Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтына – 85 жыл
Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Кеңес өкіметі қоғамды қайта құрудың бағдарламасын жасақтағанда білім беру ісіне, мәдениет пен ғылымның мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлді. Сол тұста ел тұрғындарының басым көпшілігі не оқи, не жаза алмады, халық шаруашылығының барлық саласында маман кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілді. Білікті оқыған мамандардың тапшылығы барлық жерде де материалдық-өндіріс салалар мен әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдар да ерекше байқалды.
Гурьев қаласында жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңнің өзінде өңір мектептері мен басқа да халық-ағарту орындарына мұғалім кадрларына деген қажеттілік күннен-күнге арта түсуіне байланысты күн тәртібіне қойылған-ды. Қалада 1929 жылы ашылған бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық училищеден басқа бірде-бір оқу орны болған жоқ еді. Батыс Қазақстан өңірінде 1932 жылы ашылған Орал педагогикалық институты бүкіл өлкенің жоғары білімді мұғалім кадрларына деген қажетін қамтамасыз ете алмады. Жылма-жыл облыста жалпы білім беретін мектептердің саны өсіп отырды. Ал республика жоғары оқу орындары мен Қазақстаннан тыс жерлердегі көршілес республикалардан жіберілген жоғары білімді маман кадрлар жеткіліксіз болатын.
1939 жылдың 13 қазанында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Гурьевте екі жылдық мұғалімдер институтын ашу туралы «Гурьев облысының шаруашылық және мәдени құрылысын дамыту жөніндегі іс-шаралар туралы» қаулысы жарық көрді. 1940 жылдың қыркүйегінен бастап Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институты жұмыс істей бастады. Институтқа 123 студент қабылданып, оның 83 қазақ, яғни 67 % құрады. Бұл сол уақыт кезеңімен қарағанда үлкен жетістік болатын.
…1938 жылдың 15 қаңтарында құрылған облыс орталығы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және Халық ағарту комиссариатының бекіткен мамандықтары бойынша 1 курсқа 120 студент қабылдау туралы қаулысын басшылыққа алған еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитеті 1940 жылдың 1 қыркүйегінде екі жылдық мұғалімдер институтын ашу туралы сол жылдың 20 мамырында шешім шығарған. Шешімге облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ. Тастайбеков пен хатшының уақытша міндетін атқарушы Нестрев қол қойған. Қабылданған шешім бойынша аталған оқу орнына қаладағы педагогикалық училищенің оқу ғимаратын беруге, ал училищеге бұрынғы В.И.Ленин атындағы бастауыш орта мектептің ғимаратын беруді және 120 студентке арналған жатақхана ғимаратын қарастыру Гурьев облыстық атқару комитетіне жүктеледі.
Халық Комиссарлар Кеңесіне 1941 жылдың жоспарына институтқа жаңа оқу корпусын және 500 орындық студенттер жатақханасын салу өтінішін білдірді. Институт тарапынан берген сұраныс бойынша «Қазақкітап» орталығының директоры Алексеевке оқу орны қітапханасына қажетті оқу құрал жабдықтар, оқулықтар және әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеттелді. Облыстық оқу бөлімінің бастығы И.Сержановқа институтты ашуға дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін мынайдай міндеттер жүктеледі;
- 1 маусымнан бастап институтқа дайындық курстарын ұйымдастыру;
- Қазақ үкіметінің бекіткен жоспарына сай институтты толық студенттер құрамымен қамтамасыз ету;
- профессор-оқытушылар құрамын іріктеп, жасақтау;
- оқу құралдарымен, оқулықтармен, әдебиеттер мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету
Қабылданған шешімнің негізінде облыстық оқу бөлімінің бастығына шұғыл түрде институттың директоры мен директордың оқу және ғылыми істері жөніндегі орынбасарын сайлап, Халық ағарту комиссариаты мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Жоғары мектеп істері жөніндегі комитетке бекітуге ұсыну міндеті қоса жүктелген. Орталық, облыстық, қалалық мемлекеттік архивтері қорларымен жұмыс барысында институттың 1940 жылы құрылып, жұмыс жасағаны туралы құжаттар табылды.
Архивте сақталған құжаттарда Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтының тұңғыш директоры болып 1928-1931 жылдары Алматы мал дәрігерлік техникумында, жұмысшы факультетінде, 1931-1932 жылдары Ташкенттің жоспарлау-экономика институтында оқыған, 1937 жылы Мәскеудің Г.М.Кржижановский атындағы мемлекеттік жоспарлау және экономика институтын бітірген, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1957), профессор (1958), Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, қасиетті Түркістан қаласында дүниеге келген Әбді Бошанұлы Тұрсынбаевтың жолдамамен келгендігі айтылған.
Институт директоры Ә.Тұрсынбаевтың Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтының ұйымдастырылуы туралы Халық ағарту комиссариатына берген есебінде 1940-1941 оқу жылында студенттер контингенті 120 студент болып жоспарланғанын: тарих факультетіне 60 студент, тіл және әдебиет факультетіне 60 студент оқуға қабылдануға тиісті болды. Есеп бойынша оқуға түсуге 152 талапкерден арыз түскен, соның 122-сі оқуға қабылданған. Бір қызығы институттың мөрі мен төрткіл мөрінде (штамп) латын ғаріпімен «Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты» деп нақты да айқын көрсетілген.
Оқк орнының кадр мәселесіне тоқталар болсақ: Ленинградтан келген, доцент В. В. Прусс тарих кафедрасының меңгерушісі, әрі КСРО тарихы пәнінен сабақ берді. Ол кезінде Ленинград мемлекеттік университетінде профессор міндетін атқарушы және Сталин атындағы өнеркәсіп академиясында дәріс оқыған. В.В. Прусс соғыстан кейінгі жылдары Ресейдің Қорған қаласында жұмыс істеді, Оңтүстік Оралдағы Ресей-Қазақстан шекарасындағы шаруалардың әлеуметтік тарихын зерттеді және осы тақырып бойынша бірқатар ғылыми еңбектер жариялады.
1934 жылы Ленинград философия, тарих және әдебиет институтының тарих факультетін бітірген М.Е.Шкляр ежелгі, орта ғасыр және қазіргі заман тарихынан дәріс оқыған. Оған дейін ол Ленинград Комвузында және мұғалімдер институтында жұмыс жасаған. Тіл және әдебиет кафедрасында облыстық білім органдарының келісімімен қаладағы Ленин атындағы мектептің директоры, білім саласында 12 жылдық іс-тәжірбиесі бар Гусева орыс тілі мен әдебиеті пәнінен, ал қазақ тілі және әдебиеті пәнінен педагогикалық училищенінің оқытушысы Малаев дәріс берген. Институты үздік бітірген ол білім саласында 5 жылдық жұмыс өтілі бар маман болатын. Аталған кафедрада сол жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген Биляев тілге кіріспе пәнін жүргізген. Педагогика кафедрасы бойынша Иванова, 19 жыл еңбек өтелі бар Е.С.Петрова (қалалық білім бөлімінің меңгерушісі болған) жұмыс жасады. Әскери дайындық пәнін облыстық партия комитеті ықпалымен әскери комиссариаттан бөлінген жоғары білімді лейтенант С.Н.Сикорский жүргізді. Марксизм-ленинизм негіздері пәнінен институт директоры Ә.Тұрсынбаев дәріс берген.
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің № 1692 Қазақ КСР Оқу-ағарату министрлігі қорындағы істерде оқу орны тарихына тікелей қатысты құжаттарды іздестіру барысында бұрын беймәлім болып келген көптеген құжаттар табылды. Осылардың негізінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бастауын айтып, жазып жүргеніміздей 1950 жылы емес 1940 жылдан өз негізін алатындығы нақты дәлелденді. Мысалы №1692 Оқу-ағарату министрлігі қорының № 353 ісінде Гурьев мұғалімдер институтының алғашқы директоры, кейін экономика ғылымдарының кандитаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбді Тұрсынбаевтың 1940 жылы 4 қыркүйекте Халық ағарту комиссариатына жолдаған жедел хатында 2 қыркүйекте институт базасында алғашқы оқу жылының басталғанын, оған 122 студенттің кешікпей келгенін хабарлайды.
Архив қорында Халық ағарту комиссариатына Гурьев мұғалімдер институтын ұйымдастыру туралы институт директорының 1941 жылғы 16 қыркүйектегі есебі сақталып, хатталған. Есепте институтқа түлектерді қабылдау, кадр мамандармен қамтамасыз ету, оқу ғимараттарымен қамтамасыз ету және жабдықтау, оқытушылар мен студенттерді тұрғын үймен және жатақханамен қамтамасыз ету, бесіншіден, студенттерді тамақтандыру, құрал-жабдықтар және қажетті оқу әдебиеттерін алу, институт базасын отынмен қамтамасыз ету туралы жан-жақты мәліметтер берілген. Сонымен бірге архив қорларында сабақтардың өтуі және сапалы өтуіне ерекше мән берілгендігі туралы мәліметтер де сақталған.
Архивтегі № 332 істе 1941 жылдың 8 ақпанында берілген мәліметке сай мұғалімдер институтында «Марксизм-ленинизм негіздері» пәнінің жүргізілуі туралы Халық ағарту комиссариатына қарасты жоғары оқу орындары басқармасына жолданған есебінде, аталған пәнді институт директоры Ә.Тұрсынбаевтың жүргізетіндігі хабарланып, оның жоғары білімді маман екендігі, Г.М.Кржижановский атындағы Мәскеу жоспарлау-экономика институтын бітіргендігін және «Марксизм-ленинизм негіздері» және «Диамат және тарихи материализм» пәндерінен кандитаттық минимум тапсырғандығын мәлім еткен. Берілген ақпарат бойынша дәріс сабақтарының өткізілуі, студенттердің өзіндік жұмыстары, семинар сабақтары, қысқы емтихан сессиясына дайындық және оның қортындысы көрсетілген. Құжаттардан байқайтынымыз «Марксизм-ленинизм негіздері» пәнінен «өте жақсы» бағаға – 19, «жақсыға» – 22, «қанағаттанарлық» бағаға – 18, ал «қанағаттанарлықсыз» бағаға 8 студент тапсырған. Погодаев, Харитонова, Калмыкова, Есқариева, Кабулов, Өтемісов, Малыгин, Жанесенов т.б. сияқты студенттер қысқы сессия уақытында аталған пәннен «өте жақсы» деген баға алғандығын құжаттар нақтылайды.
Архив құжаттарында институт директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Е.С. Петрованың Халық ағарту комиссариатына жолдаған 1941 жылдың 4 сәуіріндегі баяндау хатында комиссариаттың «Педагогикалық және оқытушылар институттарында оқитын студенттердің сауаттылығы мен сөйлеу мәдениетін көтеру» атты бұйрығын орындалу барысы туралы хабардар етеді. Баяндау хатта барлық оқу топтарына диктанттар жүргізілгендігін, студенттердің өте нашар нәтиже көрсеткендігін атап өткен. 1 курстағы 27-і студентің 22-сі «қанағаттанарлықсыз» баға алған. Тарих факультетіндегі 14 студенттің барлығы да сондай баға алған. Филология факультетінің орыс тобындағы 18 студенттің 3-уі «қанағаттанарлықсыз» деп бағаланған.
Халық ағарту комиссариатының бұл бұйрығы институт кеңесінде және оқу топтарында кеңінен талқыланған. Талқылау барысында бұйырықты орындау мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталып, орындалуын қадағалау назарға берілген. Қанағаттанарлықсыз баға алған студенттерге орыс тілі пәнінен қосымша сабақтар өткізу қарастырылған және белгіленген уақытта академиялық қарыздарын жабу міндеттелген. Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісіне жүйелі түрде орыс тілі және әдебиеті пәні сабағына қатысу, кафедра мәжілісінде талқылау және аталған пәннің берілуін жақсарту туралы ұсыныс-пікірлер беру тапсырылған. Ең басты назар студенттер арасында көркем әдебиет оқуды ұйымдастыру мәселесіне ерекше көңіл аударылған.
Институт құрылған кезеңде тарих пен тіл және әдебиет факультеттері жұмыс жасады. Тарих факультеті студенттеріне оқу барысында «Марксизм-ленинизм негіздері», «Саяси экономика», «Психология», «Педагогика», «Мектеп гигиенасы», «Ежелгі дүние тарихы», «Орта ғасырлар тарихы»,«КСРО тарихы», «Жаңа кезең тарихы», «КСРО Конституциясы», «Тарих пәнінің берілу әдістемесі», «Әскери дайындық», ал «Тіл және әдебиет» факультетінің студенттері «Психология», «Педагогика», «Марксизм-ленинизм негіздері», «Жалпы тарих», «КСРО тарихы», «Тіл біліміне кіріспе», «Қазіргі орыс тілі», «Ежелгі славян тілі», «Орыс тілінің граматика тарихы», «Орыс әдебиеті тілінің тарихы», «Әдебиет теориясы», «Жалпы әдебиет», «Орыс әдебиеті», «Фольклор», «ХVІІІ ғасыр әдебиеті», «Ежелгі орыс әдебиеті», «ХІХ ғасыр әдебиеті», «ХХ ғасыр әдебиеті және совет әдебиеті» және «Орыс тілі және әдебиеті әдістемесі»,«Әскери дайындық» және «Мектеп гигиенасы» пәндерін оқыған.
Институт ғимараты бұрынғы педагогикалық училищенің екі қабатты ғимаратында орналасқан. Барлығы 9 бөлме, оның 5 бөлмесі екінші қабатта, 4 бөлмесі бірінші қабатта орналасқан. Жоғары қабаттағы екі және төмендегі үш бөлме аудитория ретінде жабдықталды. Көлемді, жарығы мол бөлмеде институт кітапханасы жайғасты. Шағын бір бөлме директорға, тағы бір бөлме оқытушыларға берілген. Институт ғимаратының төменгі қабатында оқу бөлімі меңгерушісі, хатшы, әскери кабинет жабдықталды. Оқу ғимаратына жақын жердегі шағын үйде бухгалтерия және шаруашылық бөлімі орналасқан. Өкінішке орай оқу залы болмады. Дегенмен де, институт әкімшілігі екінші қабаттағы дәліздің түпкі бөлмесін қайта жабдықтап, жарық орнатып жинақы да кең зал жасақтаған.
Оқуға қабылданған студенттер үшін аталған ғимараттың толық қанағаттандыратығын алға тартады. Бөлмелерге 100 үстел, 150 орындық, эатақхана үшін 90 кереует пен матрац сатып алынған. Тарих, тіл және әдебиет кабинеттеріне 10 мың сомға кітаптар мен көрнекі құралдар сатып алынды. Институт директоры жоғары органға жазған қатынас қағазында алдағы уақытта институтқа жаңадан ғимарат салу жөніндегі ұсынысын білдіреді. Студенттерді жатақханамен жабдықтау мәселесі де оң шешімін тапқан. Алғашқы да қалалық кеңестің тарапынан Жамбыл атындағы мектептің үлкен жатақханасы студенттерге беріледі. Бірақ, кейін облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің шешімімен бұл ғимарат телефон стансасына берілген. Кейін Халық шаруашылығы есебі мекемесінің ғимаратына – 40, партия курсы жатақханасына уақытша 40 студент орналастырылды. Ал оқытушылар үшін жаңа салынып жатқан ғимараттан 3 бөлмелі 2 үй қарастырылды. Студенттерді тамақтандыру мақсатында облыстық сауда мекемесімен келісім шарт жасақталды. Мейрамхана күнделікті сағат 12.00-ден кешкі 19 сағатқа дейін студенттерді әртүрлі ассортимент тамақпен қамтамасыз ету қарастырылып,бұған институт 8 мың сом қаражат төлеуге тиіс болды.
Кітапхана қорын қажетті әдебиеттермен толықтыру мақсатында сметадан 10 мың сом қаражат қарастырылды. Институт ашылған уақытта 6 мың сомға кітаптар сатып алынған. Психология, тілге кіріспе, ежелгі және орта ғасырлар тарихы пәндерінен оқулықтар жетіспеушілігі де назарға берілген. Осы олқылықтардың орнынын толтыру мақсатында Мәскеу мен Ленинград кітапханаларынан және облыстық кітапханадан иартия тарихының 60 дана орысша, 40 дана қазақша оқулықтары алдырылған. Бағдарламаларымен толық қамтамасыз етілмегендіктен, Мәскеуге сұраныс берілген. «Қазақкітап» орталығы арқылы әртүрлі әдебиеттер мен газеттерге жазылу жүргізілген. Қысқы маусымға қажетті көмір мен отындық ағаш сатып алынды.
Архив қорында сақталған деректер бойынша анықталған 1940-1941 жылдары Гурьев мемлекеттік мұғалімдерр институтында қызмет еткен оқытушылар мен қызметкерлер: Ә.Тұрсынбаев – институт директоры, «Марксизм-ленинизм негіздері» пәні, Е.С.Петрова – директорының орынбасары, оқу ісінің меңгерушісі, В.В.Прусс – тарих кафедрасының меңгерушісі, КСРО тарихы пәні, К. В. Данилович – орыс тіл және әдебиеті кафедрасының, М.Е.Шкляр – Дүниежүзі тарихы пәні, Иванова – педагогика кафедрасы, Л.П.Азовскова – орыс тіл және әдебиеті, А.М.Гусева – орыс тіл және әдебиеті, Т.Малаев – қазақ тіл және әдебиеті кафедраларының, А.Н.Сикорский – алғашқы әскери дайындық, Биляев – тіл біліміне кіріспе пәндерінің оқытушылары болды. К.С.Харитонова – институт партия ұйымының хатшысы, сондай-ақ оқу орнында Лапин, Сафонова, Смирнов, Ефинова, Уразгалиев, Савина, Жантасов, Кастерин сынды педагогтар қызмет атқарған.
Институтта Қожахметов – директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, Амиров – шаруашылық басшысы, Вавилова – хатшы, Ким – есепші, Тарасова – есепші болып жұмыс істеген екен.
Архив деректерінде Абросимов, Н.Калмыкова, М.Қ.Абаканова, Есқайыров, Ғ.Бейісов, Кабулов, Б.Саппаев, Малыгин, В.Хохлов, Жанесенов, Т.Искариева, Венгер, Е.Верин, Киселова, К.Илеуов, Харитонова, С.Утемисова, Свежинина, Жоламанов, Костерин, Губаева, Марданов, Сақпаев, М.П.Зубов, Н.Қаржауов, Кабдулов, Г.А.Погадаев, Шестогин, Өтемісов, А. Шәріпев, М.Таупихова, Т.Оразғалиев, К.М.Симановская сынды жастардың мұғалімдер институтының алғашқы студенттері болғанын аңғардық.
Оқу орнында студенттердің күшімен құрылған орыс, қазақ әдебиеті үйірмесі жұмыс жасапты. Әсіресе орыс әдебиеті үйірмесінің жұмысы нақтылы жоспармен жүріп тұрған. Үйірме мүшелері үшін оқытушылар XVIII ғасырдағы орыс әдебиетіндегі реализм тағы басқа тақырыптарда лекциялар оқыды. Олар шәкірттерді Шекспир, Шевченко сияқты ұлы ақын, жазушылардың шығармаларымен жиі таныстырып отырған. Бұдан 85 жыл бұрын облыс орталығында тек қазақ жігіттерінен құралған футбол командасы болған. Екі жылдық мұғалімдер институты студенттері негізінде ұйымдастырылған бұл команда «Буревестник» деп аталды, капитаны, тарих факультетінің студенті Б. Саппаев болды.
1941-1942 оқу жылында да бұл институтқа 120 студент қабылдау жоспарланады. Жоспарды Халық ағарту комиссары М.Әбдіхалықов бекіткен. Өкінішке орай, 1941 жылдың 22 маусымы күні Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институты Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылғы 9 тамыз күнгі № 672 қаулысы негізінде Оралдағы мұғалімдер институтына қосылады.
Бұл деректік құжат Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві және Атырау облыстық мемлекеттік архиві қорларында сақталған. Институттың оқу ғимараттары, кітапханасы және дүние-мүліктері Гурьев педагогика училищесі балансына беріледі. Аталған қаулыға Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары П.Орехов пен Іс басқарамасының меңгерушісі Н. Күзембаев қол қойған екен.
Архив деректеріне сүйене отырып, Атырау өлкесіндегі бүгінгі күнгі жоғары білім беру, ғылым, тәрбие саласында, қоғамдық-саяси өмірде де өзіндік ерекше орыны бар Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті өзінің тарихи бастауларын 1940 жылдан қалыптастыра алды деген толық тұжырымға келуге болады.
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор