Пай, пай, шіркін, ол заманда өтіп кетті ғой. Өткеннің бәріне топырақ шашпасақ керек. Сіз атақты Мұхиттың ән ажарын ашатын «Паңкөйлек» әніндегі:
Паңкөйлек маң-маң аяқ басатұғын,
Жар қайда ондай көңіл ашатұғын.
Кешегі жиырма бестің желігінде,
Көңілім тау суындай тасатұғын.
Кім білер,кімдер болар мейірім қанар,
Рухын сөнген менің қайта жанар.
«Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау» деп,
Кейінгі ұрпақтарым есіне алар,- деп келетін әнді талай әуелетіп, ел-жұртының құрметтеріне бөленген бүгінде 87 жасқа қадам басқан индерборлық өнерпаз, «Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» Ұлдай Аманғалиева жақында Республика күні қарсаңында облыс әкімінің қабылдауында болып, «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Апайды бұл құрметті атағымен шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы өнер майталманы туралы естелік-әңгіме тыңдауға бір таңның өзі аз болары анық.
Нағашы деп сыйласатын апамызға бір кездескенде «Әңгімеңізді тыңдап, кең отырып өткен өміріңізді еске алсақ жақсы болар еді»,-деген едік. Қашанда бір ауыз сөзге тоқтайтын бұрынғының көзі ғой, Ұлдай апа аржағын өзің ұқсатып ал дегендей, қолымызға бір дәптер естелігін ұсынды…
Ұлы жол – үй табалдырығынан
Ендеше оқушы дәптеріне төгілген өнерпаздың жан сырын бірге тарқаталық.
– Әкем Аманғали Сүйінәліұлы атамыздың бәйбішесінен көрген тұңғышы екен. Әкем екі айлығында анасынан жетім қалыпты. Анасы өте сұлу, ақылды және қолынан бәрі келетін өз кезеңінің жан-жақты адамы болыпты. Сөйтіп, анасыз қалған әкемді әжесі өз қолына алып, тәрбиелейді. Әжесі де жарықтық көркем, ақылды, орысша-қазақша сауатты жан, уызына да жарымаған шарананы қойнына салып алып, бірде інісіне келіп мұңын шағады. Өйткені, сәбиді асырап бағу уайым болады. Сөйтіп, апасы мен інісі шұңқыр қазып, пана істеп, аңға кеткенде ілгі шақалақты шұңқырға жатқызып, бетін шөппен жауып кетеді екен.
Осылайша інісі кезекті бір аңға шыққанда баласын емізіп тұрған дала тағысы бұғыға тап болады. Оның қапелімде ұстатпайтынын білсе де екеулеп, тамақтандырып, қолға үйретуге көшеді. Ақыры дегендеріне жетіп, төрт күн дегенде бұғыны қолға үйретіп, шарана жатқан орынға әкеліп, исіндіріп, бойын адамға әбден үйретеді. Жүре-бара бұғы бейкүнә сәбиге үйреніп, иіскеп жалайтын дәрежеге жетеді, ал бұғының сүті таңдайына жаққан сәби есейәп оңала түседі.
Мен де бүгінде халықпен етене араласқан кезімді ойлап әрі-сәрі күй кешемін. «Сорлы әкемнің бұл ырысы болды-ау» деп оның қиындыққа толы сәби шағын еске алып, оңашада екі көзіме ерік беремін. Әсіресе, маған өте қиыны бұрын халықтан ажырамай жүрдім емес пе?!-деп Ұлдай апа естелігінің әрі-беріден соң бүгінгі халіне ауысатын тұстары да аз болмады.
Апайдың анасы Зибаның әкесі Сейітбатыл аруақты адам болған деседі.
–Ұлдай апа, өнерге қалай келіп едіңіз?!
–Өнерге мені ешкім үйреткен жоқ. Жанымда ондай адам да болмады. Рас, әкем марқұм әнші болған. Тіпті Мәскеуге де барып, «Тілеуқабақ», «Паңкөйлек», «Соқыр қыз», тағы басқа әндерді орындап, бас жүлде, болмаса бірінші орындармен оралып жүреді екен. Сол әкемнен қалған бір тесік домбырам болды. Анама көмектесіп, 5-6 жасқа дейін қозы-лақ баққанда сол домбырамды өзіммен бірге ала шығып, сабалап, ән айтатынмын. Әрине, ән дегенде ән де емес, құр айқай ғой. Ол кезде жердің сау жері жоқ, бәрі тесік, сақ болып жүрмесең аяғың кіріп те кетуі мүмкін.
Бұл не сұмдық деп, кейде сол тесіктерге ағаш тығып қарайтынмын. Мен сөйтіп жүргенде қозы-лақ, бұзаулар алыстап кетеді. Бір күні көзімді жұмып алып, айқайлап, бақырып жүрсем, даладағы қосаяқ, балпақ, жылан, кесіртке сынды жәндік атаулылар індерінен шығып мені тыңдағандай алдыңғы аяқтарын тіктеп алып, қарап тұр екен.
Қуанғаным соншалық, анам үйреткен «Ойғанжан» деген әнді өзімше шырқап бердім. Әлгі ін қожайындары мұнымды таңсық көріп, екі аяқтарын көтеріп, қақшиып тұр, кетер емес. Сөйтіп, айдалада керемет тамаша ермек табылды. Тіпті бір күні өрістегі концертім тым ұзап кетіп, енесі өлген «Шалабай» деген бұзауымды ит-құс тартып, анамнан ұрыс та естігенім тағы бар. Балалық өмір осылайша өтіп жатты.
«Сақыт төбе» деген жерде жалғыз үй тұрдық. Сабаққа баратын кезім болғанда, сол маңдағы кішкентай мектепте 1 сыныпқа бардым. Орынбике деген апай оқытты. Төртінші сыныпқа дейін осында оқып, бесіншіні Индерге келіп оқыдым. Мұнда Бақыт Жүсіпова деген апай сабақ берді. Кейін сынып жетекшісі болды. Ақ, қара фартук, мектептің киім үлгісін киініп, галстук тағатын дәрежеге жеттік. Бізді алғаш биге үйреткен сол апай тұғын.
Индерге келген соң бүгінде қирап қалған ескі клубтың сахнасы мен үшін үлкен өнер алаңына айналғандай. Басыма бақ бейне бір қонғандай, өзім білетін 5-6 өлеңімді ұдайы шырқайтынмын. Соның бірі «Баянауыл» әні еді. Сөйтіп, бұл клуб, сахна менсіз жұмыс жасамайтындай бақытқа кенеліп жүрдім. 9 сыныпқа дейін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте оқып, әрі әнін айтып жүргенінде әкемнің жақындары бізді Гурьевке көшіріп алды. Онжылдықты сондағы Абай атындағы орта мектептен бітірдім. Одан әрі оқуға мүмкіндік болмай, 1957 жылдың күзінде Гурьев балық-құты комбинатында еңбек жолымды бастадым.
Жақсылық еккен алғыс орады
Алғашқы жетістіктерімнің бірі – 1957 жылы Нұрғиса Тілендиевтің алдынан сүрінбей өтіп, Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттердің VІ фестивалінің дипломанты атануым.
1960 жылы ҚазКСР-інің 40 жылдығына орай облыстан оркестр дирижері Сейілхан Құсайынов және менің нөмерім өтіп, сол жылы «Ән қанатында» атты киножурналға түстім. Ол бірнеше жылдар бойына «Замана бұлбұлы» атымен бүкіл елді аралап, қазір архивте сақтаулы. Ұлым Самат 2012 жылы Алматыға барып, оның көшірмесін алып келді
–Өнердегі биік белестер бір бұл болмас басқаларына тоқтала отырсаңыз?
– 1960 жылдан бастап, облыстық, республикалық, бүкілодақтық байқауларға қатыса бастадым. Олардың бәрінде Бас жүлде, бірінші орын алып жүрдім. Ең есте қалатыны Бүкілодақтың І-ІІ-ІІІ фестивальдерінің лауреаты атануым еді. Жалпы Мәскеу мен Алматыдан, республика кәсіподағының, облыстың басқару органдарының диплом, грамота, төсбелгілері менің өнеріме берілген жоғары баға деп білемін. Бұлардан бөлек ертеректе Мәскеуден келген «Мәдениет үздігі» төсбелгісі, КСРО Компазиторлар одағының бірінші хатшысы Т.Н.Хренников қол қойған диплом, тағы басқалары да еңбегімнің еш кетпегенін білдіретін марапаттар.
–Сіз кезіңде көше мерекелерін де өткізіп жүруші едіңіз?
– Иә, оның рас. Бұл шараны республика, облыста өтпей тұрғанда 1986 жылы Индербордағы «Жағалау» (қазіргі С.Құбашев) көшесінде дайындап, өткізген болатынмын. Еңбегім еш кетпей, тамаша деңгейде өткізілді.
Мұндай мазмұны терең, мағынасы кең шараны Бөдене ауылында Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Абат Далабаевты еске алуға арнап өткіздік. Сол секілді «Ене мен келін», «Ал, қане, жігіттер», «Шын жүректен» сынды көшпелі кездесулер, «Заң және жастар» деген тақырыпта тәрбиесі «қиын» жасөспірімдерді музейге жинақтап, туған күндеріне сыйлықтар ұсыну, Ш.Уәлиханов, С. Сейфуллин атындағы орта мектептерде полиция бастығы Асановпен кездесулер ұйымдастыруым да ізденістің іздері еді ғой.
Бүгінде салмақты да салиқалы азамат болған сол жастарды көргенде бойымды ризашылық сезімі билейді.
–Ұлдай апа, сол кезде мәдениет үйінде әдіскер лауазымында болдыңыз. Кейін музей ұйымдастыруға кірістіңіз. Осының бәрі қалай жүргізілді?
–1978 жылы мен басқаратын әдістемелік кабинет республикада бірінші орынды жеңіп алды. Сол кезде мен «Индер» мәдениет үйінің аға әдіскері едім. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметіне жаңадан тағайындалған Максим Елеуов мені шақырып алып, «Сізге үлкен жауапты жұмыс тапсырғалы отырмын. Өзіңіз жақсы білесіз. Біздің ауданда музей жоқ. Музейге арнайы ғимарат бөлінді. Сондықтан Сіз соған бүгіннен бастап жәдігерлер жинайды бастауыңыз керек Мен бұл шаруаны ойдағыдай орындай алатындығыңызге сенемін», — деп нығырлай тапсырма берді.
Содан бұл жұмысқа да білек сыбана кірісіп кеттім. Алғашқы тапқан жәдігерім –ХVIII ғасырдың басында шыққан көне самауыр. Оны Қадір деген ағаның үйінен таптым. Сөйтіп, музей үйіне мыңнан астам көне жәдігерлер мен бұйымдар жинақтадым. Аудандағы бұл бастама өзгелерге де жұғысты болды, көршілес Қызылқоға ауданында да осындай музей ашылды.
Бірде Қызылқоға аудандық партия комитетінің хатшысы Қадырғали Таңқиев біздің музейге келіп, жәдігерлерін көріп, оны жабдықталуымен танысып шықты да «Музейді көркемдеген адам кім екен?» деп сұрады. Мен жәдігерлерін жинастырып, көркемдеуші өзім екендігін айтып едім, хатшы маған «ауданға барған соң бір маманды жіберемін, соған түсіндіресіз» деген өтінішін жеткізді. Ол жақтан музейге келген кісі бәрін рет-ретімен жазып алып, артынша осындай музей Миялыдада да ашылды.
Тағы бір қызық жайт, бірде «Атыраудағы Құрмет тақтасынан көрдік деп Мәскеуден он адам қызыл ізшілдер келді. Музейді суреттерге түсіріп, артынша сол жақта телеарнадан көрсетіп, одақтық «Труд» газетінде көлемді мақала жарияланды. Екі реттен облыс пен ауданның Құрмет тақтасына ілінген бұл музейге кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсің. Олардың бәрі де «Тілек бұрышына өз әсерлерін жазып кетіп жатты. Сонау Украинадан белгілі жазушы, ғалым әрі аудармашы Юрий Покальчук, Түрікменстаннан белгілі опера әншісі, КСРО Халық әртісі Аннагүл Аннакулова, бұдан басқа Ресей мен еліміз аймақтарынан келген танымал тұлғалар да баршылық.
«Біз Ғарифолланың әнін ғана тыңдаймыз»
–Ауданда алғаш рет «Ару-Ана» әжелер ансамблі құрылғанда да оның басы-қасынан өзіңіз табылғанын да ұмытпалық?
– Жүріп қалған жанға зейнеткермін деп үйде қарап отыру қиын екен. Содан өзім білетін өнерлі әжелермен сөйлесіп, ақша алмай-ақ халыққа қызметімізді көрсетейік деп қолқа салып едім. Бәрі де келісті. Киімді де өзіміз аламыз деп әуелгіде бірдей киім, кәзекей, аяқ киім алып, он күндей дайындалдық. Алғашқы концертіміз жаман болмады, жер-жерден шақыртулар да түсе бастады. Бірнеше бйқауларға да қатыстық. Ансамбльге атау қойғанда да «Дендер» газетінің қызметкерлері, ақын Сансызбай Базарбаев, бәріміз талқыға салып, «Ару-Ана» деп қойған едік. Еңбегіміз еш кетпеді, елендік, ансамбль «халықтық» атақты жеңіп алып, Астана, Орал, Атырау қалаларында концерттерін қойды.
–Кезекті бір сапарда сіздерді қабылдамаған малшыға Ғарекенің «Айнамкөз», «Паңкөйлегін» шырқағанызда, әлгілердің жүзі жадырап, төрге бастағандары рас па осы?
– О, несін айтасың, ондай қызықтар талай кездесті ғой. Сондай бір жолға шығарымызда адамдарымыз уақтылы жиналмай, Индерден тым жай шығып қалдық. Көлігіміз Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Абдолла Мусағалиевтің ескі автоклубы. Бір тоқтайды, бір жүреді, сөйтіп, қараңғы түсе бір жылтыраған отқа жақындадық. Онымыз махамбеттік малшы ауыл болып шықты. Тасқараңғы түн, осы жерге қонамыз деп үйге кірдік. Бір азамат байпақ ұлт арып тігіп отыр екен. Абдолла аман-саулық сұрасып, «Біз кеш қалыппыз, ары қарай жүруге қорқып тұрмыз, қонуға бола ма?» деп рұқсат сұрап еді, үй иесіі «рұқсат етпеймін, өзімізде су да жоқ, әзер отырмыз»,-деп теріс қарады.
–Онда біздер аз-мұз әзірлік жасап алсақ бола ма?-дегені сол еді Абдолланың. Әй, біз шошақай әнді тыңдамаймыз. Бізге Ғарифолланың әнінен басқа ән керек емес, — демесі бар ма?
Сол сәтте Абдолла маған қарап, «Жақсы, Ұлдай былғауышыңды ал, мына үйдің тарысы қазанда күйгелі жатыр»,-деп салды. Мен де сыралғы досымның ыңғайын түсіне қала домбырамды алып жіберіп, Ғарекеңнің «Айнамкөзі» мен «Паңкөйлекті» төпеп жібердім.
Малшы да жадырап, әйелін шақырып алып, «Ас сал қазанға, бұлар жақсы қонақтар екен», деп қонақжайлық танытты сол сәтте. Міне, солайша түн ортасына дейін ән салып, күй төгіп, таңға жақын көз шырымын алдық. Құтты қонақ болып аттандық. Содан өз учаскемізге жетіп, шопан-малшыларды әнмен жарылқап, кино қойып, ауылдың жаңалықтарын айтып мәре-сәре болғанбыз.
Көктоғайда бір шопан қыз болды, атын ұмыттым, водовоздан маған хат-сәлемдеме жолдапты. «Ұлдай апа, біз концерттеріңізге бара алмаймыз, бізде сақманшылар бар еді. Мүмкіндік болса бізге соға кетіңіздер» деп сәлем айтыпты. Одан соң әскерден оралған бір жігіт «концерттен соң біздікінде қонақ болыңдар» дегеніне қарамастан Абдоллаға «Көктоғайда қызы шақырып жатыр соған жетейік» деп көндіргім келді. Ол да шаруа жайын жақсы біледі ғой, жел Теңіз жаққа ауысыпты, су тасып кетуі мүмкіндік деп сақтандырып әлек салды. Бірақ оған көнетін мен бе кабинаға отырып, алған соң амалсыз жүріп кеттік, түнгі сағат екілерде барсақ, әлгі қыздың анасы «жеті түнде қайдағы концерт, кетіңдер» деп кіргізбей қойды.
Тауымыз шағылып, кері қайтсақ, әлгі жолымызды су шайып кетіпті. Тіпті кабинаға дейін суға толды. Абдолла марқұм басқа еркек болса, түгімді қалдырмай, балағаттар еді, ал ол: «Әй Ұлдай, саған наказание, бүгіннен аман қалсаң, аузыңды жаппай өлең айтып, мына отырған 11 адамды жұбатасың» деп әзілге шаптырды. Әйтеуір жақын маңнан трактор тауып, көлікті судан шығарғанымен онысы қызбай, ақыры малшы ауылға дейін машинаны сүйреп жеткізді. Бұл үй қуанышымызға қарай әлгінде қонаққа шақырған жігіттің үйі екен.
Әйелі ренжіп кетіп алған, алдында бір табақ ет, жігіт сәл қызыңқырап қалыпты. Сондағы менің түйсінгенім, адамның пейілін қайтармау керек екен. Біз сол баланың ақ ниетіне ұшыраған да болармыз деп ойладым сол сәтте.
«Сен аман бол, ұрпағым»
– Бұл жай ұмытылмас сабақ болған екен ғой, апай.
– Несін айтасың. Осылай өнер жолы өте қиын болып келеді. Неге десеңіз ән салған жақсы тек керемет әнші болсаң ғана. Бірақ сол ән өзіңе ұнағанымен өнердің шыңына шыға алмағандар сені аяқтан шалып, перідей жек көретін қайтерсің. Мысалы, Димаш Құдайбергеновтің өзін Қазақстанда қаншама, сынап-мінеді. Солар тіпті алғашқыда «қатынша шыңғырады» деп те күстәналады мес пе? Солардың өзі Димаштың мағынан жүре алмайтындар. Димаш– біреу, оған ұзақ өмір берсе екен деп Алладан тілеймін.
Кезінде менің жолыма да қанша адам қақпан құрмады. ҚазКСР-інің 40 жылдығына арналған Алматыдағы салтанатты шараға барып, әнім киноға түсетін болғанда концерт жүргізушіміз «Әй, сауыншы, сен түсе жатарсың, жолды маған бер» дегенін де естідім ғой. Сол сәтте Сейілхан Құсайынов аға «жоқ, комиссиядан оркестр мен Ұлдай өтті. Біз шешпейміз»,-деп тоқтатқан әлгіні.
Бүкілодақтық фестивальдің үшінші турында «Сендер мына әншіні филорманиядан жалдап әкелгенсіңдер», деп жюриге төрағалық етуші Юмашеваның да әлек салған бар-ды. Содан бүкіл құжаттарым қайтадан тексеріліп, барып, Гран-приді әзер берген еді.
Осы жұмыспен марқұм Қазихан Қабдел айналысқан тұғын. Тіпті осы фестивальға жүрейін деп жатқанда ауданда сүйемелдеушім Қалдыбай Тілегеновты жібермей, біраз әуреге де түскенбіз. Мұның бәрін қазір жайбарақат отырып еске алғаныммен, сол кезде қаншама жүйке жұқарды, көз жасым төгілді.
Шындығында, мен ет жақын бауырларымның, әкемнің жоқтығынан өмір бойы өксіп өткен адаммын. Тек менің жанымда болып, әрдайым жұбатып, демеушім, жебеушім болған анам Зиба, жолдасым Өтеш, қыздарым Жеміс, Ботакөзім –Боташым (марқұм), Майра, Самат, немерелерім мен жиендерім Нұрлан, Мирдана, Бауыржан, Айдар, Айдана, Асат, Аружан, Айбат, шөберелерім Марғұлан, Нұрали, Самира, Әмір, Ділнәз, Мөлдір, Асма, Дарын, Ердәулет.
Әлгінде айтқандай, сенімді серігім болған Өтеш Қапашұлы 1936 жылы туған азамат. Ол 4 жасында ата-анасынан жетім қалған, үш апасы, бір ағасы бар. Бес-алты жасынан еңбек етіп, бақша егіп, балық аулап, үш апа мен ағасын асыраған, еңбекқор жан еді. Енді-енді үйлі-баранды болып, бақытына қолы жеткенде жұмыста жүріп биіктіктен құлап, қырық жылдай мүгедек атанып, жігіт пен үлкендіктің бар қызығын төсекте шалқадан жатып қана көре алды.
Мен үшін оның сол өмірі де бақыт еді. Ол мен үшін өте сабырлы, ақылды, бәрін де баппен ойлап істеуімен сыйлы болды. Бүгінде үш апасы да жоқ бұл өмірде. Екеуін өзіміз мәңгілік мекенге қойдық. Бір ұлы мен қызы Атырауда тұрады. Ағасының орнында келіні Ақмарал, немерелері Ғалия, Айдана, Қайрат, шөберелері бар.
Тұңғыш қызымыз Жеміс орта мектептен соң колледж, институт бітірді. Еңбек жолын С.Сейфуллин атындағы орта мектепте пионер вожатыйлықтан бастады. Кейін Атырауға қоныс аударып, инженерлік-гуманитарлық колледж директорының орынбасары болып істеді. Жалғыз ұлы Нұрлан Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университетті бітірген. Келіні Альбина аудармашы.
Боташ та ұстаздықты тағдады. Гурьев педагогикалық институтынде оқып жүріп, іскерлігімен танылды. Облыстық кеңестің депутаты болып сайланды.Жазғы демалыстарда ауылға келмей студенттік бригада құрып, «Құрдастар» дәмханасын салып, кілтін тапсырған. Бес жыл бойына институттың комсомол хатшысы болып, түрлі шаралардың ұйымдастырушысы атанды. Сол Ботакөзіміз 2007 жылы жол апатынан келмеске кетті. Қызы Мирдана институттың «жергілікті басшылық және экономика» факультетін бітіріп, Индерде сарапшы болып жұмыс жасайды. Жолдасы Алмат – «Көктем» орта мектебінде ұстаз.
Қыздарымның кішісі Майра Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте жұмыс жасайды. Ұлы Айдар да музыка пәні мұғалімі, келіні Айдана, немересі Ердәулет. Ұлым Самат ішкі істер қызметкерлерін даярлайтын академияны бітіріп, қазір Атырауда қызметте. Қазір келіні Нұрлыгүл екеуінің шағын кәсібі бар.
– Бір сөзіңізде мені елге танытқан көрермендерім мен жазушы-тілшілер деген едіңіз. Соны ашып айтпайсыз ба?
–Өнер адамдарын елге танытатын жандар, расында да тыңдарманы мен қаламгерлер,ақын-жазушылар ғой. Мысалы, мені алғаш журналға шығарған Есболда тұрған Қанзиба Баетова болатын. Менің өнердегі жолым мен өмірімді жиі жазғандар Сансызбай Базарбаев, Лұқпан Сисекенов, Света Қайырғалиева, Қазихан Қабдел, Базарбай Айтқалиев, Мұрат Қазиханов, Ерсайын Көшек, Сүйеу Халықов, Бағытжан Мусағалиев, Кеңес Сахи, Бақытжан Жұмат, Олег Свидин, Ләззат Қаражанова, Максим Елеуов, Сұңқар Көшеков, Себекбай Үмітқалиев, тағы басқалары ғой. Біреуін ұмытсам кешірім өтінемін.
Жалпы мен 30-ға тарта ән жаздым. Оның көбісі атап айтсам, «Шаттық көңілі», «Ойламаңдар, жігіттер» атты термелер, «Сен аман бол, ұрпағым» және басқалары сахнада орындалып жүр. Еліміз өркендеп, жыл сайын құлпырып келеді. Соған арнап «Өрлеу» атты күй шығардым. Оны белгілі домбырашы Серік Нысанов орындайды. Қазақстан телеарнасына түсіп келді.
«Халқыма аянбай қызмет еттім»
Облыста өткен шараларға да шақырумен барып тұрамын. Мүгедектерден құралған «Өмір гүлі» тобымен бес концертке қатыстым. Жеңістің 70 жылдығына «Ардагерлер әуені», одан өтіп, республикалық «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестивалінің ретро концертінде өнер көрсету бақыты да бұйырды. Екі турдың да буклеті шығып, ардагерлерге таратылды. Негізі мен өзім қатынасқан байқауларда екінші орын алып көрмеген екенмін. Тіпті Бүкілодақтық фестивальде Атырау облысының намысын бірнеше рет қорғап, бас жүлдеге ие болғанымды, өнерімді бағалап, дүрілдете қол соққан талғампаз халқыма аянбай қызмет еткенімді мақтан етемін.
Маған бұл жолда көмектескен Нұртас Оңдасынов, Сұлтан Өжікенов, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Мусағалиев, Лес Ақышев, Мирас Қибашев, Серік Нысановтарға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Өнерімді еліме жария еткен Фариза Оңғарсынова, Қанзиба Баетова, Сағи Жиенбаев, Сансызбай Базарбаев, Сүйеу Халықов болса, қиын сәтте қол ұшын берген Қатимолла Ризуанов, Иманғали Тасмағамбетов, Сағидолла Құлғалиев, Аманияз Қаракөзов, Тасболат Ғабдиев, Жайсаң Ақбаев, Алтынбек Нысанғалиев есімдерін әрдайым зор ризашылықпен еске алып келемін.
Тірілері аман, бақытты болғай, қайтпас сапарға аттанғандардың жатқан жерлері жарық, төсектері мамық болсын демекпін.
Сыр-сұхбатты жүргізген Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Атырау облысы,
Индербор кенті
