«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін.
Ұстаз аяулы есім! Ұстаз туралы жазу оңай да, қиын да! Оңай болатындығы – біз солардан өнеге алған сол қадірлі жандардан тәрбие мен білімді қатар сіңірген жандардың біріміз. Пәниден бақилыққа аттанғанып, арамыздан кеткеніне көп уақыт өте қоймаса да орны үңірейіп қалған ардақты азамат, ардагер ұстаз Қадим Оңғарсынов жайында болашақта әңгіме де айтылар, талай эссе-естеліктер де жазылар.
Менің білім ұясындағы алғаш ұстаздық жолым Қадим ағамызды кездестіріп, танысудан басталды. Бұл 1972 жылдың тамыз айы болатын. Алматыдан Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен Атырау қалалық білім бөліміне жұмысқа орналасуға келген бетім еді. Білім бөлімінің қабылдау бөлмесінің алдында қара торы, ұзын бойлы жүзі жылылыққа толы ағамызбен амандасып, жөн сұрастым. Оқу бітіріп, осында жолдамамен келгенімді жеткіздім. Жайдары жүзді адам алдымнан жолыққан соң шығар «Еңбекте жолым болғалы тұр екен» деген ой да санама қона кеткендей. Менің ішкі ойымды оқып тұрғандай әлгі ағам да елең ете қалды.
– Мен осы қаладағы №10 С.Мұқанов атындағы мектеп директоры Қадим Оңғарсынов деген ағаң боламын. Мектебімізге математика пәнінің мұғалімі қажет еді. Осы сұрақпен білім бөлімінің басшысына кіргелі тұрғанмын. Ендеше жүр, басшығы екеуіміз бірге кіріп, біздің мектепке жұмысқа қабылдауға өтініш етейін деп,- жылы шырай білдірді. Сөйтіп, мен мұғалімдік қызметімді Кадим ағай басқаратын білім ұясында бастап кеттім.
Жүрегі мейіріміділікке, жүзі жылылыққа толы барлық қасиеті ізеттілікпен жаратылған ұстаздардың ұстазымен бірге жүріп жұмыс жасау бір ғанибет еді…
Жаңа оқу жылының алдындағы педагогикалық кеңесте мені ұжымға таныстыра отырып, «ортамызға қосылған жас маманға әдістемелік көмек көрсетуіміз қажет» — деп сол кездегі өте білімді, білікті математика пәнінің мұғалімдері Жолдасова Сәбила мен Құсайынова Мария апайларды маған тәлімгер етіп бекітті. Осындай абзал жандардың арқасында институт қабырғасында алған теориялық білімді, практикалық іс-тәжірибемен жетілдіріп, ұстаздық жолда аянбай еңбек еттім. Бұл – мектеп директорының жас ұстазға деген қамқорлығы еді.
Арамызда айтарлықтай жас айырмашылығы болғанына қарамастан Қадим ағамызбен бір салада бір мақсат, бір мүддемен қатар қызмет істедік. Ұстаздық жолыма адастырмайтындай бағыт-бағдар алып, тәжірибемді толыстырдым. Ақкөңіл, кең пейілді, жайдары мінезді абзал азаматтың бірі ретінде құрметтедік. Тәлім-тәрбие берудегі іс-тәжірибелері мол, жандары жайсаң, парасатты, ұлағатты ұстаздармен жұмыстас болуыма себепкер болған Қадим ағамызды жасым жетпістен асса да әріптестерім мен кейінгі буын жастарға мақтанышпен айтып отыруды парызым деп білемін.
Еліміздің болашақ азаматтарын біліммен сусындатып, саналы тәлім-тәрбие беру негізгі мақсаттардың бірі ғой. Тәуелсіздік пен еркіндікке деген жігер, ел мен жерге деген патриоттық сезімі сол өткен ғасырдың орта деңгейінде тәрбиеленген жастар бойында мықты болды. Мұның бәрі оқу-ағарту ісіндегі ұстаздар сіңірген білім нәрі мен тәрбие арқылы жүректерде сақталған рухани байлық-тұғын.
Қадим Оңғарсынұлы ұстаздық еңбегінде, мұғалімдердің білімін жетілдіру ісінде, ең бастысы халықтың педагогика тәсілдеріне аса үлкен көңіл бөлетін. Қоғамда ерен еңбек үлгісін көрсете жүріп ол мұғалімдер мәртебесін көтере білді. Алғыр, өжет, ұйымдастырғыш қабілетімен көп жұмыстар тындырып, білім саласында есімі көпке танылды.
Еліміздің Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қадекең өзі басшылық етіп отырған қаладағы №13 орта мектепті Дүйсенғали Байбосынов атындағы ұлттық мектеп-гимназия етіп қайтадан жасақтады. Өңірдегі алдыңғы қатарлы ұлттық білім ордалары қатарына жеткізді.
Қ.Оңғарсынұлы мұғалімдердің теориялық та, әдістемелік те білімдерін үнемі көтереп отыру мәселесін бірінші орынға қойды. Бұл бағытта қалалық, облыстық әдістемелік оқу кабинеттерімен көп жұмыс тындырылды. Ол өзінің жемісін берді де.
Ұлттық мектеп-гимназия мұғалімдерінің іс-тәжірибелері білім жетілдіру институты зерттеп, облыс көлеміне кеңінен таратты. Аймақта республикалық оқу-семинарлары мен ғылыми-теориялық конференциялар аталған ұлттық мектеп-гимназия базасында өткізіп тұрды. Білім ошағының оқу-жабдықтары жаңартылып, пәндік оқу кабинеттері көбейді, оқушылардың білім сапасы жоғары деңгейге көтерілді. Шәкірттері талай рет облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарын иеленді.
Өзінің ғибратқа толы ғұмырының жарты ғасырға жуығын еліміздің болашағы – жас ұрпақ тәрбисі мен білім беру ісіне арнаған Қадим ағамыздың сіңірген педагогтік еңбегі ұшан-теңіз. Ол «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды. «Атырау қаласының Құрметті азаматы», білім беру саласының ардагері Қадим Оңғарсынұлына арналған «Жадымда тұр жаңғырып…» атты естеліктер кітабы жарық көрді.
Бұл күнде туғанына 90 жыл толып отырған марқұм Қадекеңнің аруағы үшін ол ұзақ жыл басшылық етіп, маңдай терін төккен, талай ғұламалар мен айтулы зиялыларды тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырған №13 Д.Байбосынов атындағы мектеп-гимназиясының бір оқу кабинетіне Қадим Оңғарсынұлының есімін берсе нұр үстіне нұр болмас па еді?! Жергілікті білім беру ұйымдарының басшылары осы мәселені болашақта назарға алар деген үміттеміз.
Бағытжан МУСАҒАЛИ,
«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері»,
«Еңбек ардагері» медалінің иегері
