Президенттің жуырда халыққа арнаған Жолдауы – Қазақстан қоғамы үшін 2025 жылғы елдің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат. Жолдау аясында еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару негізгі басымдық ретінде белгіленді.
Мұнайлы өңір көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отырған шаруа қожалықтары мен өндірістік мекемелер баршылық. Сондықтан осындай шаруашылықтардың тәжірибесін салаға кеңінен тарату үшін барынша жағдай жасау қажеттігі туындап отырғандығы да түсінікті.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызына ерекше тоқтала келіп, Қазақстан аграрлық ел ретінде ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік экспортта да бәсекеге қабілетті болуға тиістігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыт агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыруға және ауыл аймақтарының дамуына жаңа серпін беруге қабілетті.
Ғалымдардың пайымынша, жасанды интеллектіні қолдану – сала бойынша өнімділікті болжау және талдауға, мал және өсімдік аурулары мен зиянкестерді ерте анықтауға, агроөндірістегі шешім қабылдау сапасын арттыруға, цифрландыруге, фермерлерге арналған онлайн сервистерді дамыту, субсидиялау мен қолдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ су ресурстарын интеллектуалды басқару, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен пайдалануға мол мүмкіндік ашады.
Ғылыми жаңалықтарды ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануға жол ашатын ғылыми орталықтардың дамуына үлес қосуымыз керек. Табысты бизнес серіктестігін құру үшін жасанды интеллектіні қалайша тиімді пайдалануға болатынын отандық кәсіпкерлерге қыры мен сырын түсіндіріп отыру қажет деп ойлаймын.
Президент атап өткендей, жасанды интеллект пен цифрландыру тиімділікті арттырып қана қоймай, ресурстарды үнемдеуге, өнім сапасын жақсартуға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге жол ашады. Жасанды интеллект, цифрландыру, ауыл шаруашылығы – бәрі еліміздің болашағы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін. Ал Жолдау болса әрқайсымызды жаңа бастамаларда тек жігерлендіре түседі.
Жұмазия ЕСІМОВА,
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы
