Атырау қаласында құны 4,8 млрд теңге тұратын 10 шақырым автокөлік жолының жөндеу жұмысы 8 жылдан бері бітпеген. Салдарынан «Қайыршақты ауылдық округіне қарасты 30 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауыл күн сайын кептеліске толы қауіпті айналма жолмен жүруге мәжбүр. Себебі, жобалаушы компания 2017 жылы өзі жасаған жобаға өзгеріс енгізіп, енді оны мемлекеттік сараптамадан өткізе алмай жүрген көрінеді.
Өткен сегіз жылда жобаға енгізілген өзгерістер мен басқадай шығындардың өсуіне байланысты биыл жұмыс жалғасқан жоқ. Сонау 2017 жылдан бері сол 10 шақырым жолдың бар болғаны 4,7 шақырымына асфальт төселіпті. Ал, қазіргі жолдың жағдайы тым төзгісіз жағдайда. Бұл өз кезегінде 30 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауылдың тірлігіне кәдімгідей кедергі келтіріп тұр.
Күре жолды табанына дейін күреп тастаған жолшылар қазір күн жұбатып жүргендей. Себебі, жаз бойы жұмыс атқарған арнаулы техникалар жолдың негізін жасақтап қойған. Енді асфальт төсеуге жоба дайын емес. Облыс орталығы мен ауыл арасына күнде қатынайтын тұрғындар өздері сайлаған қалалық мәслихат депутаттарға арызданып, енді жобаны халық қалуалылары бақылауға алған көрінеді.
Атырау қалалық мәслихатының депутаты Юрий Лидің айтуынша, Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Көктем, Томарлы, Ақжар сынды он ауылды облыс орталығымен байланыстыратын негізгі жолдың құрылысы 2017 жылы басталып, кейін «Шыңдау» жобалау институты оған өзгерту енгізуге құрылысты тоқтатқан. Жоба әлі күнге сарптамадан шықпаған. Округ сайлаушыларының талабы бойынша жол құрылысына бақылауды күшейткен көрінеді.
Десек те, осы жолға бақылау болғанымен әзірге, салынып жатқан жол көрінбейді. Себебі, алғашқы жобада ауылдарға кіреберіс жолдар қарастырылмаған-ды. Сондай-ақ, салынып жатқан төрт жолақты жол құрылысын жүргізу үшін 70-ке тарта электр бағаны алынуы тиіс. Бұл да бұрынғы жобада жоқ. Енді басында кеткен олқылық жалпы жұмыстың тоқтауына әкелді,- дейді жол мамандары.
«Алғашқы жобалық шешімдерде ескерілмеген жұмыстардың болуына байланысты жобаға түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда облыстық комиссияның оң шешімін алдық. Тиісті құжаттарды жаңартып, сол жобаны жасақтап жатқан мекемеге тапсырдық. Аталған мекеме тарапынан мемлекеттік сараптамаға жүктеу жұмыстары жүргізілуде,- дейді қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Сәлімжан Мұсабаев,
Жоба бойынша Атырау қаласы мен Талғайраң ауылы арасындағы 10 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмысына бөлінген 4,8 млрд теңгенің өткен сегіз жылда оның 2 млрдтан астамы игерілген, бірақ атқарылған жұмыс көлемі оның жартысына да жетпейді. Биылғы көктемде 1,7 шақырым жолды жауып, қырып тастаған. Қазір құрылыс тоқтап тұр. «Жыры бітпейтін жолдың бүгінгі жайы осындай.
А. БАҚБЕРГЕНОВ
