– Әке, мен де сіздің жолыңыды қуып, болашақта геолог болуды армандаймын, — деген арманшыл бала геологиялық картаға шұқшиған әкесінің жанына келді. Ағамыз әлгі картадан басын көтеріп, ұлының талабына қуанған кейіппен сәл езу тартты да:
– Асқақ арманың алдамасын сені, балам. Баяғыда бірге оқыған сыныптас досым белгілі ғалым Мұфтах Диаров екеуміз мектепте жүрген кезден-ақ болашақта геолог боламыз деп шешкенбіз. Оған еш өкінбеймін. Геология – ғылымның ең қызық саласы ғой, — деп құшағына қысып, басынан сипады.
– Иә, әке, геолог – нағыз романтика толы мамандық сияқты көрінеді маған. Сіздердің сайын дала мен тау-тасты, ой мен қырды кезіп жүріп, жерасты байлығын іздестіру жұмыстарыңыз мені де қызықтырады. Жақында қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер-геологы. Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы туралы «Білім және еңбек» журналынан мақаланы да қызыға оқығанмын.
– Геология – жердің қыртысын және ішкі қабаттарын, олардың құрамын, құрылысын, қозғалысын, даму тарихын, кен байлықтарының пайда болу, орналасу заңдылықтарын зерттейтін жаратылыстану ғылымдарының кешені екендігін ұмыпта, ұлым,- деп Жасұланның ойын Қасым аға да әрі қарай қоштай кетті.
Отағасы мен ұлының қонақ бөлмедегі бұл әңгімесін ауруханадағы жұмысынан келіп, кеш ас мәзірін дайындап жүрген жолдасы Қанзиба апаның да құлағы шалып қалды.
– Әкесі сияқты геолог-ғалым болып, елімізге қызмет етемін деп тұрған баламыздың талабы оң болғай. Сабағың жақсы. Енді сол арман-мақсаттарың орындалсын! Ахун, Арал хазірет аталарымыздың аруағы қолдасын, қарағым!
… Жасұлан мектеп бітірісімен өзін әуелі еңбекте сынауды жөн көрді. Он алты жасар бозбаланың алғашқы кәсіби тәжірибесі Батыс Қазақстан өндірістік-геологиялық бірлестігі құрамындағы Геология, барлау және өндіру институты бөлімшесінде жұмысшы, кейін ІІ разрядты жөндеуші ретінде қалыптасты. Сол балалық арман оны Алматыға алып келді. Осындағы Қазақ политехникалық институтының «Мұнай және газ кен орындарын бұрғылау», тағы араға алты жыл салып, осы байырғы білім ордасының «Мұнай және газ геологиясы» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алып, тау-кен инженері-геолог біліктілігін иеленді.
Жас маман Ж.Тұхфатов «Гурьевнефтегазгеология» өндірістік-геологиялық бірлестігінің Солтүстік-Ембі мұнай-газ барлау экспедициясы бөлімшесінде IV разрядты бұрғылаушы көмекшісі, кейін Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық-барлау институтына бұрғылау бөлімінің инженері ретінде қабылданып Маңғыстаудың Елемес–Айыршағыл аймағындағы кен орындарында бұрғылау технологияларын жетілдіру, тампонаж қоспалары мен жуу сұйықтықтарының құрамын оңтайландыру бойынша ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізуді қолға алды.
Кейін бес жылдай өзінің туған жері Индерде геологиялық-барлау экспедициясында геолог, аға бұрғылау шебері және машинист қызметтерін атқарды. Бұл кезеңде Сәтимола кен орнында пайдалы қазбаларды іздеу және барлау жұмыстарының ұйымдастырылуы мен орындалуын бақылау бағытында геологиялық-өндірістік міндеттерді жүзеге асырды.
Жасұлан Қасымұлы 1995-2004 жылдың аралығында «Индергипс» бірлескен кәсіпорнында карбид цехының бастығы, «Карбид» ЖШС-нің директоры қызметін атқара жүріп, қазыналы өңірде кальций карбидін өндіру бойынша өндірістік процестердің ұйымдастырылуы мен басқарылуын қамтамасыз етті. Кейін «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына өндіріс операторы ретінде жұмысқа қабылданып, диспетчер, орталық инженерлік-технологиялық қызметтің ауысым, Жанталап-Гран кен орны бойынша цех, «Оңтүстік-Шығыс Қамысты» учаскесінің бастығы сынды қызметтерді абыройлы атқарды.
Осы жылдар ішінде өндірістен бай тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміз ғылыми-зерттеу жұмыстарын да өндіріспен ұштастыруды сәтті жүзеге асырды. 2003 жылы Жасұлан «Сатимолада бор және калий тұздары кен орнының геологиясы және өнеркәсіптік перспективаларын бағалау» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атанды. Зерттеу барысында С2 санатындағы қорлар және Р1, Р2 болжамдық ресурстар есептелді.
2004 жылдан 2011 жылға дейін «Сатбор» ЖШС келісімшарты аясында Сатимола кен орнындағы калий және бор құрамды кендер бойынша детальды геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде С1 және С2 санаттары бойынша геологиялық қорлар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорлар комиссиясында (ГКЗ ҚР) бекітілді. 2023 жылғы 22 қарашадағы №88-ML лицензияны алған «Qazaq Kalium LTD» ЖШС аяқтау жұмыстарын жүргізіп, Сатимола құрылымында шахта, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым салуға кірісті.
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында орналасқан «Сатимола» кен орны негізінде жылына 6 млн. тонна калий тыңайтқыштарын өндіру қуаттылығына ие байыту-өндірістік кешенін салу жобасы 2035 жылға дейін іске асырылмақ. Жоба аясында 4 900 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Жоғарыда айтылғандай, калий өндірісінің минералдық-шикізаттық базасы құрыла бастаған және кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Сатимолада өндірістік инфрақұрылым салу кезеңінде ғылыми-зерттеу және оқу инфрақұрылымын құруға шұғыл түрде кірісу қажетігі туындап отыр.
«Мұндай орталықтың орналасу орны Каспий маңы жазықтығы аумағында болуы тиіс, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бұл әрекет өндірістік және ғылыми мәселелерді қазіргі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік береді. Қазақстанның калий және калий құрамды тыңайтқыштарды өндіруге арналған табиғи ресурстарды игеру бойынша тәжірибесі жоқ екенін ескере отырып, мемлекеттік деңгейде ғылыми, инженерлік және жұмысшы кадрларды дайындау мен қайта даярлауды уақытылы ұйымдастыру қажет. Бұл шаралар Германия, Финляндия, АҚШ және Канада сияқты әлемнің озық елдері стандарттарына сәйкес жоғары тиімді және қауіпсіз өнеркәсіптік өндірісті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» -дейді геолог-ғалым Ж.Тұхфатов.
Жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес, Каспий маңы жазықтығының табиғи ресурстарын игеруге арналған ең қолайлы ғылыми-зерттеу және оқу орталығы – Атырау мұнай және газ университеті, ол қазірдің өзінде ғылыми және оқу базасына ие. Аталған шарттарды орындау, жер пайдаланушылардың жұмыс және индустриалды-инновациялық даму бағдарламалары бойынша лицензиялық міндеттемелерін толық жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа қуаттарды уақытылы іске қосу Қазақстан үшін 2035–2037 жылдарға қарай жылдық 10–12 млн. тонна калий және калий құрамды тыңайтқыштар өндірісіне жетуге мүмкіндік береді, бұл елімізге әлемдік рейтингте лайықты орын алуға жағдай жасайды.
Жасұлан Қасымұлының «Каспий маңы ойпаты тұзды күмбездерінің біріндегі тау-химиялық шикізаттарды барлау жұмыстары» туралы жазған ғылыми-зерттеу еңбегінде калий, магний тұздары және бор рудаларын алу үшін Қазақстан аймақтарының барлау тарихы мен сипаттамасы, сондай-ақ әртүрлі тау жыныстары мен минералды көздер және олардың қасиеттері мен құрамдары көрсетілген. Тұзды күмбездің өлшемі мен құрамы және күмбез аймағында назар аударарлық борат кендері, борлы калий-магний тұздары анықталды. 475-525 метр тереңдіктегі тұз қабаты үш аймақтың тау жыныстарымен бейнеленген және төменгі, жоғары галиттік аймақты және өнімді борлы қондырғыны қамтиды.
1960-1962 және 1988-1992 жылдардағы барлау бұрғылауының қолда бар материалдары негізінде элювиальды бораттардың ірі кен орындары бар перспективалы тұзды күмбез анықталды. Оның өлшемі мен құрамы белгілі болды. Морфологиялық және құрылымдық талдау принциптерін басшылыққа ала отырып, ғалымдар бұл күмбездің тұзды айнасының геологиялық-литологиялық картасын құрастырып, оның негізгі құрылымдық элементтерін бөліп көрсетті.
Тұз күмбезі құрамында калий, калий-магний және бор-калий тұздарының көп мөлшері бар. Сондай-ақ бортұзды кендердің кең таралуы, бұл тұзды күмбезде кен өндіруді дамыту үшін жаңа аумақтарды ашу бойынша геологиялық-барлау жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді. Күмбездің орталық бөлігінде ең ықтимал бай кен орындары элювиальды бораттар болып табылады, олардың кен орындары ашылуы және шеткері жерлерде өнеркәсіптік қызығушылық объективтерімен ұсынылуы мүмкін.
Геолог-ғалымның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның тұзды бассейніндегі зерттелу деңгейіне сәйкес, калий минерализациясын әртүрлі дәрежеде қамтитын 95 құрылым белгілі, олардың 50-і перспективті. Мысалы, 2024 жылы бүкіл әлемде 86 млн. тонна калий хлориді өндірілді. Ғылыми болжамдарға сәйкес, 2035 жылға дейін әлемдік нарықта калий тыңайтқыштарына жыл сайынғы сұраныс шамамен 97 млн. тонна деңгейінде болады деп күтілуде.
Әлемдік калий өндірушілер қатарына Канада, Ресей, Қытай елдері жатады, төрттікті Беларусь түйіндеп тұр. Жоғарыда аталған кен орындарын игеру барысында Қазақстан ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бестігіне ене алады.
Ж.Тұхфатовтың 45 жылдық жалпы еңбек өтілінің ширек ғасырдан астамы мұнай-газ саласына тиесілі. Ол – еліміздің Тау-кен ғылымдары ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі. Халықаралық конференциялар үшін дайындалған жеті тезис пен бес жарияланған мақаланың авторы, оның төртеуі Scopus мәліметтер базасында индекселенген журналдарда, ал үшеуі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті журналдарында жарияланған.
Жасұлан Қасымұлы – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Мұнай-газ инженериясы» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат және магистратура деңгейіндегі білім беру бағдарламаларының қорытынды аттестациясын жүзеге асыратын аттестациялық комиссияның төрағасы.
Оның қажырлы еңбегі «Ембімұнайға–100 жыл», «Қазақстан мұнайының 120 жылдығы» мерейтойлық медальдерімен, «Доссор кен орнының 100 жылдығы», ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК басшылығының Алғыс хаттармен бағаланған.
Кәсіби және өмірлік тәжірибесі, әріптестеріне беретін құнды іскерлік қасиеттері арқасында өз еңбегімен туған жері – Индердің минералдық-шикізаттық базасын кеңейтуге және өңірдің мұнай саласын дамытуға елеулі үлес қосып, абырой биігінен көрініп келе жатқан бұл азамат текті тұқымнан тараған тұяқтың бірі десек те қателесе қоймаспыз.
Әкесі марқұм Қасым ағамыз – Дендер жеріндегі қазба байлығы мол №100, №102-ші, «Сәтимола» борат кен алаңдарын және «Тұзды көлді» алғаш ашушы ретінде есімі үш дүркін «Кен орнын алғашқы ашушы» төсбелгісін иеленген, минералдық шикізат қорын барлау және игеруді шебер ұйымдастырушы. Ол 18 жыл бас геолог, сегіз жыл геологиялық-барлау экспедициясын басқарған «КСРО-ның Құрметті кен барлаушысы», геология-минералогия ғылымдарының кандидаты еді. Батыс Қазақстандағы минералдық шикізаттар қорын барлап, ашудағы қажырлы еңбегі үшін ағамыз КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Есімі «Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына» енгізілді, «Қазба байлықты барлаудың үздігі», «Кен барлаудағы ерен еңбегі үшін» төсбелгілеріне, бірнеше рет Құрмет грамоталарына ие болды. «Индерсалт» ЖШС-не қарасты №99 кен орнының тұз шахтасы «Индер ауданының Құрметті азаматы» Қасым Тұхфатұлының есімімен аталады.
Ал Жасұланның атасы Тұхфат Әбішев ұрпақ болашағы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, өз заманының зиялысы ретінде ағартушылық-педагогикалық қызметтегі жетістіктері үшін Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақ Республикасына – 15 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Оңайбай Көшеков, Сембай Бердімұратов, Дошу Шененов, Парид Аманғалиев, Асан Сапаров, Бақытжан Хасанов, Кенжеғали Қаюпов сынды шәкірттеріне ұстаздық еткен, мектеп директоры болған.
Арғы атасы Арал хазірет – өңірдің дін саласында алғашқы қарлығаштардың бірі, сол кездегі ауыл балаларының сауатын ашып, діни білім берген рухани тұлға. Бүгінде Индер ауданының Өрлік ауылындағы мешітке «Арал хазірет» атауының берілуі де кездейсоқтық емес.
Бүгінгі күні ұрпақтарынан көрген немере-шөберелер ортасында құрметке бөленіп, отбасының ұйытқысы, алтын діңгегіндей болған асыл ана, медицина саласының ардагері Қанзиба апай бақытты әже. Жасұланның жары Гүлжан да жоғары білімді инженер-геолог, мұнай-газ саласында қызмет жасайды. Ұлы Марғұлан Алматының Сүлеймен Демирел атындағы университетті бітірген, НКОК компаниясында инженер-бағдарламашы, қыздары Лаура мен Арайлым – шет тілінің мамандары. Айбике – мұнайшы-геолог, Абдулазиз – инженер-энергетик болып, Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп, дамуы үшін қызмет етуде.
2010 жылдан бүгінгі күнге дейін «Доссормұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасында геология және кен орындарын игеру бөлімінің басшысы қызметін атқарып келе жатқан Жасұлан мұнай мен газ өндіру жоспарларын орындау, кен орындарын ұтымды игеру, жерасты қабаттарының мұнай бергіштігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуге, сондай-ақ геологиялық қызмет бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру және басқарумен айналысады.
Геолог-ғалым Жасұлан Тұхфатовтың аймақта детальды геологиялық-барлау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудегі айрықша еңбегін ескеріп, Индер ауданының әкімдігі мен аудандық мәсихатының депутаттары оған болашақта «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесін де ойластырар деп үміттенеміз.
Бақытжан ЖҰМАТ,
«Қазақстанның Құрметті журналисі»
