Бұл мәселе аймақ тұрғындарын қатты алаңдатуда
Жаңа жылдан бастап Атырауда жылу мен электр энергиясының бағасы қымбаттауы ықтимал. Ол туралы «Атырау жылу электр орталығы» басшысы Мақсот Әленов мәлімдеді. Бұл орталық өндірістік тұтынушы ретінде мұнай өндіруші компаниямен 30 жылдан бері бөлшек нарықтағы келісімшарт аясында табиғи газды жеңілдік шарттармен сатып алып келді. Бұл ынтымақтастық өңір тұрғындарын электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін. Алайда, биылғы жылдың сәуір айында газ өндіруші «Теңізшевройл» компаниясы 2026 жылға газ жеткізу туралы келісімшартты ұзартудан бас тартатынын ресми түрде мәлімдеді.
Атырау жылу электр орталығындағы барлық бу қазандықтары мен турбиналық агрегаттар отынға табиғи газды пайдаланады. Қазір мұнда 14 бу қазанының 11-і қалыпты жұмыс істеуде. Орталық жылына 2 млрд 200 млн кВт сағат электр энергиясы мен 800 мың гигакалория жылу өндіріп, тұтынушыларды толық қамтып тұр. Қазір облыс орталғындағы орталық жылу жүйесіне қосылған 1200-дей көп қабатты үйге толықтай жылу берілді,- дейді жауаптылар.
– Атырау қаласының әкімдігі 15 мамырдан бастап осы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын атқарды. Толықтай сынамалар өткізді, соның нәтижесінде қала аумағында 5 нүктеде 4,8 шақырымды құрайтын жылу құбырлары ауыстырылды. қазір бұны толық бақылауда ұстап отырмыз. Тұтынушылардан ешқандай арыз-шағым болған жоқ,- дейді қала әкімінің ресми өкілі Ғасырбек Төлеген.
Алайда, жаңа жылдан бастап стратегиялық маңызы бар кәспорында қиын жағдай қалыптасу қаупі бар. Себебі, орталықты негізгі шикізат – табиғи газбен қамтитын ТШО компаниясы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрі қарай келісім шартты созбайтыны туралы ресми хат жолдаған
– Бұл өте өзекті мәселе. Неге десеңіздер, ТШО-дан біз алып отырған баға егер де басқа мекемелерге көшетін болсақ, оның бағасы 4 есеге өсіп кетейін деп тұр. Оның ішінде жылу қуатына беріп отырған тарифтер 90 пайыздың үстіне өседі. Токтың өндірістің тарифы 40 пайыздан жоғары өседі деген өз болжамымыз бар. Демек, соның бәрі біздің тұтынушыларымызға кері әсерін тиеді, — дейді «Атырау жылу электр орталығының» директоры Мақсот Әленов.
Аталмыш орталық жылына 1 млрд текше метр табиғи газ тұтынады. Оны өңірдегі «Теңіз» кен алаңын игеріп жатқан мұнай компаниясы 30 жылдан бері тиімді бағамен ұсынып келді. Биыл еліміз бойынша газ тасымалдаушы негізгі оператор «QazaqGaz» акционерлік қоғамы газ өндіруші мекемемен тікелей келісім шарт жасасты. Салдарынан орталық үшін негізгі отынның бағасы күрт көтерілгелі тұр. Бұл жағдайды өңір басшысы да, Парламент депутаттары да жақсы біледі.
Атырау ЖЭО-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін
газ жеткізу мәселесін шұғыл шешу қажет
Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–Өндірушіден тікелей осы газ отынын алу керек. ТШО «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен ұзақ жылға келісім шартқа отырған. Енді ол қазіргі таңда «QazaqGaz» екі ортада өндірушімен ТШО және пайдалданушымен Атырау ЖЭО арасындағы делдал болып тұр.
«Атырау жылу электр орталығы» табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі бойынша күрделі жағдай қалыптасты. Себебі, бұл орталық – бүкіл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар кәсіпорын. Көп жылдар бойы Атырау ЖЭО өндірістік тұтынушы ретінде «Теңізшевройл» ЖШС-мен тұрақты түрде әріптестік орнатып, бөлшек нарықтағы келісімшарт аясында табиғи газды жеңілдік шарттармен сатып алып келді. Бұл ынтымақтастық өңір тұрғындарын электр және жылу энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алайда 2025 жылдың сәуір айында ТШО 2026 жылға газ жеткізу туралы келісімшартты ұзартудан бас тартатыны жөнінде ресми хабарлама жолдады. Компания мұны «QazaqGaz» АҚ-мен ұзақ мерзімді газ сату жөніндегі жаңа келісімшарттың жасалуымен түсіндірді.
Атырау ЖЭО басшылығының бірнеше рет жасаған өтініштеріне, кәсіпорындар деңгейіндегі кездесулерге, облыс әкімі, Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» АҚ өкілдерінің қатысуына қарамастан бұл мәселе оң шешімін тапқан жоқ. Сондықтан бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болдым. Келесі жылы бұл жағдай күрт ушығып, Атырау қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесі мен өңірдің электрмен жабдықталуының тұрақты жұмысына қауіп төндіруі мүмкін деп санаймын.
Маңызды жайт, ЖЭО-ға газ жеткізілетін газ құбыры өндірістік кәсіпорынның жүйесіне тиесілі және «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистральдық газ құбырына тікелей қосылған. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес, магистральдық газ құбырына қосылған өндірістік тұтынушы газды тек өндіруші – ТШО-дан сатып алуға құқылы. Сонымен қатар, «Табиғи монополиялар туралы» Заңға сай жылу электр орталығы үшін жеткізілетін газ стратегиялық тауарларға жатады. Ал табиғи монополия субъектісі ретінде орталық мұндай тауарларды тек өндірушіден сатып алуға міндетті. Осылайша, қолданыстағы заңнама Атырау ЖЭО-ға арналған газ көлемін өндірушінің келісімшартынан алып тастап, оны делдал арқылы жеткізуге тікелей тыйым салады. «QazaqGaz» немесе оның еншілес ұйымдары арқылы жеткізу тізбегі газдың құнын күрт арттырады, демек, тарифтердің өсуіне әкеледі. Атырау ЖЭО есептеулеріне сәйкес, электр энергиясының тарифі 40%, ал жылу тарифі 90%-дан жоғары өсуі мүмкін. Бұл – ҚР Үкіметінің 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтердің өсуін тоқтата тұру жөніндегі шешімінің тікелей бұзылуы. Өз сауалымда мен қалыптасқан жағдай өңірдің тіршілікті қамтамасыз ететін жүйелерінің тұрақтылығына тікелей қауіп төндіріп, елеулі әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін екенін атап өттім. Осыған байланысты келесі шаралар қажет деп санаймын:
1. «Теңізшевройл» ЖШС-нің «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен келісімшарт жасасу кезінде Атырау ЖЭО-ға арналған газ көлемін алып тастауының заңдылық және экономикалық тұрғыдан бағасын беру «Газ және газбен жабдықтау туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» Заңдар нормаларына қайшы әрекеттер ретінде.
2. 2026 жылдан бастап Атырау ЖЭО-ға газ жеткізу туралы келісімшартты ұзартудан бас тарту жөніндегі ТШО шешімін қайта қарау шараларын қабылдау.
3. Тарифтердің өсуіне жол бермеу және Атырау өңірінің негізгі энергия кәсіпорнының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жедел ведомствоаралық үйлестіруді ұйымдастыру
Жергілікті билік Парламент депутаттарымен бірлесіп, Үкіметке арнайы ұсыныс дайындады. Республика Үкіметінің қысқы жылу беру маусымы кезінде тарифтерді көтермеу жөнінде қаулысы да бар. Енді тараптар өзара келісімге келіп, 700 мыңнан астам тұрғыны бар Атырау облысы үшін аса маңызды мәселені шұғыл және оң шешеді деп сенеміз.
К.БАҚБЕРГЕНОВ,
Атырау қаласы
