Біздің сұхбатымызда Атырау өңірінің белсенді қоғам қайраткері, заңгер, облыстық Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары ҰЗАҚБАЙ Еділ Сарсенғалиұлы «Қарапайым халықтың қаражатына салынатын нысандар тек мемлекеттік құрылыс кәсіпорындары жүзеге асыруы керек» деген көзқарасын  білдіріп отыр.

Бүгінгі Қазақстанда мемлекет қаржысына мыңдаған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салынуда. Жаңа тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, жолдар, мәдениет үйлері мен спорт кешендері – елдің өркендеуінің белгісі. Құрылыс қарқыны артқанымен, соңғы жылдары кейбір нысандардың сапасы көптің көңілінен шықпай жатқандығын несіне жасырамыз. Осыдан келіп қоғамда заңды сауал туады: мемлекет қаржысына тұрғызылатын ғимараттарды кім салуы тиіс – пайда көздеген жеке компаниялар ма, әлде ел игілігі үшін жұмыс істейтін мемлекеттік құрылыс кәсіпорындарды қайта құру керек пе?

Бұл сұрақ – жай ғана техникалық мәселе емес. Бұл – мемлекеттік саясат пен қаржының тиімділігін анықтайтын түбегейлі мәселе. Себебі мемлекеттік қаражат – халықтың салық түрінде жинаған ортақ аманаты. Оны тиімді әрі әділ пайдалану – мемлекеттің абыройы мен жауапкершілігі. Сондықтан мемлекеттік қаражатқа салынатын нысандардың сапасы мен тиімділігін арттыру үшін құрылыс саласын мемлекеттік кәсіпорындар арқылы жүргізу қажет екенін атап өтті.

Мемлекеттік құрылыс кәсіпорны — сенімді жол

Мемлекеттік құрылыс кәсіпорындары – тек ұйым емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың тірегі. Мұндай кәсіпорындар арқылы мемлекет ірі жобаларды өз күшімен жүзеге асырып, бақылауды толық өз қолында ұстай алады.

Артықшылықтарын өзіңіз байқап көріңіз:  

Біріншіден, бақылау мен жауапкершілік жоғары болады — мемлекеттік кәсіпорындарда есеп те, есеп беру де бір тізбекте жүреді.

Екіншіден, құрылыстардыңмақсаты – пайда емес, сапа болады, жеке компаниялар көбіне табысқа ұмтылса, мемлекеттік құрылыс ұйымының міндеті – әлеуметтік нәтиже мен халық игілігі.

Үшіншіден, жұмыс тұрақтылығы. Облыс бойынша қанша жұмыссыз жүрген азаматтарымыз бар, ал мемлекеттік кәсіпорындар жергілікті кадрларды жұмыспен толықтай қамтып, ұлттық мамандарды қолдайтын болады.

Жеке мердігерлердің тәуекелі бар

Жеке құрылыс компанияларының нарықтағы тәжірибесі де, техникалық мүмкіндігі де бар екені рас. Әрине, нарықта жеке құрылыс компанияларының болуы қажет, себебі бәсекелестік арттырылады, бәсеке болған жерде ілгерілеу бар деген қағиданы ешкім жоққа шығара қоймайды. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, бәсекенің көптігі – сапаның кепілі емес.

Дегенмен, соңғы жылдары тендер арқылы жүзеге асқан кей жобалардың сапасы сын көтермей қалғаны жалпақ жұртқа мәлім емес пе?  

Мысал ретінде айтар болсақ, облыстағы ірі мұнай компаниясы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 698 миллион теңге бөліп, Еркінқала ауылдық округінде 290 балаға арналған “Болашақ” бөбекжай-бақшасын 2019 жылы пайдалануға берген еді. Алайда арада көп уақыт өтпей-ақ, жаңа ғимараттың кемшіліктері байқала бастады. Қабырғалары жарылып, едендері шөгіп, кафельдері сынса, кей жердің сылағы үгітіліп түсе бастаған. Жаңа салынған нысанның мұндай күйге түсуі – сапа мен бақылау мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.Құрылысы басталып, аяқталмай қалған ғимараттар, бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуы, сапасыз материалдар мен асығыс салынған нысандар – бұның бәрі жүйенің әлсіздігін көрсетеді.

Сондықтан стратегиялық маңызы бар жобаларда мемлекет өз кәсіпорындарына арқа сүйеуі – орынды әрі уақыт талабы.Ал, жеке меншік құрылысшылар өз қаражатына тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар сала берсін – оған ешкімнің қарсылығы жоқ, бұл олардың заңды құқығы.

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Бүгінгі таңда дамыған және дамушы елдердің көбі ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда мемлекеттік немесе жартылай мемлекеттік құрылыс корпорацияларына сүйенеді. Бұл – кездейсоқ үрдіс емес, экономикалық қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етудің дәлелденген тетігі.

Мәселен, Қытайда мемлекеттік құрылыс саласы ұлттық экономиканың негізгі тіректерінің бірі саналады. Елдегі “China State Construction Engineering Corporation” – әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының бірі. Ол тек Қытай ішінде емес, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдерінде де көпірлер, жолдар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салып келеді. Бұл компанияның табысы ел экономикасына қайтып құйылып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Кореяда да мемлекеттік қатысуы бар құрылыс алпауыттары – “Hyundai Engineering & Construction”, “Daewoo E&C” секілді корпорациялар елдің жол, метро, порт және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытты. Мемлекет оларды тек экономикалық құрал ретінде емес, ұлттық бренд пен сенімді серіктес ретінде қарастырады. Соның нәтижесінде Оңтүстік Корея мемлекеті бүгінде құрылыс экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі атанып отыр.

Ал Түркияда “TOKİ” атты мемлекеттік тұрғын үй агенттігі бар. Бұл ұйымның басты мақсаты – халықтың баспанамен қамтамасыз етілуін мемлекет бақылауында ұстау. Агенттік тек үйлер ғана емес, мектептер мен ауруханалар, жолдар мен мәдени орталықтар да салып отыр. Түркия осы саясат арқылы өз азаматтарына қолжетімді баспана ұсынып қана қоймай, құрылыс саласын ішкі нарықта тұрақтандыра білді.

Осы елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мемлекеттік құрылыс құрылымдары – экономиканың қозғаушы күші әрі ұлттық мүдденің қорғаушысы. Олар арқылы мемлекет сапаны да, қаржының тиімділігін де, әлеуметтік жауапкершілікті де өз қолында ұстай алады.

Қазақстан үшін де бұл бағыт өте өзекті. Біздің елде де құрылыс саласында тәжірибелі мамандар мен материалдық база жеткілікті. Ендігі мәселе – сол әлеуетті мемлекеттік жүйе арқылы біріктіріп, ішкі экономикалық айналымға тиімді бағыттау. Бұл – елдің қаржылық тәуелсіздігін күшейтетін, ал құрылыс саласын жаңа деңгейге шығаратын маңызды қадам болмақ.

Ұлттық мүдде – өз қолымызда

Мемлекеттік қаражатқа салынатын нысандарды мемлекеттік кәсіпорындардың күшімен салынуы – қаржының ел ішінде қалуын, сапаның тұрақты болуын және ұлттық кадрларды дайындау мен оның дамуын қамтамасыз етеді. Бұл бастама тек экономикалық тиімділікте ғана емес, ұлттық жауапкершілік пен мемлекеттің беделін қорғау жолы деп тануға болады.

Халық сенімі – ең қымбат капитал, сондықтан мемлекеттік қаражатқа салынатын әрбір нысан – елдің абыройы. Егер мектеп қабырғасы жарылса, шатыры опырылса, бұл тек құрылыс кемшілігі емес, ол – мемлекет беделіне келтірілген нұқсан. Сондықтан мемлекеттік нысандарды салуда сапа, ашықтық және ұлттық жауапкершілік басты орында болуы шарт.

Қорытынды

Мемлекеттік қаражат – халықтың еңбегі мен сенімінің жемісі. Сондықтан оны жұмсауда ашықтық, адалдық және тиімділік басты қағида болуы тиіс. Мемлекет өз кәсіпорындарын күшейтіп, стратегиялық жобаларды солар арқылы іске асырса – бұл қаржының ел ішінде қалуына, жұмыс орындарының көбеюіне және сапаның артуына сеп болары сөзсіз.

Уақыт келді: мемлекеттік нысандарды мемлекеттік құрылыс кәсіпорындары салуы керек. Бұл – әділ, жауапты әрі ұлттық мүддеге сай шешім.

       Жазып алған: Е.САРИН