2002 жылы пайдалануға берілген Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназия екі жарым жыл бұрын арнайы мемлекеттік комиссияның сараптамалық қорытындысы бойынша апатты жағдайда деп танылған болатын. Тиісті заңнамаға сәйкес, апатты ғимараттарда білім беру процесін жүргізуге қатаң тиым салынады, себебі бұл оқушылар мен педагогтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Осы шешімнен кейін мектеп ұжымы мен оқушыларды басқа білім беру ұйымдарына көшіру туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда гимназияның 1,2 мыңға жуық оқушысы мен 120-ға жуық мұғалімі қалалық білім бөлімі тарапынан уақытша төрт түрлі мектеп пен колледждердің ғимаратына орналастырылған. Алайда бұл уақытша шешім ұзаққа созылып, оқу процесінің тұрақтылығына, педагогикалық ұжымның бірлігіне және оқушылардың бейімделуіне айтарлықтай қиындықтар туғызды.
Мектеп ғимараты жабылған соң, қалалық білім бөлімі оқыту процесін жалғастыру үшін басқа мектептерде сынып бөлмелерін жалға алып, төлеуге мәжбүр. Бұл жергілікті бюджетке қосымша қаржылық салмақ түсіріп отыр.
Кеше Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясының ұстаздары мен техникалық қызметкерлері және ата-налар өкілдері қатысқан жиын болды. Оған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов, Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова қатысты. Олар аталған мәселеге байланысты жан-жақты түсініктер берді.
Жиында ұстаздар мен ата-аналар өкілдері осы мәселеге байланысты өз алаңдаушылығын білдірді. Олар жаңа салынатын мектептің бұрынғы №30 гимназияның атауы мен мәртебесін сақтауы тиіс екенін және құрылыс мерзімі нақты бекітілуі керектігін талап етті.
Педагогтар қауымы биылғы оқу жылын осы оқу орындарында аяқтауға мүмкіндік беруді сұраған. Алайда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәл сол маңнан жекеменшік «Бином» мектебінің ашылатыны белгілі болды. Қалалық білім бөлімі педагогтарға аталған жаңа мектепке конкурстық негізде жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынып отыр.
Алайда бұл шешім бәрінің көңілінен шыққан жоқ: кейбір педагогтар жеке меншік мектепке барудан бас тартуда, себебі олар мемлекеттік жүйеде қалып, өздерінің бұрынғы №30 гимназиясының ұжымдық дәстүрі мен мәртебесін сақтап қалғысы келеді. Сонымен қатар, мұғалімдер арасында еңбек шартының тұрақтылығына, жалақы жүйесіне және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты да сұрақтар туындап отыр.
Ең өткір мәселе – ата-аналардың ұстанымы. Олар өз балаларын жаңа ашылатын жекеменшік «Бином» мектебіне бергісі келмейді. Себебі ата-аналар өз балаларының бұрынғы №30 мектеп-гимназиясының қоғамдық мәртебесі мен үштілді білім беру жүйесін жалғастырғанын қалайды. Олар билік өкілдерінен жаңа салынатын мемлекеттік мектептің сол гимназияның заңды атауы мен құрамын сақтап қалуын талап етуде.
Жиында ата-аналар, ұстаздар және білім басқармасы өкілдері ашық пікір алмасты. Жиналғандар бұл мәселені уақытша шаралармен емес, жүйелі және әділ шешіммен реттеу қажеттігін атап өтті.
Атыраудағы №30 мектеп-гимназия төңірегіндегі жағдай – тек бір білім ошағының мәселесі емес. Бұл – қоғам мен билік арасындағы сенімге, білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мүдделердің тепе-теңдігіне, сондай-ақ педагогтар мен ата-аналардың әлеуметтік құқықтарының қорғалуына қатысты кең ауқымды мәселе.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі
