«Туғанда дүние есігін ашар өлең,

Өлеңмен қара жерге кірер денең» — деп Абай атамыз айтқандай, Адам ата, Хауа анадан тараған жұмыр басты пенде әнмен уанып, әнмен жан жарасын емдеп, қасіретке толы қаралы сәтте де жоқтау айтып, шерін тарқатқан ғой. Ән –дауа, ән – жан азығы.

    Міне, Алланың берген асыл қасиетін байына дарытып, іште тұнып тұрған жан тебіренісін ән айта отырып, тыңдаушысына жеткізген саңлақ әншілер қаншама?!

     Мұхит бабамыздың ізбасары, ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиев батыс өңірінің әншілік дәстүрін дамытып, артына шәкірт қалдырған ұлағатты ұстаз еді. Ғарекеңнің алғашқы шәкірттерінің бірі, қыз баланың ішінен алқалы топқа суырылып шығып, өзінің әнімен, сәнімен, адами қасиетімен ерекшеленген, алыстаған сайын асылға айналған біртуар тұлға, жезтаңдай әншілеріміздің бірі – Қалампыр Рахимова еді…

    Қалампыр Рахимова Орал облысы Шыңғырлау ауданына қарасты «Алмас» кеңшарында 1949 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Ес білгеннен нағашы әжесінің күмбірлете тартқан күйін тыңдап, домбыра үніне әркез елтіп отыратын қыз бала анасының домбыра тартып, ән салғанын естіп өскен.

    «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, осы бір киелі өнер Қалампырдың жанына самал желдей әсер етіп, жүрек түкпіріндегі сезім қылын шертетін. Бірақ бала қиялы ақ халатты дәрігер болуды әркез армандайтын. «Адам жанының арашашысы болсам» деген ой оны үнемі мазалайтын еді.

    Қалампыр мектеп бітіргеннен кейін өзінің еңбек жолын Алмаз аулындағы мәдениет клубының меңгерушісі болып бастайды.  Ән айтуға да, күй тартуға да бейім қараторы, айнамкөз қыз өр мінезді, айтқан бетінен қайтпайтын өжеттілігімен қоса өнерімен де ауылдастарының ыстық ілтипатына бөленді. Қалампыр бір жолы ауылға келген Ғарифолла ағасының концертін көріп, қалың ойға шомады. Әнші болғысы келеді. Сол концерттен кейін өзі әйгілі әншіге жолығып, ән салып береді. Сол жолы Ғарекең «биыл оқуға кел, эстрада студиясына қабылдаймыз» деп, Алматыға арнайы шақырып кеткен-ді.

     Қалампыр көп ұзамай Ғарекеңе шәкірт болып қабылданады. Сұлу әннің сырына қанықты, ұстазынан ән иірімдерін тез үйреніп, айту мәнеріне қосты. Шәкірттердің ішіндегі зерегі де, еңбекқор, ізденімпазы да осы Қалампыр тұғын.

    Республикамыздың әр облыстарынан армандарын арқалап  келген дарынды жастар білім нәрімен сусындап, аракідік сахнаға да шыға бастады. Қалампыр ең алғаш Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында ұстазы Ғарекеңнің 60 жасқа толған мерейтойына қатысып, көпшілік қошеметіне бөленді. Еліктің лағындай талдырмаш қыз ән айтқанда сәл толқығанымен өзінің  әнімен, сәнімен көрермендерді бірден баурап алады.

    Қалампыр Рахимова «Қазақконцерт» бірлестігінің жанынан ашылған Республикалық эстрада-цирк студиясын ойдағыдай бітірді.Ол –Қазақстанның  Халық әртісі, ұлттық опера өнерінің бастауында тұрған көрнекті әнші, ерекше дауыс иесі Ғарифолла Құрманғалиевтың алғашқы шәкірттерінің бірі. Жас әнші ұлағатты ұстазынан алған білімін жаңадан құрылған «Гүлдер» ән-би ансамблінде жалғастырып, кең-байтақ қазақ елінің сахналарында өнерін көрсетті. Тыңдаушы ықыласына бөленді. Әнші болғаннан кейін бір орында тоқтап қалмай, өз бағдарламасына ән-термелерді қосып, толықтырып отыруды басты парыз санады.

     Қалампыр апамыз осы жайлы Қазақ радиосының алтын қорымызда сақталған үнтаспада былай деген екен:

    «Репертуар жөніне келетін болсақ, біз студия қабырғасында оқып жүрген уақытта жүзге таяу әндер үйреніп шықтық. Оның ішінде халық әндерімен қоса халық композиторларының да әндері бар. Мен өзі терме жағын жақсы көреміе, халықтың термелерін айтамын. Дастандарды, термелерді байыптап қарасақ, онда үлкен мән бар. Қазақтың мәдениеті, бастан кешкен тұрмысы, жастарға тәлім-тәрбие беретін мағыналы сөздер көп. Терең мағыналы термелер теріп алып, орындағанға құмартасың»

     Өнерімен өрге жүзген жас әнші 1971 жылы Мәскеуде өткен Халықаралық музыкалық симпозиумге қатысады. Кеңес Одағы құрамындағы көп ұлтты елден келген өнер иелерімен бірге бір сахнада ән салу – Қалампырдың шабытын одан сайын шыңдай түседі. Ол өнер жолында жүріп кезінде көршілес республикалармен қоса Польша, Англия, Пәкістан, Шри Ланка, Сингапур, Бельгия, Оңтүстік Йемен сынды елдерде болып, халқымыздың ұлттық киімін, қоңыр домбырасын, әсем әні мен термелерін насихаттап, шетелдік тындармандарды таң-тамаша етті.

     Осы жайлы көзі тірісінде  Қалампыр апамыз былай деген еді:

«Жақында Жапонияға барып қайттық. Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Ришад Абдуллин, Бақыт Қарабалина, Рахима Жұбатырова бірге барып, абыройлы жақсы оралдық. Біз барған кезде Грузин ансамблімен қосылып Токиода  бір концерт бердік.  Екінші күні Киотто деген қалаға алып кетті. Одан барып келгеннен  кейін Какойдаға бардық. Онда балықшылар тұрады екен. Бізді жақсы ниетпен қарсы алды. «Сіздер жапонша сөйлеп кететін тәріздісіздер» деп сондай бауырына тартып жақын көрді. Қобыз, домбыра тартқанда да қызықтап қарап отырды»

      Әнші Қалампыр Рахимова 1969 жылдан «Гүлдер» ансамблінде әнші болып қызмет етті. Онымен бірге Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Асан Мақашев, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев және жақын құрбысы Айша Таумырзақызы да өнер жолында бірге сапарлас болған. Айша өз кезінде осы бір думанды концертті жүргізетін. Өйткені ол белгілі өнер  иесі – Қазақстанның Халық әртісі, сол кездегі студияның директоры Гүлжиһан Ғалиеваның шәкірті еді.

    Қазақ радиосының ардагері, Қаламқас Рахимованың студенттік кезден құрбысы болған Айша Таумырзақызын әңгімеге тартқан едім.  

   – Айша апа, өзіңіз өнер адамысыз. Жас кезіңізде эстрада студиясын бітірдіңіз. «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсеттіңіз. Сол кездері Қалампырды жаныңызға жақын тұтып, жақсы дос болған екенсіз. «Өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, өмірден өткен адамдардың өмірі жайлы әңгімелеп, рухы шаттансын деген оймен әнші құрбыңыздың  адами қасиеті, өнер жолындағы табыстары, қос құрбының арасындағы достық қарым-қатынастарыңыз жайлы айта отырсаңыз?

    – 1967 жылы студияға оқуға түстім. Қалампыр да бізбен бірге түсті. Сонда студияның алдында ауылдан келген өнер қуған жастар  өзара танысып, шүйіркелескен едік, -деп бастады Айша апамыз естелік әңгімесін.

     «Мен Гүлжаһан Ғалиеваның сыныбында оқыдым. Ал Қалампыр болса атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың сыныбында оқыды.  Оқу басталып кетті. Қалампыр ерекше жан еді. Сөйлеген сөзінің өзі нық, тік жүреді. Тік сөйлейді. Жігітке ұқсас мінезі болатын.  Үлкенді де, кішіні де өзіне тарта білетін. Біз Қалампырдың жанынан шықпайтынбыз.    Қалампыр ертедегі батыр қыздар сияқты болатын. Кейде «Махамбеттің ұрпақтарынан таралған ба?»  деп те ойлайсың. Ол кезде одан артық қазақтың тілін білетіндер аз еді.

     Бір күні Ғарекеңнің класында Қалампыр ән салып отыр. Жақындап тыңдасам, анадай жерде Ғарекеңнің ойға шомған кейпін көзім шалды. Қалампыр болса ортада қаққан шегедей басын тік ұстап, терме айтып отыр екен.  Домбырасы мен әні бірдей төгіліп, әдемі орындалу үстінде Термені жан-тәнімен орындағаны сонша терлеп кетіпті. Мен онымен табиғи дарыны, адамгершілік қасиеті үшін сыйлап дос болып кеттім.

     Студенттік кезде неше түрлі қызықты оқиға болады ғой.  Көктем кезі болатын. Менің  болашақ жарым Меңтай Өтепбергенов сегізінші наурыз күні бір құшақ гүлді әкеп сыйлады. Бөлмеде жалғыз отырғанмын. Меңтай жақындап келіп бетімнен сүймекші болды, ол кезде ауылдан келгенмін. Қорқып кеткен болуым керек, көмек сұрап айғайлап   жіберіппін. Есіктің сыртында Қалампыр естіп қалып, есікті жұлып алды. Ер мінезді еді, Меңтайды қуып шықты. Маған айғайлап ұрсып жатыр.

     Кейін айтып жүретін: «Егерде екеуіңнің ерлі-зайыпты боларыңды білгенде есікті жұлып не шатағым бар еді. Қаншама сөз естідім. Бірақ мен сендердің алғашқы махаббаттарыңның куәсі болдым ғой — деп, үнемі әзілдеп айтып жүретін.

     Мен сол жылдары отбасының жағдайымен оқуды тастап, ауылға қайттым. Қалампыр болса сол жылы күзде «Гүлдер» ансамбліне әнші болып қабылданды. Артынан мен «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа орналастым. Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Қазақ халқы қонақжайлы ғой. Концерт біткеннен кейін бізді үйге шақырады. Қонаққа барғаннан кейін Қалампыр бірінші кіріп, «ассалаумағалейкум» деп амандасады.

     Әнші Жәміш Бердібекова деген қыз болды. Үшеуміз бірге жүретінбіз. Қалампыр термені айтқан кезде халықты бірден тартып алатын. Ол жеке домбырада күйлерді орындайтын. Марқұм жұлдыз боп туған өнер иесі еді ғой.

    Мен «Гүлдер» ансамблінде жүргенде белгілі ақын Ғафу Қайырбековтың «Қазақстан» деген бір шумақ өлеңін оқимын. Сосын би кетеді. Сол кездегі Қалампырдың сахнаға шығар алдындағы тұрысын көрсеңіз. Ол бәйгеге қосатын сәйгүліктей тыпыршып, бір орында тұра алмайды, айтар әнін пысықтап қобалжып тұратын. Қалампыр сахнаға жарқ етіп шыға келгенде көрермен тым-тырыс бола қалатын.  Сол Қалампыр әр уақытта есте жүреді. Аспандағы мың жұлдыздың ішіндегі бір жұлдыз осы Қалампыр еді. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды. Ол өнерімен халқымен бірге жасайды…»

     Сол бір жылдары Қазақстанның Мәдениет министрі, халқымыздың өнері мен әдебиетіне аса қамқор болған мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың және Республикалық эстрада-цирк студиясын алғаш ұйымдастырып ашқан Қазақстанның Халық әртісі ГүлжиҺан Ғалиқызы Ғалиеваның қолдауымен  1969 жылы іргетасы қаланған «Гүлдер» ансамблінің алғашқы қарлығаштарының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың аз ғұмырындағы қалдырған ізі, өнерге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.  Ол небары 39 жасында Орал қаласынан шыға берісте  «Гүлдер» ансамблінің гастрольдық сапары кезінде  жол апатынан қайтпас сапарға аттанып кеткен болатын-ды.

    2014 жылы Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы орталығында Қалампыр Рахимоваға ескерткіш орнатылды. Аудан орталығынан өнер иесінің құрметіне көше атауы да берілді. Сол жолы аудан орталығындағы Мәдениет үйінде «Қалампыр салған әндер-ай» деген еске алу кеші өтті.

     2015 жылы Алматыдағы  «Қазақконцерт» залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың еске алу кеші өтті. Ән кешін «Қадыр Мырза-Әлі» қайырымдылық қоры ұйымдастырды.

     Иә, өмір көші ұзаған сайын өнер адамының жарқын бейнесі, әсерлі әні халық жадында қалып, кейінгі буын сол кісілердің орындаушылық шеберлігінен үлгі алатыны сөзсіз. Әнші өмірі  зерттеген адамға  талай кітапқа арқау болары сөзсіз.

Алтын ИМАНБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты,

Алматы қаласы