Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне – 85 жыл
Сексен бес жылдық тарихы бар бұрынғы Гурьев педагогикалық институты, қазіргі Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті – Қазақстанның Батыс аймағындағы білім қарашаңырағы болып халық санасына сіңген, бүкіл елелміздің халқына жоғары білім мен тәрбие беріп, ғылыми бағытта жетістіктерге жетіп келе жатқан жоғары оқу орны. Осынау өткен жылдар тарихында елге белгілі тұлғалар мен ғалымдар, мықты менеджерлер мен ректорлар басшылық жасады.
Ал, қазір еліміздің ғылымы мен жоғары білім саласында ойып алатын орны бар білім ұясының қазіргі басшысы, ректоры Саламат Идрисов туралы сөз тиегін ағытпақпыз. Саламат Нұрмұханұлы Атырау облысының Индер ауданы Өрлік ауылында 1974 жылдың 9 ақпанында дүниеге келді. Әкесі Нұрмұхан Ідірісов ұжымшардың белді механизаторы ретінде өзінің темір тұлпары – тракторымен шаруашылықты биікке көтеру жолында аянбай еңбек еткен. Анасы Нұрсұлу – он ұрпақ өмірге әкелген Батыр ана. Ауылда егін шаруашылығы, совхоздың мал даярлау жұмыстарында аянбай еңбек еткен, тыл ардагері.
Нұрмұхан қарттың жапырағы жайылған үлкен отбасында керемет тәрбие алған сегізінші перзенті Саламат Өрліктің Қ.Абақанов атындағы орта мектебін 1991 жылы «күміс» медальмен бітірді. Арман қуып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне оқуға түсті, оны 1996 жылы «Математика және информатика» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Өзінің ұстазы, профессор Асылбек Хамметовтың ұсынысымен сол кездегі университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Табылдиев жас маманды «Информатика негіздері және есептеуіш техника» кафедрасына оқытушысы лауазымына жұмысқа алып қалады. Білім ордасындағы оның алғашқы еңбек жолында осы екі ұстаздың орны бөлек еді. Олар студенттермен, оқытушылар және қызметкерлермен жұмыстың қыр-сырына, қарапайымдылық пен еңбекқорлыққа баулыды десек артық айтпаған болар едік.
Саламат Нұрмұханұлы 1998 жылы «Информатика және оқытудағы жаңа ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, 2000 жылы университет баспаханасының директоры, қайта құрылған «Жаңа ақпараттық технологиялар орталығы», баспахана бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылы «Жаңа ақпараттық технологиялар» директоры сынды қызметтік баспалдақтардан абыройлы өтіп, оқу орнының ақпараттық-техникалық, компьютерлік базасының қалыптасуына, баспа ісін дамытуда зор үлес қосты.
Өз мамандығын жетік білетін және іске деген тындырымдылығы, мұқияттылығымен көзге түскен оған 2006 жылы университетінің «Информатика» кафедрасының доценті ғылыми академиялық атағы беріледі. Ізденімпаз жас ғалым, информатиканы оқытуға байланысты тақырып алып, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Кеңесбаевтың жетекшілігімен «Педагогика ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесіне кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
2009 жылы «Физика, математика және ақпараттық технологиялар» факультетінің деканы, араға екі жыл салып, «Ақпараттық технологиялар орталығының» директорлығы қызметтерін атқарады. 2012-2013 жылдары «Қашықтықтан оқыту» факультетінің деканы, «Әкімшіліктің шаруашылық департаментінің» директоры және қашықтықтан оқыту факультетінің деканы, ал 2016-2019 жылдары ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалып, әкімшілік, ғылыми жауапты жұмыстар атқарды.
Осы аталған қызметтердің бәрі де физика-математика факультетінің тарихында еңбек еткен ғұлама ғалымдар мен шын мәнісіндегі білім корифейлері Хисмет Бозанұлы, Ғафуролла Дайырұлы, Асхат Сәлімұлы, Қатап Камматұлы, Рахымжан Шәкібәліұлы, Асылбек Хамметұлы, Жақсылық Мүбаракұлы Рашбаев, Мұхит Жұмашев, Жәдігер Майлыбаев, Қайреден Сеитов, Қайыржан Ғабдуллин, Рая Гильмеденова, Ғизат Имашев, Мәди Нәубетжанов, Серік Өтепқалиев, Бекет Кенжеғұлов, Бақыт Барсай және тағы басқалардың тәжірибелерін қомақты, толық, шын ниетімен жинақтап жұмыс атқарғаны жас ғалымға үлкен абырой әпергені сөзсіз.

Биік лауазымға ие болған Саламат Нұрмұханұлы бүкіл өңірге даңқы асқан физика-математика факультетінің халық алдындағы беделін түсірмеу жолында барлық күшін салды. Ал, үш жыл бойына проректор болып жұмыс істеген кезінде университеттің алуан тақырыптағы ғылыми конференциялардың басы-қасында жүріп, ғылыми шаралардың мәнді, мазмұнды өтуіне күш салды. Жас оқытушыларының докторантураға түсуіне бағыт-бағдар беріп, университет тарапынан қолдау көрсетіп, ғылыми әлеуетті арттыруға үлес қосты. Оқу орны студенттерін ғылымға икемдеу жолында декандарға зор талап қойып, магистранттар диссертацияларының мезгілінде қорғалуын қадағалады,PhD докторлардың санын көбейтуге қызмет етті. Бұл әрекеттердің бәрі университетті бүкіл еліміз бойынша қатардан қалдырмай, нысаналы орында болу, сол жолда жігер-қайрат жұмсаудың әрекеті еді.
Саламат Нұрмұханұлының университет қабырғасындағы қызметтік кезіндегі ерекше кезең – 2012 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында үш айлық Швейцария елінде ғылыми тағылымдамадан өтуі еді. Бұл сол кездегі университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраевтың қолдауы мен көрегенділігі арқасында іске асқан болатын. Ол Швейцарияға –6, келесі жылы Ұлыбританияға 5 оқытушыны ғылыми тағылымдамаға жіберген-ді. Саламат Идрисов осы кезден бастап жоғары білім саласындағы менеджерлік, басқару қабілеті жаңа қырынан көрініп, еліміздің жоғары білім мен ғылым саласында орнын көрсете бастады. Ол Бейбіт Мамраевты өзіне басқару, менеджерлік ұстазы ретінде әрқашан құрметтейді.
2019 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың шілдесі аралығында «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті» ректоры лауазымында қызмет атқарған Саламат Нұрмұханұлына сол жылдың аяғында «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы — ректор лауазымында қызмет атқарып келеді. Ол өзінің адамгершілігі, білімпаздығы мен қарапайымдылығы және адамдармен сөйлесе алатын қасиетімен ұжым сыйлы да құрметті. Елді білетін, халықпен етене жақын адамның басшы болуы университет үшін үлкен абырой. Көпбалалы отбасында өскен Саламаттың мейірбандығы оқу орнының әр мүшесіне таныс.
Саламат Нұрмұханұлы қоғамдық жұмыстарды да жанын сала атқарады. «AMANAT» партиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде тұрғындардың ұсыныс- пікірлеріне үнемі назар аударады, қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың мәселесінің оң шешілуіне күш салады. Облыс жастарының қоғамдық жұмыстарға қатысуы, тәрбиесі және орта білім, жоғары оқу орындары студенттерінің жан-жақты дамуына мән береді. Өзі де жастармен жиі кездесіп, пікірлерін тыңдайды.
Саламат Нұрмұханұлы ректорлық қызметке кіріскелі өзінің ұстазы Асхат Иманғалиевтің оқу орнын басқарған кездегі тәжірибесін үлгі тұтты. Ол бүкіл ұжымды бес саусағындай жақсы біледі. Ұжымдастардан ұйымшылдықты, тәртіпті, адамгершілікті, қайырымдылықты талап етеді. Қазір әр студент, әр оқытушы ректорға деген ізеттерімен, сыйластықтарымен белгілі. Міне, әділеттілік деген осы.
Жыл өткен сайын университет өзінің мәртебесін биіктетуде, ғылыми әлеуеті артуда, магистрлер, докторлар қатары көбеюде. Әр оқытушының қызметтегі жетістігі ешуақытта құттықтаусыз, марапатсыз қалмайды. Ұжымдағы мерей жасқа толған профессор-оқытушыларға құттықтаулар жолдап, олардың жан дүниесін бір биікке жеткізгендей шара ұйымдастыру дәстүрге айналды. Зейнеткерлер де мерекелі күндері еш ұмытылмай, университетке арнайы шақырылып, марапаттарға ие болады. Ұзақ жылдар қызмет еткен жандарға бұлай құрмет көрсетілуі ұмытылмастай мерей.
Саламат Нұрмұханұлы заманымыздың, халқымыздың нағыз ер мінезді, жаратылысы бөлек адам десек қателеспеспіз. Өткен жылдың көктемінде еліміз су тасқыны қаупі астында қалды. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында тілсіз жау – су тасқынынан бүкіл ел дүрлікті. Жүздеген мың тұрғыны бар Атырауды су тасқынынан аман алып қалуға, бүкіл ел жұмылды. Университет ұжымы да қанатын қомдады оқытушылар мен студенттері ұйқысыз түндерді, күлкісіз күндерді бастарынан кешірді. Оқу орны ұжымына Жайықтың оң жағалауына бес шақырым бекініс орнату тапсырылды. Су күннен-күнге көтеріліп келе жатты. Осынау сын сағаттарында қызметкерлерді, студенттерді тасқынға тосқауыл қоюға жұмылдыру жолында Саламат Нұрмұханұлынан тыныштық кетіп, түні бойы Жайық жағасында жүрді. Тасқын суды тоқтату жолында олар бригадаларға бөлініп, жағаға топырақ үйді. Машинамен әкелінген тау-тау топырақты дайын қапшықтарға толтырып, бекініс жасады.
Төрт-бес айға созылған тасқын әбден бәсеңдегенше, ректор бастаған адамдар палаткада түнеп, Жайық басында тамақтанып, ауыр күндерді басынан кешті. Осындай қарбалас кезінде жүрсе де, университет басшылығы, оқу-тәрбие процесі үздіксіз жүріп жатты. Облыс әкімшілігі, Жоғары білім министрлігімен «онлайн» жиналыстары далада да, Жайық жағасында да, көлік ішінде де, негізгі кабинетінде де үздіксіз жүрді. Өзінің университеттегі оқу басшылық жұмыстары үлкен кестемен атқарылды. Сөйтіп, Жайықтың бес шақырым жағалауы аман қалды. Бұл жан аямай атқарылған ұжым ерлігі болды.
Ректор Саламат Нұрмұханұлы жыл сайын оқу орнының атқарған жұмысы туралы халық алдында есеп береді. Әр оқу жылында межеленген жоспардың орындалуына назар аударады. Қоғаммен жұмысты бірге талқылап, ұсыныстарын тыңдайды.
Университет өзінің миссиясы – Атырау облысының зерттеу және білім беру саласында инновациялық оқытудың, экологиялық мәдениеттің озық тәжірибесін жасау тұрғысынан елімізде жетекші орын алуға қабілетті зияткерлік капиталды қалыптастыруда ұйымшылдықпен еңбек етіп келеді. Университет Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететін студенттердің, профессор-оқытушылардың, бизнес-серіктестердің инновациялық идеяларын жүзеге асыру үшін ғылыми-білім беру кеңістігінде өзіндік жетістіктерге қол жеткізді.
Оқу орны облыс экономикасын, білімі мен ғылымын дамыту үшін инновациялық идеяларды түрлендіру және іске асыруда қабілеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлаудағы мақсатын айқындады. Осы бағыттарды жүзеге асыру үшін университеттің 2020-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы қайта қаралып, еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы басшылыққа алынды.
Саламат Нұрмұханұлы өзінің жұмысында академиялық еркіндік, оқыту мен зерттеу бірлігі, ашықтық, жариялылық, сапа, тұлғаға құрмет, саналылық, жаңашылдық принциптеріне сүйенеді. Өңірдегі іргелі оқу орнының ректоры ретінде білім беру процесіне кадрларды озық даярлауды қамтамасыз етіп, үздік тәжірибені енгізуді, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, ірі жобаларды орындайтын қазақстандық жаңа халықаралық ғылыми-білім концорциумына қатысуға, цифрлық сервистерді дамытуға, қызметкерлер мен студенттердің жеке кәсіби әлеуетін іске асыру үшін қолайлы және қауіпсіз орта құруға, университетті басқару жүйесін жаңғыртуға назар аударады. Саламат Нұрмұханұлы осы бағыттардың жүзеге асып, мұқият жүргізіліп отырылуын үнемі қадағалайды.
Еліміздің батыс өңіріндегі байырғы оқу орнының соңғы жылдардағы жетістіктерін ұжымның 85 жылдық тарихына қосқан үлесі деп қабылдайтын іскер басшы, шебер ұйымдастырушы әркез ұжымның бірлігі мен ынтымағын жоғары қастерлейді.
Қадыр ЖҮСІП,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің профессоры, ф.ғ.д.,
Каспий аймағы Академиясының академигі