Жыл сайын 28 сәуірде әлемде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн — өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың, жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек адамының өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызын арттыруға арналған. Аталған күн еңбек қатынастары жүйесінде адамның өмірі мен қауіпсіздігі ең жоғары құндылық екенін тағы бір мәрте еске салады. «Бұл күннің тарихы жазатайым оқиғалардан қаза болған жұмысшылардың қанымен жазылады» деген сөз бар.
Еңбек қатынастары қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуының негізгі тіректерінің бірі. Әсіресе жаһандану жағдайында еңбек нарығы күрделеніп, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынастар жаңа мазмұнға ие болуда. Осы тұрғыда жұмысшы құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын сақтай отырып, оларды ұлттық деңгейде тиімді іске асырудың маңызы ерекше.
Халықаралық еңбек стандарттары еңбек саласындағы негізгі құқықтар мен кепілдіктерді белгілейді. Бұл стандарттар, ең алдымен, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ – МОТ) арқылы бекітіледі. ХЕҰ-ның басты мақсаты — әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау. Мәжбүрлі еңбекті жою, кемсітушілікке жол бермеу, жұмысшылардың кәсіподақтарға бірігу еркіндігі және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқықтары — осы стандарттардың іргелі қағидаттары болып табылады.
Қазақстан Республикасы бұл халықаралық талаптарды мойындай отырып, оларды ұлттық заңнамаға кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Еліміз ХЕҰ-ның бірқатар негізгі конвенцияларын ратификациялап, еңбек қатынастарының құқықтық негізін нығайтты. Бүгінде еңбек саласындағы негізгі құқықтар мен кепілдіктер еліміздің Еңбек кодексінде айқын көрініс тапқан. Онда қауіпсіз еңбек жағдайы, жалақы теңсіздігіне жол бермеу, мемлекетпен берілген кепілдіктер және еңбек дауларын шешу тетіктері бекітілген.
Отандық тәжірибеде жұмысшылардың құқықтарын қорғау бірнеше институт арқылы жүзеге асырылады. Солардың ішінде кәсіподақтардың рөлі ерекше. Кәсіподақтар еңбек ұжымдарының мүддесін қорғап қана қоймай, жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік негізінде келіссөздер жүргізеді, ұжымдық шарттар жасасуға ықпал етеді, еңбек дауларының алдын алуға және оларды шешуге белсене қатысады. Сонымен қатар, кәсіподақтар өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға ат салысып, еңбек адамының өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы да еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуде маңызды қызмет атқарады. Ал әлеуметтік әріптестік жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшылар арасындағы өзара жауапкершілік пен келісімді нығайтады. Ұжымдық келісімдер жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктер беріп, олардың құқықтарын нақтылай түседі.
Соған қарамастан, еңбек құқықтарын қорғау саласында шешімін күткен мәселелер де бар. Атап айтқанда, кейбір жағдайларда еңбек заңнамасының талаптары толық сақталмайды, еңбек шартын жасамастан жұмысқа қабылдау жалғасуда, жұмысшылардың құқықтық сауаттылығы жеткіліксіз. Бұл өз кезегінде еңбек дауларының туындауына әкеледі.
Сондықтан, кәсіподақтардың қызметін және еңбек инспекциясының өкілеттігін күшейту, жұмысшылардың құқықтық мәдениетін көтеру — уақыт талабы болып отыр.
Қорытындылай келе, еңбек адамының өмірі мен қауіпсіздігі, оның құқықтары мен заңды мүдделері әрдайым басты орында тұруы тиіс. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні – осы қағидаттарды нығайтудың маңызды символы. Қазақстанда қалыптасқан құқықтық және институционалдық негіз бар, алайда оны заман талаптарына сай үздіксіз жетілдіру қажет. Бұл бағытта кәсіподақтардың белсенді қызметі мен халықаралық стандарттарға сүйенген мемлекеттік саясат шешуші рөл атқарады.
Еңбек адамы қорғалған жерде ғана қоғамда даму мен тұрақтылық болады.

Салтанат РАХИМОВА,

«Қазақстандық мұнай газ кешені салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің Атырау облыстық филиалының төрайымы