Иә, бұл әңгімеге осындай тақырып қоюға тура келіп тұр. Себебі, біз сөз еткелі отырған, 75 жастың терезесін қағып, табалдырығынан аттамақшы дәрігер, «Индер ауданының Құрметті азаматы» Ғазиз  Есқали өзін жерлестеріне осындай қырларымен танытып келеді. 

Негізі индерліктердің, бүгінгілер туралы ерекшелеп айту жөн болмас, бірақ Ғазиз Қаламұлы орталық ауруханада, жалпы денсаулық саласында жұмыс жасаған жылдары онымен бірге болған аға және одан кейінгі буыннан өсіп шыққан ақ халатты абзал жандар туралы пікірі оң. Оларды үнемі мақтан  етіп отырады.

Бұл — есімдері жадымызда қалған Лепес Марданов, Құрақ Иманғазиев, Сағынгерей Әбілхайыров,  Әсия Адаева,  Жақсығали Ермұқанов, Асқар Қонасов, Таған Аманова тағы басқаларының бүгінгідей дамыған заманаға лайық құрал-жабдықтар, зерттеулер қолдарында болмаса да уақытпен санаспай, жергілікті халықтың денсаулығын жақсарту үшін күрескен саналы да сапалы қызметтеріне берілген лайықты баға.

Міне, осы қатарға 1951 жылы 5 тамызда қазіргі Көктоғай ауылында дүниеге келіп, 1968 жылы онжылдықты бітірген соң ауыл шаруашылық машинасын жөндеу бірлестігінде слесарь, одан арман қуып жоғары білімге ұмтылып, 1975 жылы Ақтөбе медицина институтының емдеу факультетін бітіріп, хирург мамандығымен Индер аудандық орталық ауруханасына дәрігер-офтальмолог болып орналасқан Ғазиз Қаламұлы қосылды.

 -Жалпы сол жылдары ауданға бір топ дәрігер келдік. Бұл аудан өмірі үшін елеулі оқиға деуге болады. Олар — алғашқы  невропатолог дәрігер Ханбибі Хамзақызы, тері-жыныс аурулары дәрігері Асқар, фтизиатор Сапарғали Мүкіұлы, терапевт Ұлмекен, балалар дәрігері Нұрия Досанова, бактериолог Сәуірғали Қыдыров. Маған көз дәрігері мен реаниматор-анестезиолог мамандығын қатар игеруге тура келді.

Бұрын-соңды ауданда бұл мамандықтар болмағандықтан, бәрін жаңадан ұйымдастыру керек. Әсіресе, көз дәрігері мен реаниматор-анестезиологқа көптеген құрал-саймандар қажет болатын. Оның үстіне медбикелерді де арнайы даярлықтан өткізіп-үйрету мәселесі туындады. Осы шаралар қолға алынған соң енді тұрғындар мұндай мамандарды іздеп, облысқа сабылмайтын болды, күрделі операциялар да осында  жасалды.

Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, бас дәрігеріміз Лепес Марданов бәрімізді емдеу факультетін бітіргенмен өзіміздің ыңғайымызға қарай осы мамандықтарға бейімдеп, ұдайы қамқорлық жасады. Әрқайсымыздың кәсіби дәрігер болып қалыптасуымызға білікті мамандар Сағынгерей Әбілхайыров, Құрақ Иманғазиев, Әсия Адаева, Ғайнижамал Еркінғалиева, Шолпан Мұхамедиярова, Сабырғали Сидеғалиевтер өте үлкен әсер етті,- деді кейін бір естелігінде Ғазиз Қаламұлы.

Өзінің ұзақ жылғы жарқын да жаңашылдыққа толы жұмысын аудандық ауруханада бастаған жас маманның алғашқы ота жасауы да ерекше есте қалғанын айтпасқа болмайды:

-Сол кездің өзінде Сағынгерей ағамыз аймақтағы әйгілі кардиолог болатын. Алғашқы рет аудандық жағдайда фонокардиограмма әрі архив жасаған, талай жанның өміріне араша болған дәрігер. Ол кісінің көмегімен біздер облыста тұрмақ, республика көлемінде аудандық жағдайда алғашқы рет пароксизмальды тахикардия болған науқастың жүрегіне сәтті дефибрилляция жасадық. Осы әдіспен бірнеше адамды өлімнен алып қалған жағдай болды.

Әсия Адаева  мен Құрақ Иманғазиевті ауданда білмейтін кісі кемде-кем. Бірі адамның барлық мүшесіне ота жасауды игерген хирург болса, екіншісі- алғашқы ота жасайтын акушер-гинеколог. Мен бірінші рет эндотрахиалды наркозды М.Қазиханов деген науқасқа пайдаландым. Ол мотоцикльден аударылып, бірнеше жерден жарылған, көптеген терең жарақат алған еді. Жағдайы облысқа алып баруды көтермеді. Күтетін де уақыт жоқ.

Бұл мамандықты жаңадан игерген кезім, дәрі-дәрмек жеткіліксіз, негізгі наркоз эфирмен берілді. Құрал-жабдықтар «Красногвардеец» деген ескі аппарат. Кейбір құралдар тіпті қолдан жасалған. Мықты жүрексіндім, хиругтар да күдіктене қарайды, бірақ амал жоқ, қасымда жанашырларым Сабырғали, Шолпан, Жақсығали бар, соларға арқа сүйеймін.

Олар да мені жігерлендіріп, қолқабыс жасап жүгіріп жүр. Абырой болғанда ота жақсы аяқталды. Кейін неше бір күрделі операциялар болды, тіпті үш рет жарақат алған жүрекке де сәтті жасадық, бірақ алғашқы наркоз әлі күнге көз алдымда, — деген ол осылайша өз ісіне берілген маман ретінде қалыптаса берді.

-Ғазиз Қаламұлы 1977 жылы Ташкентте бес айлық курста шеберлігін жетілдіріп, ауданда көзді емдейтін тұңғыш дәрігері болып жұмысына білек сыбана кіріскен. Ол кезде глаукома мен көздің жарақатынан көптеген адам мүгедек болып қалатын. Дәрігер мұнымен қатар 1988 жылы көздің микрохирургиялық оталарының заманауи тәсілдерін оқып келіп, аудандық жағдайда жасай беретін деңгейге жетті.

Ауданда алғаш болып  реаниматор-анестезиолог мамандығын игерген дәрігер 1977 жылы алғашқы эндотрахиялды наркозды Куаре сияқты миорелаксантты пайдаланып, жүзеге асырған, хирургтердің жұмысын жеңілдетіп, олардың барлық органдарға облыстың көмегінсіз ота жасауға мүмкіндік алуы арқасында мыңдаған адам өмірі сақталды,- деп жазылды кейіннен түрлі естеліктерде.  

Ол мұндай оталардан тіпті бас дәрігер және денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып жүргенінде де қол үзген жоқ. 1980-1990 жылдар аралығыда аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, офтальмолог-хирург пен анестезиолог-реаниматор жұмыстарын қатар атқарды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы 210 орындық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалып жұмыс жасаған сол жылдары өңірде  алғашқы болып, Индер аудандық ауруханасына Индер борат кеніші кәсіпорны көмегімен күрделі медициналық техникалар алынып, игерілді. Атап айтқанда «Медипарт-США» — нәрестелерді бағып-қағатын күйме, «Медиолог-6000 велоэргостресистема -Германия» — жүрек қан тамырлары ауруларын анықтайтын, «Атлант»-тіс салып, емдейтін, «Эндоскопия мен УЗИ Алокка-630» Жапония нәзік дыбыспен ішкі құрылысты тексеретін, «Авторефрактометр мен компютерлі тонометр-Жапония» көздің ауруын тексеретін құралдар, лазер аппараты, тағы басқа жабдықтар іске қосылды.

Бас дәрігерлік қызметке тағайындалған соң ұйымдастыру ісі жөнінде Алматыдан білімін жетілдіріп, облыста алғашқы болып жаңалық енгізетін тәжірибе ауданы ретінде жаңа шаруашылық әдісін, одан соң медициналық сақтандыру жағдайында жұмыс жасауды жүзеге асырды.

Индер ауданы денсаулық сақтау саласы барлық көрсеткіштер бойынша үш дүркін облыста ауыспалы қызыл туды жеңіп алады. Республикалық туберкулез, тағам институттарымен 1990 жылдан бес жыл бойына бірлесіп жұмыс жасап, аудандағы туберкулез ауруын 100 мың тұрғынға шаққанда 340-тан 120-ға дейін түсіруге қол жеткізеді.

Сол бір қиындықтарға толы 90-ыншы жылдары, әсіресе материалдық базалары жеткіліксіз, ауруханалар мен емханалар негізінен мерзімі өткен лайықталған ғимаратттарда орналасқан, оларды босаған балабақшаларға ауыстыру, Есбол, Көктоғайдағы ауруханаларды күрделі жөндеу, Елтайдағы емдеу орнына жаңасын салу, Қызылжар, Қызылтөбе, Кетебай, Сыралы, Ынтымақ ФАП-тарына фельдшердің тұрғын үйімен салу, барлық емдеу мекемелеріне газбен жылынатын қазан орнату, тағы басқа көптеген жаңғыртулардың басы-қасынан табылып, Ғазекең енді тағы бір қыры ұйымдастырушылық қызметімен танылды.

Жоғарыда біз санамалаған балаң жігіттің осылайша бірнеше мамандықты иегерген дәрігер атануымен қатар, мүмкіндігі де кең ашылып, жаңалықшыл ізімен ілгері басып қоймай, тәжірибелі әріптестерінен үйрене келе, шеберлігін шыңдап, өсу және толысуын Индербордан Атырау қаласына ауысқанда да тынбай жалғастырды. Үйрене жүріп, өзі де біртіндеп ұстазға айналды. Оны индерліктермен қатар облыс орталығындағы әріптестері де жоққа шығармай, толықтыра түскенін қайтерсіз:

 -Егемендіктің алғашқы жылдары  қаланың денсаулық саласы бойынша көрсеткіші өте төмен болды. Шаһардың вокзал маңы, ескі ет комбинаты айналасы, нан зауыты, қара депо төңірегі тұрғындарының әлеуметтік көрсеткіші артта қалған Африка елінің деңгейінде болды десек артық айтқандық болмас.Тіпті туберкулез ауруы мен жұқпалы сары ауру, бала өлімі көрсеткіштері келетін инвесторлардың зәре-құтын қашыратын.

Осы мәселе Қазақстан мұнайының ғасырлық мерейтойы алдында облыстық мәслихатта қаралған еді. Сондай жағдайда жаңадан №3 қалалық емхана ашылатын болып, ақырында №9,10,11 жанұялық дәрігерлік амбулаториялар біріктіріліп, №3 қалалық емхана ашылады. Сол емханаға теміржол техникумының төрт қатарлы бос тұрған жатақхана ғимараты беріліп, бас дәрігері болып облыстық мәслихаттың  депутаты Ғазиз Есқали  тағайындалды. Ол алдымен аймаққа келіп жатқан шет елдік компаниялардың басшыларымен келісіп, қаражат жинап, жатақхана ғимаратын емханаға бейімдеп, күрделі жөндеуден өткізді. Бұл озық үлгідегі қажетті емдеу-диагностика аппараттары мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге кіріседі.

 Сөйтіп, 2001 жылы 4 қыркүйекте қаладағы ең қуатты жаңа үлгідегі емхана ашылды. Үш жылдан соң емханада облыста тұңғыш рет америкалық ИФА (иммунды ферментті антигенді), ПЦР (полимеразды тізбекті реакция) лабораториясы ашылды. Енді инфекцияның қай түрін де үлкен дәлдікпен, тіпті ДНК-ның сынағынан да анықтайтын болады. Қорытынды дәл болу үшін контоминация болмау үшін лаборатория бокстармен қамтылады. Осы лаборатория кешегі «COVID-19» эпидемиясы кезінде де халықтың өмірін сақтап қалуда үлкен қызмет атқарды. Осы шаралардың арқасында бес жылда №3 емхана алдыңғы қатарлы ұжымдар қатарына қосылды.

Ендігі кезекте облыстық басқармада Балықшы ауданы тұрғындарының әлеуметтік көрсеткіштерін жөнге келтіру мәселесі туындайды. 2009 жылы Ғ.Есқали №4 емхана бас дәрігері қызметіне жіберілді.Емхана қуатын арттыру мақсатында емханаға қосымша жер телімі бөлініп, оны КТК-К компаниясының көмегімен екі есеге ұлғайтып,  жаңадан заманауи үлгідегі аппараттар мен құрал-жабдықтар алып, Еркінқала, Жұмыскер, Көкарна, Сарқамыс елді мекендері тұрғындарына да медициналық қызмет көрсете алатын қуатты емханаға айналады.

Ғ.Есқали облыстық мәслихаттың депутаты болып жүргенде қалаға типтік жобамен заманауи үлгідегі емхана салу жөнінде мәселе көтереді және соған техинкалық негіздеме жасақтап, Алмагүл ықшамауданы аймағынан жер телімін алады. Сол арманы жүзеге асып, 2011 жылы жаңадан №7 қалалық емхана салынып, іске қосылғанда оған да бас дәрігерлікке Ғазекең таңдалды.

Қуаты бір мезетте 350 тұрғынды қабылдай алатын емхананы кадрмен қамту мәселесі туындады. Бірінші кезекте, жаңа ғимаратқа қалалық балалар емханасы көшіріледі, сонымен қатар ересектер емханасы ашылады. Басшы осынау абыройлы істі де ойдағыдай ұйымдастыра біілді.

Емханада тұңғыш рет аса күрделі цифрлық диагностикалық құрал-жабдықтар қондырылып, игеріле бастады. Сөйтіп, цифрлық медицинаның негізі қаланды. Осы емхананың бас дәрігері қызметін 2001-2015 жылдары зейнеткерлікке шыққанша атқарған кейіпкеріміз осында қатардағы дәрігер-офтальмолог қызметіне ауысып, осы күнге дейін дәрігерлік ісін абыроймен жалғастыруда.

Ғазиз Қаламұлы жоғары санатты офтальмолог әрі ұйымдастырушы, социал-гигиенист,- деп, әріптесі әрі емхана директор Гүлнафис Танбаева берген сипаттама ардагердің қаладағы еңбек жолының біраз белесін де айқындап беріп тұр.  Оған тек қуана қол соғып, сол бағындырған биіктердің іргетасы қарапайым кеншілер мен малшы-егіншілердің отаны көрінетін Дендер жерінде қаланғанын ескеріп,  дәрігер-азаматты жерлестері әрдайым мақтан етіп қоймай жас мамандарға үнемі үлгі етіп айтады да.

Бірде Ғазиз  Қаламұлымен кездескенде: -Осы қиындықтардың барлығын, әсіресе қаражат тапшылығын шешуге менің облыстық мәслихаттың депутаты болғанымның көп септігі тиді. Маған зор сенім артып, облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайлануыма сеп болған индерлік сайлаушыларға зор алғысымды айта отырып, олардың сенімдерінен шығуға барлық күш-жігерімді аямадым. Дәрігер өз өмірінде бір ғана адамды өлімнен алып қалуға септігі тисе, ол мемлекеттің өзіне жұмсаған шығынын толық ақтағаны деп есептеледі.

Индер — мұнайлы өңірде өзінің білікті мамандарымен белгілі аудан. Біз оны әр кез мақтаныш сезіммен айтамыз. Мысалы, Бөпежан Суханбердиева -облыстық терапевт, Серік Әбішов — қалалық туберкулез диспансерін басқарған, Альмира Сабырғалиева — облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, Зәуре Напихова — Атыраудың бас балалар дәрігері болып қызмет атқарулары, тіпті Ақтөбе, Алматыда, республиканың түкпір-түкпірінде жүрген шипагерлердің біразы, академик М.Е Зельцерден бастап біздің ауданда тәрбиеленгенін үнемі айтып жүреміз,- дегені бар-ды.

Шынында да ақ халат киіп, адам жанына араша түсуші дәрігерлер мен ұрпақ тәрбиелеуші мұғалімдер тек халықты емдеуші, білім беруші ғана емес, ауылдағы саяси-моральдық, мәдениеттілік пен эстетика, өнер мен ғылымның жетістіктерімен қаруланған  бұрынғыша айтсақ, озық ойлы зиялы қауым өкілі екендігінің маңызын  ешкім де, ештеңе де алып тастаған жоқ. Оны да үнемі айтудан жалықпау керек. Әлі де заманауи қоғамда да осындай ұрпақ жалғастығы, мамандыққа, Гиппократтық антқа адалдық тақырыбы өткір тұр. Қазіргі заманда да дәрігерлер мен мұғалімдер өз артасында Алаш арыстары Халел Досмұхамедов, арғысы Ыбырай Алтынсариндей алда жүрсе кім қой депті…

Бұл ретте кейіпкеріміздің тағы бір қырына тоқталсақ, облысты қайдам, ауданда жылдар бойына кәсіпорын-мекемелер арасында дәстүрлі көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылғанда солардың басы-қасында бас дәрігер жүруі тиіс. Тіпті міндетті, талай әп-әсем қоңыр дауысымен халық әндерін сахнада шырқағанда Ғазекеңді көрермендер “дәрігер болмағанда, тым-тәуір өнерлісахна саңылағы шығатын еді” деп талай дуылдата қол соққаны тағы бар. Ал қолына қалам алып, әр басылымды үзбей оқитын көзі ашық, ойы көркем оқырман ретінде оның әріптестері, өткен-кеткен тарих, ата-ана қадірі, ұлағаты, дәстүр, имандылық, қоршаған орта тазалығы мен экологиясы туралы қалам тербей қалса, салмақты ойы бар, туған жерін ерекше сүйіп, қадірлейтін перзенттің адал азаматтық бейнесі алдыңыздан шығады.

Көп алысқа бармай-ақ сол облыстық мәслихатта депутат болып жүргенде Қарабатанды игеруге келген инвесторлардың “Атырауды жасыл желекке бөлейміз” деген жұтылып кеткен уәделерін еске салған мақаласының өзі неге тұрады?! Оған қай мұғалім, дәрігер, депутат, тіпті қарапайым басшы мен тұрғын  азаматтық парызы  мазалап үн қосты?!

Сондықтан да осы топтың алдыңғы қатарлы өкілі Ғазиз Қаламұлы 1980 жылдары аудандық кеңестің депутаты болса, еліміздің Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары өмірге келген жаңа тұрпаттағы өкілетті орган -облыстық мәслихаттың да алғашқы депутаттардың бірі ретінде көп істерді тындырғанын атап өтпеске тағы болмайды.

Жалпы Ғазекеңнің бойындағы жан-жақтылық, мамандыққа деген адалдық, қағылез, байсалды мінез-болмысы, тіпті қарапайым сөз саптауынан бастап, қашанда жарқын болашаққа ұмтылыс, халықпен қарым-қатынасының артында ардақты әке, сонау саяси қуғын-сүргін мен асыра сілтеудің құрбаны болған белгілі ұстаз Қалам ата Есқалиевтің тәрбиесі мен отбасылық ұлағаты жатқаны да анық. Басқасын айтпағанда, оның жан-жақтылығы да көп жасқа үлгі емес пе?! 2002 жылдан бес жыл қатарынан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі болды, “Сайлау туралы” Заңның екінші нұсқасын дайындауға аймақтан қатысқан халық қалаулыларының бірі.

Ғазекең “Индер ауданының Құрметті азаматы”, облыстық соттың Алқа билер, ардагерлер кеңестерінің мүшесі, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Дәрігерлер мен халық арасында беделі өте жоғары.

Бүгінгі 75 жас мерейтой мен ақ халатты абзал жандардың кәсіптік мерекесі қарсаңында осындай сыйлы азаматтың, білікті дәрігердің, қадірлі жар, сыйлы әке-атаның әр уақыт жанынан табылатын жолдасы Нұрбибі Өрбісінованың орны мен үлесі зор екенін атап, олардан тараған төрт ұл-қыздың да алар биіктері еш аласармасын деген тілекпен оймызды қорытпақпыз.

Ал ардагер дәрігер Ғазиз Қаламұлының өзіміз білетін әр қырын осылайша ашуға тырыстық. Оны өзінше таныған оқырманға да  сыйластық, тек амандық, кейіпкерімізге әлі де тың биіктерді бағындыра беруді тілейміз. 

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

“Индер ауданының Құрметті азаматы”,

ардагер-журналист.

Атырау-Индербор