Жуырда Атырау қаласында білім беру ұйымдары басшыларының V республикалық «Director’s CUP» дебат турнирі өтті.
Соңғы бес жылдан бері түрақты өтіп келе жатқан бұл турнирге Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің 12 аймағынан 24 мектеп директоры бас қосты. Қатысушылар Америкалық парламенттік пікірсайыс (АПФ) және Линкольн-Дуглас (ЛД) форматтарында жоғары деңгейдегі аргументациялық және басқарушылық ойлау қабілеттерін көрсетті, көрерменге жалынды эмоция сыйлады.
Турнирдің басты мақсаты – білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби көшбасшылық әлеуетін айқындау, басқарушылық құзыреттерін дамыту, зияткерлік мүмкіндіктерін кеңейту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін арттыру, басқарушылық идеяларды талдауға деген аналитикалық көзқарасты жетілдіру және шығармашылық белсенділікті күшейту болды. Үш күнге созылған турнир аясында қатысушылардың тәжірибе алмасуына әрі кәсіби шеберлігін дамытуға бағытталған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал етуді, құқықтары мен мүдделерін қорғауды мақсат тұтатын «Атырау облысы Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, ұлттық құндылықтар мен халықаралық білім стандарттарын ұштастырған, жаңашыл ұрпақты тәрбиелеп жатқан оқу ордасы – Zerdeli international school Atyrau, ағылшын тілін терең меңгерген және халықаралық аренада бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыратын заманауи мектеп — Farabi Atyrau International School мектептері дебат турнирінің жүзеге асуын қолдап, оның өрісінің кеңеюіне, жоғары деңгейде өтуіне айрықша үлес қосып демеуші болды.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Шымкент қаласының «Ұлылар мекені» фракциясы ие болды. Екінші жүлдені жергілікті «Үйшік» фракциясы иеленсе, үшінші орынды Қызылорда облысының «Сыр дарыны» және Жамбыл облысының «Бауыржан Момышұлы» фракциялары өзара бөлісті. Сонымен қатар турнирдің «Үздік спикер» атағы шымкенттік Рахат Арғынбайға бұйырды.
Сөз додасының қорытынды жабылу салтанатына Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов қатысып, пікірсайыс алаңының маңыздылығын атап өтіп, турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
Аталмыш турнирдің демеушілердің бірі – «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы «ЛД финалисті» және «Үздік спикер» атлымдарының иегерлеріне арнайы марапаттар табыстап, демеушілік қолдау көрсетті.
Дебат турнирінің бес жылдық жолы оның тек зияткерлік сайыс қана емес, білім саласындағы кәсіби қауымдастықты біріктіретін, жаңа идеялар мен басқарушылық ойды дамытатын маңызды алаңға айналғанын көрсетті. Биылғы турнир де осы дәстүрдің өміршеңдігін айқындап, қатысушыларға тәжірибе алмасу, ой-өрісін кеңейту және жаңа серіктестік байланыстар орнату мүмкіндігін берді. «Director’s CUP» алдағы жылдары да өз миссиясын жалғастырып, білім беру саласындағы көшбасшылардың кәсіби дамуына серпін беретін маңызды алаң бола бермек.
Атырау облысы Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығы
