Осы күзде Индер аудандық балалар өнер мектебінде облыс пен республикаға танымал шығармашылық иесі, бірнеше жыр кітабының авторы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, биыл 75 жасқа толған Тілек Халинмен “Мен көктемді іздеймін» атты кездесу ұйымдастырылды.
Шығармашылық иесі оқырмандармен кездесуіне өзімен бірге ауылдағы галереясына қойылған бірнеше портреттері мен графикалық суреттерін де ала келіп, әрқайсысымен көпшілікті арнайы таныстыруы, сыр-сұқбат, жас суретшілердің байқауы, көрменің ұйымдастырылуы да кездесу мазмұнын байыта түсті.
Тартымды кешті аудандық кітапхананың оқырмандармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ақсана Сансызбаева «Кітап — елдің рухани байлығы. Ал сол байлықты көркем тілде сөйлететін-сөз өнері болса, оны бейнелеп, бояумен өрнектейтін-сурет өнері. Суретші — сол айнаға жан бітіруші, шынайы сұлулықтың жаршысы. Әрбір қылқалам ізі — жүрек үні, әрбір сурет — уақыттың мәңгілік естелігі»,-деп кестелі сөз өре ашты. Сосын кеш кейіпкерін төрге шақырып, сыр-сұқбатты бастап кетті.
Сахнаға сол сәтте суретші образына енген жас Жандос Байғұттиев көтеріліп, жағалай қойылған ардагер туындыларына үңіле қарап жүріп, «Мың бояуым — сырласым» атты өлеңін сазды әуен астында мәнерлеп оқыды:
Талай ер өткен жол ғой бізге дейін,
Бұрылып қарайладым ізге кейін.
Табиғат мектебінен үйреніппін,
Сезімнің парақтарын тізбелейін,-деп өзі жырлағандай, туған жер, кең даланың иесі, қаймана қазақтың тұрмыс-салты, тас-топырағы, өсімдігі мен ерке Жайықтың сылдырының мәнін әр ұланның іздеп жүріп, автордың бес өлең жинағын оқығанда ғана тереңдей ұғары анық.
Бұл кездесуде көпшіліктің назары бүгінгі өмірдің бір бейнесі сахнада орнатылған экранға, онда көрсетілген суретшінің ауылдағы галереясына ауысса, одан әрі Бақтыгерей Тілеубаев, Мұқтар Шеруен, Темірбек Мұқтаров сияқты қылқалам иелерінің игі тілектеріне ұласты. Ал сөз кезегі өзіне тигенде Тілек Халин қойылған сұрақтарға орай:
— Әріптестерім мені реалист суретші деп бағаласа да, өзімді реалист-романтик санаймын. Ал әріптесім Нұрым Ермағамбеттің менің шығармашылығымды талдап, этно-суреткер деген ойын білдіргені де көңіліме қонады. Негізі мен өткен тарих пен бүгінгі жарқын болашақтың арасындағы жалғастық, одан бір үлгі-өнеге алып, келешектің одан әрі де жақсылықтары мол бола түссе деген игі ойымды туындыларым арқылы көпке жеткізгім келеді, сол жолды ұстанамын, — деп сыр тербеген қонақ ақындық пен суретшілік жолдың бастауында тұрған қарапайым ауылдың ұстаздарын да еске алуды ұмытпады.
Солардың арасынан қашанда дәлдікті, нақтылықты сүйетін көңілімен балалық шағына оралып, Тәкең ең алғашқы суреті жапырақты салып, ұстазы Зинеп Тілекқабылова апайына ұсынғанында одан мақтау естуі бойына зор күш-қуат сыйлағанын, «сол жапырақ бүгінде бәйтерекке айналғандай көремін» деп толқығанда көпшілік те ду қол соғып қуаттады.
-Елім қандай болса, мен де сондай болғанды дұрыс көремін. Өмірдің мәні не? Бірінші байлық — денсаулық болса, екіншіге мен бостандықты қоямын, ал соңы сыйластық деп ойлаймын. Адам бір-бірінен тек өнер, білімі арқылы ғана дараланады. Оны Абай атамыз да жиі қайталаған ғой. Алғашқы өлеңімді оқушы шақта Төлеш Мамаев ағайымыз берген тапсырмаға сәйкес көктем туралы жазып едім. Кейін көптеген өлең кітапқа үңілдім. Қадір Мырза-Әлі, одан соң қолыма Мұқағали Мақатаевтың «Дариға, жүрек» атты өлеңдер жинағы тиіп, соны жанымнан тастамай алып жүріп оқыдым. Поэзия деген адамның әрбір сәттегі көңіл-күйін жұртқа жаятын өсекші сияқты ғой, сондықтан да оған аса ұқыпты қарағанды дұрыс көремін. Бәрінен де ұрпақтың амандығы керек. Жергілікті жердегі шығармашылық адамы кездесетін қиындықтар туралы кешке дейін айтуға болады, бірақ оған тоқталғым келмейді. Негізі кішкентай мақсатқа жетемін деп жүріп, үлкен мақсатты ұмытып кетуге болмайды. Соны жастарымыз білсе екен.
Шығармашылық адамына үлкен төзімділік, ізденіс, шабыт керек. Біз де балалардың руын сұрайды да, ұлтын ұмытып кетіп жатады. Бұл дұрыс емес, ең алдымен әркімде өз бойындағы тіршіліктің нәріндей бүлкілдеп жататын сезім Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазақ екенін мақтан етіп жүруі керек.
Қаймана қазақ сөздің қадірін білген, оны құрмет тұтқан. Сондықтан да әркез тірі шара өткізіп, ірі болуға ұмтылған. Қасиетті Дендердің тарихын, оның топырағы, әр тасы біздер үшін ыстық. Табиғаты, өнері мақтаныш боларлықтай өнегелі. Осыған дейін жерлесім Қойшығұл Жылқышиевтің қолдауымен бес жыр кітабымды шығардым. Соңғысын бүгін аудандық кітапханаға тапсырайын деп әкеліп отырмын. Оның да шыққанына біраз уақыт болды,-деп кездесу қонағы “Қайран, сөз” атты жинағын ұжым басшысы Дина Әреноваға табыстады. Өнер мектебіне «Тамыз» натюрмортын сыйлады. Кездесу алдында өзінен білгеніміздей, живопись, графика, поэзия, философиялық ой толғамдары, өзі туралы жазылған 10 шақты мақала топтастырылған «Сезім бояулары» атты үлкен кітап-альбомын шығармақ ойында бар екендігін де айтып қалды.
Әрине, жомарт жүректі туған жерін сүйе білетін қолдаушы, кең пейілді кәсіпкер, болмаса жергілікті бюджет тізгінін ұстаған көзі ашық, көңілі ояу жан табылса, қылмалам шеберінің бұл мақсаты да орындалар деген үміттеміз.
Қалың жұртты көркем әдебиетті оқуға, сурет өнерін түсіне білуге шақырған кездесуде кітап оқырмандары, суретші-ұстаз Гүлшара Шәмшенова (атақты суретші Мұхит Қалымовтың балдызы), ауданның Құрметті азаматтары Серік Жұқиев пен Бақыт Қарекешова, мұғалім Төремұрат Ізмұқанов, кәсіпкер Игілік Қанатов, журналист Сүйеу Халықов, зейнеткер Мұрат Қансұлтанов, тағы басқалары өз ойларын ортаға салды. Сол ойлардың арасында аудан мәдениетінің майталмандарын, сонау жылдары осы саланы басқарған Мақсым Елеуов, өнерпаздар Зәмзам Дәуітов, Жұмаден Тәжіғали, ақындар Сансызбай Базарбаев, Базарғали Суханқұлов, Мұрат Қазиханов, суретші Әділхайыр Жантасов еңбектерін ұлықтау шараларын жүйелі өткізу, шығармашылық еңбектерін жинастырып, жариялау, мүшәйра, көрмелерін ұйымдастыру сынды ойлар орынды естілді.
Аталған кездесудің маңызын «Дендерге күз келді» атты өнер мектебіндегі сурет сыныбы оқушылары арасындағы шағын байқау да байыта түсті. Суретшілік жолды таңдаған бес оқушы сол бойда салған суреттерін мерейгер бастаған қазылар алқасы бағалады.
Жалпы тартымды кездесуді кітапхана директоры Дина Әренованың Тілек Халинге арнайы Алғыс хат табыстағанымен тәмамдай салсақ, оның сыртында кейіпкеріміздің жалпы болмысы, тәжірибесі мен қызметі, көңілге келген бірқатар ойлардың өрісі тарылып қалатындай. Сондықтан да әлемді ақпарат билеген заманда көп нәрсеге сенудің өзі қиындап тұрса да әйгілі Пикассоның бір картинасы 25 миллион долларға өтіпті деген хабарды естіп, мұнысын енді шындыққа сайдық. Оны суретшілер өңірі атана бастаған дендерліктер де жоққа шығармас.

Әрине, қыл қалам, майлы бояумен әспеттелген бір ғана полотно күндіз күлкі, түнді ұйқысын қашырған бірқатар байлардың сан мың малы мен дүние-мүлкін қоса алғандағы қаржысын да мың орайтыны кәміл. Бірақ мұнымен бар қазақты таңқалдырудың өзі қиын-ақ. Өйткені, біз суреттің мәнін ұғып, салмағын әлі сараптап үлгермеген, үнемі өзгеге еліктеп жүретін санаттағы жұрт екенімізді әлем біледі, әрі әзілкештердің өзі де оны талай сын садағына іліп жүргені аян.
Дегенмен көңілімізде мұнайлы өлкенің бас шаһарынан 150 шақырым жердегі шағын Бөдене ауылында жеке галереясын ашып, қаламынан күн күлдіре сан салалы сурет салып әрі жүрегінен жыр төккен талантты ақын, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тілек Халиннің мерейлі 75 жасқа толуы әлі де жергілікті жерде өз дәрежесінде ескерілмеген шаруалардың бірі сияқты көрінеді де тұрады. Әрине, осы жылы әлеуметтік желіден бөденеліктер жиылып, жерлес суретшінің мерейлі жасына орай кездесу өткізіп, көрмесін ұйымдастырғанын естіп бір риза болыстық.
Десек те, топырағынан Мұхит Қалимов, Әбдірашит Сыдыханов, қазақтың алғашқы гобеленшісі Лиза Қалимова (Шамшенова) мен Әділқайыр Жантасов, Рафаэль Слекенов, Темірбек Мұхтаров,сынды тағы да басқа талантты суретшілер шыққан өңірдің ордасында бір дүбірлі кең көлемдегі мереке орын алмай, “айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының” кебін кигендейміз бе қалай өзі?!
Шүкір, әлсін-әлі қыл қалам шеберлерінің туындылары Алматы, Астанамен қатар Атыраудағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастырған бірнеше көрмелеріне қойылып, әлденеше жинақтарға енгені көңілге қуаныш ұялатады.
Адамды әркез өзге бір таным мен терең түйсік, болмысқа жетелейтін ғажайып туындылары мен еңбектері енген кітаптардың ішінде біздің бүгінгі кейіпкеріміз, сырт көзге бұйығып жатқан ауылдың қарапайым суретшісіндей көрінетін Тәкеңнің де 50-ден аса еңбегін көріп, төбеміз көкке жеткендей болғаны рас.Оның біразымен жақында осы мақаланы дайындау барысында Индер аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған арнайы көрмеге қойылған деректер мен кітаптарға тағы бір үңіліп, танысып шықтық.
Өкінішке орай Т.Халиннің 700-дей графикалық, 100-ден аса кескіндеме, живопистік картиналары және 300-дей өлеңді өмірге келтіргенін бір деректен оқысақ та, оның өзгені айтпағанда аудандағы мәдени-көпшілік орындарда, басқа да білім ордаларында ілініп тұрғандары бірен-саран ғана екенін мойындауға тура келеді. Рас аудандық мәдениет үйінің дәлізінде көптен бері үлкен («Жерұйық» болса керек) бір полотносы көз тарта ілініп тұрған-ды.Ал өзге ауылдардағы мәдениет үйлері мен музейлерді, мектеп, балабақшаларды да дәл осы үлгідегі туындылармен қамтамасыз етсе несі айып?! Оның барлық туындылары да өзіміз жиі айтып, жиын сайын ұрандайтын отаншылдық, патриоттыққа, имандылыққа үндейтін,туған жердің әсем табиғаты, ата-анаға, балаға сүйіспеншілікке, сағынышқа, мәңгі жастық ұғымдарға шақыратын пәк сезімдер, бастысы әсемдікке үндейтін көркем дүниелер емес пе?!
Көкшетаудан үш тілде жарық көрген «Бояу — әлем, сезімім не дер екен?!» атты жинақтың алғы сөзінде суретші туралы әріптестері “Тағылымы биік суретші шығармаларында тақырып таңдауы өнер туындысының іргетасы. Біздің ұлы тарихымыз, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, аңыз әңгімелер мен көне жырларымыз суретші шығармашылығының негізгі өзегі, арқауы болған. Сондықтан суретшінің қай туындысы болмасын, көз салсаң, қазақ даласының ерке самал желі, жусан иісі шығып тұрғандай. Шығармашылық жұмыстар қайсар, өршіл рух, лирикалық сыршыл сезім, қуаныш пен үміт отын ұялатады. Жазған жұмыстарының көпшілігі дерлік жылдар бойына сұрыптап, ой елегінен өткізілген жүрек түкпірінде жүрген жанына жақын дүниелер өзіндік стильде бейнеленген.
Халин шығармашылығы мен оқытушылық қызметінде суреткерлікті, ақындық өнер өрнегін күрделі қасиетке айналдырып алғаны көрінеді. Шығармашылығыңызға шабыт тілейміз!-деген Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айса Отаралиевтің сол жинақтағы пікірі ерекше өзекті естіледі.
Облыстық, республикалық көрмелер мен планэр, симпозиумдар мен көптеген байқаулардың тұрақты қатынасушысы, жүлдегері, диломанты Кендір Отарбай:
-Тілек Халиннің шығармашылық кескіндемелік, графикалық жұмыстарының туған ауылға, өлкеге сүйіспеншілік, балалық шақта өткізген тұмса табиғат ортасын поэтикалық, көркем пластикалық тұрғыдан сомдау — бұл нағыз шығармашылықтың шырқау кезеңі.
«Дала сазы», «Жерұйық», «Мәңгілік үміт», «Желтоқсан желі», тағы басқа өз өлкесін, Отанын шексіз сүйген қылқалам иесінің шығармашылық жұмысының күш-қуаты, қайнар көзі десем, артық айтқандық болмас. Әріптесім, Тілек Халинге алдағы уақытта шығармашылық шабыт, зор денсаулық тілеймін,-деп қайырған тілегі де көп жайдан хабардар етеді.
Тәкеңді басқа суретшілерден даралап тұратын басты қасиеті — оның қарапайымдылығы және де жай қарапайымдылық емес — текті қарапайымдылық», — деген жерлесіміз Темірбек Мұхтаровтың ойы да кеш кейіпкерінің бітім-болмысын, оның шығармашылығынан танылатын мінезін де тап басқанына ерекше риза боласың.
Шынында да үңіле қарасаңыз, майлы бояумен салынған «Дала сазы» суретінде қоршаған орта мен адам сезімі арасында ұшқыр арман мен мөп-мөлдір сыр мен-мұндалайды. Көк шалғын жайлауда мал жайып жүрген қос бойжеткен шаштарын әсте самал желге ғана жеңіл себезгілеуге ерік беріп, сыр тербетіп отыр. Бірінің тізесінде кітап не өлең шумақтарына, әлде сырға толы қойын кітапшасын қойып, екіншісі-иығындағы қамшысын сәл түзете, қос тезісін құшақтай кейін шалқая тағы бір асау арманға еріксіз берілгендей қалып танытады…
Мұндай еркіндікті атың өшкір соғысқа кеткен ұлын күткен ана бейнеленген «Мәңгілік үміт» атты суреттен көре алмайсыз. Өртенген танк, құлдилаған қос аққу, шалқасынан туған ай, бес тал қара қой мен ешкі, ескірген терезе мен сығырайған шам, әлдеқашан суып қалған самауыр, ескі ұршық — бәрі де бұл үміттің мәңгілік екенін айқын ұқтырып тұр.
«Жерұйық», «Желтоқсан желі», «Мәртебелі көктем», «Желмая», «Ескі қыстау монологы», «Ана бейнесі», «Бақытты балалық», немесе графикалық «Жастық пен кәрілік философиясы», басқа да туындылар сырына үңіліп, автордың айтпақ болған ойын ұғуға ұмтылу әркімге де әсте қажет-ақ. Өйткені, өмірдің өзін, оның шығармашылық еңбекпен ұғындыру, ойланту әрбір қылқалам иесінің мақсаты. Ал ұғыну мен ойлану ол бірін-бірін қамшылайтын түпсіз терең мәңгілік тылсым шығар сірә.
Міне, осы туындылардың барлық сырын қалың көрерменге ұқтырып, танымдарын, тіпті мәдениетімізді кеңейте түсу үшін қажетті жұмыстарды тиімді атқару жолында жиі-жиі түрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастырылып тұруы керек-ақ. Құрылтайда жиі көтерілетін халықты мәдениетке, руханиятқа тәрбиелеп, танымды кеңейту тек алаң, бақтардағы жарқ-жұрқ еткен бір сәттік шоуларда емес, осындай салмақты ой түйетін галерея, көрмелердің де орны өте маңызды. Сондықтан да болашақта Бөденеде ашылып, жұмыс істеп тұрған Т.Халиннің галереясын да аудандағы қонақтар жиі келетін Тұзды көл, Димаш төбе — Қыз әулие — Махамбет — Малайсары — Мұрат туристік соқпағына да қосылғаны дұрыс болар еді. Өйткені, баршаның танып-білгісі келетін тарих, руханият, туған жер, оның табиғаты мен адамдарының мәдениеті, қасиеттері мұнда да тұнып тұр.
Әдетте суретші Тілек ағаны сөзге тарта қалсаңыз, ол — бейнелеу — жүрек өнері екенін ұқтырады. Онысын сонау бір жылдары өзі де жиі байланысып тұратын «Дендер» газетінде талай жариялады. Ол газетті көркемдеу ісіне қатысты жұмыстарға да кеңесін беріп, кезінде айдарлар мен тақырыптарға суретті клишелер дайындаған кездеріміз болған-ды.
Әңгімені бейнелеу жайына ойыстырғанда Тілек ағамыз бірде: -Бөдене орта мектебінде ширек ғасырдай ұстаздық еткен кезімде өзімше жоспар құрып, төрт бағытта — пәндік сабақтар, бейнелеу үйірмесі, мектепті безендіру мен өзімнің шығармашылығымды дамыту бойынша жұмыс істедім.Адал еңбегімнің арқасында аудандағы әріптестеріме сыйлы болдым. Облысқа да танылдым. Елге көркем тәрбие беру жұмысына да үлесімді қосыппын,- дегені айна-қатесіз шындық.
Мұғалім мен суретшілікті қатар алып жүріп, әуелі шәкірттерінің бойына эстетикалық тәрбиенің дәнін сеуіп, оның айналасына, қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастыруға көп еңбек сіңіріп, тер төкті. Әрине, мектеп бітірген бар шәкірттің суретші болып шығуы заңдылық болмас, бірақ олардың бойында өнерге деген сүйіспеншілік, таным, ізгілік, құрмет сезімдері қалыптасса, соның өзі аз шаруа емес.
Сол кезде де, қазір де ауыл азаматы ретінде Тілек Халин: — Бейнелеу өнерін ауылдық жерде дамытып, оны жұртшылыққа насихаттау — алдымен үлкен ерік-жігерді, жергілікті басшылармен тіл табысуды, жас таланттарды іздеп табуды, білім мен қабылетті талап етеді. Ел тарихына құрмет, табиғатты сүю, қазақ қолөнерінің қыр-сырын балаларға түсіндіру, қызықтыру, өнерге баулып, ерінбей-жалықпай іздену өнерге құштарлығымның арқасында жүзеге асты,- дегеннен әсте жалықпайды.
— Негізі мектептегі үйірмеге жетекшілік етіп, оқушыларды оған қатыстыру үлкен төзімділікті қажет етеді. Жалпы үйірмелердің балдырғандарға берері көп. Ол өз алдына үлкен әңгіме. Жас талапкерді композицияға, натураны зерттеуге, түс қолдануға, штрих-контурға, пропорцияны меңгеру, тағы басқасын үйрету кезеңдері өз ерекшелігімен есімде қалды. Үйірмеге алғаш қатысқан Асқар Сәумеков, Тельман Қуанышбеков, Бектас Дәулетов, Асылбек Қоңыров, Шынболат Әлиев, Айгүл Тілекқабыловалар сурет салуды тым-тәуір игеріп еді,-деген ұстаздың бірқатар шәкірттері бүгінде өзінің ізін қуып, сол салада еңбек етуде.
Сөз соңында бүгінде үш жиырма бесті бағындырған ауыл суретшісі Тілек Халин ағамыздың бес өлең кітабын шығарған танымал ақын екенін де еске сала кеткіміз келеді. Азаматтың кезекті «Дала рухы» деген кітабына филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қадыр Жүсіп ағамыз былайша пікір жазған болатын: — Ақынның «Дала рухы» өлеңдер жинағын қайта-қайта оқып шықтым. Кітапқа 130 өлең еніпті. Бұл дегеніңіз ақын қаламының туған соншама мол дүние деп бағаладым. Егер бұрынғы үш жинағында барлығы 237 өлеңін жарияласа, қазіргі жинағымен қосып есептегенде 400-ге жуық өлең жазған. Ал, қолжазба дәптерінде әлі мол дүние болуы мүмкін. Бұл деректерді әдейі келтіріп отырмын. Бұл ақынның сөз өнеріне деген құштарлығын, еңбекқорлығын көрсетеді дей келе, міне,елде, қазақтың кең даласында, қазақы болмыста, дархан қазақтың шалқыған көңілінің шуағына малына өскен, тамырын тереңге жіберген, өлеңмен жемісін төккен бәйтеректей Тілек Халин шығармашылығы жайлы қысқаша айтарым осы. Жырдың ұзақ жолында сапарың оң болсын!- деп жазған екен.
Міне, осымен бұл мақаланы бітіре салсақ болар еді, бірақ бірнеше туындысы Түркие, Италия, Польша асқан суретші әрі ақын азаматтың сырттай білім беру халық өнері университетінде оқығанын, Мәскеуде өткен шығармашылық байқаудың лауреаты атанғанын, республикалық «Махамбет Өтемісұлы» атындағы және халықаралық «Талант» сыйлықтарының иегері болғанын да атап өткен артық болмас.
Қысқасы өркениеті дамыған алып қалалардан тысқары жатқан ауылда туып-өсіп, алаңсыз ұрпағын тәрбиелеп, әрбір шәкіртін шыңға шығаруға аянбай еңбек еткен, зейнет жасында да шығармашылығының шырағын сөндірмей, көркем өнер мен ақындық дәстүрдің тізгінін тең ұстап келе жатқан ағамызға деген сый-құрмет иненің жасуындай болса да бәсеңсуі тиіс емес. Тілек аға, Сізге тек денсаулық, әлі де шалқыған шабыт тілейміз.
С. ХАЛЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Индер ауданы,
Бөдене ауылы
