Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21-22 желтоқсан күндері Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының Санкт-Петербургте өткен бейресми кездесуіне қатысты.
Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан, ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық даму қарқыны бәсеңдемегеніне тоқталды.
– Биыл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жиынтық ІЖӨ көлемі 2 пайызға ұлғаймақ. Алдағы екі жылда ІЖӨ өсімі тұрақты болады деп болжанып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері ұйым елдерінің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанға келген инвестиция жеті еседей өсті (2015 жылы 600 миллион доллар, 2024 жылы – 4 миллиард доллар). Өнеркәсіп өнімі 29 пайыз артып, 1,5 триллион долларды құрады,- деді Мемлекет басшысы.
Аталған кеңестің отырысында Президент жасанды интеллект технологиясын ЕАЭО қызметіне енгізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымы арқылы ынтымақтастықтың тың мүмкіндіктеріне жол ашылатынын жеткізді. Президент Каспий теңізіндегі негізгі порттарда орналасқан заманауи контейнер хабтары ұдайы ұлғайып келе жатқан жүк тасымалына қызмет көрсете алатындығын жеткізді. Бұл ретте ол ұйымға мүше елдердің транзит әлеуетін нығайтуға серпін беретін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде сұранысқа ие, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағдарланған жаңа өндіріс орындарын дамытуға баса мән берген жөн.
– Еуразия даму банкі сарапшыларының есебіне сәйкес, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп тауарларын шығару және экспорттау бойынша қосымша мүмкіндігі 67 миллиард долларға бағаланады. Осы әлеуетімізді толық пайдалансақ, түпкі нәтижесі 500 миллиард долларға жетуі ықтимал. Аталған мақсатқа жету үшін өнеркәсіп кооперациясын күшейту қажет. Бұл орайда серпінді инновациялық жобаларға инвестиция құйған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Жаңа жыл қарсаңында Петербургтегі дәстүрлі кездесу жылды қортындылап, алдағы күнге жоспар құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейлі жыл болғанын еске салды. Ұйым дамудың екінші онжылдығына батыл қадам басты. Осы кезең ішінде өзара сауда-cаттық тұрақты түрде өсіп, ірі инфрақұрылым жобалары табысты жүзеге асты және өнеркәсіп кооперациясының аясы кеңейе түсті.
