәселеге қай қырынан келу керек, қандай сұрақтарды қозғау керек» деген дүниелерді бүге-шігесіне дейін айтып бергенде таңғалатынмын. Самат аға қандай мәселені жаздырса да, «Ana tili» газетінің бағыт-бағдарымен үйлесіп тұруын қадағалайтын. Газеттің табиғатына, болмысына келмейтін тақырыптарды жаратпайтын. “Басылым жарық көрген алғашқы жылдарда бұл газетте мен үш-төрт ай жұмыс істедім» деп айтып отыратын. Яғни «Ana tili-нің» ақпарат кеңістігіндегі орны мен рөлін өте жақсы білетін.
Газет басшылығына келген әрбір бас редактордан оқырман қауым жаңа бір өзгерісті күтері анық. Бұл – журналистикадағы жазылмаған заңдылық. Самат аға басқарған жылдардағы «Ana tili» бұрынғы басылымның дәстүрлі жолын жалғастыра отырып, заман талабына сай бірқатар өзгеріс енгізді. «Ana tili» газеті деген сөзді елімізге белгілі суретші Табылды Мұқатовқа өрнектей жаздыртып, газеттің сыртқы безендірілуін жаңалады. Оның әр бетін тақырыптық жағынан жүйелеп, бір арнаға түсірді. Мәселен, 4 және 5-беттерді тіл тақырыбының беті ретінде қалыптастырды. 1, 2, 3-беттерде бас мақала, ақпарат, қоғамның тыныс-тіршілігінен хабардар ететін мәдени жаңалық қамтылса, 6-7-беттер айқарма беттер болып белгіленіп, мұнда тарихымызға, руханиятымызға қатысты кең құлашты мақала, сүбелі сұқбат, көлемді очерк пен эссе жарияланып тұрды. 8–9-беттер көбіне-көп көрнекті тұлғаларға арналса, 10-бет әдебиет беті болып белгіленді. Әдебиет бетінде ақын-жазушылардың шығармалары, проза, поэзиялық туындылары жарияланды.
Оқырман тарапынан «Ana tili» газетінің негізгі тақырыбы тіл болғаннан кейін әдеби туындыларды жариялаудың қажеті қанша?» деген сыни пікір де айтылды. Бірақ бас редакторымыз бұл сынға «Әдебиет арқылы біз тілді насихаттаймыз. Әдебиет дегеніміз де тіл» деп жауап берді. Газеттің 10-беті ақын-жазушылардың арасында кәдімгідей сұранысқа ие болып, осы бетте өз шығармашылығын жариялауға ықылас білдірген қаламгерлері арта түсті. Әдебиет бөлімін басқарған бас редактордың бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай айтар ойы бар, әдебиет талаптарына сай келетін дүниелерді іріктеп беріп отыратын.
Газет елдің газеті болған соң, шалғай ауылдардан, алыс елді мекендерден өлеңдерін жолдап жіберетін де авторлар көп болатын. Олардың шығармаларының барлығы дерлік биік дәрежеде болмаса да, лайықтылары таңдалып «Оқырман жолдаған өлең» деген айдармен жарияланып тұрды. Жалпы, бас редакторымыз елден келген материалдарға жауапты қарады. 10 жол болса да жарыққа шыққанын дұрыс көретін. «Ana tili-нің» негізгі оқырманы елде. Сондықтан олардың жіберген мақаласына үн қатып отыруымыз керек» дейтін. «Жарайтын болса шығарып, жарамаса автордың өзіне ескертіп айту керек» деп, елдегі оқырмен қарапайым адамдармен байланыс орнату әдебіне мән беруді әрдайым есімізге салып отыратын. «Сіздер ойламаңыздар, ең мықты жазушылар, журналистер Алматыда ғана екен деп, елдің ішінде де небір мықты қаламгерлер бар» дейтін. Газеттің 11-бетін әлеуметтік мәселелерге арнады. Айына бір рет шығатын «Шаңырақ» бетін ұйымдастырды. 12-бетте көбінесе мәдени-рухани, спорт тақырыбындағы мақалалар жарық көрді. Осылайша, әр бетті жүйелеп, әр беттің өзіне тән болмысын, келбетін қалыптастырды. Тіпті әріптестеріміздің өзі сол беттердің ерекшелігін үйреніп алғаны соншалық – «мына мақала бұл бетке келмейді ғой» деген көзқарасын айтатын болды.
Бас редактор әр беттегі мақалалардың сол беттің табиғатына сай болуын қатты қадағалады. Әсіресе 4–5-беттерде тек қана тіл туралы мақалалардың жариялануын басты мақсат етіп ұстанды. Кейде тіл туралы мақала табылмай, оның орнына басқа тақырыптағы мақала орналастырсақ, оны алдырып тастайтын. Мен біраз жылдары «Тіл мәселелері» бөлімінің редакторы болып жұмыс істедім. Қызметіме кірісер кезде «Тіл мәселелері» бөлімі жауапты бөлім екенін, тілші-ғалымдармен байланыс жасап, газетке мықты авторларды тартуымды тапсырды. Осы бөлімде жұмыс істеген жылдарымда тіл тақырыбына өзім де ерекше ден қойдым. Самат ағаның идеясымен және бағыт беруімен мемлекеттік тілдің сан салалы мәселелеріне қалам тарттым. Бас редактор тіл туралы мақалаларды өзі оқып, тексеретін. Талабының жоғарылығы сондай – жазылған мақаланың иіні қандай тұрса, ішкі тіні олпы-солпы болып тұрса, еш уақытта қол қоймайтын. Қайта жаздыратын. «Шегелеп жаз, түйіп жаз, әр сөзің өз орнында тұрсын» деп ақыл-кеңесін айтатын.
Марқұм Самат аға көзі тірісінде «Ana tili» газеті тіл мәдениеті, сөз қолданыстарына мұқият болуы керегін басты назарда ұстады. Басшы ретінде газеттің беттеуіне түскен барлық мақаланы асықпай оқып шығатын. Газетті баспаханаға жіберуге еш уақытта асыққан емес. Газет көңіліңдегідей болмаса, сәрсенбі күні түн ортасына дейін жүретінбіз. Түн жамылып отырып шығарған нөмірлері қаншама еді. Кезекші редактор болған кезде әрі қарай баспаханаға барып, газеттің дұрыс басылуын қадағалап, үйге таң ата жеткен кезіміз де көп болды. Оның бәрі бүгінде тарихқа айналса да, бойымызда «Ana tili» газетінің сапалы шығуына деген үлкен жауапкершілікті орнықтырды. Газет жақсы шыққан күні Самат ағадан мейірімді адам болмайтын. Атқарған еңбегімізге алғысын жаудырып, ризашылығын білдіретін. Еңбекті бағалай білетін. Кемшілік жіберген болсақ, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын. «Әкемнің жұмысын істеп отырған жоқсыңдар» деп ұрсып тастайтын. Самат ағамен қызметтес бола жүріп, ол кісінің мінезіне әбден үйрендік. Бірде жұмсақ, бірде қатал болатын мінезі өзіне соншалықты жарасып тұратын. Намысты, қайратты, рухты адам болды. Кабинетіне өрекпіп келгендердің арынын басып тастайтын. Артық сөйлейтіндерді тәубесіне келтірген жағдайлардың талай куәсі болдық. Көп дүниені іштей салмақтап, байыбына барып, өз шешімін айтатын. Болмысы әділ еді. Әділдікті, адалдықты жақтады. Самат ағаны кейбір әріптестеріміз тым қатал деп те бағалады. Бірақ, шын мәнінде, олай емес еді. Қаталдығы жұмысқа талап қоюы ғана болды. Басқа кезде ағалық қамқорлығын аямайтын. Ұжым мүшелері үшін жүрегін суырып беруге дайын тұратын. Жас әріптестерінің өмір жолында қателесіп кетпеуін, тәрбиесінің дұрыс болуын, «Ana tili» газетінде қызмет істеп жүргеннен кейін сол атқа сай болуымызды қалайтын.
Бір айта кетерлігі, Самат Бектенұлы бас редакторлық қызметінде «Ana tili-ндегі» буын сабақтастығына ерекше мән берді. Жастармен бірге өмір мектебінен өткен, тәжірибесі мол ардагер журналистердің қызмет істегенін қалайтын. Өйткені «Ana tili» газетінде негізінен, жастар көбірек жұмыс істеді. Бір жылы Самат аға белгілі журналист Қуанбек Боқаевты қызметке шақырды. Ол кезде Қуанбек ағамыздың жасы да алпыстан әжептәуір асып қалған кезі болатын. Қуан ағамыз қарымды қаламгер, сыни ойлау қабілетінің иесі ретінде жастарға көп ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеп жүрді. Жас журналистер ол кісіден көп дүниені үйренді деп айтуға болады. «Ұлы дала атаулары» деген айдарды ашып, еліміздің жер-су атаулары бойынша материалдар белгілі өлкетанушы Молдияр Серікбайұлының жетекшілігімен дайындалып тұрды. Сол жобаның арқасында біз Молдияр Серікбайұлымен апта сайын кездесіп, газетке керекті мағлұматтарды ала жүріп, ол кісінің талай ғибратты әңгімелеріне қанық болдық. Бұл — Самат Бектенұлының жас журналистердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге деген ынтасынан туындаған қадам.
Бас редакторымыз адамның адамгершілігіне, газетке деген көзқарасының дұрыс болуына зер салып отыратын. Басылымды құрметтемеген, сыйламаған адамды редакцияға жолатпайтын. Бірде мынадай жағдай болды. Бір белгілі журналист «Ana tili» газетіне мақаласын шығарып, 50 шақты газетке тапсырыс беріп, редакцияға келіп алып кеткен соң, былай шыға бере өз мақаласы шыққан беттерді ғана таңдап алыпты да, қалған газеттерді дәліздің бір бұрышына тастап кетіпті. Осы көріністі көрген Самат аға қатты ашуланып, содан кейін ол журналистің мақаласы тұрмақ, өзін де редакция маңайынан көрмедік. Жалпы, Самат ағаның адамның ой көкжиегін кеңейтетін, ұстанымын нығайтатын ойлары көп болатын. Әр ойды жеткізудің, ұғындырудың да тәсілдерін жақсы білетін. Бірде жазылған мақалама көңілі толмай, бәлкім, өзім де тиянақты қарамаған болуым керек, кабинетінен шығып бара жатқан кезімде: «Есіңде болсын, журналистика – қасиетті мамандық», – деді. Осы сөзі менің жадымда жатталып қалды. Бұл тұрғыдан алғанда, ол өз мамандығына өмір бойы адал болып өтті және осы көзқарасты біздің де көкейімізге қондыруға тырысты. Өзімен бірге ылғи да журналистік куәлігі жүретін. «Елге қызмет етіп жүрмін деп ойлаңдар» деген сөзді де жиі айтатын. Шын мәнінде, «Ana tili» газетінде еңбек ету елге қызмет етумен тең екенін кейіннен түсіндік. Ол кезде жастаумыз. Көп нәрсенің байыбына бара бермеген де шығармыз. Арада біраз жыл өтіп, тәжірибеміз толысқан кезде «Ana tili» газетінің елдің газеті, халықтың үні екеніне көз жеткіздік.
Ол кезде «Ana tili»-не оқырман хаттары көп келетін. Күніне он-он бес мақала, баспасөз хабарламалары бас редактордан шығып, хатшының дәптеріне тіркеліп, бөлім редакторларына, тілшілерге бөлінетін. Оқырман хаттарына жауапты қарауды жіті қадағалайтын Самат аға өзінің жұмыс дәптеріне де әр мақаланың тақырыбын, түскен күнін, кімге берілгенін мұқият жазып алып, өзі айтпақшы, «хаттардың қозғалысын» үнемі назарда ұстайтын. «Әрбір мақаланың артында адамның тағдыры тұр» деген ойды біздің де санамызға сіңіріп, көкейімізге қондырды. Әрине, газет поштасына келіп жататын мақалалардың бәрі төрт аяғын тең басқан күйде болмаса да, әрқайсысының тағдырын шешуді бас редактордың бірінші орынбасарынан бастап жауапты хатшыға, әрбір тілшіге мықтап тапсыратын.
«Ana tili» газеті – сол кездегі «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құрамындағы алты басылымның бірі. Серіктестіктің бас директоры Жұмабек Кенжалин ұжымның стратегиясы, шаруашылық мәселелері жөнінде Самат Бектенұлымен жиі ақылдасатын еді. Өмір тәжірибесін көрген, журналистикадан бөлек заң саласын да жетік білетін Самат ағамыз «Қазақ газеттері» ЖШС-і туралы айтқанда: «Сендер білмейсіңдер ғой, біз Жұмекең екеуміз талай мәселені ақылдаса отырып шештік», – дейтін.
Бір әңгімесінде: «90-жылдардың қиын кезеңдерінде біраз журналист мамандығын өзгертіп, басқа кәсіпке кетті. Сол кезде жағдайдың қиындығына қарамастан, баспасөзді басқа салаға ауыстырмаған буын журналистикадағы дәстүр сабақтастығын сақтап қалдық» деп еді. Расымен де, солай болды. Самат аға өз кәсібіне адал болып өмірден өтті. Барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын журналистика саласына арнады. «Ana tili» газетінен Самат Бектенұлы зейнеткерлік демалысқа шықты. Ол — беделді басылымды ақыл-парасатымен, кәсіби біліктілігінің, мол тәжірибесінің арқасында оқырман көңілінен шығатындай, «Ұлт газеті» деген атқа лайық етіп шығара білген азамат еді.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ақиқат»журналының
бас редакторы
