Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен республикалық талқылау жиыны өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын талқылау бойынша кездесу өтті. Іс-шараға ҚРКФ қызметкерлері мен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері қатысты.
Шарада ҚРКФ Төрағасы елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның тарихи маңыздылығын атап өтті.
— Біздің елімізде ауқымды қоғамдық-саяси өзгерістер жүріп жатыр. Оның негізі Мемлекет басшысының өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан басталды. 2025 жылдың қазан айынан бастап арнайы комиссия парламенттік реформа бойынша жұмыс істеді. Қазір бұл жұмыс конституциялық комиссия шеңберінде жалғасуда. Осы кезең ішінде конституциялық реформа бойынша саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден және ел азаматтарынан 2000-ға жуық ұсыныс түсті. Қарау ашық форматта өтуде. 30 қаңтарда Конституция жобасы жарияланып, қоғамда кеңінен талқыланды. Билік тек бір адамға ғана бағынуды қойған кезде ортақ ережелер орнайды. Ал ережелер бар жерде еңбек адамының өз дауысын естіртуге заңды құқығы пайда болады, — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Конституция жобасының негізгі ережелерін ҚРКФ Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев таныстырды. Ол жобада көрініс тапқан биліктің саяси, халықаралық құқықтағы, цифрлық дәуірдегі құқықтары мен отбасылық құндылықтардағы өзгерістерге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде еңбек ету құқығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
— Қолданыстағы Конституцияда «еңбек ету бостандығы» бекітілген, ал жаңа жобада – «еңбек ету құқығы» деп көрсетілген. Бұл екеуінің айырмашылығы үлкен. Еңбек ету бостандығы дегеніміз — ешкім жауапкершілік алмайтын жай ғана мүмкіндік екенін түсінуіміз керек. Ал Конституциядағы еңбек ету құқығы — мемлекеттің халықты жұмыспен қамтамасыз етуге тікелей жауапты болатынын білдіреді, — деді Нұрлан Өтешев.
Талқылау кезінде әр облыстан қатысып отырғандар да Негізгі заңның ұсынылған баптары туралы ойларын айтып, сұрақтарын қойды.
Сұрақтарға жауап бере отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жобаның ең маңызды тұстарын атап өтті.
— Жаңа Конституция — бұл мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін құратын және қарапайым азаматты қорғауға бағытталған жаңа қоғамдық келісім. Бұл жобаның негізі — адам. Онда өмір сүру, еңбек ету құқығы мен адам бостандығы нақты жазылған. Ережелер анық болса, еңбек адамының дауысы естіледі және ол әділдікке қол жеткізе алады. Жаңа Конституция — адам құндылығы жүйеден жоғары тұратын заң, — деді ҚРКФ Төрағасы.
Заң шығару бастамасына тоқталған Сатыбалды Дәулеталин, енді бұл құқыққа Президент, Үкімет және Парламенттен бөлек, төртінші субъект — Халық кеңесі ие болатынын айтты.
Жиын соңында Сатыбалды Дәулеталин әр азаматты Конституция жобасымен мұқият танысуға шақырды және кәсіподақ басшыларына бұл жұмысты еңбек ұжымдарында белсенді жүргізуді тапсырды.

