…Жүрекке жыр ұсынған,

Тылсымнан бұл аралар.

Батысым, шығысымда,

Самсаған мұнаралар.

Елітіп құмның әні,

Қараймын құмарлана.

Барлаушы бұрғылары,

Түссе деп шын арнаға…

    Бұл – жылыойлық ақын Айтуар Өтегеновтың қазыналы өңірдің жеті қат жер астына бұрғылау ұңғымасын жіберіп, қазына іздеген кәсіп иелерінің тынымсыз тірлігіне арнаған «Бұрғылау алаңына сапар» атты өлеңінен қысқаша үзінді болатын.

    Осыдан үш жыл бұрын тұңғиықтан сыр тартып «қара алтын» мен «көгілдір отын» байлығын іздестіруде қақаған қыстың саршұнақ аязы мен қарлы боранында, қоңыр күздің жаңбырлы, шіліңгір шілденің аптап ыстық күндеріне қайыспай қарсы тұратын, қара жұмыстың қиындығы мен тауқыметін иықтарымен көтере жүріп, еліміздің дамуына зор үлес қосушы бұрғышылардың кәсіби мерекесі қараша айының үшінші сенбісінде тойлана бастаған-ды.

    Осы орайда  өткен тарих беттерін қайта парақтанған да артық бола қоймас. 1943 жылы құрылған «Гурьевнефтегазгелогия» өндірістік бірлестігіне  қарасты бірнеше экспедиция бұрғылау жұмыстарымен айналысты. Өндірістік бірлестікті әр жылдары талантты, білікті де білімді инженерлер Салтанат Балғымбаев, Билал Хахаев, Роберт Бердіғожин сынды өндіріс жетекшілері басқарды. 

     Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Каспий маңы ойпатындағы Жайық пен Еділ өзендерінің аралығында бұрғылау экспедициялары тынымсыз жұмыс жасады. Соның нәтижесінде Забурын, Имашев, Жаңаталап, Күмісбек, Кордуан,Төбеарал, тағы басқа кен алаңдары ашылып, шикізат өндіріле бастаған еді. Мұнай саласының қыр-сырын бес саусақтай білетін іскер әрі майталман бұрғышылары көп компания үздіктер қатарынан табылып жүрді. Олар эобалық тереңдіктері 4500-6000 метрлік тұз астым қабаттарын зерттелді.

    Қос өзен аралығында Каспий маңы ойпатының терең бұрғылау экспедицияларын   Б.Жоламанов, Б.Есқожиев, С.Нұрғалиев, Е.Тасмұханов, Е.Бөрлібаевтар, инженерлік-техникалық орталық қызметін Т.Баспаев, С.Абуғалиев, М.Мұрзағалиевтар басқарды.  Экспедициядағы В.Скунцев, С.Нысанов, Н.Сисенәлиев, О.Молдағалиев, А.Сиғуатов, З.Шамаров, Ж.Смадьяров, К.Қабдолов сынды бұрғышы шеберлері қажырлы еңбектің үлгісін көрсетті. «Имашев» алаңындағы  тереңдігі  4000 метрлік № 4 ұңғымасын сынақтан сәтті өткізген Рабай Тасқынбаевтың еңбегі зор екендігін әріптестері жақсы біледі. Экспедиция «ЗД 76», «ЗД 86», «Румын станогі  F 320», «F 400»  бұрғылау қондырғыларын пайдалану арқылы кен орындарының мол қорын табуға мүмкіндік туған болатын. Жоғарыда аталған әріптестерімнің көпшілігі мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтарға, түрлі атақтарға ие болды.   

     Осы азаматтардың қатарында  43 жыл бойы табан аудармастан бұрғылаушы қызметін атқарып, абырой биігінде болғанымды мен де мақтаныш етемін. Кейінгі жылдары менің ұзақ жылғы іс-тәжірибемді ескерген «Атыраумұнайгазгеология» акционерлік қоғамының басшылығы маған Ақтау қаласындағы филиалдың директорлығы қызметін сеніп тапсырды. Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының мүшесі болдым. Қазір зейнет демалысындамын,  

    Жаңа кен көздерін ашу жолында талай адам тер төкті. Жер қойнауының білгір тамыршысы саналатын геолог-барлаушылар даланы шарлап, тау-тасты кезіп, тереңге бұрғы  бойлатып, тынымсыз ізденісте жүреді, ел байлығын еселей түсуді көздейді. Қазба байлықтарды іздестіріп, кен көзін табумен қатар, оның сыр-сипатын, құрамын зерттеп, зерделейтін осынау жер қойнауын барлаушылардың еңбегі орасан зор екені белгілі. 

     Иә, жер асты байлығы – мұнай мен газ қорын іздеуде  ең бірінші қиындык көретін бұрғышылар. Сондықтан атаулы мереке қарсаңында осынау кәсіп иелерінің маңдай тері, қажырлы еңбектері ескерулі қажет деп ойлаймын.

    Қос өзен аралығында жылдың қай мезгілінде де тынымсыз еңбек еткен сала ардагерлерін, инженер-техник қызметкерлерін, барша бұрғышылар қауымын өткен кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық, бақуатты өмір мен ел байлығын еселеудегі еңбектеріне толымды табыстар тілеймін.

                                                                        Ақмырза ҚҰСАЙЫНОВ,

                                                                        ардагер бұрғышы,

Атырау қаласы