Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

    Онда өңірдегі еңбек қатынастарының жағдайы, конкурстық басқарушылардың банкрот және оңалтудағы кәсіпорындардағы берешекті өтеу жөніндегі жұмыстар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу,Ұжымдық келіссөздер және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Игілік Әубәкіровтің, Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бекен Шанаевтың, «Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтің, сондай-ақ Мақат аудандық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмыстары туралы Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетовтің баяндамалары тыңдалды.

     Жұмыскерлердің мүдделерін қорғау – кәсіподақтар үшін әрдайым басты басымдық.   Облыстық Кәсіподақтар бірлестігі төрағасы атап өткендей, кәсіподақтардың жүргізген талдау нәтижесінде 2 негізгі кедергі – еңбекақыны көтеру, яғни жыл сайын индекстеу мәселесі және кәсіподақтармен өзара әрекеттестіктің жеткіліксіздігі анықталып отыр.  Аталған мәселелерді шешу үшін бизнес, мемлекет және қызметкерлер арасындағы әлеуметтік диалогты күшейту қажет. Өңірде жүргізіліп жатқан ұжымдық келіссөздердің негізгі бағыттары – еңбек жағдайларын жақсарту және жалақыны көтеру. Әсіресе бұл мәселе көптеген мердігерлік/субмердігерлік кәсіпорындарда орын алуда.

     Жұмысшылардың еңбекақыны индексациялау бойынша талаптарын жұмыс берушілер қанағаттандырудан бас тарту фактілері де жиі орын алады. Мәселен, Теңізшевройл, НКОК, «Ембімұнайгаз» сияқты ірі мұнай компаниялардың өкілдері «Мердігерлер мен субмердігерлер – тәуелсіз заңды тұлғалар, сондықтан біз олардың ішкі ісіне араласа алмаймыз, еңбек заңнамасында бұл бағытта тиісті нормалар қарастырылмаған» деген ұстанымды алға тартуда.

    «Алайда бұндай позиция іс жүзінде мердігерлік кәсіпорындардағы еңбек қатынастарын реттеуден бас тартуға әкеліп, ұжымдық еңбек дауларының туындау тәуекелдеріне жол береді. Біз бұл мәселені шешу үшін мердігерлік тізбектегі барлық тараптардың әлеуметтік әріптестік шеңберіндегі міндеттерін бекіту қажет деп санаймыз:

   1. Ұжымдық шарттар мен келісімдердің үлгісін енгізу

ТШО, НКОК, «Ембімұнайгаз» сияқты тапсырыс берушілер компаниялар – мердігерлік кәсіпорындар үшін біртұтас әлеуметтік стандарттарды қамтитын үлгілік ұжымдық шарттарды бекітіп, ұжымдық оларды жасасуға жәрдем көрсету ұсынылсын.

    2.Облыстық үшжақты келісімге толықтырулар енгізу

Атап айтқанда тапсырыс беруші компания өз мердігерлері мен субмердігерлерінің еңбек заңнамасын сақтауына және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуіне тікелей бақылау орнату, ең төменгі әлеуметтік стандарттарды (еңбек қауіпсіздігі, еңбекақы жағдайлары, оның ішінде  жыл сайынғы индекстеу мәселесі, әлеуметтік пакет, сақтандыру) деңгейлерін бекіту ұсынылады. Сонымен қатар, жұмыс берушілерді ұжымдық шарттарының орындалуына есеп беруді міндеттеу қажет» деді Әлібек Семғалиев.

      Осы жылдың басынан бері өңірде 8 еңбек дауы тіркелді. Олардың негізгі себептері: жалақыны арттыру, еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік пакеттерге қатысты талаптар. Талдау нәтижелері көрсеткендей, бұларға еңбек құқықтарының сақталмауы; жұмысқа қабылдау мен еңбек қатынастарын реттеу үдерістерінің ашық еместігі; кәсіпорын басшылары тарапынан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен мүдделеріне жеткілікті көңіл бөлінбеуі кері әсерін тигізуде.

   «Мұнай-көлік» ЖШС жұмысшыларының талаптары – жалақыны көтеру, жұмыс тұрып қалған уақыт үшін 100% ақы төлеу. Мұнда еңбекақы үш жылдан бері көтерілмеген. Кәсіпорында өз қарыздарын өтеуге қаражат бар болғанымен, жалақы өсіруге қаражат бөлінбеген. Бір таңқаларлығы, бұл компанияның жылжымайтын мүліктер сатып алуға, айыппұлды төлеуге қаражаты жетеді, ал сол кәсіптерін дөңгелетіп отырған жұмысшылардың жалақысын көтеруге келгенде ақша болмай қалады. Тура осындай жағдай «Қожан — Матен Петролеум» АҚ-да  шетелдік азаматтарға тұрғын үй сатып алуға қаражат бар да, өз жұмысшы-қызметкерлерінің  айлық жалақысын көтеруге ақша табылмай қалуы түсініксіз жайт.

   «Кәсіби Таңдау» ЖШС-нен 39 жұмысшы себепсіз жұмыстан босатылған. Облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің араласуымен бірқатары келіссөздер арқылы басқа жұмысқа орналастырылды.

    Биылғы еңбек инспекциясы департаментімен азаматтардың өтініштері негізінде 19 мекемеден 38 млн. теңге жалақы берешегі өндіріліп, 43 жұмысшының еңбек құқығы қорғалды. Сондай-ақ өткен жылдардан бері өтелмей келе жатқан 3 кәсіпорында 19  қызметкердің 10,6 млн, 2025 жылы анықталған 11 мекеменің 63 қызметкер алдында 50,4 млн теңге еңбекақы берешектерін өндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығы белгілі болды. Мәселен, «LETS School» ЖШС 6 жұмсшыға – 2,2 млн., «ШахСтрой Компани»  6 жұмысшыға – 2,2 млн., «БККС» 2 жұмысшыға  – 7,9 млн., «Алсер ЛТД»   1 жұмысшыға –3,6 млн., «Иртышподводсервис» 1 жұмысшыға – 4,7 млн., «KOR-KAZ» ЖШС 4 жұмысшыға 12,3 млн. теңге жалақыдан берешегі бар. 

    Комиссия отырысын қорытқан облыс әкімі Серік Шәпкенов құзырлы мемлекеттік органдарға жұмысшыларға жалақыдан берешегі бар компаниялар басшыларына осы мәселені шұғыл түрде шешуді, ТШО компаниясының аяқталған жобаларынан босаған жұмысшыларға жаңа жобалар бойынша мансап орталықтары арқылы жұмыс орындарын ұсынуды, жұмыс берушілердің заңсыз әрекеттеріне сот арқылы тосқауыл қоюды, қарапайым еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғаушы кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп әрекет етуді тапсырды. 

     Аймақ басшысы жоғарыда келтірілген жағдайлар өңірде әлеуметтік шиеленістердің өсуіне себеп болуы мүмкіндігін де жоққа шығармады. Ол әлеуметтік әріптестік қағидаттарын күшейту, еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды арттыру, жалақыны индекстеу және мемлекеттік органдардың үйлестіру жұмысын жүйелеу – шиеленістердің алдын алуда шешуші рөл атқаратындығын комиссия мүшелері мен қатысушылар қаперіне берді.