Халқымыздың батыр перзенті Бауыржан Момышұлы: «Әркім алдымен ата-тегін білу керек. Осыдан жанұя дәстүрі шығады. Мұны қазақ тілінде ата жолын қуу дейді. Бұл –жақсы дәстүр. Жанұяның тарихын, ата-тегін құрметтеп сүймей, Отанды құрметтеп сүю мүмкін емес. Өз жанұясының намысын қорғай алмайды. Бабалардың, әкелердің тарихы – халық ерлігінің тарихы» деп ата дәстүрін жоғары бағалаған еді.
Сонау келмеске кеткен кеңес дәуірінде тоталитаризм қазақты тарихи санадан жұрдай етіп, өткенге көзді жұмып қарауға итермеледі. Осындай мансұқ етілген күрделі мәселенің бірі ру мен рушылдық. Ру – халқымыздың, арғы тегі бір әкеден тарайтын туыстар тобының экономикалық, әлеуметтік негізі. Ру да әдет-ғұрыптардың қандастық ықпалы өте күшті болған. Көшпелі мал шаруашылығына байланысты туған. Қазан төңкерісіне дейін бізде түгел сақталған. Шет елдердегі қандастарымыз руға тән әдет-ғұрыптардың қаймағын бұзбауға тырысқан.
Санасы уланған қазақтар арасында бүгінде бірін-бірі түсінбестік пайда болып отыр. Мәселен, кейбіреулер руыңды білу мен ру сұрастыру рушылдық деп қате түсінеді. Енді біреулер «ру керек пе, ұлт керек пе» деп, ру мен ұлтты шатастырады. Ру сұрасу – танысу, жөн сұрасу-білісу ретінде. Бұған еш тыйым салуға болмайды. Ал рушылдық болса, бұл –дерт, әрі қылмыс. Оның жолын кесу керек.
Арғы-бергі шежіре тарихымызды білу – әрбір қазақтың о бастан ұстанған қағидасы. Олай болса ата-бабаңды сүюді Отанды сүюге арқау ете жүрудің нендей айыбы бар! Қазақ халқының руға, тайпаға, жүзге қауымдасып, туған топырағында жүруі түбі бір туыстығын бұзбай, қандастық, тектілік қалпын берік сақтаудан туған. Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қыз алыспаған. Аралас некеге де жол бермеуге тырысқан. «Сұрай-сұрай қарын бөле шығады» деген сөздің төркіні осында жатса керек.
Еліміз егемендігін алып, етек-жеңімізді жиып, өз еркіндігімізбен ежелгі тарихымызды түгендеген кезде Жеті баулы Беріш руының ішіндегі Құлкеш ата ұрпақтары да айналаға құлақ түріп, өз жеті атасын түгендей бастаған еді. Осы үшін «Құлкеш Ата» қоғамдық қоры құрылды. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – Құлкеш ата туралы Ресей, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерде, республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын ағайын -туыс бауырлар мен архивтерден хатталған тарихи мәліметтер мен деректер жинақтау арқылы ата шежіресін толықтыру. Әуелі қоғамдық қордың ақылдастар алқасының мүшелері ол кісінің атына рудың атауы қандай қасиеттері үшін берілген, мәңгілік мекені қай жерде, заманында кім болған, өзінің дүниеде бар кезінде, қай аймақтарды жайлады деген сауалдарға жауап іздеді.
Шынында да ізденушілердің айтуына қарағанда, Құлкеш ата өмірде болған адам. Ол діни терең оқыған, арабша білімді, абыз болған. Абыз сөзі мұсылманша (араб тілінде) хафиз сөзінен шыққан. Бұл Құранды жаттап, айтып қана қоймай, терең түсініктеме бере алатын адамды абыз дейді. Білімін Меккеде жетілдірген. Оған керуенге ілесіп барған. Неше жыл оқыса да оқуын бітіріп, елге қайтуға жалғыз болып, жол қиындығын көретін болған соң, ұстазынан көмек сұрайды. Ұстазы Жүсіп есімді туған-туыстары жоқ, жалғыз басты жігітті «Еліңе барған соң өзің ризалайсың» деп қосшылыққа береді.
Құлкеш елге келген соң сол Жүсіпті Себек руының қызына үйлендіріп, өзінің бір отауы етіп шығарады. Одан Дәкі мен Ырыс деген балалар өмірге келеді. Осы екі баладан соң бәйбішесі дүниеден өтеді. Жүсіптің екінші үйленгені Жаңбыршы Себектің қызы. Одан туғандар Байсейіт, Дәулетбақ, Байқошқар, Кешубай. Жүсіптің осы алты баласының бес баласына бес қасқа тайды еншілейді, балалар ер жетеді. Тайлары ат болады. Осы бес қасқа атқа мінгендер кейін Бесқасқа атанады.
Енді бір шежіреде Жүсіп Ұлы жүз ұлысындағы Үйсіннен десе, енді бірі Жалайырдан тарайтын батыр екен дейді. Тіпті әкесінің аты Мінікер депті. Сол елдің ханы ма, әлде ханның баласы ма біреумен ерегісіп шауып өлтіріп, елінен қашып, күндердің бір күнінде Жайық бойындағы Құлкештің еліне тап болады. Басынан өткен жайды жасырмай айтқаннан кейін Құлкеш атамыз ақыл таразысына салып, «маған бесінші ұл бол, осында қал» деп ұсыныс білдіреді. Құлкештің төрт баласымен татулығы жарасқан бауыр болғанын ел көріп, «Құлкештің Бесқасқасы» деп атау берген екен дейді. Кейін еншісін беріп, Бесқасқа атауын иелендіріпті.
Өткен кеңес үкіметі үстемдік құрған 1960 жылдары Махамбет ауданының Сартоғай ауылындағы егістік өнімдерін жинауға көмек науқаны себебімен, Қызылорда облысынан бір топ автокөліктері келеді. Сол кездегі орта жастағы ауылдың тұрғыны, марқұм Хафиз Мұхтарұлы ағамыз, жүргізуші азаматтарды үйіне кешкі шайға шақырып, қонақтап жібереді. Әрине, таныстық қазақи қағида да, ататегі мен қай рудан екенін сұрасудан басталмай ма? Осындайда ағамыз: «…Кіші Орданың Алшын тайпасына кіретін Он екі ата Байұлынан тарайтын Құлкеш руы, оның Қылыш бөліміненбіз»- дегенде, қонақтардың үлкені: «Ау, Хафеке, сіздердің Құлкеш аталарың біздің Төретам маңында жатыр ғой. Осы аймақта Қылыш құдығы деген де жайлаулар бар. Біздің жаққа келсең көрсетеміз…» депті. Әттең, ол кеңестік қоғамда ешкім жеті атасын түгендеп, руын дәріптеуге құлшынысты, тіпті құқылы да емес еді ғой.
Одан бері қарайғы яғни 1978-1980 жылдар шамасында, Ұлықпан Есенғалиев ағамыз іссапармен Алматыға пойызбен жол жүріп бара жатып, жолай Қызылорда облысы Қармақшы ауданының стансаларының бірінен мінген қарттармен қатар отырып, жөн сұрасып қалады. Сонда Есақаң да Беріштің Құлкеш руынан екенін айтқанда, әлгі қарт: «Ой, шырағым, сендердің сол Құлкеш аталарың біздің жақты жайлаған. Анау, Дерментөбе деген жерден әрі. Біздің елде әріден келе жатқан: «Алатау, Пірен, Жеркіндік. Құлкешпенен Көкиық» деп, тәмсіл болған өлең шумақтары бар. Ол жерлердің бәрі Дермен төбеден әрі» — деген екен. Бұған дейін ел ішінде: «Сендердің аталарың Қызылорда облысында жатқан көрінеді» деген әңгімелер жиі айтылып жататыны рас-ты.
Атам қазақтың: «мың естігеннен бір көрген артық» демекші ақылдастар алқасының ұйғарымымен и Тарғын Әндірұлы, Сәтқали Әуелбайұлы, жас маман-археолог, арабист Фархат Байдәулетов автокөлікпен Сыр өңіріне сапар шеккен еді. Қармақшы өңіріне ат басын тіреп, түркі жұртының пірі саналған, барша қазақ халқының қасиет қонған, қадірлі бабаларының бірі Қорқыт ата кесенесіне тоқтап, аруаққа дұға бағыштап, ұлық бабаға бас иеді.
Осы жерден Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртайдың ықпалымен, әкімдіктен Беріктің жолбастауымен «Қорқыт атаның» ескі қорымына келеді. 1954 жылғы қатты тасқында дария суына Қорқыт мазары да құлап, жұтылған екен. Кейбір кезде танымал тұлғалар «Қорқыт ата» қорымына жерлеу үрдісі болған сыңайлы. Топ мүшелері Құлкеш ата да осы қорымда жерленуі бек мүмкін-ау деген оймен ата басына дұға етіп, мәңгі мекен тапқан жерінен бір уыс топырақ алып қайтады.
Осыдан екі-үш ай бұрын Құлкеш ата ұрпақтары Обалы қорымының басына Құлкеш ата кесенесінің кешенін салуды қолға алған болатын.
Өткен қыркүйек айының 20-сында ғұлама дін қайраткері, көреген, қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен абыз Құлкеш ата кесенесінің ашылуына байланысты ас беріліп, дұға бағышталды. Оған Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Атырау өңірлерінің аудандары мен республиканың түкпір -түкпірінен келген мыңға тарта ата ұрпақтары жиналды. Он бір киіз үй тігіліп, алыс-жақыннан келген қонақтарға құрмет көрсетілді. Театрландырылған көріністер қойылды. Кешеннің ашылу салтанаты атап өтіліп, қызыл кермесі кесілді. Өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, ақындар арнау жырларын оқыды.Тарих ғалымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтаров, Исатай ауданның Құрметті азаматы, өлкетанушы қаламгер Мұрат Бектенов және басқалар Құлкеш ата туралы қызықты тарихи естеліктер мен баяндамалар жасап, жұрттың қызығушылығын туғызса, «Құлкеш ата» қоғамдық қорының төрағасы Мұрат Сарманов, Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлерінен келген ата ұрпақтары «қош келдіңіздер» айтып, қонақтар мен қор мүшелеріне Алғыс хаттар мен естелік медальдар табыс етті.
Еске алу кезінде жас жеткіншектер ата-бабасына тақпақтар арнаса, ғасырдан-ғасырларға ұрпақ жалғастығын күні бүгінге дейін жеткізіп келе жатқан иман жүзді қазақ келіндерінің барша жұртшылық алдында иіліп тағзым етуі де бұл шараның ең бір жарасымды сәті болғандай еді.
Тағылымды шараның жалғасы түс қайта палуандар күресі мен қой көтеру сайыстарына ұласты. Сайыстарда жеңіске жеткен жүлдегерлерге байрақтары беріліп, «Құлкеш Ата ұрпақтары ата тарату шежіресі» атты кітабы үлестірілді. Осылайша ата рухы ұлықталып, барша ағайынның көңіл-күйін бір көтеріп тастады.
Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Атырау облысы, Исатай ауданы
