Алаш ардақтыларының бірі Міржақып Дулатұлының: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты», дегенді бекер айтапағын анық. Себебі бүгінде әрбір басылым, тіпті жыл сайынғы Құрылтайлардың көтеретін өзекті тақырыптарының бірі – ұлттық құндылықтарымыздың маңызын жоймай, ұрпақ санасына сіңіру жиі сөз болып келеді.

     Сондықтан да сол Құрылтайларда, Президенттің Жолдауы мен сөйлеген сөздерінде, еліміздің 2029 жылға дейінгі даму жоспарында көтерілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы»  Жарлықтың жарыққа шыққанына да көп бола қойған жоқ.

    Міне, осы маңызды құжаттарда көтерілген міндеттермен үндесетін бастаманың Индер ауданында қолға алынғаны құптарлық қадам деуге болады. Жақында осы бастаманың алғашқы кезеңдерінде іске асырылған біраз жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер пысықталды. Жалпы бұл «Ел болам десең…» атты пікір алысу алаңын ашып, жұмысын ұйымдастыру аудандық «Дендер» газетінің редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Жанай Амантурлиннің ұсынысымен басталғанына жылға жуықтады. 

 Аталған жоба бойынша бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптар төңірегінде жиын өткізіліп, облысқа белгілі қоғам қайраткері, «Атырау облысының Құрметті азаматы» Қатимолла Ризуанов пен республикаға танымал маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов сынды сыйлы тұлғалармен кездесу жасалып, бір кітаптың тұсауы кесілді.

 Бүгінде түрлі белсенділікті рейтингпен, болмаса әлеуметтік желідегі пікірлермен өлшеу, бағалау етек алғаны шақта  осы жоба жөнінде ой пікір білдіріп, қолдап жатқан оқырмандар қатары көбейді. Бұдан бөлек аудандық басылым арқылы хабардар болып, ауызша тілектері мен пікірлерін айтып жатқандар да аз емес. Сайып келгенде, жоғарыда аталған ішкі саясат тұжырымдамасындағы негізгі бағыттардың бірі – ақпараттық саясат екенін ескерсек, БАҚ бәсекеге қабылеттілігін артттыру, ағартушылық, ғылыми-танымдық және тәрбиелік міндеттерді сапалы контенттік түрде дамыту үлгісі алға шығады. Мұны да өте-мөте ескермеуге болмайды.

  Республикалық қоғамдық-саяси «Сахара» газеті де осы үрдісті қолдап, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбай ағамыздың: «Қуана білмегенге – құт қонбайды, бағалай білмегенге – бақ қонбайды» дегеніндей, редакцияға түскен оқырман Ақмарал Қосымбаеваның осы клубтың жұмысы жайындағы пікірін жариялауды жөн деп тапты.

                                                                ** **

«ЕР МӘРТЕБЕСІ – НАМЫСТЫҢ НЫШАНЫ»

 «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ. Бүгінгі күні біздің қоғамға бесікті ғана емес, есікті де түзету артық етпейтін секілді. Бесік пен есікті түзету дегеніміз – жайнаған жас өрен бойына дұрыс тәрбие сіңіру үшін, жалындаған жас пен еңкейген қарт үлгі алар болмыс, еңселі тұлға болу.

 Бүгінгі қоғамдағы белең алған азаматтың абыройын төгуге ұмтылатын келеңсіз жайттар мен керексіз қадамдарға себеп боп жатқан құбылыстарды анықтау төңірегінде һәм кеселден құтылудың жолдарын ұсыну мақсатында «Ер мәртебесі – намыстың нышаны» деген тақырыппен Индер аудандық «Дендер» газетінің редакциясында жуырда келелі жиын өтті. Келелі дейтініміз, бұл тақырыпқа модератор болу үшін бүгінде Атырауда тұратын ардагер ұстаз,  осы аудандағы Елтай ауылындағы М. Сиранов атындағы орта мектепті ұзақ жыл басқарған «ҚР Білім беру саласының үздігі», «Ауданның Құрметті азаматы» Гүлжан Қауашева арнайы таңдалған  болатын.

 Аудитория да осал емес еді. Мемлекет пен қоғамға қатар қызмет атқарған көктоғайлық Қуанышкерей Сүлейменов, «Ауданның Құрметті азаматы», «Қазақстанның Құрметті журналисі» Сүйеу Халықов, білім беру ұяларында басшылық қызмет пен ұстаздық етіп, бала тәрбиесіне өзіндік үлесін қосқан ерлі-зайыпты Құлшығаев Есенғали мен Мұсағалиева Гүлбану, жаңашыл ұстаз Нұргүл  Кәрімова, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Шәрбану Сабирова, Есбол ауылындағы білім беру қызметкерлері ардагер ұйымының төрағасы Кама Ізғалиева, елтайлық ардагер-ұстаз, «Ы. Алтынсарин» медалінің алғашқы иегері Фарида Темірболатовалар қатысты.

  Индердегі балалар спорт мектебінің жаттықтырушысы әрі аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Самиғолла Бәкетов пен зайыбы, кітапханашы Гүлзина Азанова, осы клубтың тұрақты қатысушысы, бөденелік көп балалы ана Гүлбаршын Жарқынбаева,  кенттегі отбасын қолдау орталығынан психолог-маманы Тілекші Шамұратова және басқалар ер азаматтың отбасы мен қоғамдағы орны туралы өз пікірлерін ортаға салды.

 Өзімен бірге клубқа өзгеше форматын ала келген Гүлжан Қауашқызы қазіргі қазақ қоғамындағы ер азамат мәртебесінің өз деңгейінде болмау себептеріне тоқталып, оны қайтсек түзетеміз деген ұсыныстарын ортаға тастады. Сонымен қатар осы бағыттағы жұмыстың мақсаты мен міндетіне тоқтала келе, тақырып төңірегіндегі сауалдар бойынша   шараға қатысуушыларды ашық пікір алысуға шақырды.  

  Қоғамдағы жат қылықтар мен дендеген дерттің дауасын ғана емес, себебін сан жылдар белесінен іздеген әр қатысушының пікірі бөлек еді. Жиындағы әр сөздің салмағы ауыр болғанмен, бәрін жеткізу мүмкін емес. Десек те, оның кейбір түйінді тұстары мен өткір ойларға кезек берген де артық бола қоймас.

  Қ.Сүлейменов: «Отбасында қадірі жоқ ер адамның қоғамда қадірі қалмайды. Сондықтан да ең әуелі отбасындағы үлкендердің өзара сыйластығы жоғары деңгейде болуы керек. Оны шаңырақтағы ұрпағы көріп, жан дүниесімен сезіне өссе, олардың да келешегі кең бола түседі. Ердің мәртебесін көтеретін – әйелі. Қазақ «Жақсы әйел – жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел – жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» дегенді бекер айтпаған шығар».

  С.Халықов: «Кеңес үкіметі тұсында партия әр шаңырақтың ішкі шаруасына, ұрпағының тәрбиесіне, әрқайсысының тіпті санасына тереңдеп еніп кетуінен басталғандай көремін. Сөйтіп, ер мен әйелді теңестіру деген ұғымды әбден шатастырдық. Оны Б.Майлиннің «Раушан-коммунист» атты шығармасын оқығандар жақсы біледі. Осында, сол тұстағы ер азаматтың барлық болмысы, оның жан-дүниесінің сілкінісі шынайы көрініс тапса, оның жаңғырығы бүгінге де жеткендей. Осы сезім бүгінгі гендерлік саясаттың өткір қойылып, оның заңмен реттелуі барысында орын алып жатыр. Соның салдарынан тұрмыстағы түрлі тірлік бойынша әйел ердің орнына таласты, ерлер біртіндеп  тұғырынан ғана түсіп қоймады, жауапкершіліктен де ысырыла берді. Тәрбиенің бәрін қоғам өз иығына артып алды. Сол кезеңдердегі Отанның ғана емес, отбасының да шаруасына араласқан идеология көптеген дәстүрлі ұлттық құндылықтарды құрдымға кетірді.

 Бізге, Павлик Морозов сияқты әсіре патриоттар үлгі тұтылып, мақтан етілді. Оның жемісін бүгінгі ұрпақ көруде. Қазір отбасында «Әке отырғанда ұл, ері отырғанда әйелі, ана отырғанда қыз сөйлемейтін» түсінік ескілік көзқарас баланатын болып бара жатыр».

 Е.Құлшығаев: «Өткенге көз салсақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде азаматтардың саны едәуір азайып кетті. Сол шақта аналарымызға ер мен әйелдің жауапкершілігі қатар артылды. Бәлкім, содан да олардың бойына ер мінез қалыптасқан болар. Бәрібір, жесірі мен жетімін жылатпаған, түрмеге салмаған қазақы құндылық қажет-ақ. Дегенмен, қазіргі таңдағы тіршіліктің қамымен ер азаматтардың вахталық жұмысқа көшуі, отбасы тәрбиесінен ажырап қалуы мен тәрбие беру жауапкершілігінен алыстауына себеп болып отырғандай. Жалпы ер адамды ең алдымен, ана қадірлесе, ана құрметтесе, бала да соны меңгеретін болады».

   Г.Мусағалиева: «Жаңа үйленген жас отбасы ата мен ененің тәрбиесін көруі тиіс. Сонда жас келін де, бала да, олардан өрбіген ұрпақ та отбасындағы қазақы тәрбие мен құндылықтарды бойына сіңіре алады. Нәтижесінде, ерді құрметтеу мәселесі өз шешімін табады деп ойлаймын».

  Н.Каримова: «90 -шы жылдардың тоқырау кезеңінде ерлер жаппай жұмыссыз қалды. Нәтижесінде, нәзік жандылар ел аралап, сауда жасады, тамақ пісіріп, көшеде саттық жасаумен, бала-шағаны асырау үшін  нәпақа табу міндетін өз мойындарына алды. Ал отағасы үйде балаларына қарап, бас-көз болуға мәжбүр болды. Осылайша, ер мен әйелдің орны ауысып, көп әйел адамдар сол орыннан түспей, сол «менмендік» образдың шылауынан шыға алмай қалды. Сөйтіп, ер азаматтың абыройын төмендету белең алды. Оған бір жағынан псевдопсихологтар мен коучтардың әйел ерге қызмет етуге міндетті емес дегені тағы бір себеп болды».

 К.Ізғалиева: «Ерте жастан ерлерді азамат етіп тәрбиелеу керек.Қыз баласына да жастайынан әкенің, ағаның, інінің қадірін ұғындырып өсірсе, бүгінгі кереғарлықтар болмас та еді бәлкім».

 Ф.Темірболатова: «Ең алдымен, әр жігіт азамат деген атқа лайықты болуы керек. Әйтпегенде өзін-өзі сыйламаған адамды өзгенің сыйлауы неғайбыл. Қазіргі әйел адамдардың сөздік қорындағы «мен» деген сөз «біз» деген сөзбен алмасуы керек деп есептеймін. Ұлды да, қызды да мейірімге бөлеп өсірсе, ізеттілік қалыптасады».

 С.Бәкетов: «Мәртебе – ол бедел. Беделді адамның өзін қалыптастыруымен қатар, айналасындағы жақындары да беделдің орнығуына атсалысады. Яғни, ердің мәртебесіне келсек, ең алдымен, жарының рөлі орасан зор. Ол тәртіп отбасынан әр баланың бойына сіңірілсе кеш болмас та еді. Әйелі күйеуін сыйламаса, балалар әкесін сыйлауы мүмкін бе? Себебі, ез әкеден ынжық бала дүниеге келеді. Жалпы теңестіру ұғымы деген әке мен ананы өз дәрежесінде сыйлау дегенге саяды. Осыдан адаспау керек».

 Бұл ретте көктоғайлық шаруа қожалығының иесі  Ғилымғали Зайдекенов те пікірсайысқа араласып, әкенің  – ұлға, ананың – қызға жақын болуы, жас басынан еңбек етуге үйрету жайын қозғауы өте орынды естілді.

 «Ел болам десеңнің…» ақылдастар алқасының мүшелері, «Ауданның Құрметті азаматы», танымал ұстаз Қымбат Кәрім мен газет редакторы Жанай Амантурлин қатысушылардың пікірінен кейін ортақ ойды түйіндеп отырды. Мұнымен қатар отбасын қолдау орталығы мамандарының да бүгінгі заңдардағы гуманистік көзқарастың басым болуы, шығыстықтан гөрі еуропалық қағидаттарға басымдық берілуі жайындағы ойлары да көпшілікті  алаңдатқаны рас.

 Әрбір пікірден соң мәселенің себебі мен шешімін іздеген жүргізуші Гүлжан Қауашқызы ізін суытпай ой мәйегін түйіндей келе: «Ер мәртебесінің өз деңгейіне көтерілуі бір күнгінің ісі емес. Біздің мақсат – талдау, ұсыныс-пікір арқылы қоғамға ой тастап, азаматтарды ардақтау мен ер қадірін ұғындыра түсу. Бүгінгі қызу талқы қоғамдық сананың ояу екендігін көрсетіп, мақсатымызға жетуге үміт сыйлағандай.

  Отбасындағы әке мен ұл баланың абыройын қалыптастыру керек, қызға мейіріммен, ұлға құрметпен қарауды бала жастан санаға сіңіру қажет. Тәрбиелеу орындарында ер адамдардың көбірек қызмет қылғаны абзал. Ол үшін мамандық таңдайтын жастарға бұл мәселенің маңызын түсіндіре отырып, әр кәсіптің өзіндік артықшылығын айтып отыру парыз.

  БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде әке туралы естеліктер, ер азамат туралы жақсы ақпарлар, қазақ қоғамындағы ердердің азаматтығы мен ерлігі туралы жағымды бастамалар көбірек насихатталуы тиіс. Бұл ерлерге рухани қуат берсе, қыз балаларға ер азаматты сыйлауға себеп болары анық. Қыз баланы тәрбиелегенде отбасының ұйытқысы, ер азаматтың абыройын асқақтатын тетік қолында екендігін ескерте отырып, ол тетікті теріс бұрамауға, ата мен жарды, жалпы ерлерді сыйлауға дағдыландырудың орны қашанда маңызды.

  Қоғамда өз орны бар, шын мәніндегі үлгілі, тіпті анасы, не әкесі өмірден ерте өтіп кеткен шаңырақтарды құлатпай, ұрпағын ешкімнен кем қалдырмай, онысын жалпақ жұртқа жария қылмай-ақ өмірде өнеге боп жүрген қарапайым отбасылар аз емес. Сол отбасылар туралы материалдарды оқырманға жиі ұсыну да қоғамдық санаға оң әсер етеді деп есептеймін. Қазақ әйелі қазақ жігітін құрметтесе,  ол азамат соған лайық болса, бүгінгі жиынның жетістігі сол болмақ!»

…Кең аудиторияны қамтыған келелі кеңесте азаматтың абыройы мен ердің мәртебесі туралы көп ойлар, тың пікірлер айтылды. Ендігі тілек – әрбір сөз жүйесін тауып, иесіне жеткей, жүректерден орын алып, саналарды сілкінткей, қазақ қоғамындағы азаматтың мәртебесі арта бергей!

  Бұл тақырыпқа модератор ретінде Гүлжан Қауашеваны бекер таңдамағанымызға өзгені қайдам, ұйымдастыру алқасы ретінде өзіміздің көзіміз анық жетті. Себеп, Гүлжан апай –талай шәкірттің зердесіне білім нәрін сеуіп, білім мен тәрбиені қатар сіңіруге атсалысқан, бүгінде бейнетінің зейнетін көрген шақта бір әулеттің аяулы анасына айналып отырған қазақ әйелі.

   Иә, кез келген қоғамда жауапкершілікті ауыстыру орын алғанда және әркім өзі одан бас тарта бастағанда хаос, берекетсіздік орын алады. Ер мәртебесінен айырылады, әйел болмысын жоғалтады, бала мейірімнен құр қалады, жас тәрбиесіз өседі, кәрі керексіз болады. Бұған жол бермеудің берекелі қадамы – ер жерге қарамайтындай батыл әрі аманат арқалайтындай жауапкершілікті, әйел азаматты сыйлай білетіндей ақылды әрі балаларға мейірімді, жас көргенін істейтіндей қабілетті, кәрі үлгі көрсете алатындай қазыналы болса игі. Солай болғай!

 Әрмен қарай, жыл қорытындысымен «Ел болам десең…» айдары атынан Қ.Кәрімге «Атақ ардан қымбат па?» «Өзекті тақырып», Г.Қауашеваға «Шебер модератор», С.Бәкетұлына «Ұтқыр пікір», С.Асановаға «Қырағы көзқарас», Г.Жарқынбаеваға «Зерделі тыңдарман» аталымдарының жеңімпазы ретінде естелік сыйлықтары табыс етілді.

Ақмарал ҚОСЫМБАЕВА,

Индербор кенті.

   Тобықтай түйін: «Зиялы деген кім? Зиялы дегеніміз – әрбір тарихи кезеңде, сын сағатында ұлттың алдындағы міндеттерді анықтаушы. Міндеттерді анықтап қана қоймай, іске асыратын тетіктерді белгілеуші»,- деген атақты тарихшы ғалымМәмбет Қойгелдінің пікірі де отбасылық қана емес, қоғамдық құндылықты қорғап, сақтаушы және дамытушының  бар болмысын айқындап тұрғандай емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?!