ҚАЗАҚСТАН КӘСІПОДАҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНА – 120 ЖЫЛ
Биылғы еліміздегі Кәсіподақтар күні мереке Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Осы айтулы оқиғаларға орай Астанада Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған салтанатты форум өтті. Мерейтойлық жиынға кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына үлес қосқан ардагерлер, еліміздің әр өңірі мен саласынан келген белсенділер, еңбекші жастар және әлеуметтік әріптестер қатарынан 300-ге жуық адам қатысты.
Форумды ашқан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушыларды мерекемен құттықтап, кәсіподақ қозғалысының тарихи белестеріне тоқталды. Ол 120 жылдық тарихтың бастауы – адамдық қадір-қасиет пен әділет үшін күрестен басталғанын атап өтті.
Ардагерлерге арнаған сөзінде федерация төрағасы ұйымның 35 жылдық тарихына, оның ел өміріндегі тарихи рөліне ерекше тоқталды.
«Сіздер 80–90-жылдардағы ереуілдерді жақсы білесіздер, сол уақытта жұмысшылар алғаш рет әділеттілікті ашық талап ете бастады. Алғашқы ұжымдық шарттардың қалай жасалғаны да сіздердің естеріңізде болар. Сол бір қиын-қыстау кезеңдерде – қалыптасқан жүйе күйреп, өмірдің үйреншікті тәртібі бұзылған шақта – адамдардың құқығын қорғау оңай болмады. Кәсіпорындар жабылып, жалақы айлап берілмей, ертеңгі күнге деген сенім азайған сәттерде сіздер кәсіподақ қозғалысының отын өшірмедіңіздер. Халықтың сенімін сақтап қалдыңыздар. Сіздер дәлелдедіңіздер: ынтымақ пен бірлік кез келген сынақтан күштірек. Біз сіздердің табандылықтарыңыздың алдында бас иеміз. Сіздермен мақтанамыз. Халықтың сенімін сақтап, бізге тек ұйымды ғана емес, кәсіподақ рухын – әділет үшін күрес рухын аманаттағандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз – федерация тарихының жарқын беттері. Ал қосқан үлестеріңіз – бүгінгі ұрпақ сүйеніп тұрған берік іргетас. Еңбек адамына деген сенімдеріңіз бен адалдықтарыңыз, қажыр-қайраттарыңыз бен адамгершіліктеріңіз үшін сіздерге шексіз ризашылық білдіреміз, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Барлық өмірден өткен кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің рухына құрмет ретінде форумда бір минут үнсіздік жарияланды. Қазіргі кезеңге ойысқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ықпалының артуы нәтижесінде қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы қатарында шамамен екі миллионнан астам адам бар.
«Біз кәсіподақтарды сақтап қана қоймай, олардың беделін де арттыра алдық. Бүгінде ол – миллиондаған еңбеккерлер сүйенетін берік тірекке айналды. Кәсіподақтар федерациясы – елдегі ең ірі қоғамдық ұйым, оның құрамында екі миллионға жуық мүшеміз бар. Яғни, еліміздегі әр үшінші еңбеккер – біздің кәсіподақтың мүшесі. Федерация құрамына 24 салалық, 18 аумақтық бірлестік және 16,5 мың бастауыш ұйым кіреді. Онда күн сайын мыңдаған еңбеккерлердің тағдырына әсер ететін шешімдер қабылдануда. Бұл – екі мың штаттық кәсіподақ қызметкері мен 90 мың белсендіден құралған үлкен қауымдастық. Олардың барлығы Кәсіподақтар федерациясының бірыңғай жүйесінде жұмыс істейді. Бізді көбіне санмен өлшейді, бірақ шынайы күш – санда емес. Негізгі күшіміз – халықтың сенімінде. Адамдар қиын сәтте кәсіподаққа жүгінеді, өйткені оның әрдайым жанынан табылып, жалғыз қалдырмайтынына сенеді», – деді кәсіподақ көшбасшысы.
Төраға ұйымның күші ұрандармен емес, нақты істермен өлшенетінін ерекше атап өтті. Бүгінде кәсіподақтар бар ұйымдардың 97%-дан астамы ұжымдық шарттармен қамтылған. Соңғы жылдары олардың саны 40%-ға артты. Бұл – әрбір еңбеккер өз еңбегінің қорғалғанын сезінеді деген сөз. Еңбек адамдарының жұмысы лайықты бағалануы үшін нақты нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы жылдары ең төменгі жалақы екі есеге өсті. Жалпы кәсіподақтардың ықпалы айтарлықтай кеңейді – макроэкономикалық бастамалардан бастап, нақты салалар деңгейінде әсер етіп отыр. Ең төменгі жалақыны есептеу жүйесінің әділетті және халықтың шынайы қажеттіліктерін ескеретін жаңа тәсілмен есептелуіне қол жеткізілді. Соттарда 247 жағдайда адамдар әділетке қол жеткізіп, еңбекақысын, абыройын қайтарып алды.
Жұмысшыларға 3,7 миллиард теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды. Бұл – біреудің дәрі-дәрмегі, баласының киімі, үйіндегі жылуы. Мәжіліс Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын – «Дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» құжатты ратификациялады. Федерацция еңбек дауларын шешудің жаңа тәсілін енгізді. «Еңбек елшісі» институтын іске қосып, ондаған мың адам келіссөз жүргізу дағдыларына үйренген. Соның нәтижесінде еңбеккерлердің талаптары 97% жағдайда қанағаттандырылып отыр. Бұл – қысымның емес, дәлелдің, заңның және жүйелі жұмыстың күші. Осы еңбектің арқасында жүздеген кәсіпорында адамдар өз жұмысын алаңсыз атқарып, кәсіподақтың сенімді тірек екенін сезініп отырғандығыын мәлімдеді С.Дәулеталин.
«Қазақстан тарихында алғаш рет Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Жильбер Унгбо ресми сапармен келіп, алғашқы кездесуін Кәсіподақтар федерациясында өткізді. Бұл – жай кездейсоқтық емес, үлкен белгі еді. Бұл – бізжің жаңғыру мен өзгерістер көшін бастап тұрған беделді ұйым ретінде мойындалғанының және оның көзқарасына құрметпен қаралатынының айқын айғағы. Біз Халықаралық еңбек ұйымының сенімін қайта қалпына келтірдік. ХЕҰ-мен бірге Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар қол қойған Жол картасын бекіттік. Сондай-ақ Федерацияны Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының құрамына қайта қостық. Бұл не себепті маңызды? Өйткені аталған конфедерацияға әлемнің 200 миллионнан астам еңбеккерлері біріктірілген. Бүгінде біз жаһандық кәсіподақ қозғалысының бір бөлігіне айналып, даусымыз миллиондаған еңбек адамының тағдыры шешілетін алаңдарда естіліп жатыр»,- деді ҚРКФ төрағасы.
Халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктердің бірі – Федерация төрағасының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесінің мүшесі әрі ХКК Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің вице-президенті болып сайлануы. Сонымен қатар, 2021 жылы Орталық Азиядағы жаңа аймақтық кәсіподақ платформасының негізі қаланып, 2023 жылы Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы құрылды. Осы жылдар ішінде бұл құрылымдар сараптамалық алаңнан аймақтық ықпалды күшке айналды.
Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар алдында тұрған өзекті сын-қатерлерге тоқталып, ең бастыс мәселе өндірістегі жарақаттану мәселесін атады.
«Жыл сайын өндіріс орындарында 1300-ден астам адам жарақат алады, оның шамамен 200-і қайтыс болады. Мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу – біздің ортақ міндетіміз. Бұл мақсатқа жету үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын толық іске асыру және Халықаралық еңбек ұйымының №176 Конвенциясын ратификациялау қажет»,-деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы. Ол болашақтағы негізгі басым бағыттарға әділ еңбекақы төлеуді, бейресми секторда жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды және цифрлық сервистерді енгізуді жатқызды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған реформалары – жай ғана өзгерістер бағдарламасы емес, бұл – адам мен еңбекті мемлекет назарында ұстайтын, әділдік пен еңбектің қадірін басты құндылыққа айналдыратын жаңа дәуірге бастайтын жол. Біз Президенттің нақты қолдауын сезінеміз және оның саясаты әрбір еңбеккерге, әр отбасы мен тұтас елге жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын көріп отырмыз. Осы сенім мен кәсіподақтармен орнатылған ынтымақтастық үшін ризашылығымды білдіремін. Кәсіподақтар федерациясы Президент стратегиясын толық қолдайды – ол экономиканы жаңғыртуға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және адами капиталды дамытуға бағытталған. Біз осы реформаларды жүзеге асыруда Еңбек адамы мен Қазақстанның болашағы жолында сенімді тірек боламыз», — деді төраға.
Алқалы басқосуда Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың атынан сөз сөйлеген партия хатшысы Дәулет Кәрібек кәсіподақтардың ел өміріндегі маңызын атап өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің құттықтауын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіподақтардың еңбек қатынастарын реттеудегі және жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудағы маңызды рөлін атап өтті. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы – мемлекеттің сенімді тірегі және әлеуметтік әріптестік жүйесінің белсенді қатысушысы», — делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуға және қазақстандық жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының «Үздік әлеуметтік әріптес» медалімен марапатталды. Бұл марапат жұмыс беруші тарапындағы әлеуметтік әріптестерге де табысталды.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясын жаһандық еңбек саясаты көшбасшылары – Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбо мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл де құттықтады. Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбо 2024 жылы алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен келіп, еліміздің кәсіподақ қауымдастығына арнаған құттықтауында Қазақстанның еңбек саласындағы айтарлықтай жетістіктерін атап өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен ҚРКФ-ның 35 жылдығына орай Кәсіподақтар федерациясының «Тарихқа – тағзым, Бүгінге – өзгеріс, Болашаққа – сенім» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Бұл басылым – елдегі кәсіподақ қозғалысының қалыптасу, даму және жаңғыру жолын бейнелейтін маңызды тарихи-құжаттық еңбек. Кітапта кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің жүз жылдан астам уақытты қамтитын қажырлы еңбегі туралы құнды мұрағаттық материалдар, естеліктер, шежірелер мен талдамалық жазбалар жинақталған.
Өз сөзінде федерацияны 20 жылдан астам уақыт басқарған, ҚРКФ-ның ең жоғары марапаты — «Кәсіподақ Даңқы» иегері, ардагер Сиязбек Мұқашев кәсіподақ қозғалысындағы тарихи сабақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Форум аясында «Мамандық үздігі» республикалық байқауының қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Олардың қатарында мұнай, тау-кен, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, машина жасау, білім беру және пошта салаларының үздік өкілдері бар. Өз саласында озық шыққан еңбеккерлерге арнайы дипломдар мен «Еңбек озаты» медалі табысталды.
Сол күні кәсіподақ ардагерлері, кәсіподақ қозғалысының жетекшілері мен белсенділері, сондай-ақ еңбекші жастардың үздік өкілдері кәсіподақтың арнайы марапаттарымен және «Қазақстан кәсіподақ қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Жас кәсіподақ көшбасшылары атынан «Келешек» жастар кеңесінің Атырау облысы бойынша төрағасы Серік Қадыров аға буын өкілдеріне еңбеккерлердің құқықтарын қорғау ісін абыроймен жалғастыруға уәде берді.
«Бір сәтте мен өзім үшін маңызды ойға келдім: «Таңертең жұмысқа асығып, кешке үйге қуана оралған адам — бақытты адам.» Бірақ бұл бақыттың кілті – тұрақты жұмыс пен әділ еңбек жағдайында. Дәл осы түсінік мені кәсіподақ қозғалысының бел ортасына алып келді. Біз, жастар, – елдің болашағын ойлайтын, сіздердің жолдарыңызды лайықты жалғастыратын жаңа буынбыз. Мұндай ұлы істің бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Қазіргі заманға сай, бірлігі бекем және болашаққа бағытталған кәсіподақ қозғалысы еліміздің тірегі мен Еңбек адамының сенімді қорғаушысы болып қала берсін», – деді жас кәсіподақ көшбасшысы.
Салтанатты шара әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада еліміздің түрлі еңбек ұжымдарында қызмет ететін кәсіподақ мүшелері өнер көрсетіп, өздерінің вокалдық, хореографиялық және музыкалық таланттарын паш етті.
ҚРКФ кәсіподақтық коммуникациялар орталығы
