Ж.Нәжімеденовтың туғанына – 90 жыл
Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік Гимнінің негізгі авторы Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына 90 жыл толуына орай қазыналы аймақтың Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласында ұйымдастырылған әдеби-мәдени шаралардың жоғары деңгейде өткенінің куәсі болдық. Әрине, ақынды еске алу шараларына Алматы, Астана қалаларынан арнайы келген қонақтардың сындарлы да салиқалы, мәнді де мағыналы ой-пікірлері үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
XX ғасырдың 60-жылдарында «ақын Жұмекен Нәжімеденов» дегенге біздің құлағымыз әбден үйренген-ді. Өйткені Жұмекеннің алғашқы «Егіс» лирикалық жинағы 1961 жылы, ал төрт жылдан кейін «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты поэмалар жинағы жарыққа шықты. Ақынның көзі тірі кезінде барлығы он өлеңдер жинағы мен 1973-1977 жылдары аралығында «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдары, сонымен бірге «Бетпе бет», «Домбыра мен көсеу» және тағы басқа повестері жарық көрді. Біз үшін күтпеген жаңалық – Жұмекеннің проза жанрына қалам тартып, жемісті еңбек етуі еді.
Зайыбы Нәсіп Мұстаққазының айтуынша, жоғарыда аталған романдарын Жұмекең Мәскеудің М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курста оқып жүргенде жазған. Бұл романдарда жазушы соғыстан кейінгі қазақ ауылдарында өмір сүріп жатқан адамдардың мінез- құлқының, тағдырының үлкен галереясын жасаған.
Кейінгі жылдарда белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев: «Жұмекен Нәжімеденов – 60-шы жылдардан бері қарайғы бүкіл қазақ әдебиеті тарихының сүбелі бір тарауы. Жұмекенсіз жазылар тарих – жетім тарих» — деп жазған еді.
Романдар бір-бірінің жалғасы сияқты, бірақ өз алдына сюжет желістері, автордың өз айтпағына, концепциясына негізделген, өз алдына тартыс-қақтығыстары бар. Шығармалардағы кейіпкерлердің көпшілігінің прототиптері өмірде болған адамдар. Мысалы, Әжімгерей – Жұмекеннің атасы – Нәжімеден; «Қызыл кемпір» Бақытжамал – Жұмекеннің әжесі; Садықжан – әкесі Сабыржан; Мәруа, Мүсілима – анасы; Сейсімет – Хисмет есімді ауылдастарының бірі; Идаят – автордың өзі; Тесіктамақ Сабыр – күйші; Өтеген Сахманов – совет төрағасы; Ерәлин Сәку – газет тілшісі; Сапар, Отар – қойшылар.
Мұнда оқиғалар жалғасады, кейіпкерлер ортақ. Мысалы, «Ақ шағылдағы» қара бала «Даңқ пен дақпыртта» басты кейіпкер, алғашқысындағы бозбала Еділхан, соңғысында совхоз директоры. Темірәлі, Сейсімет кейіпкерлер үш кітапта да көрініс тапқан. Алайда, бұл туындылар трилогия емес, романдар циклі. Романдарды оқып шыққан оқырман өзін Қошалақ пен Дыңғызылдың құмында жүргендей сезінеді.
«Ақ шағыл» романында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл тіршілігі суреттелген. Мұнда автор «Жаңа өмір» колхозы мен көрші ауылдарды, былайша айтқанда Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы өмірін арқау еткен. Онда елдегі халық тынысы, жеңіс жолындағы жанқиярлық еңбек, тылдағы тіршілік баяндалады. Кітап ауылдың абыз ақсақалы Әжімгерейдің жалғыз ұлы Садықжанды майданға аттандырғанымен басталады. Ауылда қара бала Идаят пен екі қыз, әжесі, Қызыл кемпір және анасы Мәруа қалады.
«Кішкентай» романында соғыс салған ауыртпалықты жеңіп жатқан ауыл адамдарының қажымас қайраты – басты тақырып. Автор шығарманың тіліне барынша көркем, түсінікті, қарапайым берілуіне үлкен мән берген.
«Ақ шағыл» мен «Кішкентай» – нақтылығымен, терең сезімді суреттілігімен, халық тағдыры туралы жазылған шыншыл, сонымен бірге сыншыл туындылар деп айтуға әбден болатын шығармалар.
«Даңқ пен дақпырт» романының басты кейіпкері Идаят Садықжанов, оның өмірдегі прототипі Шәмші Қалдаяқов, өзінің рухтас замандасы.
Академик Ғарифолла Есім: «Абайдың заңды жалғасы – Жұмекен» деген мақаласында: «Ғұмыры болса Жұмекен бұл романды ары қарай жалғастыруы мүмкін еді», — деп жазады. Байқаймын, оның өнер туралы айтқысы келген сөздері баршылық». [1,211 б] «Даңқ пен Дақпырт» романын студенттік өмірді реалистік тұрғыда көрсетілген шығарма деп толық сеніммен айтуға болады.
Романдарда шынайы жасалған характерлер, нәзік психологизм, халықтың ұлттық ерекшелігі мен наным-сенімдері, жазушының туған өлкесіне деген ыстық махаббаты оқырманды мейлінше тебірендіреді. Еңбек ету, адалдық пен адамдық, білім мен қайрат – бақытты өмір мен адамдар жарастығын жасайтындығына сендіреді.
Жұмекеннің «Бетпе-бет» повесін бүгінгі заманғы тұрмыстан алынып, мораль тақырыбына жазылған новелла деп те айтуға болады.
«Домбыра мен көсеу» повесінде адамдар мен өнерді қастерлеу, оған жалаң тұтынушылық, сауда-базар нарқымен қарауға болмайтындығы басты мазмұн етіп алынған.
Бұл шығармаларда автордың сол кездегі саясатқа, қоғамдық құрылысқа сын көзбен қарайтындығын байқау қиын емес. Пікірлерді мынадай детальдардан көруге де болады: аудан орталығы – Қанішкен (Ганюшкин емес), мылжың тілшісі бар «Социалистік жол», Қали атты әпербақан милициясы бар аудандық тәртіп сақтау мекемесі, жағымсыз, бос сөздерді көп айтатын аудандық қаржы бөлімінің бастығы, қойшылықтан келген өнерлі жас сұлуға қырындап жүрген облыстық мәдениет бөлімінің бастығы және т.б. Колхоздың малына дұрыс зоотехникалық көмек те жоқ. Романдарда әміршілдік пен бос мылжың, дипломы барлар арасындағы таққұмарлық және тағы басқа келеңсіз жағдайлар айқын суреттеледі.
Демек, Жұмекен Нәжімеденов – өз заманындағы қоғамдық саясатқа оппонент, батыл сыншы.
Мұндай шығармаларды осыдан жарты жылдай бұрын жазған жас қаламгер – Жұмекеннің батылдығы мен зергерлігі қазақ әдебиетіндегі жаңа құбылыс екендігі кейін түсінікті болды.
Жұмекеннің романдарын өз заманындағы сыншылар қабылдамады. Себебі, ол – социалистік реализм әдісін қабылдамаған жазушы. Социализм заманына тән коммунистік партияны мақтау, райком, партком хатшыларын мадақтау, соларды басты кейіпкер ету – Жұмекен шығармаларында жоқ.
Романдардың жиі басылуы біреулердің қызғанышын туғызды ма, әйтеуір оларға «өмірді зерттелмей жазылған совет адамдарының шын бейнесі жоқ» деген сын айтыла бастаған. 1975 жылдың әдеби қорытындыларын талдауға арналған партия жиналысында айтылған осындай негізсіз сындар Жұмекен прозасына теріс көзқарас қалыптастырды. Енді оның кітаптары сирек басылатын болды. Жазушының 1977 жылы баспадан шыққан «Даңқ пен дақпырт» – соңғы романы. 70-ші жылдардың соңына қарай Жұмекен прозалық шығармаларды жазуды тоқтатты.
Жұмекен Нәжімеденовтың романдары – нақтылығымен, терең сезімді суреттілігімен, халық тағдыры туралы жазылған шыншыл да сыншыл туындылар, өлмес мұралар. Дегенмен, Жұмекеннің прозалық шығармаларын терең талдап, тағылымдау – әлі де алда тұрған жауапты міндет.
Патриоттық әннен – Мемлекеттік гимнге дейін
Кезінде мен де, Жұмекен де Нарын құмындағы «Жасқайрат» мектебінде оқыған едік. Ол біздің пионер вожатыйымыз болған. Жұмекенмен оқушылық кездегі өткен қызықты шақ әлі күнге дейін көз алдымда. Онымен Алматыда үйінде талай кездесіп, «Менің Қазақстаным» атты өлеңінің қалай әнге айналғаны туралы бірнеше рет әңгімелескенбіз.
Шығармашылық жолының бастауында 21 жастағы жігіттің жүрегінен жарып шыққан бұл ән бір қараған 1956 жылы Қазақстанның миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылғандай көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған. Оны сезіп қалған коммунистер әнді мүлдем шығармай тастауға айналғанда атақты әнші Жамал Омарова ара түсіп, радио арқылы эфирден шырқауға мүмкіндік алған. Сөйтіп халыққа жетпей жатып, қудалана бастаған бұл ән бағы жанып, бейресмиден тәуелсіздік арқасында ресми әнұранымызға айналды.
Енді 10 жылдан кейін үлкен мереке – Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі Ж.Нәжімеденовтің 100 жылдығы аталып өтеді. Соған дейін төмендегідей шаралар жүзеге асырылса деген ұсынысым бар:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің қабылданғанына 20 жыл толуына орай, 2026 жылы «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын, әннің бүгінгі замандағы ролін, маңызын көрсететін телефильм шығару.
2) Жұмекен туралы немесе оның жастық шағына арналған толық метражды фильм түсіру.
3) Елордамыз – Астанада бір тұғырда Шәмші мен Жұмекенге ескерткіш орнату.
4) Облыс аудандарындағы мектептерге, көшелерге ақын есімін беру.
5) Атыраудағы биік көпқабатты үйлердің қасбетіне Жұмекеннің суреті салынып, «Менің Қазақстаным» өлеңінің шумақтарынан үзінді орналастыру.
6) Қаладағы Салтанат сарайына Жұмекен Нәжімеденов есімін беру.
7) Құрманғазы-Қошалақ тас жолын асфальттап, оны болашақта «Жұмекен жолы» деп атау.
Аманкелді ШАМҒОНОВ,
профессор, үздік өлкетанушы,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы
