Атырау облысында жылына 9,1 млрд текше метр газ өңдейтін ауқымды газ сепарациялық кешенінің құрылысы басталды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөнінде тапсырма берген еді. Осы орайда жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК еншілес кәсіпорны – «KMG Petrochem» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
19 қарашада Теңіз кен орнының алаңында Газ сепарациялау кешенінің (ГСК) алғашқы қадасын қағу рәсімі өтті. Қуаты жылына 9,1 млрд текше метр құрғақ газ өңдейтін ірі кәсіпорынның құрылысы — еліміздің мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың маңызды кезеңі. Жалпы, нысан құрылысы алаңында 22 мыңға дейін қада қағу жоспарланған. Барлық қада қазақстандық өндірушілерден сатып алынуда.
Жоба полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытын жылына 1,6 млн тоннаға дейін этанмен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар кешен жылына 360 мың тонна пропан өндіреді. Бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады.
Газ сепарациялау кешенінің іске қосылуы тұрақты шикізат базасын қалыптастыруға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысы айқындаған мұнай-газ химиясы кластерін және шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес келеді.
Жобаны жүзеге асыру кезінде қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударылады. Отандық кәсіпорындар, өндірістік сервистер және білікті мамандар тартылатын болады.
Қазақстандық кәсіпорындар шығаратын өнім ауқымды көлемде пайдаланылмақ: 1 млн 193 мың текше метр инертті материал, 27 мың тоннадан астам металл конструкциялар, сондай-ақ негізгі электр-техникалық жабдықтар (7 модульдік қосалқы станция, 62 трансформатор, 220 кВ ашық тарату құрылғысы) және ірі технологиялық жабдықтар — пропан сақтауға арналған көлденең буллиттер мен 4 ірі колонна.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де жоғары. Құрылыс кезеңінің ең қарқынды сәтінде Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары үшін 3,5 мыңдай уақытша жұмыс орны, сондай-ақ 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешенді іске қосу 2028 жылдың соңына, ал пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
«KMG Petrochem» ЖШС басқарма төрағасы Диаз Дияновтың айтуынша, бұл фракциялар «Теңізшевройл» ЖШС жеткізетін құрғақ тазартылған газдан бөлініп алынады. Одан бөлек жуырда этан мен пропанды Полиэтилен және полипропилен өндіретін зауытқа қарай жеткізетін құбыр магистралінің құрылысын басталмақ. Мұның құрылысына алдымен жергілікті мамандарды жұмысқа тарту уөзделіп отыр.
Зауыттың алғашқы қадасы қағылған сәтке Атыраудағы жоғары оқу орындарының студенттері де куә болды. Мұндағы мақсат – кәсіпорынға керекті маманды қазірден бастап даярлау.
–Экономикамызға, ішкі нарыққа жаңа жақсы серпін беретін жоба деп есептейміз. Шикізатты терең өңдеу арқасында жаңа өндірістер, өнеркәсіптерді ашуға болады. Осы жобалардан мультиплекативтік әсер болады, — дейді осы рәсімге қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Кешеннің негізгі технологиясы – сұйытылған көмірсутек газдарын өңдеу және фракциялау саласында әлемдік жетекші Honeywell UOP компаниясының технологиялық шешімдері.
Жобаны «KMG PetroChem» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) жүзеге асыруда. Құрылыс Италияның Tecnimont S.p.A. (Maire тобы) басқаратын халықаралық консорциуммен бірлесіп жүргізілуде. Консорциум құрамына CCIC (Ливан) компаниясы кіреді.
Бұл күні жоба аясында жергілікті қамтуды дамыту бойынша форум өтті. Оған 400-ден аса отандық өндірушілер мен тауар жеткізуші компаниялардың өкілдері қатысты.
Б.ХАМИТҰЛЫ
