Қазақ халқының асыл перзенттерінің бірі де бірегейі, баһадүр батыр бабамыз, 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің көрнекті қолбасшысы Исатай Тайманұлының өткен тарихымыздағы рөлін кейінгі буын жастарға насихаттау, Исатай-Махамбет көтерілісінің мәртебесін көтеріп, маңызын түсіндіру және әділдік орнықтыру мақсатында еліміздің өңірлерінде исатайтануға бағыт бұрған азаматтардың екі жылда бір рет кездесу ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан-ды.  

    Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының тұлғалары тек халық тарихының маңызды бөлігі ғана емес, сонымен қатар ұлттық, патриоттық тәрбиенің де ажырамас бөлігі. Исатай батырдың жау қолынан қаза тауып, мәңгілік тыныс тапқан Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Шейітсай қорымында кесене орнатылып, батырдың туғанына 225 жыл толуына арналған шарада салтанатты түрде ашылған болатын.  

    Бұл күндері осынау қасиетті орын – батыр кесенесіне көптеген адамдар зиярат етіп, бейбітшілік пен береке тілеп, ерлер – ерлік, әйелдер – мықты ұрпақ сұрап келеді.

    Бұл жолғы кездесуге батыстың бес өңірінен жиналған он бес азамат    батыр кесенесі басына барып, рухына Құран бағыштады, тағзым етіп, зиярат  жасады.

      1958 жылы Орал өңіріне іссапармен барған ақын Тайыр Жароков пен әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор  Қажым Жұмалиев «Орал өңірі» газетіне «Махамбеттің қабірін білетін жан бар ма?» деп сұрау салады. Осы сауал негізінде қабірді білетін Тайпақ ауданының тұрғыны Құрақ Бектұрғанов деген азамат байланысқа шығады. Арғы атасы Бектұрған Тәшенге, Тәшен баласы Дінмұхамедке, Дінмұхамед баласы Құраққа Махамбеттің бейітін көрсетіп аманаттаған екен. Дінмұхамед ақсақал белгі болуы үшін Махамбеттің басына тобылғы қамшыны қайысынан айырып көмеді. Баласына тобылғының шірімейтінін ескерткен. Құрақ Бектұрғанов атадан қалған ғасырлық құпияны жариялап, Махамбеттің бейітін көрсеткені елімізге белгілі жайт.

    Осы кездесуге Құрақ атаның немересі, оралдық білімдар азамат Мәди Құрақов, Монғолияның Құрметті азаматы, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушы, көшпенділер ойынында бас төреші болған ақтөбелік Бауыржан Төлегенов, Атыраудан еңбек ардагері Нұрлығайын Рамазанов, құқық қорғау органының доғарыстағы полковнигі, бүгінде шаруа қожалығын басқаратын Бекболат Мұхамбетжанов, Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, исатайлық кәсіпкер Тұрлан Мажанов және басқа да өңірлерге белгілі азаматтар болды.   

    Жоғарыда сөз еткендей бұл жолға кездесудің негізгі мақсаты – 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің көрнекті қолбасшысы Исатай Тайманұлының мәңгілік тыныс тапқан Қобда ауданындағы батырдың асыл сүйегін сақтаған Шейітсай қорымына барып, батыр бабамыз кесенесіне зиярат ету арқылы оның бастауымен Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы көтерілістің мәртебесін ел тарихында әділетті тұғырына орнықтыруды дәріптеу болатын-ды.

      Қобда өңірінен Екінші дүниежүзілік соғыста сегіз бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан, тарихи тұлғалар мәңгілік дамыл тапқан қасиетті өлке екендігі баршаға аян. Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Жанболат Ерғалиев бізді ықыласпен қабылдады. Аудан әкімдігі мен мәслихаттың шешімімен маған «Қобда ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, тиісті құжаттары табысталды, Жергілікті биліктің тарапынан көрсетілген бұл құрметке ризашылық білдірдік.

     Халқымыздың мерген батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай туған жері – Бұлақ және Әлия ауылдары, әскери-патриоттық орталығы, жөндеуден өткен аудандық музей, орталық алаңда орнатылған «Ерге құрмет – Елдіктің белгісі» тақтасында мәрмәр тасқа қашалып жазылған деректер бізге ерекше әсер сыйлады.

   Сапар барысында киелі орын, «Абат-Байтақ» кесенесі және осы қауымдағы үш жүзге жуық көне құлпытастар шежіресі мен тасқа айналған теректің таңданарлық деректері біраз ойларға жетеледі.

   Абат-Байтақ кесенесі – XIV-XV ғасырлардағы сәулет ескерткіші. Қобда ауданы Бескөп аулынан шығысқа қарай он екі шақырым жерінде орналасқан. Бұл Алтын Орда кезіндегі бірегей құрылыс болып саналады. Сәулет стилі жағынан оған теңдес құрылыс Қазақстанда жоқ  Аңыз бойынша, Абат-Байтақ қазақтың атақты XV ғасырдағы қиялшыл философы Асан Қайғының ұлы Абат батырдың қаза тапқан жерінде салынған.

    Исатай батырдың туған жерінен келгендіктен мен мұндағы аудандық музей мен батыр баба атындағы лицейге Исатай мен Махамбет бейнеленген ауқымды қолөнер туындысын табыстадым. Елдің атынан Қобда ауылының тұрғыны Жауғашты Жұмағалиев ақсақал батасы беріп, біздің бастаған істерімізге сәттіліктер тіледі.

    Келесі күні арайлы Ақтөбенің Орталық мешітінде осы уақытқа дейін әр жылдары пәниден бақилыққа аттанған ақтөбелік жолдастарымыздың рухтарына Құран бағышталып, дұға оқылды. Біз алғашқы басқосуда өзіміз межеленген үш мақсат толық орындалды. Енді келешекте Исатай батыр кешенінде орындалатын жұмыстар бойынша шешімдер алынды. Мәселен, аудан әкімінің келісімен Шейітсайда батыр баба кесенесі аумағында аспан астындағы музей ұйымдастыру, төңіректі көгалдандырып, жасыл-желекке бөлеу міндеттері белгіленді.

     Осынау шараларды ұйымдастыруда асқан белсенділік танытқан Қобда аудандық музейінің директоры, өз ісінің кәсіби шебері әрі жанашыр маманы Гүлбаршын Ерғалиеваға шын жүректен алғыс айтамыз.

    Тәуелсіз еліміздің бірлігі бекем болсын! Еліміз аман, бақытты заман болғай! Батырлар өлкесі – қасиетті  Қобда жерінен біз қатарымыз сиремей, амандықта жолығысайық!» деген тілекпен тарқастық.  

                                                                  Нұрлыбек ОЖАЕВ,

«Құрмет» орденінің иегері,

 Махамбет және Қобда аудандарының Құрметті азаматы, 

ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты