Елімізді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты кепілі. Осы бағытта аймақтың жоғары білім беру саласында көш бастап келе жатқан Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті бүгінгі таңда аймақтық және республикалық деңгейде беделді оқу орнына айналып отыр. Университеттің басқарма төрағасы-ректоры, профессор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов 2024–2025 оқу жылындағы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, білім ордасының стратегиялық бағыттары мен жетістіктерін саралады.

Заманауи білім беру жүйесі – уақыт талабы

Қазіргі таңда оқу процесі 78 бакалавриат, 42 магистратура және 2 докторантура бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Барлық білім беру бағдарламалары заманауи талаптарға сай әзірленіп, жаңа білім беру стандарттарына сәйкес жетілдірілуде.

Университет оқыту сапасын арттыру мақсатында цифрлық технологияларды кеңінен енгізіп келеді. Білім беру үдерісіне жасанды интеллект негіздері енгізіліп, «Huawei», «Astana Hub», «Coursera» секілді жетекші платформалармен бірлескен оқыту жобалары жүзеге асырылуда.

Бұл бастамалар университеттің инновациялық бағыттағы дамуын айқындап, студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашуда.

Ғылыми әлеует және кадр саясаты

2024–2025 оқу жылында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы 401 адамды құрады. Оның ішінде PhD докторлар, ғылым кандидаттары, профессорлар мен магистрлер саны жыл сайын артып келеді.

Салаға енгізілген жаңа стандарттарға сәйкес 179 сеньор-лектор лауазымы тағайындалып, өз қызметін бастады. Сонымен қатар мақсатты докторантура бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жас ғалымдардың алғашқы легі ғылыми жұмыстарын сәтті қорғап, оқытушылар қатарын толықтыруда.

Ғалымдарды қолдау мақсатында халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланған мақалалар мен зерттеу жобаларына ынталандыру жүйесі енгізілді. 2024 жылы 31 ғылыми-зерттеу жобасы жүзеге асқан. Бұл – өңірлік ғылым мен инновацияның дамуына қосылған елеулі үлес.

«Ұстаз» мектебі – педагог кадрлардың ұясы

Келер жылы университет жанынан ашылған «Ұстаз» мектебіне бес жыл толмақ. Осы уақыт ішінде мектеп педагогикалық бағыттағы білім беру ісін жаңа деңгейге көтеріп, ер мұғалімдер даярлау ісінде аймақ бойынша оң нәтижелерге қол жеткізді.

2021 жылы аталмыш мектеп қабырғасындағы оқуын аяқтаған түлектер биыл жоғары оқу орнын тәмамдап, жас маман ретінде мектептерге жол тартпақ. Бұл – университеттің аймақты педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етудегі сәтті жобасының нақты жемісі.

Жұмыс берушімен байланыс және тәжірибе алаңы

Сапалы білім беру ісінде теория мен практиканы ұштастыру – басты талаптардың бірі. Осы бағытта Атырау университетінде барлық мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларына тәжірибелі мамандар, өндіріс пен мекеме өкілдері көптеп тартылуда.

Студенттердің өндірістік тәжірибесіне жетекшілік еткен тәлімгерлерге университет тарапынан арнайы қаржылай қолдау көрсетіледі. Махамбет және Мақат аудандарының қажетті педагогикалық мамандарға алдын ала сұраныс беріп, бітіруші студенттерді нақты мектептерге бағыттау тәжірибесі сәтті жүзеге асуда. Бұл тәжірибе өзге аудандарға да үлгі болып, аймақтың кадрлық сұранысын өтеуге сеп болары сөзсіз.

Студент – басты құндылық

Университет студенттерінің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс емес. Білім алушыларға 11 түрлі әлеуметтік жеңілдік қарастырылған. Есептік кезең ішінде бакалавриат пен магистратурада 2381 студент грант негізінде білім алуда. Оның ішінде түрлі әлеуметтік топтағы балалар жергілікті әкімдік, «Қазақстан халқы» және «Freedom Шапағат» корпоративтік қорларының гранттарына ие болған.

Біліммен қатар, өнер мен спорт саласында да университет студенттері биіктерді бағындырып келеді. 2024 жылы 84 студент пен 25 магистрант республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

Халықаралық әріптестік – жаңа көкжиек

Университеттің халықаралық байланыстары жыл сайын кеңеюде. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы аясында студенттер мен оқытушылар шетелдік жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуда.

«Қос диплом» бағдарламасы бойынша бірқатар студенттер Түркияның Нийде қаласындағы Омер Халисдемир университетінде, сондай-ақ Болгариядағы София университетінде қатар білім алып жүр. Сонымен қатар шетелдік профессорлар мен студенттердің Атырау университетінде дәріс беруі халықаралық әріптестіктің нақты көрінісі болып отыр.

Болашақтың бағыты – ірі жобалар

Университеттің алдағы стратегиялық жоспары да айқын. Білім алушыларға арналған жаңа Студенттер үйі, заманауи кітапхана және ғылыми-зерттеу зертханалары бар Академиялық артықшылық орталығын салу көзделген.

Сондай-ақ «Ұстаз» мектебін жаңа ғимаратқа көшіру, Түркиядағы Erciyes University филиалын ашу, Сарайшық ауылында агробио станса салу – кезегін күткен келелі жобалар қатарында.

Қоғамдық қолдау мен жоғары баға

Кездесу соңында жиналғандар университет ректоры С.Н.Идрисовтың есебін жоғары бағалап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов Атырау университетінің Каспий маңы елдері арасындағы беделін ерекше атап өтіп, оқу орны ұжымына Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов атындағы төсбелгіні табыс етті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Нұрлан Еркебаев университетпен бірлескен жоба нәтижесінде қазіргі таңда 52 түлек мемлекеттік қызметте еңбек етіп жатқанын айтты.

Ал «Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының директоры Әнуар Бегісбаев өз орталығындағы қызметкерлердің 90 пайызы университет түлектері екенін айта келе, олардың кәсіби деңгейін жоғары бағалады.

Түлектер атынан сөйлеген Бағдәулет Өміртай бүгінде АҚШ-тың Бостон қаласында білім алып жүргенін айтып, университеттің өзіне берген мүмкіндіктеріне ризашылығын білдірді.

Кездесуге онлайн қатысқан Назарбаев университетінің профессоры Дуйшон Шаматов пен ата-аналар атынан сөз алған Елеу Жұмабаев университеттің білім сапасы мен қамқорлығына алғыс айтты.

Қорытынды

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті – аймақтың ғана емес, еліміздің де іргелі білім ордаларының бірі. 2024–2025 оқу жылында атқарылған жұмыстар оқу орнының даму қарқынын, кәсіби кадр даярлаудағы сапалы қадамдарын айқын көрсетіп отыр.

Сапалы білім, табысты түлек, мықты ғылым – университеттің басты ұстанымы болып қала бермек.