Халық арасында «Тазбала» атанған халық күйшісі ел ішіндегі көнекөз қариялардың айтуынша, Есбай 1842 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының маңындағы Саркөл деген жерде дүниеге келіп, 1910 жылы қайтыс болған. (Халық күйшісінің нақты қай жылы туғаны мен пәниден озғаны белгісіз — А.С.).
Есбайдың әкесі Балтаұста байдың малын бағып күнелткен кедей, он саусағынан өнер тамған, сол маңға атағы жайылған айтулы шебер болыпты. Аздап домбыра да шертеді екен. Әкесі баласын өзінің қолдан жасаған күмбезді домбырасының үнімен жұбатады. Әке достастырған домбыра Есбайдың ес біліп, бай малының соңына ерген кезінде де қолынан түспейтін жан серігіне айналады. Есбай 10-11 жас шамасында атасы Ерназардың қолына барып паналайды. «Кімнің баласысың?» деп сұрағандарға «Ерназардың ұлымын»- дейді екен.
Есбай жас кезінен бастап-ақ кісі малын баққан. Оның мал бағудан құтылып, домбырашы бала атануына мынадай жағдай себеп болыпты. Есбай есігінде жүрген байдың үйіне бірде Шернияз ақын келіп түседі. Кешкісін мал өрістен келгенде бай Есбайды үйіне шақыртады.
Ол: – Домбырада қалай едің, бізге бір күй тартып берші, мына Шернияз атаң да тыңдасын,-дейді.
Есбай: – Көп күй білмеймін, тек аздап шертетінім бар еді,-деп бір күй тартып береді.
– Шырағым, мынау қандай күй?- дегенде, «өзімнің үйімнің төрінен осы дастарханның шетіне келген аралықты суреттеп едім,-депті ол.
Осы кеште тағы да бірнеше күй тартқан жас күйшінің өнеріне сүйсінген Шернияз ақын Есбайға бата береді. Сөйтіп ол Шернияздың арқасында мал бағудан құтылады.
Ал Шернияз Жарылғасұлы 1807-1867 жылдары өмір сүрген қазақ ақыны. Исатай Тайманов бастаған Кіші жүз қазақтарының көтерілісіне қатысып, отты жырларымен көтерілісшілерге дем, шабыт берген.
Байдың Есбаймен шамалас ұлы болады. Есбай соған еріп, ел арасындағы той-думандарда көріне бастайды. Есбай болмаған жерлерде той иесі «Тазбаланы әкел» деп, арнайы шақырттырып алып, домбыра тарттырады екен.
Есбайдың алғашқы қадамы осылай басталады. Кейіннен ол ел аралап, күй тартып өнерін дамытуға бой ұрады. Оның есте қаларлық елеулі сапарларының бірі – Кіші жүздің басқарушысы Қаналы төренің әкесіне берген асы. Бірде Қаналы төре «бәйгеге қосар аттары, белдесер палуаны, сөзге жүйрік шешені, билік айтар биі, әнші, жыршы, күйшілері болса түгелдей қалмай, қамдана келсін» деп Кіші жүзге тегіс хабар айтады.
Осы жиынға баруды өзінің баласына тапсырған бай және оған «Есбайды өзіңмен бірге алып бар, сенің атағыңды сол шығарады» деп ақыл айтады. Есбай мен бай баласы Мырза асқа екі ай дайындалады. Мерзімді күн келгенде Есбайлар ас беретін Қаналы төре еліне жүріп кетеді. Содан ас беру жиыны басталады. Ол бірнеше күнге созылады. Күн сайын өнердің әр түрінен сайысқа түсіп жатқан ел жақсылары, өнер иелерінде есеп жоқ.
Кезек күйшілерге келген күн. Әлімнен келген домбырашы Тоғызбай мен Жетірудан Алтынай күй тартысына түседі. Осы атақты екі домбырашы бірін-бірі жеңе алмайды. Сыншылар бірінші байрақты қайсысына берерін білмей, айтысқа түседі. Бұл дау қыза-қыза екі рулы елдің арасындағы үлкен жанжалға ұласады. Осы кезде Есбайды ертіп келген Мырза көпшілікке тоқтау айтып былай дейді:
–Жарандар! Егер екі жақта келісіп, ризашылықтарын берсе, менің бір жолдасым бар еді. Бұған төрелікті сол айтсын және де сөзбен емес, күймен шешеді бұл дауды,- депті. Екі рулы ел ризашылықтарын беріп, рұқсат етеді. Есбай ортаға шығып, домбыраның бұрауын келтіре бастайды. Бір сәт тына қалған жұрт мынаның түрткені де күй, шерткені де күй ғой деп таңданады. Осы жерде тартылған күйді жиылған халық «Ел айырылған» деп атапты. Себебі дауласқан екі рулы елді бітістірген осы күйдің күші еді.
Есбайдың ұлттық мәдениетімізде алар орны ерекше, ал оған сіңірген еңбегі өте зор. Алғаш рет Есбай туралы деректер келтіріп, күйін нотаға түсірген көрнекі ғалым, этнограф Александр Затаевич еді. Кейін Есбай туралы мәліметтер бергендер Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Тмат Мерғалиев, Хаджы-Мұрат Қыдырбайұлы болды. Бұл зерттеушілер күйшінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты ашуға тырысқан.
Есбай туралы әңгіме бола қалса, есімізге профессор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Айтжан Тоқтаған аға келе қалады. Бұл атақты ғалыммен өткен жылы Есентемір Мыңбай батырға арналып берілген ас та кездескен едім. Онда сондай-ақ палуан күресі, қой көтеру, күйшілер байқауы өткен болатын. Асқа Астанадан құрметті қонақ ретінде шақырылған ағамызбен Есбай атамыз туралы әңгіме- дүкен құрудың сәті түскен еді.
Осы жерде бірден айта кетейін, Айтжан аға осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын, яғни 1996 жылдан бастап Есбайдың күйлерін алғаш рет жинақтап, нотаға түсіріп, 29 күйін жарыққа шығарған екен. Екеуара болған әңгімелесу кезінде Есбай атамыз туралы біраз тосын, тың деректерге қанық болдым.
Ғалымның айтуынша, Есбайдың өмірі мен күйлеріне қатысты көптеген мәселелер осы күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Мәселен, оның өмір сүрген жылдары туралы әр түрлі пікірлер айтылады. Оның ойынша, бұл әрине, жан-жақты зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе. Күйші Есбайдың өмір сүрген жылдарын анықтау үшін нақты деректер қажет. Ондай деректер жалпы ауызша дамып жеткен музыка өнері тарихында аз сақталған. Сол себепті біз көп жағдайда түрлі болжамдар айтып, күйшілердің өмір жолдарына қатысты пікірталас тудырып жүрміз.
Мысал ретінде Құрманғазының өмір сүрген жылдарын айтсақ та жеткілікті. Біздің ойымызша, осындай мәселені анықтау үшін нақты деректермен қатар, жанама деректерді де ескеру керек сияқты. Сондай деректерді күйлердің атауларынан табуға болады. Баршамызға мәлім, қазақ күйшілерінің туындылары көп жағдайда автобиографиялық болып келеді. Осыны ескерсек, күйдің дүниеге келген кезеңі немесе уақыты шығарманың атауында орын алуы заңды құбылыс деп есептеуге болады. Мәселен, Есбайдың «Екіндіде ел іздеген», «Қартайғанда қапы дүние», «Өттің, дүние», « Әләйім жалған», « Дөң асқан», «Қара жорға», «Жібек шалма» деген күйлерін автордың соңғы туындылары қатарына жатқызуға болады.
Енді осы күйлердің атауларын талдап көрсек, қазақта «Дөңасқан» деген сөз тіркесі «алпыстан асқан» деген мағынаны білдіретіні ойға келеді. Ал халықтың тәулік уақытын есептеу жүйесі бойынша «екінді» сөзі кешкі жеті мен сегіздің арасын белгілейтіні анық. Қарттар кейде өзінің жасын тұспалдап «екіндіден астым» деп айтып отырған. Онысы «жетпістен асып, сексенді алқымдадым» деген сөз. Есбайдың «Екіндіде ел іздеген» деген күйі осы жас шамасында дүниеге келуі әбден мүмкін.
Есбайдың келесі күйі – «Қара жорға». Тоқсанға жетіп, одан асқар қариялардың жасын сұрағанда олар: «Қарағым, қара жорға мінетін кезім келді» деп жауап берген екен. Ал әйел заты тоқсаннан асқанда: «Қарағым, ұзатылайын деп отырмын» деген екен. Осыған қарап, Есбай «Қара жорға» күйін тоқсан жас шамасында шығаруы мүмкін. Ал оның «Қартайғанда қары дүние», «Өттің, дүние» туындылары күйшінің тым қартайып, базарының тарқағанын көрсететін сияқты. Сонымен, Есбайдың жоғарыда аталған туындыларына қарап, оның қайтыс болған жылын нақты айта алмасақ та, күйшінің ұзақ ғұмыр сүргенін байқай аламыз»- деп ой-тұжырым жасайды ол.
Сондай-ақ профессор Александр Затаевичтың «Қазақтың 500 әні мен күйі» кітабындағы «Есбай жас кезінен «Таз бала» атанып кеткен» деген дерегін былайша сабақтайды: «С детства грязный, с паршой на голове (отсюда его прозвише «Тазбала» — «Плешивый мальчик») уходил в могиле, старые колода…, и там всецело отдавался свой музыке».
Яғни ғалым ағамыздың пайымынша, қазақтың дүниетанымы бойынша зират немесе құрғап қалған құдық қасиетті жерлер болып саналады. Сол жерлерде адамдар аруақтармен тікелей байланыса алған. Халықтың түсінігі бойынша, домбырашы шебер орындаушы болу үшін зиратқа барып түнеп шығуы керек. Есбай өзінің күйшілік шеберлігін жетілдіру үшін зиратқа барып, аруақтардан қолдау сұрап отыруы әбден мүмкін.
Есбай шын мәнінде таз болды ма, жоқ па — ол туралы біз нақты айта алмаймыз. Халық аузындағы әңгіме бойынша Есбай сияқты басқа күйшілердің де денесінде ерекше белгі болған екен. Мәселен, Байжігіт пен Құрманғазы сияқты Есбайдың да бойына біткен ерекше қасиеті болғанын байқаймыз. Сол қасиеттерінің арқасында бұл күйшілер домбыра өнерінің биік дәрежесіне жеткен.
Есбай өзінің өнер жолында Дәулеткерей үлгісін нық ұстанғаны көрінеді. Сонымен қатар бүкіл Атырау, Бөкей ордасы, Жем мен Сағыз бойын көктей өтіп, Махамбет, Адай сарындарын кеңінен пайдаланған. Құрманғазы күйлерімен де жақсы таныс болғандығы байқалады. Мысалы, «Ел айырылған» және «Кеңес» күйлері Құрманғазының «Машина» атты күйін еске түсіреді. Ал «Кербұқа», «Бөгелек», «Ақ ілме» күйлері Маңғыстау домбырашыларының салған өрнегінен елес береді. Бір сөзбен айтқанда, Есбай өз заманының күй дәстүрлерін толық меңгеріп, соларды өз шығармашылығында қолдана білген. Сол арқылы өзінің ерекше, қайталанбас орындаушылық мектебін қалыптастырған тұлға.
Есбайдың стильдік үлгісі кейін өмір сүрген Қауен, Қазанғап, Мәмен, Сәулебай сияқты күйшілердің шығармаларынан байқалады. Қазіргі кезде осы орындаушылық үлгіні әрі қарай дамытуға және насихаттауға зор үлес қосып жүрген маңғыстаулық дүлдүл күйші Сержан Шәкіратты ерекше атауға болады. Сәкеңнің орындауында Абылдан бастап Есір, Құлшар, Өскенбай, Мұрат және тағы басқалардың, бір сөзбен айтқанда бүкіл тұтас бір өңірдің күйшілік дәстүрі ғылыми айналысқа еніп, ел игілігіне айналды.Соның ішінде, әсіресе, «Үш ананың тартысы» атты айтыс күйден (6 күй), Есбайдың тартқан әйгілі «Теріс қақпайы» Сәкеңнің орындауында қазақ күй мәдениетіндегі теңдесі жоқ шедеврге айналып отырғанын баса айтуымыз керек.
Қазіргі кезде осы Есбай тартқан алты күй орындаушылардың репертуарына кіріп, концерттік сахналардағы ең үздік шығармалардың біріне айналып отыр. Есбайдың күйлерін осындай биік дәрежеге көтерген Сәкеңе ризашылығымыздан басқа айтарымыз жоқ. Өзінің үздік өнерімен ұзақ өмір сүріп елді қуанта берсін дегіміз келеді.
Міне, осылай Есбайдың мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа, күйшіден-күйшіге өтіп бізге жетті. Кезінде белгілі себептердің салдарынан көлеңкеде елеусіз қалған Есбайдың өмір жолы мен шығармашылығы–бүгінгі күннің басты тақырыбы. Келешекте оның шығармашылығы үлкен зерттеудің нысанасына айналады деп сенеміз.
Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
