Тарих дөңгелегінің әділдігі ме, әлде шындықтың қашанда орны биік тұратындығынан ба, әйтеуір, 2007 жылы шілдеде Индербордың халқы атақты Асан қайғы Сәбитұлы өткен “Тас кешудің» ізінен алып көпір салынып, пайдалануға тапсырылғанда байырғы қазақ елі үшін жанын шүберекке түйіп, түн ұйқысын төрт бөліп, туған жеріне сұқтанған жауымен арпалысқан батыр әрі жырау Жиембет Бортоғашұлының:
«Қиядан қолды көрсеткен,
Төбеңе шығар күн бар ма,
Жотасы биік Дендерім?!»,-деген өлең жолдарынан үзінді үлкен көрнекілікке жазылып қойылғанын көріп, ежелгі арманды бүгінгі күнмен үндестіргендей көптің көңілі бір марқайып қалған-ды.
Өйткені, біз, бүгінгілер, кешегі өткен ата-баба арманын жалғап, олардың талай қантөгіс шайқастарға төтеп беріп, қорғап қалған ұлан-байтақ жердегі сан игіліктердің жемісін теріп, оның байлығын көздің қарашығындай сақтап, келешекке жеткізер ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз етуші еңбеккер бір буынбыз ғана.
Иә, ол бір Жайық бойы халқы сан ғасыр бойы армандаған тілегі орындалып, ақ түйенің қарны жарылған қуанышты да ұмытылмас күні болған. Қазіргі таңдағы көп істердің арасынан өз орайымен біткен бұл шаруаға көп қол соғып, көкіректерді қуаныш тербеген. Содан бері де Жайық бойындағы бұл Дендер жерінде көптеген қуаныштар орын алды. Соның бірі сонау Астана, Ақтөбе қалаларындағыдай жаңа ықшам аудандағы бір сәулетті көшеге Жиембет жыраудың есімі беріліп, жұртшылықтың тілегі орындалды. Сол кездегі кенттің әкімі Алмас Құсайынов бастаған мемлекеттік қызметшілерге алғыстарын жаудырған.
Сөз жоқ, халық қаласа, хан қарасын құрбандыққа шалған мұндай шараларға алғыстан басқа не айтарсың. «Халық үнін еститін Үкімет» атты соңғы кездегі қозғалысқа лайықты бір істің шешімін тапқанына осы бағытта біраз жылдар бойы Астанадан бері қарайғы бірнеше басылымға мақала жазып, ұсынысымызды да жеткізгенбіз. Соның ішінде 2021 жылғы 25 мамырда орталық «Егемен Қазақстан», оған дейін 2010 жылы «Атырау» газетінде «Батыр да жырау Жиембетті ұмытпайық», 2013 жылы тамызда «Алаштың ардақтылары» айдарымен, «Жотасы биік Дендерін аңсап өткен арыс», 2020 жылы «Жиембет жырау» сынды тағы басқа бірнеше мақалаларды жариялаған мен үшін де үлкен қуанышты жай орын алғанын жасырмаймын.
Тіпті 2004 жылы 22 тамызда ақын әрі тарихшы Бекет Қарашин «Прикаспийская коммуна» газетінде Жиембет жырау туралы көлемді мақаласын жариялап, көпшілікті бір елең еткізгенін де ризашылықпен айтпасқа болмайды. Әрине, бұл тақырыпқа ертелі-кеш қалам тартқандардың арасында өзіміздің Берік Қорқытов батырдың 435 жылдығына орай «Жиенбет белгілі жырау, ержүрек батыр туралы не білеміз!», Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» (1973, ІІ кітап, 107-113 беттер), Мұхтар Мағауин әуелі «Қобыз сарыны»,1968, «Ғасырлар бедері» (1991, 58-64 беттер) , «Бес ғасыр жырлайды» (І том, 1984 жыл, 58-62 беттер), Ханғали Сүйінішәлиев «Қазақ әдебиеті»(1967, 1992 жылдары) , «Қазақ КСР-інің тарихы, «Қазақ энциклопедиясының» (4 томында), тағы да басқа көптеген көлемді еңбектерде жарық көргенін әрбір көзі қарақты, білімдімін деген жан жақсы білгені дұрыс.
Сонымен бірге жазушы Табыл Құлыястың «Жиембет батыр » роман-эссесінің де жарық көргеніне біраз жылдардың жүзі өтті. Ондағы көтерілген тақырыптар, ойлар, деректер бойынша “Қазақстанның Құрметті журналисі” марқұм Сансызбай Базарбаев та өзінің «Жиембет — батыр әрі жырау» атты көлемді мақаласымен оқып танысқандар өңіріміз де аз болмас деп ойлаймын.
Аталған соңғы мақалада автор Т. Құлыястың кітабындағы: «Батыс өңірдің тарихы Жиембеттің жүрегінде жазылған хаттай еді. 6,5 млн. шаршы метрді иеленіп жатқан он тоғыз рулы халықтың бірлігін сақтауда Тана руының өзінен шыққан билер Сапай Құдайбергенов, Тоқбай Күнтуов, Қожай Қожамияров, болыстар Сары Есімов, Ниетәлі Есімов, Жанәлі Саңғырықовтар Самара жеріне дейін жаз жайлап, қыс қыстап, төрт түлік мал өсіріп, орыстармен көрші өмір сүрді. Байұлы руынан Батыс өңірде орыс шекараларына дейін 9700 түтінде 52200 адам болса, арада он жыл өткенде 95300 адамға өскені-тыныштық нәтижесі.
Халықтың біразы «Жібек жолы» сауда керуені арқылы жылына екі рет орыс, қазақ халқы қатынасатын жәрмеңке өткізген…Міне, осылай тарихи мұрағат негізінде (РГИА. Ф.1286 оп.82-1827.д.1.165-168) екі елдің өзара экономикалық байланысының заңдылығы бойынша жойқын қақтығысқа жол берілмеген.
Осындай тарих ығындағы қозғалыстар қызықтырған болар, Борбора Иосафат 1413-1494 жылдарда қазақ жерінде өмір сүріп, «Танаға саяхат» кітабын жазған екен. Сондай-ақ ағылшын суретшісі Томас Уитлам, Аткинсон, француз жазушылары және швед ғалымдарының қазақтар туралы шығармалары тарихымыздың құнды деректері»,-деген жолдарын да көп мән жатыр.
Тағы бір деректегі: «Асылдың сынығындай тұлғалар қазақ тарихында баршылық. Қалың жұртының болашағына бағыт, бағдар сілтеп, үлгі өнегесімен өз заманының қайраткерлеріне айналған олардың бәрі бірдей түгенделіп, болған жоқ. Солардың бірі Жиембет батыр, ақын, жырау, сазгер, әскербасы, Есім ханның бас биі, халқын ойлаған тарихи тұлға болғанын аңыз да, жазба деректер де, шежіре де растайды. Оны орыс елшілері, тарихшыларының жазба дерек құжаттарынан да табасың, орыс тіліне аударылған өлең, жырларын оқып тәнті боласың.
Жиембеттің ақындық тәсілімен Махамбет жырлады, Олжас жырлады. Жиембет: «Арқаға қарай көшермін, Алашым деп ұран десермін»,- десе Махамбет: «Атадан туған аруақты ер, Жауды көрсе жапырар, үдей соққан дауылдай»,-деп ерліктің, елдіктің асқақтығын танытады,»-деп жазды Табылды Құлыяс өзінің «Жиембет би» еңбегінде.
Әлгінде сөз болған әйгілі ғалым Х. Сүйінішәлиевтің «Қазақ әдебиеті » газетінде жарияланған еңбегінде Жиембет әділ би, шешен, жырау, айлалы, аруақты батыр ретінде суреттеледі. «Қарасай қолға түсіп қалғанда Жиембет пен қоңырат Алатау батырлардың «Жақсығұл, Жақсығұл» деуі тегін емес. Сол үнді естіген бойда Жақсығұл қалмақ батыры Дөкірді құлатады. Жиембеттің «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында да Жақсығұл Шабайұлы мерген, жүрек жұтқан батыр деп дәріптеледі.
Есім хан тұсында, яғни 1620, 1627-1628 және1638 жылдарда қалмақтармен болған соғыстарда Жиембет батыр бастаған сарбаздар ірі жеңістерге жетеді,»-дегенін келтірген (С.К.Боголявленский, «Материалы по истории калмыков в первой половина ХVІІ-века) автор Жиембеттің жыр-толғауларын да атап өтеді.
Сонымен бірге біздің индерліктер, тіпті атыраулықтар 1643 жылы Салқам Жәңгір бастаған қазақтың 600 жауынгері, ор қазу тәсілімен қалмақтың 50 мың қолын тоқтатып, оның 10 мыңын жойып жібергенін білуі керек. Сол соғыста Самарқаннан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен келіп жетіп, ұлы Жеңіске қол жеткен ғой.
Міне, осы жеңіске арналып, Орбұлақ жотасында 20 тонналық ескерткіш тақта орнатылып, онда қазақтың батырлары есімі жазылып қойылған. Осы тақтада: шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, тана Жиембет, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, қырғыз Көтен мен Табай, дулат Жақсығұл, арғын Қомпай, суан Елтінді батыр, тағыда басқа хас батырлар үлес қосты»,- деп жазылған.
Табыл Құлыяс ағамыздың:-«Кіші жүзде еркін билік құрған Жиембеттің бес мың әскері болуы да оның хандық дәуірдің биік тұлғаларының бірі болғанын дәлелдейді. Басқасын айтпағанда ол — ханнан қорлық көріп, есесі кеткен елдің жоғын жоқтаған ер азамат.
Есім өлтірген құлдың құнын даулап, ханға қарсы шығатын да, ханды өз қылмысын мойындауға мәжбүр еткен де осы Жиембет. «Ешкім жоқтап, ешкім құн талап етпейтін құлды өлтірген…Есім Жиембеттен кешірім сұрауға мәжбүр болады»,-деп жазылған Қазақ КСР тарихында. Мұның өзі айбарлы батырдың, әділдігіне дәлел емес пе?!
Елші Григорий Ильиннің дерегінше, «Қазақ-қырғыздардың ұлы ханы, орыстар Есім патша деген көреген, айбарлы хан тағында 47 жыл отырғанын (1598-1645) ескерсек, оған қарсы шығу үшін де үлкен жүрек керек екендігі белгілі. Сондықтан да батыр мен хан арасында туған араздыққа байланысты шыққан сан жыр-өлеңді бүгінгі ұрпақтары жақсы біліп, жаттап өсуде.
Әу баста біз бұл әңгімені аудандық «Дендер» газетінде «Осы жұрт Жиембетті біле ме екен!» деген мақала жариялап, бастама көтеріп, атақты батыр және жырауға арнап, бірнеше мақала, ұсыныстарымызды жолдап, Индер ауданын Батыс Қазақстанның Сырым, Атыраудың Исатай, Махамбет сияқты батырлардың есімдерімен қатар Жиембет атау жөнінде ой қозғаған едік.
Амал қайсы, Жиембеттей ардақты ұлдың ізбасарлары, шәкірттері саналатын сол азаматтардың есімдері ардақталып, түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқанда олардың ұстаздарына тұрарлық, тарихта терең ізі қалған, барша қазаққа ортақ тұлғаның еңбегі әлі де көп ортада, биік мінбелерден айтыла да, ескеріле де бермейді. Жиембет бабамызды лайықты ұлықтап, үлгі етумен бірге туған-өлген жылдарын, қайда жерленгенін анықтау, зерттеу сияқты күрделі істер кезекте тұр. Әрине, бұл жұмыс үлкен ұйымшылдық, біраз тарихшы ғалымдардың жұмылып еңбектенуінің нәтижесінде іске асатын аса күрделі қызмет екені де белгілі. Сонан да өзім жазған мақалалардың бірінде:
“Мына Оралда Сырым батыр орталық алаңда ақбоз атымен қасқайып тұрған жоқ па?! Тәуелсіздіктің 20 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатқан оның бүгінгі ізбасарлары Жиембеттей асылдарын ұмытпаса деп ойлаймын. Осы атақтың өзі сұранып тұрғандай, өйткені, мына жағында шәкірттері Сырым ауданы, мына жағында Махамбет ауданы. Ұлттық тарихтан ұлағат алатын болсақ, осылай істеуіміз де керек-ақ»,- деген тілегімді облыс, тіпті астаналық басшы-қосшыларға жария еткеніме, міне, аттай 15 жылдан асыпты. Қарап тұрсаңыз аз уақыт емес. Бірақ тарихтың қашанда әділ дөңгелегінің айналысымен санағанда бұл уақыт көп те емес сияқты көрінеді маған. Бүгінде жасым 90-ға таялса да үмітімнің таусылар шегі көрінбейді. Бұл игі бастама, оң тілектің алдағы уақытта, бәрібір, жалғасын таба беретіне нық сенемін.
Сөзімді индерлік журналист Сансызбай Базарбаевтың мақаласында келтірілген Жиембет атамыздың:
Басы саудың түгел-дүр,
Толған тоғай малы-дүр.
Тоқтамай соққан толағай,
Толастар мезгіл жеткей-дүр,- дей келіп,
Азап шектім арада,
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды төрт бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік,
Қашырды бүйтіп елімнен,
Күйеуден безген қатындай»,- деген жолдарымен қорыта келе тағы бір жайларды көпке жеткізе кетсем деймін.
Жиембетке Астанадан, Ақтөбеден көше атаулары берілді. Ақтөбенің «Жібек жолы» ізімен Ор өзені, «Қызылтауға» тартатын жолдың бойындағы «Қарғалы» ауданының орталығында Жиембет атымен көше ашылып, ескерткіш тақта орнатылған. Осында Жиембетке арналып, қазан көтеріліп, тарихи тұлғаға халықтық баға берілген.
Мұндай жұмыстар көрші Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысының оның аудандарында, Атырау, Қызылқоға, Индер жерінде де өткен жылдары қолға алынып, алғашқы жұмыстар іске асырыла басталды. Арнайы қор ашып, іс-шаралары белгіленіп, елдегі түрлі қайрымдылық шараларына үлес қосып, байыпты бастамалардың басы-қасынан табылуда белсенділік танытып жүрген, шүкір, үлкен-кіші, әсіресе жастар аз емес. Лайым, тек олардың ізденістері мен талаптары оң болып, игі табыстарға жете берулеріне тілектеспін.
Сайып келгенде байтақ елімізді қорғауға үлесін қосқан мыңдаған тұлғалардың бірі де бірегейі Жиембет жырау әрі батырдың адал ісін мақтаныш ету, оны бүгінгі әрбір ұрпақтың санасына сіңіріп, биік борышына, игі құрметіне айналуына тілегімді қосамын.
Ең бастысы ешкім де, ешқашан да бізге, Қазақстанға, өз батырын әкеліп, жерімізді қорғамайды, елімізді гүлдентпейді, біз тек өзімізге, ұрпағымыздың білім мен білігіне, иманына, намысына сеніп қана біртұтас ел бола аламыз. Жыл сайынғы Құрылтайларда да осы бір биік міндет күн тәртібінен еш түспеуі оның өзектілігін танытып тұр.
Өтеген АҚЫШЕВ,
зейнеткер,
Индер ауданының құрметті азаматы
