Әдетте ертегі болса, әңгімемізді әлқисса деп бастар едік, бірақ еңбектері елге сіңген гелогтар мен бұрғышыларды есте қалдыру, оларға арнап саябақ, музей ашу шырғалаңының соңғы нүктесі қойылатын күн әлі белгісіз.  

Жақында республикалық «Sakhara» газетінің редакциясына «Барлау-бұрғылау ардагерлері» қоғамдық ұйымының атынан жылыойлық СЕРІКҚАЛИ ЕРЖАНОВТЫҢ билік басындағыларға жазған Ашық хаты соның бір дәлелі.

Азамат ұсынған бір құшақ ресми хаттар мен қатынас қағаздар, хаттамалар, басқа да құжаттармен танысқанда мәселенің арғы төркіні бүгінде түрлі биік мінберлерден жиі сөз ететін өткеннің еңбегін ұмытпау, тарихқа тағзым мен жастарға үлгі ету және қайырымды болу, ізгілік жайларының сана мен істе орнығуы қиын екенін ұға түскендейміз. Ендеше, ардагер хатына назар аударып көрелік.

** **

«АШЫҚ ХАТ!»

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін 1948 жылы 15-інші қазанында «Қазақстан мұнай-барлау» тресінің арнаулы бұйрығымен Құлсары бұрғылау конторы құрылды. Содан бері тарап кеткенге дейінгі 50 жылдың ішінде, заманның қиын-қыстау кезінде жұмыс жасаған, ел экономикасын көтеруге атсалысқан, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен геолог-барлаушылар Қазақстан Республикасының батыс аймағында 50-ге тарта кен орнын өндіріске пайдалануға тапсырғанын, он беске жуығынан мұнай-газ белгілері анықталып, алғашқы жобалық тереңдігі 6200 метр ұңғыны еш апатсыз сәтті бұрғылаумен аяқтағанын айта кетуді жөн көрдік.

Осы уақытқа дейін бұл кен орындары еліміздің экономикасының дамуына үлесі зор, пайдасы ұшан-теңіз деп білемін. Бұған геолог-барлаушылар арасынан төрт адам – Махутов Әбілғазы, Мұхамбаев Ақаш, Балгенжиев Зинел және Лапшин Сергейдің Социалистік Еңбек Ері атануы, Ержанов Боран, Бекқұлов Құсен, Өтеулиев Бисенғали, Қарамендиев Шуаққали, Алдақов Өтеулі тағы басқалардың  Ленин орденімен марапатталуы, Т.Дәулетов, М. Маташев, Б. Қалымбетов және А.Камеловтердің «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геолог-барлаушы» атақтарына ие болуы дәлел болса керек-ті. 

Осы уақытқа дейін мен «Барлау-бұрғылау ардагерлері» қоғамдық ұйымының атынан бармаған жерім, есігін ашпаған мемлекеттік мекеме-ұйымдар қалмаған шығар. Жергілікті билік өкілдерінің бірнеше рет қабылдауында болдық. ҚР Праламенті Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбановтың атына хаттар да жолданды. «Барлау-бұрғылау ардагерлері» ұйымының үш жылдық мүшелік жарнасымен «Жер қойнауын барлаушылар» атты энциклопедиялық кітапты жарыққа шығардық. Көмек қолын созуға ниет білдірген бірде-бір мекеме де, бизнес өкілдері де болған жоқ.

Кезінде Құлсарыдағы бір мың оқушылық орта мектеп пен барлаушылар және 7-інші ауылдағы балабақшалардың геолог-барлаушылардың қаражатына салынғанын ескерген де артық болмас. 

Тәуелсіздіктен кейінгі қиын жылдарда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен және мұнай-газ кен орнын ашуға атсалысқан геолог-барлаушылардың қажырлы еңбегін ескеріп, кейінгі ұрпақтар жадында қалдыру бағытында қысқа метражды фильм түсіруге, болашақ салынатын саябақ ішінен музей салуға «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «ҚазақГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдары мен басқа да жеке компаниялар басшыларынан демеушілік көмек сұралғанымызбен түсіністік білдірген жан табылмады. Осымен ренішімді редакцияға аяқтай келіп, хат жазуға тура келді.

Алдын ала рахмет. «Барлау-бұрғылау ардагерлері» қоғамдық ұйымының атынан: төрағасы Серікқали Ержанов.   

Құлсары қаласы. 23.10.2025 жыл.

РЕДАКЦИЯДАН: Хаттың ұзын-ырғағы осындай. Хат авторын да газет оқырмандарына таныстырып кеткен артық болмас.

Серікқали Ержанов – кең Жылыойдың тумасы, бұрғышылар әулетінің өкілі. Қазақ политехникалық институтын «бұрғылау инженері» мамандығы бойынша бітірген.  Еңбек жолын бұрғышының көмекшілігінен бастап, бұрғышы, бұрғылау шебері, бұрғылау инженері болып еселі еңбек етіп,            Оңтүстік Ембі мұнай барлау-бұрғылау экспедициясы күшімен игерілген ондаған кен орындарын ашуға атсалысқан азамат. Түрлі отандық және шетелдік компанияларға қарасты кен орнында бұрғылау шебері болып, 2019 жылы зейнет демалысына шыққан.

Сонау 90-шы жылдарға дейін кезінде 1,5 мыңнан аса бұрғышы-барлаушылар, басқа да маман-қызметкерлер бір ұжымға топтасып, 50 жылдан аса ортақ мақсатпен еңбек еткендердің «экспедициямызбен тарап кетуі» деп аяқ астынан дереу жойылып, жылдар бойына қалыптасқан дәстүрдің бір сәтте-ақ санадан сызылып тасталуы мүмкін емес жайт тұғын. Сондықтан да өзгеден оң көзқарас пен түсінік болмаған соң ізсіз жоғалуға айналған ұжымның бұрынғы мүшелері өз алдына қоғамдық ұйым құрып, бірлесіп әрекет етуге бел буады.

Оларға аға буынның өшпес ерлік еңбектерін лайықты бағалап, мақтан етіп, әлі де қоғамның бір мүшесі ретінде ортасында жүргендерді уақтылы марапаттап отыру, арнайы музей, саябақ ашу, тағы да басқа адамгершілік қасиеттерге сай келетін істерді орнымен атқару жөніндегі ұсыныстарын дайындап, жоғары-төменгі орындардың қаперіне бергенді жөн көріп, іске кіріседі. Алайда сол билік басындағыларға жолданған хаттардың бәріне бірдей оң, болмаса теріс пікір ала алмай жүргендеріне біраз жылдың жүзі болған көрінеді.   

Мәселен, бастамашыл топтың төрағасы Серікқали Сәлімұлының идеясымен «Жер қойнауын барлаушылар» атты 432 беттік қалың энциклопедиялық жинақ Алматыдағы «Арыс» баспасынан шығарылған. Бұл жинақ мол байлықты бауырына басқандардың, қолы ашық жомарт жандардың қолдауымен емес, сол сала ардагерлерінің аз-мұз зейнетақыларынан құралған жарнаның күшімен біткен іс екен. Ал басқа шаруалардың орнынан қозғалмағандығын ардагер өзінің редакцияға жолдаған «Ашық хатында» баяндаған.

Жалпы ардагерлердің белсенділігі, олардың бастамалары баспасөз арқылы да, басқа да түрлі қабылдауларда танылып, үндері түрлі орталарда ащырақ естіліп жүргені де содан.

Міне, осы жолдан әлі де талмай, бастамашы болып келе жатқан, өзі де барлаушының ұрпағы болып келетін Серікқали Сәлімұлының атына бүгінде сонау Астанадан бері қарай келіп жатқан мөрлі хаттар мен қатынас қағаздарда есеп жоқ.

«Құрметті» деп басталатын бір хатта: «Сіздің ҚР Мемлекеттік хатшысы Е.Т.Карин атына жазылған 2022 жылғы 4 наурыз айындағы өтінішіңіз Жылыой ауданы әкімі аппаратында қаралды. Өтініште көрсетілген мәселеңізге зерделеу жүргізіліп, төмендегідей жауап береді. Олардың басында:

«Қазіргі таңда, Құлсары қаласы әкімі аппараты тарапынан «Геологтар аллеясы» құрылысын салуға қаланың орталығынан Махамбет даңғылы, «Құрсай» өзегінің маңынан 0,4 га жер телімі бөлінді. Аталған аллеяның жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға бюджеттен қаражат сұратылатын болады. Бюджеттен қаражат бөлінуіне орай, қаланың даму жоспарына сәйкес 2023-2024 жылдары аралығында құрылыс жұмыстары жүргізілетінін қаперіңізге береді.

Осы берілген жауаппен келіспеген жағдайда заңда көзделген тәртіппен қабылданған шешімге шағым жасауға құқығыңыз бар»,- деген мазмұндағы сол кездегі аудан әкімі Х. Жамаловтан жеткен жауап соны анық аңғартады.      

Бұдан бөлек Құлсарыда барлау және бұрғылау ардагерлерінің аллеясын ашу жөніндегі «Самұрық-Қазына» АҚ жолдаған хатына «ЕмбіМұнайГаз» АҚ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Г. Шарафетдинова қол қойған жауап хаты, сондай-ақ «Каспий нефть» АҚ бас директоры С.Тыранның «Басқа да жобаларымыз бен компанияның алға қойған мақсаттарына қаржы бөлінгендіктен, қазіргі таңда бюджетіміз шектеулі. Түсіністікпен қарайтыныңызға сенімдіміз және де әр бастамаларыңызға сәттілік тілейміз» деген сыңайлы сырғытпа жауаптар жетіп-артылады.

Ал, «QAZAQGAZ AIMAQ» басшылығы «Самұрык-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен мұндай қайырымдылық жұмыстармен тек «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры айналысатынына сілтеме жасап, оның мекен-жайын жолдап құтылыпты.

Бұл хаттарды былай қойғанда, ардагерлер ұйымының төрағасы облыс әкімінің бірнеше мәрте қабылдауына жазылып, ұсыныстары бір топ лауазымды тұлғалардың қатынасуымен талқыланған, нақты жұмыстар, жауапты адамдар бекітілген. Мәселен, 2024 жылғы 27 наурыздағы облыс әкімі С.Шәпкеновтың төрағалығымен өткен жеке қабылдаудың күн тәртібінің хаттамасында (№06-01-01-25-5/4) мынадай жолдар бар:

 1.Мемлекеттік органдар №1 қосымшаға сәйкес тапсырманы орындау бойынша заң шеңберінде қажетті шараларды қабылдасын;

2. Осы хаттаманың орындалуын бақылау Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне жүктелсін делінген.

Қабылдауға Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Н.Жеңісбекұлы бастаған (№1 қосымша бойынша) 15 лауазымды тұлға қатысқан.

Хаттама бойынша берілген тапсырмалар мынадай:

Өтініш берушінің сұрағы: Құлсарыдағы барлау, бұрғылау саябағы мәселелері: 1) Саябақ салу; 2) Кітап шығаруға демеушілік көмек көрсету; 3). Ардагер геолог-барлаушылар Шнашов Көздібайды (95 жаста), Тұқпатов Тарихты (87 жаста), Бимұханбетов Хисманы (90 жаста) марапаттау; 4). Ардагер геолог-барлаушыларға музей немесе кеңсе салып беру және жер телімін бөлу; 5). Ардагер геолог-барлаушыларға 80 жыл толуына орай деректі кинофильм түсіру үшін ашылған мұнай-газ кен орындарын аралауға автокөлік ұйымдастыру.

ТАПСЫРМА: Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары М.Әбуовке: – Өтініш иесінің қабылдау барысында көтерген ардагерлерді марапаттауды ұйымдастыру үшін. Мерзімі: 1 сәуір 2024 жыл.

Жылыой ауданының әкімі Ж.Қаражановқа: – ­Өтініш иесінің қабылдау барысында көтерген саябақ салу, кітап шығару, музей немесе кеңсе салып беру және жер телімі мәселелерін заң шеңберінде зерделеп, жауап беру үшін. Баяндаңыз. Мерзімі: 16 сәуір 2024 жыл.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Н. Жантоқовқа: – Өтініш иесін қабылдау барысында көтерген мәселелері бойынша мұнай-газ орындары мекемелерінің басшыларын жинап, кездесу ұйымдастыру үшін. Нәтижесін өтініш иесіне заңда белгіленген мерзім ішінде хабарлауға. Қорытындысын баяндаңыз. Мерзімі: 16 сәуір 2024 жыл.

Арада үш айдай уақыт өткен соң ардагер 2024 жылғы 24 шілдеде облыс әкімі С. Шәпкеновтың қабылдауына тағы келген Серікқали Ержанов марапатқа ұсынылған тұлғаларды мүмкіндігіне қарай марапаттан басқа затпен құрмет көрсетуге; демеушілер арқылы кітабын шығаруға; Құлсарыдағы «Геолог-барлаушылар саябағы» құрылысын салуға көмек сұрайды.

Осыған сәйкес берілген ТАПСЫРМА:

Облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаевқа: – Құлсарыда салынып жатқан 100 үйдің құрылысы бойынша Жылыой ауданына іссапарға барған кезде өтініш иесімен кездесу;

Жылыой ауданының әкімі Ж.Қаражановқа:–Демеушілер арқылы кітап шығару мәселесін ұйымдастыруға, марапатқа ұсынылған тұлғаларды қайта қарауға, сонымен қатар «Гелог-барлаушылар саябағы» құрылысын салу мәселесін жан-жақты қарап, өтініш иесіне жауап жолдау. Нәтижесін баяндаңыз. Мерзімі 13.08.2024 жыл.

Аталған тапсырмалар бойынша өткен жылдың 20 қарашасында облыс әкімінің орынбасары Қ.Нұртаевтың жеке қабылдауында болған С.Ержанов пен Д.Нұрғазиев   Құлсарыдағы «Геолог-барлаушылар саябағында» ардагерлерге демалып, газет-журнал оқитын орынжай жоқтығына шағымданады. Құлсары қаласы әкімі аппаратымен Барлаушылар ықшам ауданының №1 орта мектеп ауласындағы саябаққа ағымдағы жұмыстарын жүргізіп, «Барлау-Бұрғылау» атты саябақ жасау үшін сметалық құжаттамалар жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы «КапийҚұрылыс ЛТД» ЖШС-і жеңімпаз деп анықталды. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған саябақта еңбегі сіңген бұрғылаушы қызметкерлер жөнінде ескерткіш тақтамен белгі орнату жоспарланған. Олардың тізімі «Барлау-бұрғылау» қоғамдық ардагерлер ұйымынан алынған.

Тапсырма:Құлсары қаласының әкімі Қ.Адиновқа: – Өтініш иесінің қабылдау барысында көтерген ардагерлерге әуежай маңынан саябақ салу және мәдениет үйінің жанынан бөлме бөлу жөніндегі мәселелерін заң шеңберінде шешілуін қарастырып, жауап беру үшін баяндаңыз. Мерзімі 11.12.2024 жыл.

Саябақтың жыры биыл да жалғасты. Дабыл қаққан ардагерлер Серікқали Ержанов, Қозыбай Дәрменов, Талғат Сәлімгерев, Бисенбай Құлбаевтар саябақ құрылысымен айналысып жатқан мердігер «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС өз міндеттемесін уақытында орындамауда және сол маңнан тосыннан жаңа жеке иеліктегі нысан бой көтеруі жайын түсінбей, жұмсалған бар күш-жігер мен осынша уақыттың зая кеткеніне реніштерін білдіреді.

Тосыннан пайда болған бұл кедергіні қапелімде ысырып тастаудың ретін таппай, ақыры әкімдіктің оны мемлекетік меншікке қайтару туралы 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімі алынып жатқандығымен ардагерлерге Жылыой ауданы әкімінің орынбасары А.Айдашев  хабардар етеді.

Бірақ ашық хат иесі С. Ержановтың қолында жүрген суреттердегі қаз-қатар тізіліп тұрған бірнеше әп-әсем жеке кәсіп иелеріне тиесілі ғимараттардың тағдырын шешу айлар емес, жылдардың өзі жетпеуі мүмкін-ау деген ойға жетелейді.

…Мұның соңы ақыры бастамашыл топтың өкілдерін қайтадан облыс әкімінің қабылдауына жазылуға алып келеді. Осы жылғы 3 қыркүйекте аймақ басшысының жеке қабылдауының хаттамасында (№06-01-01-25-5/11) өтініш беруші жылыойдық ардагер барлаушылар: 1). «Геолог-барлаушылар саябағы» құрылысын салуға қолдау көрсетуді; 2). Атыраудағы «Казнефтегаз» ғимаратының сыртқы қасбетін жөндеуді; 3).Марапаттау мәселесін қайта қарауды; 4). Мұнайшылар туралы деректі фильм түсіруді; 5). Құлсары қаласындағы №1 мектептің құрылысын салған 35 жасында көлік апатынан қаза тапқан Бектенов Сарбалиннің есімін сол мектептің атына беру мәселесін қарауды сұрады.

Облыс әкімінің қабылдауы бойынша берілген тапсырмалар: – Жылыой ауданының әкімі Ж.Қаражановқа: –Марапаттау мәселесін қайта қарауға, сонымен қатар мұнайшылар саябағы құрылысының басталуын ұйымдастырып, мәселені жан-жақты қарап, өтініш иелеріне жауап беру үшін; Оған жауапты аудан әкімінің орынбасарын тағайындап, ардагерлермен байланыста болуын қадағалауға: Нәтижесін баяндаңыз. Мерзімі: 26.09.2025 жыл.

Атырау қаласы әкімі Ш.Кейкинге: – «Казнефтегаз» ЖШС-нің басшысымен кездестіріп, ардагерлердің ғимараттың сыртқы қасбетін жөндеу мәселесі бойынша қала  сәулетшісімен нысанды қарап, өтініш иелеріне жауап беру. Нәтижесін баяндаңыз. Мерзімі: 26.09.2025. (Хаттамалардың жазылу мәнері сақталып отыр).

«Каспий Құбыр Консорциумы-Қ (КҚК-Қ) акционерлік қоғамы» басшылығынан жоғарыдағы мәселелер бойынша демеушілік көмек көрсету жөніндегі өтініші де ескерусіз қалды. Бұған жақында бас директордың үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қ.Қабылдин мырзаның С.Ержановқа жолдаған жауабы дәлел. Онда Атырау облысы әкімімен арадағы келісімге сай, КҚК-Қ Атырау облысындағы әлеуметтік жобаларға ғана қаржылай қолдау көрсететінін қаперге беріпті.    

Сайып келгенде осы ресми құжаттардың астарынан бұл бағытта әлі талай жұмыстар тұрғанын аңғару қиын емес. Орнынан әупірімдеп қозғалған істің оң нәтижесіне қол жеткізіп қуанышқа кенелу аға буын өкілдерінен әлі де үлкен төзім, ауызбірлік, сабыр әрі темірдей мықты жүйке мен денсаулықты талап етеді-ау, сірә. Бұл арада қайырымдылық пен жомарттық жайында сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Сондықтан да ұзын сөздің қысқасы, пейіл болса, мейірім де көп күттірмес еді, бірақ оны әзірше көріп отырғанымыз жоқ. Саябақ шырғалаңы мен оған ардагерлердің алаңдаушылығы сәтімен аяқталуына тілекшіміз…

Қарапайым халық Мемлекет басшысы айтқандай, «Еститін үкімет» пен «Халық үніне құлақ асатын» жергілікті билік өкілдерінің өз қызметтерін орындаудағы  нақты қадамдары мен нәтижелі жұмыстарын көргісі келеді. Сонымен қатар биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылында» қарапайым еңбек адамдарының атынан билік табалдырығын тоздырып, оң шешімін табудың жолын іздеп, біраз сандалған ардагер бұрғышылардың бұл  өтініштері аяқсыз қалмас деп үміттенеміз.

С. ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Атырау қаласы