Әңгіме
Бір күні жоқшылықтан жадап-жүдеген кедей, ауылдың соқпақ жолымен жүріп келе жатты. Тозығы жеткен күртешесі желге желбіреп тұрды. Аяқ киіміне әр қадам сайын шаң кіріп, әбден мазасын алды. Кедейдің аты – Төрехан еді. Демалыссыз жұмыс істейді, бірақ нәпақасы ештеңеге жетпейтін.
Сол күні де Төрехан ауылдан шығып, таудың етегіне қарай бет алды. Ішінде толған сұрақтар, басында бітпес уайым болды. Ол өз өміріндегі сәтсіздіктің себебін түсінбей әлек.
– Неге басқалардың жолы үнемі ашық, ал менің істегенімнің бәрі кері кетеді?- деп ойлады ол күрсініп.
Сол мезетте алыстан таяқ ұстап келе жатқан, жүзі нұр шашқан, көпті көрген бір дана қарт көрінді. Қарттың көзінде әлдебір жұмсақтық пен көрегендік бар еді.
Төрехан қарттың жолын кеспей, жанына тоқтап сәлем берді:
– Ассалаумағалейкүм, ата. Жолыңыз болсын.
Қарт жылы жымиып:
– Уағалейкүмассалам, балам. Неғып жүдеу тартып, еңсең түсіп барасың?
Төрехан терең күрсінді.
– Ата, өмірімде береке жоқ. Қайда барсам да, жолым болмайды. Ақшам жетпейді, денсаулығым күннен күнге әлсіреп барады… Неге бұлай? Мен қай жерден қателестім?
Қарт оның жүдеу жүзіне бір қарап қойып, таяғын тасқа тіреп:
– Ендеше, балам, отыр. Қазір саған бір әңгіме айтып берейін. Бірақ тыңдасаң– жүрегіңмен тыңда, — деді.
Екеуі тау етегіндегі үлкен тастың үстіне жайғасты. Қарт әңгімесін асықпай бастады:
– Ерте заманда бір хан өз уәзірлеріне үш қап береді. Бірін алтынға, бірін күміске, ал үшіншісін қарапайым тастарға толтыруды тапсырады. Бірақ қаптардың бетіне ештеңе жаздырмайды.
Күндердің күнінде хан уәзірлерін жинап алып:
– Енді осы қаптарды жерге көміңдер. Он жыл өткен соң қайта қазып аласыңдар,- дейді
Он жыл зулап өтіп, сол қаптар қайта қазылып алынады. Бәрі күткендей: алтын – алтын күйінде, күміс – күміс күйінде, ал тастар — сол күйінде тұр екен.
Сонда хан:
–Кісі де дәл солай, — дейді.
–Көп адам өз жан қалтасына тастар – өкпе, реніш, жалқаулық салып алады да, менің өмірім неге ауыр?- деп таңырқайды.
Қарт сөзін аяқтап, Төреханға бұрылып:
– Сен өз жүрегіңе не салып жүрсің, балам?
Төрехан үнсіз қалды. Ол алғаш рет өзін іштей саралады:
–Рас, менің жан дүниемде реніш көп… Өткенге өкпе бар, өзгелерді қызғану да бар. Ал жақсы ой, ізгі ниет аз…
Қарт оның ойланып қалғанын көріп, әңгімесін жалғастырды:
–Сен байлықты не деп ойлайсың, балам? — деді қарт.
– Ақша шығар… Үй, мал, атақ…- деп қысқа жауап берді Төрехан.
Қарт басын шайқады:
–Жоқ, байлықтың ең үлкені – рухани байлық. Таза жүрек, үнемі ізденіс, тәубе, және ең бастысы – шағымданбай еңбек ету.
Сосын қарт жерден бір құмалақ алып:
– Мынау – адамның тағдыры тәрізді. Егер адам шағымдана берсе, өзі-ақ төмен түсіп кетеді. Ал адам жақсылық жасаса, өзіне сенім қосып, жоғары көтеріледі. Тағдырды көтеретін –ниет.
Төрехан сол мезетте өзінің өмірінде көп нәрсеге кінә артқанын түсінді: тағдырға, өз бақытына. Бірақ өзі ешнәрсені өзгертпеген.
Қарт оның ішкі дүниесін оқып қойғандай сөзін жалғады:
– Кей адамдар «маған ешкім көмектеспейді» дейді. Бірақ өзі ешкімге көмектескісі келмейді. Кейбірі «менің жолым ауыр» дейді, бірақ әрекет етпейді. Сен алдымен ойыңды түзет, балам. Ой түзелсе – өмір де түзеледі.
Төрехан жүрегінде тыныштық орнағанын сезді. Күн еңкейіп, тау үстін алтын түске бояғанда, қарт орнынан баяу көтерілді:
– Балам, мен саған үш кеңес айтайын. Егер осы үшеуін ұстансаң, кедейлігің де, жоқшылығың да сені жеңе алмайды.
Біріншіден, қолыңда барға шүкір ет.
– Шүкір еткеннің ырысы артады. Шүкірсіздің қолындағысы да қашады.
Екіншіден, үнемі бір жаңа нәрсе үйрен. Білім ізденген адамның несібесі көбейеді. Өзгеріс білімнен басталады.
Үшіншіден, жақсылық жасаудан қашпа. Жақсылық айналып иесіне келеді. Жақсылық қайтпай қалатын жол болмайды.
Қарт осыны айтып, таяғын көтере бір нүктені көрсетті:
– Анау жол екіге бөлінеді. Бір жол – бұрынғы әдетіңе қайта әкеледі. Екіншісі – жаңа өмірге бастайды. Таңдау – өз қолыңда.
Төрехан қартқа басын иіп, алғысын айтты. Қарт алыстаған сайын бейнесі бұлыңғырланып, көзден ғайып болды.
Сол күннен кейін Төреханның өмірі өзгерді. Ол шағымдануды қойып, әр күнін жоспарлаудан бастады. Қолынан келгенше адамдарға көмектесті, анасының жанында болып, бос уақытында жаңа кәсіп үйренді. Ақшасы көбеймесе де, ырысы артты. Ішкі дүниесі тыныштық тапты.
Бір жыл өткен соң ол бұрынғыдай жүдеп-жадаған емес, жүзі жылы, көңілі кең адамға айналды. Төрехан өз өмірінің өзгеруіне себеп болған адамды іздеп тапқысы келді, бірақ ел арасында әлгі қартты ешкім танымады.
Сонда бір қария:
– Ол кісі бізде тұрмайды. Кейде өмір тауқыметін тартып жүрген адамдарға көрініп, өмірін өзгертуге кеңес береді екен. Даналық адамды өзі табады, — деді.
Төрехан күлімдеп, аспанға көз тастады. Сол сәтте ол бір шындықты түсінді: адамды байытатын дүние емес, жүректің тыныштығы екен.
Назерке ЕРТАЙҚЫЗЫ
